Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 9473 1 пікір 9 Сәуір, 2014 сағат 11:06

ИНТЕГРАЦИЯ ҒАСЫРЫ

«Жаһанданған әлемде ешбір ел өзінің көршілері кедей, тұрақсыз және қауіп-қатермен өмір сүретін жағдайда өз болашағына сеніммен қарай алмайды. Менің Еуразиялық Одақ туралы идеямның түпқазығы – осы. Міне, сол идея қазір жүзеге асырылып жатыр. Ортақ экономикалық кеңістіктің арқасында Қазақстан өзінің геоэкономикалық жағдайын жақсартып, Орталық Азиядағы елдердің арасынан бірінші болып құрлықтық тұйықтықтан босап шығады» деген еді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 15-ші желтоқсанында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты рәсімде. Елбасының сол кездегі айтқан сөзі шындыққа айналғанына көзіміз жетіп отыр. Мәселен, Кеден Одағы құрылғаннан бергі үш жылда Қазақстан Ресей мен Беларусьқа шамамен 1 млрд. АҚШ доллары сомасына ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаған. Бұл мәліметті еуразиялық интеграциялық үдерістерге арналған Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі жариялады.

Ведомствоның ақпараты бойынша, Кеден Одағына қосылған күннен бастап ауыл шаруашылығы өнімдері мен қайта өңделген өнімдер экспортының өсу қарқыны артып, импорт азайған. Мысалы, 2011 жылы отандық экспорт 7 пайызға артса, 2013 жылы ол 2 есеге өсіпті. Бұған қоса, импорттың өсу қарқыны 44 пайыздан 3 пайызға дейін төмендеген. Бұл жетістік пе? Әлбетте, жетістік! Кейбір пессимистік көзқарастағы сарапшылар үш елдің құрған Кеден Одағының тиімділігін әлі күнге дейін мойындағысы келмейді. Оларға бір ғана мысал айтайық. Кеден Одағы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай дәрежеге көтерді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Кеден Одағы құрылғаннан бері еліміздің өнім өңдеу өнеркәсібіне тартылған шетелдік инвестициялардың көлемі екі есеге дерлік өсіп, 2009 жылғы 1,8 млрд. АҚШ долларынан 2012 жылы 3,4 млрд. АҚШ долларына көбейген. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 34 пайызға дейін артып, 28 млрд. АҚШ долларына жеткен.

Мұнымен қоса, еліміздегі машина жасау, қара металдан дайын өнімдер шығару, пластмасса, резеңке, қағаз, тұрмыстық техника өндрісінде де жағымды даму үрдісі байқалып отыр. Әсіресе, Ресей мен Беларусьқа жүк көліктерін экспортқа шығаруды 17 есеге арттырдық. Яғни, қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі жоғарылап келеді. Мәселен, Қазақстан өткен жылдан бастап Ресейге Hyundai маркалы жүк көліктері мен автобустарын экспорттайтын болды. Алматы қаласында «Астана моторс» қазақ мотор компаниясы мен Ресейдің «Хэндэ Трак Сибирь» ААҚ-ы арасында келісім-шарт жасалды. Айта кетелік, ТМД аумағында Hyundai коммерциялық техникасын құрастыратын бар-жоғы 2 зауыт бар. Бірі – «Автотор» Ресейдің Калининград облысындағы жеңіл автокөлік зауыты, екіншісі – Hyundai AutoTrans атты Алматы облысындағы жүк көліктері мен автобустарын құрастыратын кәсіпорын.

Бұдан шығатыны, Еуразиялық экономикалық одақ құрудың іргетасы болып саналатын Кеден Одағына мүше болудан Қазақстан еш ұтылған жоқ. Керісінше, Елбасы айтқандай, ресейлік және беларустық нарықтарға шықты. Арғы жағында: батысында – Еуропалық Одақтың, шығысында – Жапония мен Азия-Тынық мұхиты елдерінің нарығы менмұндалап тұр. Ал, біздің аумағымыз арқылы олар Қытайға жақындайды. Үш тарап та ұтылған жоқ. Мұны ресейліктер мен беларусьтар да растайды. Жуырда ғана РФ-сының Есеп палатасының аудиторы Сергей Штогрин үш елдің Кеден Одағының интеграциялық бірлестік есебінде өз тиімділігін дәлелдегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 2009 және 2013 жылдары үш ел арасындағы өзара сауданың көлемі 1,8 есеге өсіп, 64,1 млрд. АҚШ долларын құраған. «Үш елдің Кеден Одағына бірігуі жалпы инвестициялық ахуалды және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы ахуал туғызуға ықпал етті» дейді С. Штогрин.

Ал ЕЭО құрудағы қазақстандық келіссөз жүргізушілер тобының жетекшісі, бірінші вице-премьер Б. Сағынтаев жаңа экономикалық бірлестіктің тағы бір мүмкіндігін атап өтті. «ЕЭО бізге не береді? Мысалы, Ресей мен Беларусьтағы мемлекеттік сатып алудың көлемі 200 млрд. АҚШ долларына жуықтайды. Бұл біздің деңгейімізден 26 есеге артық. Яғни, біздің кәсіпкерлеріміз аталған сатып алуларға қатыса алады. Отандық өнім өндірушілер үшін бұл бұрын-соңды болмаған мүмкіндік» деді ол. Шындығын айтар болсақ, интеграциялық үдерістерден біз тек қана ұтамыз. Өйткені, әлем интеграциялық үрдіске бет бұрды. Жаңа замандағы дамудың кілті – тек қуатты интеграцияда екені айдан анық. Қазақстан осы құбылысты дәл аңдап отыр десек қателеспейміз. Алайда, Елбасы айтқандай, біз кешегі қираған КСРО-ға қайтып бармаймыз. Интеграция ғасырындағы жаңа бірлестіктің кірпішін қалаймыз. Бұл қадамымыз алдағы 30 елдің қатарына қосыламыз деген асыл арманымызға тезірек жеткізеді.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036