Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 7013 0 пікір 3 Сәуір, 2014 сағат 11:24

ТАРИХ ОЙЛАНУҒА УАҚЫТ БЕРМЕЙТІН ЖАҒДАЙҒА ЖЕТТІК

 

Қырым – орыстың да, украиннің де жері емес, түркі халықтарының ішіндегі қазаққа жақын Қырым татарларының жері. Осман империясының әлсіреп, Орыс патшалығының дәуірлеу шағында бұл жерді орыстар басып алған. Кеңес кезінде Қырым татарлары асқан қатыгездікпен өз жерінен аласталып, сайда саны, құмда ізі қалмай тарап кетті. 1944 жылы мамырда КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитеті Қырым түбегінің барлық жергілікті тұрғындарын басқа жаққа көшіру туралы қаулы шығарған болатын. Қырым татарларының көпшілігі Өзбекстанға, бір бөлігі Қазақстанға қоныстандырылған болатын.

 

Қырым Ресейдің қарамағында болған кездерде жоспарлы жүргізілген «водворение» саясатының салдарынан толық орыстандырылды. Ақыры орыстардың барлық тұрғындар арасындағы үлесі ⅔ бөлікке жуықтады. Осыдан орыс империясы ұстанатын екі тұтқа пайда болды: біріншісі – Қырым орыс мемлекетінің қарамағында болған; екіншісі – Қырым халқының басым көпшілігін орыстар құрайды.

Владимир Путин Батыстың Қырым үшін соғысқа бармайтынын, жалпы, қандай жанжал болса да, күш көрсетуден бас тартатынын жақсы біледі. Орыстың «күші» Батыстың осы «әлсіздігін» білуінде және жымысқы саясатпен әрекет етуінде. Соның салдарынан, «ұятты сығырды ұятсыз содыр жеңіп», Ресей Қырымды қайтарып алу үшін жанталасты.

Ресей бүкіл ақпарат құралдарын Киевте билікке келгендердің басынан қара қоймалжыңды бөшкелеп құюға, Ресейге қосылуды жақтайтындарды мейлінше сүйкімді көрсетуге бағыттады. Бұл бағытта жалған айғақтарды қисындырып соғудың теңдесі жоқ үлгісін көрсетті. Оның үстіне Қырымның ішкі істеріне мейлінше араласып, жергілікті сепаратистердің қолтығына су бүрке отырып, олардың жалақысын дереу бірнеше есе арттыруға уәде беріп, іріткі салудың шеберлігін кәсіпқой деңгейде көрсетті. Погонсыз әскерді қаптатып жіберіп, «білмейміз, біз Қырымға әскер жіберген жоқпыз» деп, дүние жүзі көріп, біліп отырған бетбақтықты мойындамай тұрып алудан ұялмады.

Енді Батыс санкция жариялап жатыр. Түрлі саяси-экономикалық, құқықтық шараларға барады. Әрине, ол Ресейге жеңіл тимейді. Орыстар оның зардабын тартады. Бірақ «жыланды қырық кессең де, кесірткелік жаны бар» демекші, өзін-өзі қамтамасыз ете алу көрсеткіші жағынан жоғары, алып Ресей үшін ол сүріндірер шара бола алмайды.

Алайда өркениетті елдермен салауатты саясат жүргізе білмейтін Ресейді қатты сүріндіретін өзге факторлардың кері ықпалы арта түседі. Қазір орыс реваншистерінің алдында жалған беделі көтеріліп қалған Ресей президентінің танауы делдиіп тұр. Мемлекеттік дума толық құрамымен президенттің қалтасындағы парламентке айналып кеткені белгілі болды. Бұл жағдайлар бұдан былайғы кезеңде орыс тоталитаризмінің күшеюіне тура ықпал етеді. Тиісінше, Ресей дамыған демократиялық қоғамдардан алыстай түседі. Келесі сайлауда В.Путиннің жеке жоспары бойынша, президент креслосын өзінің тағы да иемденуіне, тіпті болмағанда, билікке оның тағайындаған адамының (Медведев сияқты) – қуыршақ президенттің келуін қамтамасыз етуі мүмкін.

