Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзіңе сен 5579 0 пікір 2 Сәуір, 2014 сағат 09:10

ҮКІМЕТ ОРАЛМАНДАРДЫ 7 ОБЛЫСҚА ҚАБЫЛДАЙТЫН БОЛДЫ

"Түркістан" газеті жанынан құрылған "Алдаспан" ашық пікірсайыс алаңының кезекті отырысы өтті. Тақырып: «Оралмандар: тұрақты тіркеу неге қиямет қайымға айналды».

Отырысқа Алматы қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім басшысы Күлсін Ысқақова, Алматы қалалық көші-қон полициясы басқармасының инспекторы, полиция полковнигі Ләззат Мұхитова, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Үйлестіру бөлімінің жетекшісі Ботагөз Уатхан,  Оралмандардың «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Рахым Айып, осы ұйымның мүшесі Базаралы Әріп және тұрақты тіркеудің шырғалаңы шаршатқан бір топ оралман қатысты.

Жиналысты бастаған журналист Көлбай Адырбекұлы бүгінгі Украинада болып жатқан жағдайларды тілге тиек етіп, Ресейдің соңғы кездері көзсіз жүргізіп жатқан қитұрқы саясатынан Қазақстанның да қалтарыста қалмайтынын ескертті. Сондықтан, тәуелсіздікпен бірге басталған, Елбасы өзі бұйдагер болған «Қазақ көшінің» қазіргідей бейбіт заманда еш себепсіз тоқтатылуына жол бермей, «Ұлы көшті» қайта жандандыру керектігіне тоқталды. Ол үшін ең алдымен Атажұртқа оралған қандастарымыздың құжат мәселесін реттеп, олардың азаматтық алуын жеңілдету қажеттігін айтты.

Журналист Есенгүл Кәпқызы бүгінгі таңда оралмандар мәселесінің ушығып тұрғанын, әсіресе олардың тұрақты тіркелу, азаматтық алу жұмыстарының мүлдем қиындағанын ортаға салды. Сондай-ақ, осы отырысқа шақырылған Алматы облыстық Көші-қон полициясының мұндай тақырыптан үзілді-кесілді бас тартқандығын айтты. Тіпті аталған орынның Баспасөз қызметі де ат-тонын ала қашып,  Ішкі істер министрлігіне сілтеген.

Ал өздерінің құжат дайындаудағы мың сан кедергілерін айтқалы келген оралман ағайынның көбі сол Алматы облыстық Көші-қон полициясынан көресіні көріп отырғандығын жайып салды. Бірақ құзырлы орыннан құлақ асатын бір адам келген жоқ. Есесіне оның бәріне Алматы қалалық Көші-қон полициясының өкілі мен Алматы қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім басшысы Күлсін Ысқақованың жауап беруіне тура келді. Сөйтсек, мәселенің түп-төркіні Еліміздің заң-закөнінде болып тұр екен. Оралман ағайынның тұрақты тіркеуге тұру, азаматтық алу жұмыстарының тізгінін біздің ел Қытай билігіне ұстатып қойыпты. Яғни, солар рұқсат берсе ғана немесе өз азаматтығынан шығарса ғана Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.

Енді қараңыз, Қытай заңында «Шетел азаматтығын алған адамның Қытай азаматтығынан автоматты түрде шығарылатынын» және «Қылмыс істеген адамдарға паспорт берлімейтінін» тайға таңба басқандай етіп жазған. Біздің үкімет болса тура осы екі анықтаманы сұрап әлек. Қитұрқы құжаттың соңында жүрген қандастарымыздың ішінде бүгін-ертең нәрестелі болайын деп отырған келіншек, ата сақалы ауызына түскен қарт, университетті енді тәмамдаған жастар бар. Тіпті бүкіл отбасы Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра жалғыз адамды құжаттың артынан сандалтқан Көші-қон полицисынан не сұрайсыз?

Айта кетерлігі, биылғы 20 науырызда  Үкімет №248 арнаулы қаулы қабылдапты. Онда оралмандарды қабылдауға Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан сынды 7 облыстың тізімі көрсетілген. Бірақ оларды қабылдау тәртібі, оралмандардың құжат мәселесі жөнінде әлі күнге ашып ештеңе жазылмаған.

Алматы қалалық көші-қон полициясы басқармасының инспекторы, полиция полковнигі Ләззат Мұхитованың айтуынша, құқық қорғау қызметкерлірінің оралмандардың азамттық алуына еш қарсылығы жоқ. Тек заң нормалары дұрысталып, шетелдіктерге қолданылатын тәртіп «Этникалық қазақтарға қолданылмайды» делінсе, бәрі шешіледі. Шындығын айтқанда қазіргі күнде атажұртына оралған этникалық қазақтардан гөрі ТМД аумағында тұратын өзге ұлт өкілдерінің Қазақстан азаматтығын алуы әлдеқайда жеңіл екен. Ал «Жебеу» қорының өкілдері Рахым Айыпұлы мен Базарәлі Әріпұлының пікірінше, Мәсімов үкіметі кезінде қабылданған «қазаққа қарсы қаулылар» Ахметов үкіметі кезіндеде қайталанып отырған көрінеді. Тіпті дәл осы оралмандар мәселесінде біздің мемлекет Халықаралық конвенцияларды да белден басып отырған сияқты. Өйткені бөлініп-жарылған отбасы өкілдері туралы арнайы Халықаралық белгілеме бар. Біздің ел соның өзін орындамай отыр.

Ең өкінштісі, өз күшімен Отанына оралған, өз күшімен үй алған, өз күшімен нанын тауып жатқан қазақтарға бір жапырақ «азаматтық куәлікті» қимау – бүгінгі қазақ билігінің маңдайына басылар қара таңба. Қазаққа ерегескендей жыл сайын Қазақстан азаматтығын алған өзге ұлт өкілдерінің көбейгенін кейбір дереккөздері растап отыр. Бұл ненің айғағы? Қайда бара жатырмыз?  

Хазірет Әбділда

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347