Сейсенбі, 8 Қазан 2024
46 - сөз 5378 0 пікір 7 Сәуір, 2014 сағат 13:28

Сансызбай Нұрбаба. ЗИЯЛЫНЫҢ ЗАРЫ

"Жас Алаш" газетінің коллажы

... Асанәлi ағам сөйлеп жатыр екен, күркiреген қоңыр даусынан бiрден танып, радионың құлағын көтердiм. – Мен күнделiк жазам, – дейдi ағам.    – Мысалы бүгiн сенiң келгенiңдi де сол күнделiкке түртiп қоюым мүмкiн. Бiрақ қазiр көпке жариялауға болмайтын күнделiктерiм де бар. Менiң қолымда бiреу тартып алатындай мансап жоқ. Дегенмен ұрпағыма кесiрi тиiп кете ме деп қауiп қыламын...

Әй, заман-ай десеңшi, арыстандай ағам осы кезде жүрегi тарсылдап, бұта түбiне бұға қалған түз қоянына ұқсап кеткендей көрiндi.

Алдымен Асағамнан кешiрiм сұрап алайын. Өйткенi жоғарыдағы сөз әйгiлi актердiң аузынан дәл осы күйiнде түсе қалған жоқ. Дегенмен тiлшi қызға берген сұх­батындағы күнделiк туралы айтқан ойының түйiнi – осы. Сонда Асекеңнiң сандығында жат­қан күнделiктердiң сарғайған бетiнде не жазылған деп ойлайсыз? Мұны тап басып айтпағанмен, шамалап бiлуге болатындай. Қоғамды мазалаған мәселелер Асекеңнiң де жүрегiне салмақ түсiрген тәрiздi. Жемқор жүйе, әдiлетсiз билiк, сұрқия заман шаршатқан шығар. Әлде Ке­дендiк одақтың ертеңгi ұр­паққа тигiзер кесапаты шошытты ма екен. Астанасы жарқырап тұрғанымен ауылы қирап жатқан қазақ билiгiнiң дарақылығы тойдырған болар, бәлкiм. Ендеше, неге оны ашып айтпайды? Себе­бi сол, ұрпағына “кесiрi тиiп” ке­туi мүм­кiн. Осы бiр “кесiрi тиiп” де­ген сөз­дiң өзi iштегi қыжылдың әлде­бiреуге емес, жоғары би­­лiкке қатысы барын аңғартса керек.

Ал ендi жанды мүжiп, жүйкенi қажаған дүниенi қағазға түсiрiп, сандыққа салып қоятын адам жалғыз Асанәлi Әшiмов қана ма? Жоға. Халықтың алақанында жүр­генiмен, сол халықтың сөзiн сөйлеуге келгенде босағаның сыртында қалатындардың көбiне ортақ дүние бұл. Олардың бүгiн айтылмаған сөздiң ертең көк    тиындық құны болмайтынын ұға алмағаны өкiнiштi. Өз ұрпағының амандығы қоғамның өзгеруiмен тiкелей байланысты екенiн түсiн­беу – қасiрет.

Бiреулер «бүгiнгi зиялы би­лiкке мүлде керек емес» дейдi. Бұл сөзге қосылу қиын. Себебi, кешегi Жаңаөзен оқиғасы кезінде мәселенің ушығып бара жатқанын сезген билік зиялыларды ұйқысынан оятып алып, халыққа басу айтқызғанын жалпақ жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Мұнайшылардың мұңы орнынан тұрғыза алмаған зиялылар осылайша биліктің артынан ноқталы тайлақтай еріп берді. Осыдан кейін биліктің жалтақ, жағымпаз зиялылармен санасуы мүмкін бе?