Ресейді мың жыл иектеп келе жатқан екі жалмауыз бар. Біріншісі – орыс тоталитаризмі. Н.Бердяев айтпақшы, «тоталитарлық рухта тәрбиеленген орыс халқы үнемі билікке тоталитарлық күштердің келуіне жағдай жасап отырады». Ары қарай бәрі түсінікті: ашықтық, демократиялылық болмаған жерде коррупция тамыр жаяды. Елді тығырыққа апарып тірейтін бірінші фактор осы.

 Екінші фактор – орыс славянофильдерінің Батыспен өшігуді ұлттық идея ретінде таңдап алуы. Өшігу бар жерде шептесу бар. Күллі алдыңғы қатарлы қоғамдармен өшігумен басы қатқан орыс билігіндегілердің қаруланудан басқаны ойлауға мұршасы жоқ. Дүние жүзіндегі ең көп қару шығаратын, мейлінше милитарланған ел – осы Ресей.

Қаншалықты бай ел болса да, аталған екі фактор ел бюджеті қапшығынан екі тесік шығарып, әлеуметтік-демографиялық мәселелерді шешуге, бұқараның денсаулығын жақсартуға, білімі мен мәдениетін көтеруге мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан Ресей дамушы елдердің қатарынан ешқашан шыға алмайды. Кезінде алып Кеңес Одағын тығырыққа апарып тіреген де осы факторлар болатын.

Қазір Ресей білім беру саласы мейлінше формалыланған, халқының мәдениеті төмен, демографиялық тұлдырлық меңдеген елге айналып отыр. Соңғы онжылдықтарда Сібір мен Қиыр Шығыста ондаған мың деревнялар, жүздеген қалалар жойылып кеткен. Қазірдің өзінде орыстар Қиыр Шығыс пен Сібірді ұстап тұра аламыз ба, алмаймыз ба деген сұрақпен өмір сүруде. Батыстан жаулап алған бір Қырымның орнына Шығыста мың Қырымнан айырылу қаупімен күн кешіп жатыр.

Рас, соңғы жылдары орыстар Қиыр Шығыс пен Сібірдің тіршілігін жандандыруға қатты көңіл бөлуде. Путин өзі үлгі көрсетіп, жемқорлықпен байығандардың ақша-қаражаттарын Қиыр Шығыс пен Сібір экономикасына салдыруға мәжбүрлемек. Бұдан қандай нәтиже шығатыны туралы сөз қозғауға әлі ерте. Бұл тұста бір нәрсені есте сақтау керек: қаншалықты жұлымыр болса да, Путиннің Қазақстан билігінде отырған коллаборационистерден бір артықшылығы бар. Ол – мемлекетшіл. Ол авторитарлық басқару әдісімен, тоталитарлық ойлауымен, империяшыл пиғылымен, «түк көрмеген» тобырдан шыққандығына тән қитұрқы ұсақшылдығымен, шпионға тән жымысқылығымен орыстың, Ресейдің қамын ойлайды. Батыстан тәуелсіз болу үшін барын салып жатыр.

Соған қарамастан, Қазақстанның солтүстігі орыстың көкейін тесуін қойған жоқ. Орыс билігінің Балтық жағалауындағы, Закавказьедегі, Молдовадағы, енді, міне, Украинадағы саясатының қолтаңбасы қазаққа таныс. Мұны қазақтардың үлкен қауіп ретінде қабылдайтын жөні бар. Осы жағдайлар соңғы тұрғындар санағының қорытындылары төңірегіндегі оқиғаларды еріксіз еске түсіреді.

2009 жылғы санақтың қорытындылары бойынша, республика тұрғындарының ішіндегі қазақтардың үлесі алдымен 67%, артынан 65%, ақыры одан да төмендетіліп, 63% болды деген мөлшер тұрақтанған болатын. Жергілікті ұлт өкілдерінің үлесін кеміту әрекеттері неге жасалды? Республикадағы қазақтардың үлесінің жыл сайын артып, орыс және өзге жұрт өкілдерінің үлесінің азайып кетуі кімнің мазасын алып отыр? Осы сұрақтың жауабын табу үшін маңдайдың алты қарыс болуы міндетті емес. Қарапайым логикалық қорытынды шығара алатын адамға бәрі түсінікті болса керек.

