Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 12489 0 пікір 8 Сәуір, 2014 сағат 12:59

БҮРКІТ АЯҒАН ЖӘНЕ «СТАРШИЙ БРАТ» АУРУЫ


«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам»

Шынын айтсам, осы мақаланы жазуға құлықсыз едім. Себебі оқырман мұны ғалымдар арасындағы келіспеушілік деп қабылдауы мүмкін. Алайда, бұл Б.Аяған мен Қ. Алдажұманов арасындағы жеке бас дауы емес. Бұл бүгінгі тарих ғылымындағы ахуалдан туындаған пікірталасы.

«Жас алаштың» 2013 ж. 19 желтоқсандағы басылымында жарияланған менің «Тарихқа өтірік жүрмейді» деген мақалам жан-жақты тексерістен өткен, бұлтартпас фактілер негізінде жазылған еді. Онда Алматы облысының Қордай ауданында 1930 ж. Осман батыр деген адам көтеріліс жасап, Алматыны келіп қоршап алды (осада), Алматыдағы Қазақ атты әскер полкінде толқу болып, жауынгерлері көтерілісшілер жағына шығып кету қаупінен қорыққан кеңестік билік оны таратып жіберіп, жауынгерлерін түгелге жуық тізімі бойынша атып тастады деген жалған фактілердің тарихқа еніп кетіп, бір кітаптан екіншісіне көшіп жүргені айтылған еді. Бұл өтірік қазіргі Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяғанның АҚШ-тағы Гувер институтының материалдарын құрастырған «Красные и черные» деген кітабынан және «1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты» деген (ішінде өзі де бар) бір топ автор жазған монографиядан алынды.

Кезінде өзіміздің әріптесіміз ғой, қателік жіберіп алған шығар деген оймен бұл өтірік туралы тіс жарып айтпаған едік. Бірақ 2005 ж. шыққан кітабындағы шетелдік мұрағаттан тапқан жалған құжаттағы оқиға ақиқат ретінде басқа басылымға «қыдырып» кеткені, тіптен оны мадақтап, Күлпаш Ілиясова деген сол Мемлекет тарихы Институтының қызметкері «Қазақстан мұрағаттары» журналына арнайы мақала жазуы, сөйтіп Қордайдағы Осман батыр көтерілісін «нығыздап» тарихқа енгізуі ғылымда мұндай өтіріктің жүрмейтінін айтуға мәжбүр еткен еді. Өзінің қарсы мақаласын Б.Аяған «Шетелдік құжаттарды қолданысқа енгізудің несі айып?» – деп атапты. Өте дұрыс. Әрине, ол құжаттар жан-жақты зерттеліп, ақиқат екені рас болса. Шынында да шетелдік құжаттар, әсіресе ХХ ғасырға қатысты Қазақстан тарихын нақтылай түсетін, өрісін кеңейтетін деректер, құжаттар қажет-ақ. Ондай мәселемен мен өзім де айналысамын, ізденемін, бұл ойды толық қолдаймын. Бірақ өзінің жауап мақаласында Б. Аяған мырза нақты өтірігі әшкереленіп қалған автор емес, өзін жәбір көрген, баспасөз бетінде орынсыз сынап, біз (академик Мәлік-Айдар Асылбеков екеуміз) оның «соңына түскен» кінәсіз адам ретінде көрсетіпті.

Осман батыр көтерілісі болған жоқ деп, қолынан ұстап алса да, сондай шетелдік дерек бар болған соң, кітапқа енгізген едім дейді. Қазір Қазақстан тарихы бойынша мемлекеттік жоспар негізінде алыс шетелден «мыңдаған құжаттарды әкелген 23 ғалымның материалдарын бізге ұнамайды деп, жаба салуымыз керек пе?» – деп те налиды. Аяған мырзаның есіне сала кетейік, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша мұндай жұмыстар 2004 жылдан бері іске асырылуда. Олардың ішінде Меруерт Әбусейітова, Нәпіл Базылхан, Нұрлан Атығаев сияқты өз ісінің білгір мамандары бар. Ал ол жалпы осындай адамдардың көлеңкесіне тығылып, жауаптан қашады. Мәселе олардың кәсіби маман екендігінде. Олардың ешқайсы әкелген құжаттарын, қол-жазбаларын сараптаусыз, жан-жақты салыстырмалы зерттеусіз, оның шынайылығын анықтамай, асығыс жарияланым жасаған жоқ.

