Әлия Бөпежанова. «Кім бар?» дегенде «Әмірхан бар ғой!» дейтінбіз
Дәурен, Әмірхан туралы аза мақалаңды оқып, біртүрлі құлазып отырмын.
«Әмірханның бақиға аттануымен бірге ішімдегі жігердің жасып, қайраттың жалыны қайтып, сенімнің сетінегенін сездім...» депсің. Саған «...жігеріңді жасытпа...» деп жұбату айту қиын – суық желдің өтінде тұрғандай жан-дүниең әлі талай азынайтынын өзің де жақсы сезесің...
Әмірхан дүние салды дегенді естігенде жақын достары сендер ғана емес, жалпы өзін руханиятқа қатысым бар деп сезінетін әрбір жан төбесінен жай түскендей күй кешіп, қатты қайғырды. Бұл – қазақтың тағы бір үлкен тұлғасынан айырылғанын саналы, мүмкін, тіпті бейсаналы түрде сезінуі болса керек.
Менің есіме сонау 1997-98, жалпы 2000-жылдар қарсаңы түседі. Қанша қиын кез дегенмен, руханияттың жаңа бір жол іздеп бұлқынған, ширыққан кезеңі болатын. Әмірхан, Абылай және Сен үшеуің ол кезде жалындаған жас едіңдер, «Жас Алашта» жарқырап көрініп жүрген шақтарың. Сол кезде «Қазақ әдебиетінде» таным-талғам пікірталастарының ортасында күн кешкен Мейірхан екеуміз сендерді «үш ноян» деп атаушы едік, соңымыздан көрінген қарадай сезінуші едім өз басым. Абылай Сабдалин қалалық әкімшілікке жұмысқа ауысқанда, қазақ руханияты жақсы бір азаматынан айырылатын болды-ау деген бір «әттеген-ай» өкініш те болған... Әмірханмен жұмыс бабымен хабарласып, пікір алысып тұрушы едік. Оның жырларын, алғашқы мақалаларын оқып жүргенмен де сұңғыла сыншылығын, әлемдік контексте отыратынын, түркілік бастауды анықтау жолындағы ізденістерін 1998 жылы көктемде М.Әуезов театрында өткен «Театр көктемі» фестивалінің Қазылар алқасы мүшелігіне шақырып, спектакльдер талдасқанда анық байқағандай едім.
Ерекше, ізгі білімді, аса мәдениетті Әмірхан нағыз сыншы - жаңа біліммен қаруланған жаңа заман сыншысы еді. Ол көл-көсір білімін ұлт иігілігіне жаратып өтті - қазақ руханияты үшін көп іс тындырды (руханиятқа сіңірген еңбек көптомдықтармен емес, ой қуат-кернеуімен өлшенсе керек).
Ізгі білімді адам жаққан шам сияқты. Оның жарығымен ортасы нұрланады, қоғамы құнарланады. Әмірхан жаңа буынның рухани көшбасшысы болды. «Қазақ әдебиетіндегі» азасөзінде Мейірхан айтпақшы, шындығында да «Болашақта ұлтқа ие болатын жігіттердің бірі» деген үміт бар еді...
Әмірханның қазасы - ауыр қаза. Және тап осындай азаматтардың қазасы - өмірдің шын бағасын, мән-мағынасын тағы бір ұғындыратындай.
Қазіргі қазақ қоғамында қиындық аз емес. Жазушы болып өмір кешу өте қиын екенін өзің де айтыпсың. Сондықтан да, әсіресе, Әмірхан сындылардың жүріп өткен рухани жолы оңай еместігі анық. Бірақ, пайымдауымда, тұлғалар өз табиғатына сай еркін жүріп өтетін бұл жол - өзінің жан қалауымен жазғаны, өзі мен қоғамның мүддесін заманауи талаптар биігінен, қолдан келгенше бірге алып жүруге ұмтылғаны және бұл игі, жасампаз қарекеті табиғи табиғатынан туындағандықтан да ешкімге міндетсінбегені; аға буын, өзге буындардың «маңдайынан сипамағаны» үшін өкпе артпағанымен де – кейінгі ақжолтай жас буын үшін де тағлымды жол. Кейінгі буын, қазір сын жазып жүрген жастарды қоса айтып отырмын, ізденіс аясын кеңейте түседі, Әмірхан сыншының да кеңістігіне үңіліп, қолдан келсе оның бейөкпе сырбаздығын үлгі тұтады деген үміт бар.
Дәурен, сенің минорлы көңіл-күйің бәрімізге ортақ. Қазақ қашанғы жақсысынан осылайша айырылып қала береді?.. Жүрегіне түскен салмақтан дүние кешкен Әмірханның қазасы – біздің билікке, тіпті бәрімізге сигнал болуы керек. Биліктің мұнайы мен көмірін, қазба байлықтарын түгендей бермей, адамын, руханияттағы еңбегін ешбір баррельмен өлшеуге келмейтін тұлғаларын түгендейтін; олардың өз бойындағы талантын ел игілігіне жұмсауына жағдай тудыратын уақыты келді.
Адами капиталын бағалайтын уақыты келді! Бұл мәселені қалай көтеру керек? - көп болып ойласу керек.
Жасы кіші болса да рухани қорғаны үлкен болғандықтан «Кім бар?» дегенде «Әмірхан бар ғой!» дейтінбіз. Әмірхан дүние салар күні біздер оның Серікбол Қондыбай туралы деректі фильмге және Асқар Сүлейменов туралы телехабарға қатысуын өтініп хабарласпақшы болған едік... Енді оның жылы жымиысын, өте биязы сөз саптасын көрмейтініміз, құнарлы әңгімелерін естімейтініміз үлкен өкініш.
Дәурен, жұбату айту қиын, дегенмен де еңселерің түспесе дейміз. Қалай айтқанда да сендер бүгінде руханиятымыздың ауыр жүгін бір кісідей көтерісіп келе жатқан буынсыңдар. Өздеріңдей аяулы достарымен бірге көзқарақты қоғам да Әмірханды әлі көп іздейтін болады. Көңілге медеу - Әмірхан биігінің аласармасы, оның ой жүлгелерін танымақ-білмекке ұмтылғанды биікке жетелері. Ал, «келешекте рухани кемел биікке жететін ұрпақ» қазақ ойының «Әмірхан биігін» терең тани алатын болар.
14.04.2014 ж
Abai.kz