Қазақстанда қалыптасып отырған демографиялық үдеріс Ресей билігінің мазасын алуда. Қазақстанның солтүстік облыстарына әскер кіргізіп, «орыстілділерді қорғап жатырмыз-мыс» деген басқыншылығын ақтау үшін, Ресей билігіне аталған өңірлерде ғана емес, Қазақстанда тұтастай орыстілділердің үлесінің қомақты болғаны керек. Мінеки, шетелден тартылған қазақ көшін тоқтату жөніндегі бұйрықтың да қай жақтан тартылған сыммен келіп түскені осы қисындармен анықталады.

Дүниедегі ең көпсанды халқы бар, бізде алатын өші бар елмен қоңсы қонып отырып, қыздарын ол елдің шыбықтары сыздаған бойдақтарының көз салым объектісіне айналдырып қойып, далиып жатқан даланы қорғайтын әскерге зәру болар шаққа таяп тұрғанда, шеттен келмек ойы бар қандасты жолатпаумен айналысуда қандай қисын бар? Қарапайым қасық жасай алмай отырып, үдемелі инновациялы-индустриялы даму жолымен зымырап бара жатырмыз деген көпірмеге кім сенеді? Жанталасып, халық санын көбейтуге тырысудың орнына, бұқараны әлеуметтік ауруларға меңдетіп, жастардың басым көпшілігін әскер қатарында қызмет етуге жарамайтын жарымжан күйге түсіріп, суицидті, бала өлімін тоқтата алмай, әйелдердің зейнетке шығар жасын ұзартып, азабын арттырып қойып, «бір жерлерін қасып отырған» шенеуніксымақтарға дікеңдеген спектакль ойнайтын биліктің санасын меңдеген не екенін аңғарар мезгіл жетті?

2010 жылдың мәліметтері бойынша, жалпы тұрғындардың ішіндегі орыстардың үлесі Шығыс Қазақстан облысында – 40,5%, Қостанай облысында – 40,6%, Павлодар облысында – 38,25%, Солтүстік Қазақстан облысында – 48,25% болды. Егер қазақ көшін тоқтатпағанда, шетелден тарихи отанына көшіп келіп жатқандарды осы облыстарға қоныстандырып, демографиялық балансты қанағаттанарлық күйге қарай икемдеп жіберуге болар еді.

Енді, міне, баяғыдай, «қазақ ел бола ала ма, жоқ па?» деген Шекспир дилеммасына тағы тіреліп отырмыз. Халықта рух жоқ, билікке сенім жоқ. Қалыптасқан жағдайлар санасында саңлауы бар азаматты күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып отыр.

Қарапайым қисын Ресей-Қазақстан қатынастарының төмендегідей өрбу нұсқаларын көз алдыға әкеледі:

1-сценарий: Қырымды қосып алғанына, оған Батыстың іс жүзінде қарым қайтара алмағанына шабыттанған Ресей президентінің тәбеті ашыла түседі. Ол Қазақстанның солтүстік облыстарын жаулап алудың сәті келді деп есептейді, енді басқыншылық бағытын оңтүстікке бұрады.

Сонымен солтүстік облыстарда тұратын орыс диаспорасы арасынан шу шығады. Олар алғашында әлеуметтік теңдіктің орнауын, еңбекақының көтерілуін, билік басында отырғандар арасында орыстардың үлесінің ј-ден кем болмауын, орыстар тығыз қоныстанған облыстарға автономия берілуін талап етеді. Казак әскерлері ат ойнатады. Ресейден келген погонсыз әскер қаптайды. Солтүстікте оларды қолдап шығатын саяси-әскери ұйымдар бар. Ең бастысы, «терістік аюы» шарбақты жыртқанда, Қазақстанның марионет билігінің өзі оған қол ұшын беруге дайын отыр.