«Красные и черные» деген кітабындағы Б. Аяғанның басты қателігі – АҚШ-қа, ондағы Гувер институтына барып келгенін, Роберт Конквест деген «қырғиқабақ соғыс» идеологиясының «қаһарманын» көріп келгенін мақтан етуі. Әйтпесе онда берілген материалдарды екшеп, ең болмаса осы Қордайда көтеріліс болып па еді деген сұрақты айқындаудан, жалпы 30-шы жылдардағы Қазақстанда қандай көтерілістер болып еді деген мәселеге қарапайым назар аударудан бастамайма!? Гувер институты құрылған кезден бастап АҚШ-тың Орталық барлау басқармасына (ЦРУ) қызмет еткен мекеме, сол мақсатпен ашылған. Сондықтан оның архивіне әйтеуір кәдеге жарар деп КСРО туралы, АҚШ-тың ежелгі бәсекелесі Ресей туралы кез-келген материал, деректер (ішінде қоқыс – «мусор» да бар) жиналған. Осман батыр «көтерілісі» туралы жазбаны әзірлеген адам да «ұзын құлақтан» естіген аңыз-әңгімені әр нәрсенің басын шалып құрастырғаны көзге ұрып тұр. Ол ең алдымен Алтайдың арғы жағында, көрші елде көтеріліс жасаған Оспан батырмен шатастырылғаны көрініп тұр емес пе?

Ал, Б. Аяған мырза бұған: «2010 ж. шыққан … «Қазақстан тарихының» 4-томындағы … фактілермен сәйкес келеді. Олай дейтініміз осы тараудың авторлары Ж. Әбілхожин мен Қ. Алдажұманов жазғандай, … шаруа көтерілістері туралы мәліметтерді нақтылай түседі» – деп ақталады. Оу, директор мырза, ол 4-томдағы шаруа көтерілістері туралы тарауды жазған Қ. Алдажұманов қой, оған Ж. Әбілқожиннің қатысы жоқ және онда ешқандай Осман батыр, немесе әлдебір Қордай көтерілісі туралы ештеңе жазылмаған ғой. Ол деректердің бәрі жүз рет тексеріліп, ОГПУ – НКВД, партия және мемлекет архивтерінен алынған. Оның үстіне менің зерттеуші ретіндегі қатаң ұстанымым: тек әбден зерттеліп, өзім тексеріп көрген нәрселерді, жалпы тек өзім айналысқан, білетіндігіме сенімді нәрселерді ғана жазу. Ал Б. Аяған болса, өтірігін ұстап алып, бұлтартпай көрсетіп тұрса да, мойындамайды!

Оған дәлел тағы бір мысал: «Тарихқа өтірік жүрмейді» деген мақалада айтылған Қазақ атты әскер полкі туралы. Біз мақалада ол полк 1938 ж. таратылғанын, жауынгерлерінің ешқайсы ешқашан атылмағанын дерекке сүйеніп жазған едік. Б. Аяған тексерусіз жазғандай, бұл полкте толқу болып, жауынгерлері көтерілісшілер жағына шықпақ түгілі, Қазақстанның әр жеріндегі (оның ішінде Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және т.б. өңірлер бар) көтерілістерді басқа әскер күштерімен бірге осы полктің бөлімдері басып-жанышқан. Ал Б. Аяған болса, өтірікті мойындаудың орынына: «Бұл ұлттық әскердің құрамы негізінен 1930 жылдың ортасында таратылған.  Ал жетекшілері әр жылдары репрессияға ұшырап, көбі 37-нің құрбаны болған. Мұны Қайдар Алдажұманов та жоққа шығармайды» – депті.

Б. Аяған мырза үшін құлаққағыс: архив деректерін білмесеңіз, ешқашан ешқандай Қазақстан мұрағаттарында жұмыс істеп көрмесеңіз, неге мұндай өтірікке барасыз?! Полк 1938 ж. Шыңжаннан арнайы тапсырманы орындап қайтқан соң, КСРО-да әскер қатарын құрастырудың территориялық принципі жойылған соң таратылды. Мұнан кейін Қызыл Армияда 1941 ж.  қарашаға дейін ұлттық негізде құрылған әскери бөлімдер болған жоқ. Мен осы мәселемен айналысқан маман зерттеуші ретінде бұл өтірігіңізге қарсымын.

Ал полктің басшыларына келсек, 1930 жылғы басшыларынан 1930 жылы да, 1937 жылы да ешкім репрессияға ұшыраған жоқ. Мен мақалада 4 адамның 1937-1938 жылдары осы полк жауынгерлері ішінен репрессияға ұшырағанын жазғанмын. Олардың ешқайсы полкті басқарған жоқ. 1930 жылы олардың екеуі взвод, екеуі эскадрон (рота) командирі болғандар. 1937 ж. дейін олар полктен кетіп, аудандық, облыстық әскери комиссариаттарды басқарғандар. Екеуі 1937 ж., екеуі 1938 ж. атылып кеткен. Себептері тіптен басқа, «Осман көтерілісіне» қатысы жоқ. Олардың есімдері мен өзім кіріспе мақала жазып, баспаға әзірлеуге қатысқан (1996 ж. шыққан) «Азалы кітап – Книга скорби» жинағында келтірілген. Екеуінің аты жөнін мақаламда айтқанмын. Қалған екеуін осы жолы да айтпаймын, іздеп көріңіз. Полктің 1930 жылғы командирі кейін (полк таратылардан бұрын), Қазан қаласына қызметке ауыстырылған болатын. Есімін әдейі келтірмедік.