Күні кеше ғана Алматыға іссапармен келген Н.Назарбаев зиялы қауым өкілдерін қабылдады. Бірі – жазушы Дулат Исабеков, екіншісі, күйші Шәміл Әбілтаев. Күйшіні қайдам, белгілі қаламгар президентпен бұған дейін де бірнеше мәрте кездескен. Бірақ, мәселе кімнің қанша рет Назарбаевтың қолын алғанында емес, арадағы әңгіменің не туралы өрбігенінде болса керек. Телеарна тілшілерінің өз сөзін үзіп-жұлып бергеніне қынжылған Дулат Исабеков «Абай» ақпартаттық порталының бірқатар сауалдарына көсіле жауап беріпті. Сонда жазушы мен президент қандай мәселелерді әңгіме қылды? Қаламгер Ресей мен Украина арасындағы текетірестен кейін еліміздің солтүстік облыстарына алаңдайтынын жеткізіпті. Президенттің жауабы мынау: «Ағайынды екеуі ала көз болып жатса, оған біздің қатысымыз жоқ қой». Жауапқа көңіліміз толмағанмен, маңызды мәселені төтесінен қойған қаламгерге кәдімгідей сүйсініп қаласыз. Оның үстіне бұл жолы президент «Дүке» деп сөйлепті. Ел басшысының халық қаламгеріне «Дүке» дегені құлаққа қандай жағымды естіледі десеңізші. Тең дәрежедегі әңгімеде жазушы тоқтап қалған көші-қон мәселесін қозғапты. Президент көштің қайта жалғасатынын айтыпты. Қысқасы, Дулат Исабеков «Елбасының елге деген ықыласын осы жолы ерекше байқап» қайтыпты. Міне, әңгіме осымен доғарылса, дұп-дұрыс болар еді.  Бірақ, жазушының сұхбатында мынадай бір әңгіме тағы бар. Президент Гаагадағы кездесулердің мән-жайын баян еткенде жазушы тек тұрмай, былай десе керек: «Сіздің АҚШ пезиденті Барак Обама сияқты тұлғалармен жеке кездесіп әңгімелесуіңіз біздің көңілімізді тасытты. Сол жиындағы саясаткерлерден сіздің шоқтығыңызды біз биік көріп отырдық». Осыны естігенде президен жайраңдап күліп: «Бәрі де елдің қамы ғой» деп мәз боп қалғанға ұқсайды. Мұны жазушының өзі айтып отыр.

Ал, Шәміл Әбілтаевтікі кездесуден гөрі кішігірім концерт деуге лайық. Назарбаевтың қарсы алдына отырып алып, «Шұбаратты» қашқан құландай жүйткітті дейсіз. Отырып дегеніміз болмаса, отырғанмен қалқып жүргеннің арасындағы бір қимыл. Күйдің ырғағына қарай домбырасының басы аспандап-аспандап кетеді. Домбыраның дыңғылы тамам болғанда, президент жымиып, күйшінің қолын алды.

Осындай кездесулерден кейін, Н.Назарбаев зиялылар туралы қандай ой қорытуы мүмкін? Мұны енді өзіңіз шамалап тұрған шығарсыз. Ал, біздің білетініміз, президентпен кездескен зиялылар өз атынан емес, бүкіл зиялы қауым атынан, керек десеңіз бүкіл халық атынан келіп тұрғанын ұмытып кететін тәрізді. Әлде ұмытқан болып көріне салайық дей ме екен? Әйтеуір қазаққа жаны ашитын бес қаламгер болса, соның біріне балап жүрген Дулат Исабековты әлгіндей жалпақшешейлікке қиғың-ақ келмейді. Президентті арқадан қағып отырып, алашқа пайдалы бір істің басын қайырып тастаса, бір сәрі. Ал, араға жылдар салып, зәуімен бір кездескенде президентті мақтап-мақтап мәз қылу...

