АДАЙ-БЕРІШ: ШЕЖІРЕГЕ ШЫНАЙЫ ШЫНДЫҚ ҚАЖЕТ
Жақында Қаржаубай Медихановтың «Жеті баулы Беріш ұрпақтарының шежіресі» атты кітабы қолыма тиді. Байұлынан бері қарай өрбітіліп айтылатын Беріш руы қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын ежелгі ұлы тайпалардың бірі. Бүкіл араб дүниесін уысында ұстап, Шыңғыс ханның әскеріне қарсы тұрып, оны жеңіліске ұшыратқан әлемдік деңгейдегі ұлы қолбасшы сұлтан Бейбарыстың өзі неге тұрады. Ата-бабасын ұлықтап, елінің жақсысы мен жайсаңын айтып, олардың жасаған ерліктерін тарих бетіне жазып қалдыру – абыройлы, әрі жауапты іс. Бұл тұрғыда Қаржаубай Медиханов жазған энциклопедиялық шежіре кітаптың жастарға берер тәрбиелік мәні зор. Дей тұрғанмен, әлгі шежіре кітаптың «әттеген-ай» дегізетін тұстары да баршылық. Оған себеп, біріншіден тағдырлас қатар өскен, төскейде малы, төсекте басы қосылған Адай мен Беріштің жауы да, ары да бір болып, ортақ жау үшін екі ел де бір-біріне жәрдемдескен. Жауы ортақ екі елді бір-бірінен айырып айрықша қарау дұрыс емес. Сондай-ақ, Құлбарақ батырды жауға қарсы ешкім зорлап алып кетпеген. Өз еркімен барып соғысып, жаудан қаза тапқан. Себебі, Құлбарақ намысқой, халқы үшін жанын қиятын батыр болған кісі. Адай арасына Байұлының басқа ұрпақтарынан да көшіп келіп, қоныстас болған рулар аз емес. Олар азды күн отырып кейін көшіп кеткен. Себебі, ол күнде адайлардың жауы көп болған. Қалнияз жыраудың «Ер Қармыс» дастанында:
...Теріскенді боз дөңнен
Түйдек-түйдек шаң шығып,
Жау қарасы көрінді.
Жау қарасын көргесін,
Көп екенін білгесін,
Өңкей қорқақ жаппастар
Бармаймыз деп шегінді,
Шегінді де бөлінді.
Азып туған бала үшін
Ата-баба сөгілді,- дегені бар.
Осы кезге дейін Есболай ұрпақтарының , әсіресе, Итемгеннен тараған ауылдың адайлармен бірге жүруі– ерліктерінің арқасы. «Бұл елге келгің келсе ер болғайсың, бұл елмен ер болмасаң ел болмайсың»- деген шалдарымыздың сөзі бар. Итемгеннен тараған ұрпақтың қазірге дейін осы үрдістен шыға білгендігі.
1993 жылы Индер ауданының Жарсуат ауылында Қаратоқай Беріштің Шындекесінен тарайтын көзі ашық, көкірегі ояу Бердеш Есбосынұлы деген азамат болды. Бекең білетін әңгімесі көп, Мұрат Мөңкеұлының жырларын жатқа соғатын. Сол кісі «Қаратоқай беріштерді адайлардан бөліп алу қиынға соғады-ау»– деп әзілдейтін. Ойлап қарасаң Қаратоқайда найза ұстаған батырлардың көбінің нағашысы – адайлар. Мұраттың нағашысы да Адайдың бес жүйрігінің бірі – Ақтан Керейұлы. Мұрат Мөңкеұлы Керейдің әкесі Әбділланың қызынан туған. Бекең тағы бір сөзінде «Ақындық Адайға қонып, Берішке түстеніп өткен» – деп отыратын. Иманды болғыр Бердеш аға Адай мен Берішті айырмайтын.
Енді жоғарыда аталған кітап авторы Қаржаубай Медиханов келтірген деректерге тоқталайын. Құлбарақ ата жөнінде келтірген деректері қатеге толы.
Кітапта автор:
«2001 жылы Бекет атаға барып, құран оқығанымда оның басындағы шырақшы мынадай қызық әңгіме айтқан. Кезінде Бекет пен Құлбарақ кездесіп, сөзден сөз шыға келе екеуі халықтың көз алдында әруақтарын сынасыпты. Бірінші кезек Құлбараққа беріледі. Ол аруағын шақырып, ұзақ ырғалып-жырғалып барып, бабына келгенінде Бекетті отырған орнында жерге кіргізе береді. Бүкіл денесі көрінбей кеткеннен кейін үсті-басын топырақ-топырақ етіп, кері шығарып алады. Бекет үстіндегі шаң-топырақтан арылып, жақсылап жуынып алады да, өз кезегі бойынша аққу құс болып әуеге ұша жөнеледі. Қанатын жаймен қағып, біресе шаншыла жоғары көтеріліп, төмен құлдилап, таңданысқан адамдардың төбесінен үш қайтара айналып, Құлбарақтың қасына келіп қонады. Ақсақалдар: «,Ал, енді төрелікті қайсымыз айтамыз » десіп, абдырап қалғанда Құлбарақ: «онда өзім айтайын » депті.