Жалпы 30-шы жылдардағы көтерілістерді басуға белсене қатысқан 418-қазақ ұлттық таулық атты әскер полкі (ресми атауы – Қ.А.) құрамында қазақ халқына мақтаныш болған көптеген адамдар әскери қызметтен өткен. Олардың кейбірінің есімін өткен жолғы мақалада келтіргенбіз. Олардан басқа да бүгін еліміз ерекше қастерлейтін тұлғалар болған. Тек оқырман дұрыс түсінсін, олардың есіміне қаяу түсірмейік деген мақсатта жазған жоқ едік.

 

Сыртқы істер министрі өтірік құжат әкел деген жоқ


Тарихты өтірік жазу – қылмыс, әсіресе күні кеше ғана жұртшылық бастан өткерген кеңестік кезең тарихын өтірік жазсаң, оның үстіне ол өтірікті үкіметтің қаражатын пайдаланып жазсаң, бұл қылмыс үстіне қылмыс дер едік. Б. Аяған мырза өзінің жазған өтіріктері үшін лауазымды адамдардың есімдерін пайдаланып, ақталғысы келеді. Қараңыз: «Ал менің Гувер архивіне баруыма Қасым-Жомарт Тоқаев (ол кезде Сыртқы істер министрі – Қ.А.), Орталық мұрағаттың бұрынғы директоры Рысты Сариева мен депутат Нұртай Сабильянов ықпал жасаған еді» – деп жазыпты Б. Аяған жауап мақаласында.

Сонда қалай? Ол кісілер Б. Аяғанды АҚШ-тан шын-өтірігін тексермей, өтірік дерек беретін құжаттар әкел, сөйтіп тарихты шатастыр деп жіберген бе? Немесе, қадірменді Рысты Халесқызы (Сариева) оған үкіметтің ақшасын осындай жалған деректі құжаттар әкел деп жұмсаған ба? Әкелген материалдарын қалай қабылдап алған? Себебі «Красные и черные» деген кітаптағы белгісіз бір тұтқынның жазғаны, Т. Рысқұловтың мақаласының данасы бар екен деген, тағы басқа осы сияқты дақпырт мағлұматтар бүгінгі кеңестік кезең деректануы үшін маңызды нәрсе емес. Ал Б. Аяғанның ұшаққа қалай мінгені, АҚШ-та қалай жүргені оқырман үшін де, ғылым үшін де қажеті жоқ дүние.

Біз «Тарихқа өтірік жүрмейді» деген мақалада «1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты» деген кітаптың хронологиялық қателігіне назар аударған едік. Себебі Қазақстандағы ашаршылық 1931 ж. басталған болатын. Бұл туралы Б. Аяғанның қайтарған жауабының сиқына қараңыздар: «Бастапқыда ашаршылық тарихының мерзімін 1932-1933 жылдармен шектеу бізге де ұнаған жоқ. Бірақ кітаптың атауы осылай бекітіліп кеткен, оны өзгерту мүмкін болмады. Тапсырыс берілді және ол абыроймен орындалды». Қандай «абыроймен»?

Кітап Астана қаласында ашаршылық құрбандарына ескерткіш ашылуы рәсіміне орай әзірленген екен. Бірақ оның мазмұнын, атауын, хронологиялық мерзімін авторлар, немесе оны жазған мекеме ұсынады. Оған күмән жоқ. Ал енді тарихты бұрмалап, 1931 жылы басталған ашаршылықты 1932 жылға көшірген Б. Аяғаннның мына өтірігіне жол болсын? Осы жерде Астана қаласы Әкімінің мәдениет, білім және ғылым саласын басқарып отырған орынбасары А. Балаева ханым ғалымдарға теріс нұсқау берген, бекіткен болып шықпай ма? Олай болуы мүмкін емес. Әлде Б. Аяған басқарған авторлар тобының өресінің жеткені сол ма? Біз мақалада бұл орысша-қазақша бір мұқабаның ішінде жүрген кітаптың мазмұны, ондағы өрескел кемшіліктер туралы айтпаған едік. Ол туралы арнайы рецензия жазылған, жарыққа шығатын болар. Б. Аяған мен туралы «өкпесін неге ашық айтпайды» – деп кінәлапты. Бұл кітап туралы пікірім «Central Asia monitor» апталығында, басқа да басылымдарда жазылған. Б. Аяғанның «абыроймен» орындаған тапсырмасы осындай.