Былай қарасаңыз, Қазақстан басшысы мақтау мен мадақтан кенде болып жатқан жоқ. Керек десеңіз, президенттің әр басқан қадамына қадау-қадау шығарма, тарау-тарау өлең, құлаш-құлаш поэма жазып тастайтын «зиялылар шоғыры» қалыптасып үлгірді. Олардың қасында мұң-зарын қағазға түсіріп, көзден таса жерге тастап қойған Асағаңдармен жылап көрісуге болатындай. Нұрсұлтанның «Мәңгілік елі» жария болған тұста Несіпбектің «Мәңгілік ел белгісі» өлеңінің жарқ ете қалуы – осы сөзімізге бір ғана айғақ.

«Зиялының өресі бұрынғыша, бірақ өрісі тарылды. Олар өз сөзін бірер газеттің бетінде ғана айта алады. Зиялының үні халыққа жетпейді» деген пікірдің қоғамды кезіп жүргеніне де біршама уақыт болды. Алайда мұнымен келісе кету қиын. Мәселен Байқоңырда «Протон» жарылып, гептил төгілгенде, күні кеше Шұңғайда зымыран құлағанда «менің мақаламды «Жас Алашқа» басыңдаршы» деген зиялыны көргеміз жоқ. Зиялылар аспаннан бомба түссе де, «артының қайырын берсін» деп жамбастап жата беруге бар.

Ауыт Мұқибек деген ақынды білетін шығарсыз. Шегараның арғы бетінен келген адуынды жігіт. Көші-қон туралы заңға енген өзгерістер мен толықтыруға президент қол қойған тұста Ауыт ақын «Нағашыма хат» деген үшбу хатын жариялады. Нағашасы – Н.Назарбаев. Бірақ, жиеншілеп нағашысынан тай сұрамады. Хатының өзі «Төлқұжатым мен Жеке бас куәлігімді кері өткізуге мұрсат беріңіз, құрметті Нұреке!» деп басталады. Бұл – көші-қонның тоқтауына жаны күйген ақынның жанайқайы, «шеттегі қазақ шегараның арғы бетінде қаңтарылса, менің қазақстанда жүруге хақым жоқ» дегенді меңзегені. Үкімет басшысы Серік Ахметовке «Қазақты азапқа салмай, толық құрамыңызбен отставкаға кетіңіз!» деп талап қойған да осы – Ауыт.

Сонда Ауытқа туыс болған шеттегі қазақ өзге ақын-жазушыларға жат па?! Әлде сырттағы қазақ атамекенге түгел оралып, ұлттың ұпайы түгенделмейінше, мұндағы халықтың да оңбайтынын зиялы қауым білмей ме? Біз бұл жерде Ауыт Мұқибекеті мақтағалы тұрған жоқпыз. Қалам ұстаған бәрің басқаны қойып, Ауыттың қатарына шығыңдар, сөйтіп отставка талап етіп, үкімет үйінің алдына барып жатып алыңдар демейміз. Бірақ, нағыз зиялыға тән мінез, зиялыға тән сөз Ауыттікі емегенде, кімдікі? Ауыттың аузының «дуасы» жоқ. Әйтпесе, осы сөзі Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанып жүрген қаламгерлеріміздің бәрі бірігіп айтса, билік атынан ауып түспесе де, зиялымен санасар еді ғой.

Әрине, қоғамдағы соқталы мәселеге өз ой-пікірін еркін білдіретін, айтпағын тізесі дірілдемей жеткізе алатын зиялылар бар. Бірақ, олар тым аз. Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Ғаппас Қабешев, Мұхтар Шаханов, Софы Сматаев, Темірхан Медетбек, Иран-Ғайып, Дулат Исабеков... Басқа кімің бар?

Дәл қазіргі жағдайда халықтың мұңы мен зиялының зары бір жерден тоғыспайды. Осындай жағдайда үндемес зиялының билікпен ауыз жаласып, жоғарыдан бірдеме дәметуі заңды шығар. Бірақ, ұлттың ұлы атанып, халықтан құрмет күтуге хақысы бар ма?

«Жас Алаш» газеті

0 пікір