В.Путиннің әкімшілігі «Қазақстанның ішкі істеріне араласпағанын», «онда болып жатқан оқиғаларға Ресейдің қатысы жоқ екенін», «ешқандай әскер кіргізбегенін», «Қазақ билігіне конституциялық заңдылыққа сүйеніп тәртіп орнатуы керек екенін»... дүние жүзіне жариялайды. Іс жүзінде арандатудың небір лас технологияларын қолдана отырып, белсенді әрекетке көшеді: азиялық ұлт өкілдері арасынан лаң салушы топ дайындап, лас әрекеттер ұйымдастырады. Олар орыстардың үйін өртеп, машиналарын бүлдіріп кетеді. Елдің тұтастығын жақтап жүрген еуропалық ұлт өкілдерін арандатады. Осыдан кейін Путин «Қазақстандағы орыстілді азаматтарды қорғау» миссиясын жариялайды да, жартылай ашық әрекеттерге кіріседі. Осы кезде қазақ билігі «тұрақтылық» туын көтеріп, сепаратистерге қарсы шығып жүргендердің ұйымдастырушылары мен белсенділерін тұтқындап, кейінгілерге сабақ болуы үшін «аздап қантөгіс» шарасын жасайды. Ақыры солтүстік облыстарда «референдум» жарияланады. Онда басым көпшілік кең ауқымды автономияны жақтап шығады. Осылай, келешекте ол облыстардың «бейбіт жолмен», «көпшіліктің қалауы бойынша өткізілген плебисциттің қорытындыларына сүйеніп», Ресейге қосылу перспективасы жасалады.

2-сценарий: Өзін дүниежүзілік қауымдастыққа қарсы қойып, саяқ кеткенін, халықаралық аренада елдің беделін мейлінше түсіргенін, Қырымды қосып алу актісінің экономикалық, әлеуметтік-мәдени кеселді салдарларын сезінген В.Путин келесі бір сәті келгенге дейін Солтүстік Қазақстан мәселесін кейінге ысыра тұрады.

3-сценарий: Қазақстан мәселесін В.Путин бейбіт жолмен, соның өзінде қазақ марионеткасының өз қолымен от көсетіп отырып, баппен шешеді. Ол үшін Еуразиялық одақ құру жұмысын жандандырады. Экономикалық деп аталатын одақ құрыла салысымен, оның саяси бетпердесі айқын көріне бастайды. Алдымен рубль алабы құрылады. Сонан кейін Кремль нұсқаушылары дайындаған сценарий бойынша Ресейдің мүддесін көздеп шығып отыратын адамдарды Ақордаға көбірек орналастыру шаралары іске асырылады (бұған дейін де Қазақстан саяси кеңістігінде жүзеге асырылып келген политтехнологиялардың бәрі Ресей нұсқаушыларының қолынан шыққан болатын). Осылай, Қазақ билігінің шешуші буындарына Ресейдің мүддесінен шығып отыратындар орналасып болған соң, саяси-экономикалық қана емес, мәдени-әлеуметтік шаралар да тек Кремльдің нұсқауымен жүзеге асырылатын болады.

Қазіргі жағдайда Путин үшін Қазақстан мәселесін үшінші сценарий бойынша шешу тиімді. Егер қазақтар ЕАО-ның құрылуына байланысты егемендігіне төнген қауіпке қарсы еш шара қолданбай, үйездеген қойдың менталитетін көрсетсе, онда аталған бағыт байыбымен жүзеге асырылады. Егер қазақ ЕАО-ның құрылуына ұйымдасқан қарсылыққа көшсе, онда Путин бірінші сценарий бойынша әрекет етуге мәжбүр болады.

Бірінші сценарий бойынша құрылған әрекетке Путин бара ала ма, әлде, бара алмай ма? Ол жағы тағы Батыс жариялаған санкциялардың пәрменіне және олардың ықпалымен туындайтын Путиннің көңіл-күйіндегі өзгерістерге байланысты.