«Старший брат» ауруы


«Тарихқа өтірік жүрмейді» деген мақалада біз кейбір қазақ (қазақстандық) ғалымдардың шетелдік басылымда не жазылса да қолдап, дәріптей жөнелетін әдетіне назар аударғанбызды. Әсіресе саясатпен шырмалған ХХ ғасыр тарихы шетелдік тарихшылар, идеологтар тарапынан талай «шабуылды» бастан өткерген еді.Олардың қайсы дұрыс, қайсы орынсыз, қайсы АҚШ, Ұлыбритания сияқты батыс державаларының КСРО-мен, Ресеймен тайталасы кезінде қазақ сияқты аз халыққа таңыла салды деген сұрақты бүгін тәуелсіз мемлекет мүддесі күн тәртібіне еріксіз қоюда. Себебі Б. Аяған сияқты кешегі комсомол белсендісі мен қызметкері ең алдымен «тепкілеп» жүрген кеңестік кезең тарихы біздің бәріміз бастан өткерген дәуіріміз. КСРО-мен тайталаста батыстың «қырғиқабақ соғыс» идеологиясы барлық жағынан жеңіп шықты. Алайда заман өзгерсе де, батыстық идеология өзінің бұрынғы саясатын өзгертпейді. Себебі олар үшін геосаяси мақсат бірінші кезекте. Батыс идеологтары, соған қызмет ететін тарихшылары ең алдымен сталиншілікті әшкерелейді. Бұл өте дұрыс.

Бірақ олар сол тұжырым аясында бүкіл халықтың өткерген тарихын да өз көзқарасы, танымы бойынша қарастырады. Өз әмірін жүргізеді. Оған өздері  беретін гранттар және басқа да « сыйақы» қосылады. Осыған  қызыққан біздің кейбір тарихшыларымыз (олар гуманитарлық ғылымдар саласының бәрінде де бар)  бұрын Ресей (Мәскеу) тарихшыларының ырқымен жүрсе, енді алыс шетелдік «ағаларының» ықпалына түсті. Бір «старший браттың» құшағынан екіншісіне барып ұрынған әдеттің жақсылыққа апармайтыны, себебі шетелдіктермен істес болу үшін, үйрене жүріп, өз пікірің, өз рухың, халық пен мемлекет мүддесінен туындаған өз мүддең болуы қажет екеніне  назар аударған едік.

Біз бұларды белгілі бір фактілерге сүйеніп жазғанбыз. Оның себептері  Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2012 жылы жарияланған жинағында, «Отан тарихы» журналының 2013 жылдың 3 санында осы жолдар авторы жазған  Кеңестік кезең тарихнамасына арналған ғылыми талдау мақалаларында баяндалған.

Өзінің жауап мақаласында Б. Аяған «1920-30 жылдардағы Қазақ қасіретін шетелдіктерге жеткізу және олардың да ғылыми ой-пікірлерін тыңдау мақсатында» шетелдік ғалымдарды шақырғандарын мақтанышпен жазыпты. Ал 2012 жылы мамырдың соңында ол «Егемен Қазақстанға» ашаршылық туралы жазған мақаласында италияндық Никколо Пианчиола, франзуз ғалымы Изабель Огайон  сияқты шетелдік тарихшыларды дәріптеп, олар 1932-1933 жылдардағы (Аяғанша – Қ.А.)  ашаршылықты зерттеді деп  қазақ тарихшыларына үлгі ретінде көрсетіпті. 28 қаңтардағы  мақаласында да осы тарихшылар алға тартылады. Мен 2012 жылы жазда Б. Аяғанның өзіне телефон  соғып, шетелдік  ғалымдар Н. Пианчиола да, И. Огайон да 2000 жылдан бері  Алматыдағы  Ш. Уәлиханов атындағы  Тарих  және этнология институтына келіп (ол кезде осы жолдар авторы институт директорының орынбасары болатұғын) үнемі ғылыми кеңес алып жүргенін, олардың шығарған  мақала, кітаптарында басқа да қазақ алымдарымен қоса Қ. Алдажұмановтың  да есімі жиі қайталанатынын айтқан едім. Себебі кімнің кімнен үйренгенін шатастырмау керек, білмесең жазба. Менің Қазақстандағы 1929-1931 жылдардағы шаруалар көтерілісі туралы орыс тілінде жазған зерттеуім де, құрастырып, шығаруға тікелейөзім ұйтқы болған «Насильственная коллективизация и голод 1931-1933 годов в Казахстане» деген құжаттар жинағы да олар үшін құнды дерек көзі болды. 1998 жылы қаражат жоқта қысқартып, әрең шығарған осы жинақ та  қазір Астанада қызмет етіп жүрген, Б. Аяған және басқалардың «Ашаршылық ақиқаты» деп шығарған кітабына, байыбына бармай, біржарым бет алғысөз жазған австралиялық Стивен Уиткрофттің (Р.Дэвиспен бірлесіп) «Голод в СССР»деген кітабындағы Қазақстанға арналған санаулы беттеріне  негізгі дерек көзі болған.