– Бекеттің аруағы менікінен басым, әрі өте әділ. Мен оның жанын қинап күшпен жерге батырып едім, ол оның қиуазын қайырып, маған қарсы қиянат жасамастан өз жөніне ұшты да кетті. Яғни, Бекет өз ғұмырында, о дүниелік болғаннан кейін де жазықсыздарға қиянат жасамайды. Оның үстіне құс болып ұшу деген – ешкім қайталай да алмайтын, теңдесі жоқ ең қиын өнер. Ал, енді бұлардан шығатын қорытынды қандай дегенге айтарым – менің аруағым осы айналадан аспайды екен, Бекеттікі самғап ұшқаны тәрізді әлемнің біраз жеріне жетеді, өзге жұртты өзіне тәнті етеді. Мен оған »ақ жүрегіммен батамды беремін,– деген екен, аруақтылығымен қатар сыншылығымен де танымал болған Құлбарақ өзінен 40 жас үлкендігі бар Бекетке».
Құрметті Қаржаубай замандасым, бұл әңгімеде мақсатың Құлбарақты Бекет ата сынды әулие қылып шығарғың келіп, шырақшының айтуы арқылы Құлбарақ батырды асыра мақтап жібергенің көрініп-ақ тұр. Мұндай әсірелеп, асыра мақтау – шын әңгіменің өзін өтірікке айналдырып жіберері хақ. Осы жерде Бекет әулиенің өзін қара жерге тығып шығарған Құлбарақ, түркмендерді көргенде неге мүжәлсіз күйге түскен? Олар әулие емес, жай адамдар ғой. Тым болмаса өзінің қара басын құтқарып қалмағаны таңқалдырады. Сіз осы сұрақ төңірегінде ойланып көрдіңіз бе? Естіген әңгімелердің барлығы бірдей шын екен деп тарихқа хатталып қалатын кітаптарға жаза беруге болмайды ғой. Естігеніңді әбден саралап, ой елегінен өткізіп барып қағаз бетіне түсіргенің абзал. Шежірені жазу арқылы бір елдің тарихын жазып отырсың. Құлбарақ әулие болса, өлгеннен кейін әулие болды. Аңыз әңгімеде Хиуа әскері Құлбарақтың басын кесіп ханның алдына апарғанда батырдың басы күліп жатқан.Сонда хан: –Мынау Сүйінқараның басы емес, бөтен біреудің басы ғой. Дегенмен, бұл кісі құр адам емес екен. Басты арулап жуып, намазын шығарып, көміңдер!,– деп бұйырған. Бұл хабар Маңғыстауға жетіп, содан бері халық Құлбарақ батырды әулие деп таныған. Қазіргі кезде ел арасында қолдан батыр, әулие жасау кең етек алған.
Кімнің батыр болғысы келмейді, жүрегі тұрмайды.
Кімнің бай болғысы келмейді, құдайы құрамайды.
Кімнің данышпан болғысы келмейді, халқы ақыл сұрамайды. Сол айтқандай батырлық та, данышпандық та кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Кітапта Құлбарақ ата туралы тағы бір жалған әңгімеге жол бересің, Қаржаубай замандасым.
« Құлбарақ батыр туралы мынадай да бір әңгіме бар. Ресейден көп адаммен бір орыстың ғалымы Маңғыстаудың байлығын іздеген экспедиция бастығы бір суы мол құдықты сатып алып, оны күзететін күзетті іздеп жар салады. Ешкім су ішпей, шелек салмау керек, мал келмеу керек, бұған күзететін адам табылмайды. Сол кезде экспедиция бастығына жергілікті бір адам айтады, сендердің бұл құдықтарыңа күзетші табылмайды, себебі, кім күзетсе де, ертең адайдың көшкен елі тыңдамай тартып ішеді. Сондықтан бұл құдыққа күзетшілікке тек бір адам бар, егер келіссе Беріш Құлбарақ батыр, сонымен келіссең құдығыңа ешкім жоламайды. Басқа адамды ел тыңдамай суды тартып ішеді дегесін, Құлбарақ батырға көп ақша беріп, құдығына өзінің шелегі мен арқанын салып іш, еш адам, мал келтірме деп келіскен соң, Құлбарақтың жігіттері күзетіп тұрады.
