Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Билік 6421 0 пікір 3 Сәуір, 2014 сағат 18:06

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 485 ТҰРҒЫН БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

Алматы облысының 485 тұрғыны биыл «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында баспаналы болады деп хабарлайды "ҚазАқпарат". 
 «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановпен кездесіп, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының өңірдегі жүзеге асырылу барысын талқылады, деп хабарлады қаржы институтының баспасөз қызметінен.

Банк басшысы мен өңір әкімі алдағы уақытта Талдықорған, Талғар, Қаскелең  қалаларында құрылыс көлемін арттыру мәселесінде ортақ пікірге келді. Өз кезегінде А.Мұсаханов облыс билігінің аудан орталықтарында жылына бір емес бірнеше үй салуға бар күш-жігерін жұмсайтындығын атап өтті.

А.Жұмағұлов өңірдегі құрылыс қарқыны тұрақты екендігін әрі үйлерді пайдалануға беруде кешігу орын алмайтындығын баса айтты. Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылы 290 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Оның 195-і жас отбасыларына тиесілі. 

Сондай-ақ кездесу барысында алдағы уақытта салынатын тұрғын үйлердің қабатын азайтып, қосымша кішігірім жер қосып беру, қолжетімді бағдарлама аясында тапсырыс беруші бола алатын инвесторлар мен компанияларды тарту мәселесі талқыға түсті.

Abai.kz

0 пікір