Шетелдік ғалымдар Қазақстандағы ашаршылық тарихын жазса, құптарлық іс. Бірақ  тілін білмесең де, бүгін көзі қарақты  ғалым онда не бар, не жоқ, кімге сүйеніп жазыпты деген топшылауға келуіне болады ғой. Жоқ, Б. Аяған  оның ішіне қарамаған, мен сол зерттеулерді қолына ұстап көргеніне күмәнданамын. Ал, И. Огайон да, Н. Пианчиола да, т.б. шетел ғалымдары сол еңбектерін шыға сала, автограф жазып, Алматыға келгенде осы жолдар авторына өз қолдарымен табыстады. Олардың еңбектерінде қазақ ғалымдарының ашаршылық туралы зерттеулеріне қатысты жылы сөз көп айтылған. Бұл олармен тең дәрежеде  пікір алмасудың нәтижесі дер едім. Өз мақаласында Б.Аяған, М. Асылбеков екеумізді, өзін сынағанша, Қазақстанды әлемге танытпай ма депті. Ал шетелдік белгілі ғалымдар (Италия, Норвегия, Финляндия, АҚШ, Германия, Франция, Түркия, Қытай, Монголия елдерінің) өз еңбектерінде біздің зерттеулерімізге сүйеніп жатса, рецензия жазса, ол Қазақстанды танытқандық емес пе?

 

Бүгінгі тарих ғылымындағы індет


Жалпы тарих ғылымында осындай ахуал  қалай пайда болды, неліктен өтірік тарих жазу, немесе оны қалай болса солай дәлелсіз жазу, ғылыми зерттеу дегенге мән берілмей, жалаң публицистикаға неге соншама  беріліп  кеттік деген сауалды бүгінде кәсіби зерттеулікпен айналысып жүрген, «халтура» деген дүниеге жаны қас, өздері ғылымда ерекше көзге көріне бермейтін, күнделікті ізденіс соңында жүрген көптеген әріптестерімізден естиміз. Ал мұның жауабы тереңде  жатқан жоқ. Сәл ғана кейін шегініп, 1990 жылдардың алды-артына көз жүгіртсек, сол кездегі тарих ғылымының ахуалы қалай  өзгергенін байқауға болады. Бұл жерде мен мына мәселеге назар аударғым келеді: мен өзім Кеңестік Қазақстан кезеңі тарихымен, дәлірек айтсақ, 20-80 жылдардағы қоғамдық-саяси өмір, ұжымдастыру мен ашаршылық, саяси репрессиялар, соғыс тарихы, Еңбек армиясы,  жер аударылған халықтар, соғыс тұтқындарының тарихымен айналысқандықтан, әңгіме тек кеңестік кезең тарихы мен тарихнамасы  туралы болып отыр. Басқа кезеңдер тарихнамасындағы ахуал қандай – оны өз саласының мамандары айтсын.

1980-жылдардың соңы – 90-жылдардың бас кезінде демократиялық күштердің ықпалымен КСРО-ның іргесі шайқалып, СОКП идеологиясы күйреген кезде, тарихымыздағы  отаршылдық кезеңде айтылмай қалған «ақтаңдақтар», бұрмалауға ұшыраған тарихымыз қалпына келтіріле бастады. Еркіндік қолға тиген соң, өзіміздің Жоғарғы аттестациялық комитет құрылып, диссертациялық кеңестер жұмыс істей бастады. Бұрынғы КСРО кезінде қойылған кедергілер жойылып, ғылымға әртүрлі деңгейдегі даярлығы бар адамдар келе бастады. Олардың арасында талантты, бүгінде әртүрлі  деңгейде көрініп жүрген ғалымдар да бар еді. Бүгінгі ғылыми-зерттеу институттарындағы негізгі күш солар. Бірақ солармен қоса негізгі ниеті ғылым емес, ғылыми атақты ғана аңсағандар, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер диссертация қорғайтын болды. Сөйтіп ғылымның (тарих ғылымының) кадірі кете бастады. Ғылыми атақ-дәреже алғандар бір кездегі әскердің асханасындағы алюминиден штамп арқылы конвейермен шығарылатын  ыдыс-аяқ сияқты көбейді. Саны бар да, сапасы жоқ.