Жаз мезгілінде Маңғыстаудан Арқаға көшкен Адайдың малы көп бір ауылы сол құдыққа келіп мал суаруға ұлықсат болмай, адамы, малы шөлге ұрынып келесі құдыққа жете алмай үлкен қиыншылық көреді. Тартып ішуге Құлбарақтан қорқып, не қыларын білмей дағдарысқа ұшырайды. Сол мезгілде келін болып түскеніне 2-3 ай болған жас келін келіп атасына: –Ұлықсат етсеңіз, сол құдықтың күзетшісіне барып келейін,- депті. Содан атасы қуанып кетіп қасына 2-3 жолдас ертіп бір жорғаға мінгізіп жібереді.
Жас келін Құлбарақ ауылына келіп, кездескен кісілерге менің шаруам Құлбарақ батырда, сол кісіге жолығуға ұлықсат етсеңіздер дегесін, жігіттер Құлбараққа, батыр, сізге бір әдемі келіншек келіп оңаша жолығам деп тұр дегесін, Құлбарақ әкел үйге дейді. Келіншек үйге келгесін айтыпты: «Ау, батыр,біз көшіп бара жатқан ел едік, адам, малымыз шөлден қырылғалы жатыр, мына құдықтан сіз су бермейді дегесін, менің келгенім сол себептен. Бұрынғы ата-бабаның сөзі бар еді: «Әр жағында өнбесі бар еркектің безін қызғанған әйелден без, әр жағында өнбесі бар құдықтың суын қызғанған еркектен без», - деген, Сіздің мұныңыз қалай болғаны деп, келгенім еді»-дегенде, Құлбарақ батыр сөзге келместен:
– Құдықтан қазірден бастап мал суарып, іше беріңдер!- деп өзінің жігіттеріне, - Сендер тарап жөндеріңе жүре беріңдер, құдық енді күзетілмейді,- деп тәртіп берген...»
Қареке, бұл өтірігіңе де жол болсын!Беріштің шежіресін жазғанда мұндай бас-аяғы жоқ қисынсыз әңгімеге ұрынбауың керек еді. Бір әңгімеңде Бекет атамен шендестіріп Құлбарақты әулие қылып көрсетсең, екінші әңгімеңде Құлбарақты кәпірдің ақшасына жалданған күзетші қылып танытасың. Осылайша шежіре кітапқа кіргізген екі әңгімең де бір-біріне қарама қайшы келіп тұр.
Құлбарақ батыр Сүйінқарамен замандас, екеуі де бір кезеңде өмір сүрген кісілер. Заманында Сүйінқара батырдан 5-10 үй беріш түгілі, қалың Адай қаймыққан. Сүйінқараның иегінің астында Бозащыда жүріп Құлбарақтың орыстан ақша алдым деп құдықтан су бермеуі және орыстардың емін-еркін келіп, Адайдың құдығын сатып алуы да шындыққа келмейді.
Сосын судан тарыққан Адай ауылы түскеніне 2-3 ай болған жас келінін ақсақалдар жүретін орынға жұмсамаған.Жаңа түскен келіннің Құлбарақпен оңаша жолығам деуі де бір елдің намысына тиетін сөз екенін ұмытпағаныңыз жөн. Келін түгілі біздің адайлар сары қарын бәйбішелерін де отбасы, ошақ қасынан ұзатып шығармаған. «Су ішкен құдығыңа түкірме» дегендей Есболайдың Итемгенінен тараған ұрпақтары адайлармен төсекте басы, төскейде малы қосылып, аралас-құралас қыз алысып, қыз берісіп құда жекжат, нағашылы-жиенді болып келеді. Кісіге мерекеде дұрыс отырып, үйден дұрыс шығып кету де өнер. Ендігі жерде ондай дерек дәйегі жоқ жалған қисынсыз әңгімелердің
басын құрап шежіреге енгізе берудің жөні жоқ екенін түсінгейсің. Беріш елінің де түрлі әңгімелерін мен де бір кісідей білемін. Екеуміздің жасымыз қарайлас екен, жылан екеш жылан да қанша ирелеңдеп жүргенімен ініне түзу барып кіретінін ойдан шығармауымыз керек.
Көпбол ДЕМЕСІНҰЛЫ,
Маңғыстау облысы,
Ақшұқыр ауылы
Редакциядан: Өз заманында аса танымал болған тұлғалар туралы ел аузында аңыз-әңгімелер әлі күнге үзілмей айтылып келе жатыр. Ол әңгімелерді тірнектеп жиып, нақтылау, деректендіру – оңай шаруа емес. Құлбарақ батыр жайында да соны айтамыз. Сондықтан көзіқарақты оқырман Көпбол Демесінұлының мақаласын аталы екі жұрттың арасына сөз жүгірту үшін емес, ақиқат шындыққа жету үшін жазылған дүние деп қабылдауын сұраймыз. Жоғарыдағы мақаланың авторына қарсы дәйекті, деректі әм мәдениетті жауап болып жатса, жариялауға әзір екенімізді ескертеміз.
Abai.kz