Ағылшын философы Т. Гоббс «әдетте қоғамға қауіп шеттен келмейді, көпшілік жағдайда пиғылы теріс биліктің өзінен келеді» деген еді. Құлдықты, тәуелділікке түсуді халық өзі қалап алады деген мағынадағы пікірлерді Батыс экзистенциалистері де талай айтқан. Әлеуметтік мінез, бұқараның еркіндікке белсенді ұмтылуы немесе ұмтылмауы, оның себептері мәселелерін Э.Фромм ашып берді. Заманауи америкалық философ қазіргі Шығыс елдерінде аса кең таралып отырған әлеуметтік-психологиялық құбылыстардың бірі – бұқараның басын көтеруге мұршасын келтірмей, оны үкіметтің тұқырта жаншіп отыруы, бұқараның өз өкіметіне қарсы шыға алмауының, езгіге төзе беруінің, табиғи еркіндігін пайдалана алмауының себептерін «Бегство от свободы» (еңбектің аталуына назар салыңыз!), т.б. еңбектерінде көрсетіп берген болатын.

Қазіргі қазақтың қылып жүрген қылығы мен езулерінен сілекейін ағыза көпіріп жүргендері осы айтылғандардың іс жүзіндегі көрінісі боларлықтай. Кезінде ұлт ретінде жойылып, «кеңес халқына» сіңіп кетуді масайрай қолдаған қазақ «төбесі көкке жетпей тұр аз-ақ» деп ән шырқаған еді. Енді, міне, тәуелсіздігін тәрік етіп, Ресейге қоса салу әрекетін ашық жүргізіп отырған билікті үндемей қолдап отыр.

Түптеп келгенде, Қазақ билігінде отырғандар – Путиннің емес, өз қолдарымен жасаған қылмыстарының тұтқыны. Путиннің мықтылығы оның қолында қазақ билігінде отырғандардың және олардың айналасында жүргендердің және олардың отбасы мүшелерінің әрқайсысына қатысты компроматтың болуында. Егер кімде-кім мінез танытпақ болса, соның үстінен Ресейдің Қазақстанда таралатын 500 БАҚ-ы компроматты тонналап төге салғанда, оның сол жерде тұншығып өлгеннен басқа шарасы қалмайды. Олардың әрқайсысы Ресей арналарынан көрсетілген «Крестный Батьканы» есіне түсіргенде, тұрған жерін лайсаңға айналдырады.

 

***

Қазақтың арбасы да сынбай, аты да аман қалуының бір ғана жолы бар. Ол үшін билік бірден парламенттік-президенттік даму жолына көшкенін жариялауы керек. Дүниежүзілік қауымдастықтар өкілдерін шақыра отырып, әділ сайлау өткізіп, президенттікке және парламентке қолы таза, тың демократиялық күштердің келуін қамтамасыз етуі керек. Жаңа билік әлеуметтік теңдіктің орнатылуын, Қазақстан тұрғындарының бәрінің бірдей еркіндігін, материалдық қамтамасыздығын, жоғары сапалы білім мен мәдениетке қол жеткізуін,.. қамтамасыз етуі керек. Қазақстан тұрғындарының материалдық жағдайы Ресейдегіден артық болуы керек. Барлық қазақстандықтардың орта және шағын бизнес жүргізуі солтүстіктегі шағын қалаларда тамақ және жеңіл өнеркәсіп орындарының ашылуы, онда сапалы өнім өндірілуі, шеттен келген қазақтардың соларға көптеп орналасуы қамтамасыз етілуі керек.

Осындай өзгерістер дүниежүзі халықаралық саяси және құқық қорғау ұйымдарының көзінше жасалуы керек. Солармен, әсіресе Батыс қоғамдарымен, АҚШ және НАТО-мен тығыз байланыста болу керек.

Ресей–Украина жанжалынан және оның салдарларынан туған ой ұшқындары осындай. Бұл – жеке адамның субъективті пікірі. Дегенмен, өзін-өзі басқара алмаған қоғамда жеке ой айтуға да мүмкіндік болмай қалатын жағдайлар аз болмаған. Пәрменді әрекет жасалмаса, сатушы рөлін атқарып жүрген биліктің өтімді тауарының да таусылатын уақыты алыс емес екендігін әр зиялы санасынан шығаруға тиісті емес.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ

«DAT» жобасы

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036