Қазір жоғары оқу орындары не көп, ең алдымен мақалалар жинақтарын шығарады. Ғылыми конференция материалдары жарияланады. Алып қарасаңыз, арасында небәрі  бір-екі мақаланың материалы бойынша  қайта жазылып шыққан «жаңа» мақалаға тап боласыз. Қазір интернет арқылы қажет  деректерді тауып алуға болады. Ал сол  материалдардан құрастыра салынған  мақалаларды көргенде кім-кімнен көшіріп  алған деп аң-таң боласыз. Бұған өтірік фактілер арқылы жалған тарих жазу, компиляциялық жолмен біреудің мақаласын қайта жазып шығып, өз атын қою сияқты фактілерді қосыңыз.

Жарайды, тәжірибесі жоқ жастар әлі үйренеді ғой дерміз. Ал  соларды үйрететін Б. Аяған сияқты дардай директор, әрі профессор мырза өтірік жазса, ол өтірігін сталиншілдікпен  күрес ұранымен бүркемелеп шыға келсе, қайтесіз? Сталинизммен күрес  өте қажет. Бірақ ол тарих ғылымындағы өтірікті, шалағайлықты, біліксіздікті  бүркемелейтін қорған  болуға тиіс емес.

2012 жылы Астанадағы  Мемлекет тарихы институты «Нурсултан Назарбаев  и Казахстанская модель строительствагосударства (исторический аспект)» деген кітап шығарды. Оны сол институттың ғылыми кеңесі баспаға ұсыныпты, директоры Б. Аяған, редакторы Б. Аяған, авторы да Б. Аяған. Екінші авторы белгілі ғалым А. Ауанасова. Біздің оған (Ә. Ауанасоваға) қояр еш кінәміз жоқ. Мұны айтып отырғанымыз, осы кітаптың 16-бетінде атақты Мухаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегіндегі Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығының шаңырағын қалай көтергені туралы жазған үзіндісін Б. Аяған мырза мәтінге келтіріпті де, «орыс тіліне аударған профессор Б. Аяған» деп жазып қойыпты. Бұл мәтін кезінде 1969 жылы «Материалы по истории казахских ханств ХV-XVIII веков» деген жинақта бүгін көзі тірі көрнекті қазақ тарихшысы К.А. Пищулинаның тікелей парсы тілінен аударуы арқылы басылып шыққан еді. Оны өзбек ғалымдары А. Урунбаев, Р. Жалилова мен П. Епифанова да аударды. (Ташкент, 1990). Б. Аяған бұл туралы былай дейді: «На сегодняшний день существует несколько версий переводов этого труда с персидского на русский, а оттуда на казахский язык. Однако имеют место некоторые неточности при переводе». Осыдан кейін біздің ғалым оны енді қазақшадан орысшаға қайта аударады. Мұнда белгілі баспагер Мұхтар Қазыбектің Ислам Жеменей аудармасы туралы баспасөзде айтқаны ескерілмейді. Сонда бұл қалай, дәлдігі шамалы қазақшадан орысшаға кері аударылған мәтінде қандай дәлдік болуы мүмкін? Шығыстанушы мамандардың мойындауынша (мұны осы саланың білгірі, профессор А.Урунбаев та мойындап айтқан) – ең дәл аударма жасаған ғалым К.А. Пищулина. Ал енді Елбасы туралы кітаптағы осындай олқылыққа (басқасын былай қойғанда) ресми мекеме адамдары қалай қарауы керек? Ал оның ішінде басқа автордың жазғанын тікелей пайдаланған плагиаттық та құлағын қылтитып тұр.  Б. Аяғанның мұнысы бірінші рет емес. Ол туралы әңгіме басқа.

Қазір жас ғалымдарды тәрбиелеу, оларды зерттеу жұмыстарына баулу ісі аса маңызды мәселеге айналды. Тарих ғылымына білікті зерттеуші маман қажет. Ол ең алдымен әлеуметтік сала мен өткен қоғам тарихының өзекті проблемаларына сай мамандануы керек.

1950-ші жылдардың ортасында соғыстан кейінгі аш-жалаңаш қиындықтан шыға алмай жүрген ағаларымыз жеті клас білім алған соң, әрі қарай оқуға мүмкіндік болған жоқ, көбінің әкелері соғыстан қайтпаған, амалсыздан тракторшылардың үш-төртайлық курсына баратын. Бітірген соң, «Механизатор широкого профиля» деген куәлік алып келетін. Сондағысы, көктем егісі кезінде трактор айдап, жер жыртуға, күзде комбаиншы болуға берілген рұқсат куәлігі еді. Олардың еңбегі адал, халықты тойындырды, киіндірді. Арасында «Алтын жұлдыз», орден-медаль алғандары да бар. Көпшілігі бүгінде жоқ, өмірден озған. Бірақ 50-60 жылдардағы ауыл халқы, онан кейінгісі де, соларға қарыздар.

Ал ғылымдағы ахуал мүлдем өзгеше. Тіс дәрігеріне өкпе ауруын емдете алмайсыз. Тарих ғылымында да солай, оған кең профильді «механизаторлық» жүрмейді. Бірі археологиямен айналысса, бірі әлеуметтік тарихпен айналысады. Оның үстіне олар да ғасырлар бойынша бөлінеді. Ал қазіргі жағдайда бір он жылдық шеңберінде ғана  (Б. Аяған сияқты Компартияның 1976-1985 жылдары студенттерге патриоттық тәрбие беруі сияқты) тақырыпты зерттеумен айналысып, «Тарих-и-Рашиди» тақырыбына «ауыз салуға» болмайды. Әрине, ешкімнің де иемденіп алған тақырыбы жоқ. Бірақ өзің бұрын «маңынан жүрмеген» тақырыпқа бару үшін үлкен әзірлік, ізденіс қажет. Ол жоқ болған жерде күлкіге қаласың.

Мысалы 2011 ж. Мемлекет тарихы институты «История суверенного Казахстана: 20 лет независимости. Историко-документальное исследование» деген кітап шығарыпты.

Құрастырушылардың бірі, әрі редактор Б. Аяған. Осы кітаптың 191-бетіндегі «Мағжан Жумабаев крик души вместил в свое произведение «Оян, қазақ» – деген сөзді оқып, жағамызды ұстадық. «Оян, қазақты» жазған Міржақып Дулатов сияқты еді, әлде біз шатасып отырмыз ба? Сонда құрастырушы мен редакторы қайда қараған?

Қазір интернет домалақ арыз жазатындарға, біреуді қаралауға оңтайлы құралға айналды. Ол енді әркімнің өз арындағы нәрсе. Біздің айтайын дегеніміз, 28 қаңтарда шыққан Б. Аяғанның мақаласына интернетте берілген қосымша пікірлердің бірінде, «оны барлығы білетін керемет ғалым, ал М. Асылбеков, Қ. Алдажұманов дегендер қандай академик» деген сөздер жүр. Таласымыз жоқ. Мен академик емеспін. Б. Аяғанды бәрі білетіні рас. Тіптен мектептің оқушысына дейін біледі. Мысалы, «Егемен Қазақстанның» осы жылғы 25 ақпандағы басылымында «Оқулық олқылығы ойлантады» деген тақырыппен осы мәселеге тұтас бет беріліпті. Біздің назарымызды аудартқаны, Талдықорған қаласындағы №2 орта мектептің 9-сынып оқушысы Әйгерім Омарова 2013 ж. «Ата-Мұра» баспасынан шыққан Б. Аяған мен М. Мерденованың «Қазақстан тарихы» оқулығындағы элементарлық дөрекі қателерді көрсетуі болды. Соның бірі орыстардың бұрын қазақты «киргиз» деуіне байланысты «Қырғыз АСР-і 1936 жылы Қазақ АСР-і болып өзгертілді» деп жазылғаны. Оу, Б. Аяған мырза, бұл қалай? Тарихта өтірік айту былай тұрсын, білмесеңіз мектепке оқулық жазып неңіз бар еді? Бұл 1925 ж. оқиға ғой. Ертең ҰБТ-да сол балалардың обалын кімнен көреміз?

Б. Аяған мырза соғыс тарихынан да «маман». 2012 ж. 8 мамырда «Казахстанская правда» газетінде оның Жеңіс күніне арналған мақаласы жарияланды. Онда қазақтың ұлттық 100-атқыштар бригадасы Мәскеу түбіндегі шайқаста қаланы қорғап қалғанын айтыпты. Өзіне телефон шалып, 100-бригада Мәскеу түбіндегі шайқас кезінде әлі дүниеге келмегенін, ол тек 1942 ж. күзде ғана майданға барғанын, басқа да қателіктерін айтқанымда ештеңе айта алмады. Ертеңіне Б. Аяған өзі осы жолдар авторына телефон соғып: «100 бригада 1942 ж. құрылыпты, Калинин майданында соғысыпты, бірақ ол да Мәскеу бағыты ғой»,- деді. Мәскеу шайқасы 1941 ж. соңында аяқталған. Ал 100-бригада Молодой Туд өзенінің жоғары жағында, тіптен Мәскеуден әлдеқайда әрі, Псковқа жақын жерде соғысқан. Енді бұған не дерсің?

Академик М. Асылбеков, жазушы Ғ. Қабышұлы «Қазақ әдебиеті» газетінде қатты сынаған «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» деген жинақ та осы сарында құрастырылған. Онда да Гувер институтынан әкелінген күмәнді құжаттар, бас аяғы жоқ, авторы белгісіз мәтіндер талғамсыз, екшеусіз, ғылыми талдаусыз енгізіле салған. Ал жинақ зерттеу болмаса да, «тарихи-құжаттық» зерттеу деп аталады. М. Асылбеков ағамыз бұл жинақтың кіріспесінен ғана 12 қате тауыпты. Оның бірде-біреуін Б. Аяған мойындамайды. Қатесін көрсеткен жазушы Ғаббас Қабышұлына дейін сталиншілдер деп кінәлайды.

Осындай біліксіздік, тарих ғылымындағы келеңсіздік пен жауапсыздық келешекте өз зерттеушілерін табары даусыз. Сонда олар осындай құбылысқа қандай анықтама берер еді? Бүркітбай Аяған жәй тарихшы емес, жақтастары айтқандай, оны бәрі біледі. Тіптен «редакцияларда, Үкімет үйінде менің таныстарым отыр» деп мақтанады. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Ал енді осындай «бәрін білетін ғалым» тарихты қате жазса, жас ғалымдарға осындай үлгі берсе, оны бүгінгі тарих ғылымындағы «аяғаншылдық» демеске амалың жоқ. Қалай болса да, тарихты «атты әскер» шабуылы сияқты тәсілмен әр нәрсенің басын бір шалып жазуға болмайды. Бұл бүгінгі тарих ғылымындағы індет. Оны емдеу үшін, жағдайды түзеу үшін ғылыми еңбектерге қойылатын талапты күшейту керек.

Жақында Б. Аяған басқарған институттың бір жас қызметкері Алматыдағы жиналыста Мемлекет тарихы институты 60-тан астам кітап шығарды деп мәлімдеді. Дұрыс қой, бірақ солардың сапасын кім тексеріпті? 2013 ж. «Қазақ әдебиеті», «Central Asia monitor»газеттері, «Отан тарихы», «Қазақ тарихы» журналдары осы институттың, оның ішінде тікелей Б. Аяғанның жазған жұмыстарын сынға алған еді. Тіптен «Central Asia monitor»газеті 2013 ж. 7 қарашада «Превратности истории» деген тақырыппен Мәди Алимовтың үлкен мақаласын жариялап, Б. Аяған мырзаның жұмыстарының атын атап жазды. Мәселе сол кездегі Мемлекеттік хатшы М. Тәжин өткізген мәжілістен кейін тарих ғылымы саласындағы ахуал, оқулықтар мазмұны қандай деген сауалдан туындаған еді. Бірақ Ғылым комитеті тарапынан оған ешқандай пікір айтылмады. Ештеңе болмаған сияқты, бәрі жақсы.

P.S. Б. Аяған мырза 28 қаңтардағы мақаласында өзіне айтылған сынды мойындамай, менің жазған еңбектерімді тексереді деп өкпелепті. Әдетім: өзім айналысып жүрген мәселеге қатысты жас ғалымдардан бастап академигіне дейін не жазды деп қадағалаймын, керегін солардан үйренемін. Бұл «тарихқа өтірік жүрмейді» деген қағиданы сақтау үшін өте қажет-ақ екен. Б. Аяған мырзаны да соған шақырамын.

Екінші мәселе: Б. Аяған мырза А. Солженицынның «Как нам обустроить Россию?» деген мақаласына ол жауап жазған кезде біз үндемей қалыппыз. Бүкіл Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты оның сол кездегі директоры марқұм Манаш Қозыбаевтың басшылығымен орыстың атақты шовинисіне қарсы, жалғыз оған емес, бұрынғы бүкіл империялық пиғылға қарсы арнайы халықаралық конференция өткізгені, онда тарихшылар ғана емес, Әбдімәлік Нысанбаев, Тұрсынбек Кәкішев сияқты басқа да гуманитарлық саланың аса көрнекті өкілдері баяндама жасағаны, ол сол кездегі Президент әкімшілігінің ғимаратында өткені Б. Аяғанның есінде жоқ екен. Өзін ғана білгіш санағандығы шығар. Ал Солженицындарға арнап тарихшылар Марат Мұқановтың «Этническая территория казахов», Андрей Елагиннің «История казачества Казахстана» деген кітаптарының шыққанын, Мұрат Әбдіров, Нұрсан Әлімбаев, Едіге Уәлиханов, Саттар Мәжитов сияқты ғалымдардың іргелі еңбектер жазғанын ол білмеуі де мүмкін. Жетісу казачествосының тарихына қатысты материалдарды (Е. Уәлиханов, М. Әбдіров С. Мәжитовпен бірге) осы жолдар авторы да әзірлеп, Әділет министрлігіне өткізген болатын. Оның бәрі ұмытылды ғой. Жарайды, әйтеуір қазаққа «қорған» болған Б. Аяған мырзаның сол кезде газетке шыққан мақаласы бәрімізді аман алып қалыпты. Соған да шүкір.

Ал Б. Аяғанның өз мақаласында марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының есімін саудаға салуы ешқандай әдепке жатпайды.

Қайдар Алдажұманов, тарих ғылымдарының кандидаты

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

iie.kz

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Аяғаншылдық – бүгінгі тарих ғылымындағы індет

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5375