Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 8951 0 пікір 31 Наурыз, 2014 сағат 16:58

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ЯДРОЛЫҚ ЖАРЫЛЫСТЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛУЫ МҮМКІН

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі 
Ә.Р. Жақсыбековке

Құрметті Әділбек Рыскелдіұлы!

Осы жылдың 5-наурызында Ресейдің РС-12М "Тополь-М" баллистикалық ракетасы әскери жаттығу негізінде Қазақстанның «Сары- Шаған» әскери полигонындағы нысанаға тиді. "Тополь-М" ракетасы Ресейдің негізгі ядролық күштерінің стратегиялық қаруы екені белгілі. Үш сатылы, қатты отынмен ұшатын ракетаның ұшу ұзақтығы 11 километр және ол салмағы 550 килотонна болатын термоядролық қаруды нысанаға жеткізеді.

Ресей Федерациясы ұзақ жылдар бойы РС-12М "Тополь-М", РС-24 «Ярс» сияқты баллистикалық ракеталарын Камчатка түбегіндегі «Кура» әскери полигонында сынайтын. 2005-жылдан бастап "Тополь-М" балистикалық ракетасы Ресейдің «Капустин Яр» полигонынан Қазақстанның «Сары-Шаған» әскери жаттығу алаңына жіберіле бастады.

Себебі, Камчаткадағы «Кура» полигонына ұшырылған ракеталарды АҚШ-тың Аляскадағы құрылғылары бақылай алады екен. Ал «Капустин Яр»-дан «Сары-Шағанға» ұшқан ракетаны тек Ресей әскерилері ғана бақылайды. Осыған байланысты РС-12М "Тополь-М", РС-24 «Ярс» сияқты ядролық оқтұмсықты ракеталар Қазақстан жерінде сынала бастады.

Кейбір ақпарат көздерінің жазғанына сүйенсек,  2013 жылы мұндай сынақ-жаттығулар бірнеше рет қайталанған. Өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында бірніше рет "Тополь-М" ракетасы сыналған.
Ал, жақында, дәлірек айтсақ, 27 наурызда Ресейдің МН-300 метеорологиялық ракетасы Батыс Қазақстан облысы, Бөкейорда ауданы аумағында орналасқан Шұнғай ауылы маңына құлады. 
Біріншіден, РС-12М, "Тополь-М", РС-24, «Ярс» сияқты ракеталар ядролық қару болып есептеледі.

 Екіншіден, жаттығу кезінде ракетаға ядролық қару орнатылмады дегеннің өзінде оларды ұшыру үшін баллистит немесе нитраглециринді түтінсіз оқ-дәрі (порох) пайдаланылады.

Баллистит отыны жарылған кезде одан түрлі химиялық улы заттардың бөлініп шығатыны белгілі. Бұл туралы Қазақстанның белгілі ғалымдары С.С Оспанов, А.А. Өтебаев, Т.Н. Ибраев, Р.Д. Оспанова өз еңбектерінде былай дейді: «Баллиститтік оқ-дәрілерді алыс қашықтықта жану кезінде шашырауының салдарын болдырмас үшін жару арқылы жойып отыру керек. Пироксилинді оқтарды өртеу арқылы жояды. Әрине, бұл тәсілдер экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып табылады. Елеулі көлемде жойылатын жарылғыш материалдар ауқымды улы заттар бөліп шығарады, бұл қоршаған ортаға зор зиянын тигізеді». («Баллиститные пороха вследствие разбрасывания их при горении на большие расстояния, необходимо уничтожать взрыванием. Пироксилиновые пороха уничтожают сжиганием. Естественно эти методы являются экономически нецелесообразными. При значительном объеме уничтожаемых взрывчатых материалов образуется огромное количество токсичных продуктов, что наносит реальный вред окружающей среде»)http://www.rusnauka.com/NIO_2007/Chimia/18484.doc.htm
Ресей Федерациясының 1994 жылғы 21 наурызындағы N 223 ("О сертификации безопасности промышленных и опытно-экспериментальных объектов предприятий и организаций оборонных отраслей промышленности, использующих экологически вредные и взрывоопасные технологии") (САПП РФ. 1994. N 13. Ст. 999) қаулысында баллиститтік ракеталық қатты отынның қоршаған ортаға зиянды екені көрсетілген.

Ракетаны сынау кезінде ядролық оқтұмсықты пайдаланбағанның өзінде жарылыстардың салдарынан қазақстандық азаматтардың денсаулығына, қоршаған ортаға тигізер әсері орасан. Алдағы уақытта ядролық оқтұмсықтарды да сынақтан өткізетініне ешкім кепілдік бере алмайды. Ондай жағдайда Қазақстан халқы ядролық жарылыстың құрбанына айналуы мүмкін.

Халық наразылығын тудырып отырған тағы бір мәселе, Қазақстан Ресей Федерациясының 7 әскери-сынақ полигонына пайдалануға 12 миллионнан аса гектер жерді жалға беріп отыр. 2012 жылдың 16 мамырындағы министр Болат Жәмішевтің мәлімдегеніндей ол жерді жалға беру құны 24,7 миллион долларды құрайды екен. Сонда Қазақстанның 1 гектар жерінің жалға беру құны 2 доллардан сәл асады деген сөз.

Сонымен бірге Ресей полигондары орналасқан аймақтардағы елді мекендердің тұрғындарының өмірін, денсаулығын, мүлкін сақтандыру ісі де қолға алынған емес. Бұл барып тұрған сорақылық.

Осыған орай, жоғарыда айтылған мәселелерді назарға ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 31-бабына сәйкес:

Бірінші, 1994 жылғы 6 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартты, (О ратификации Договора между Республикой Казахстан и Российской Федерацией о военном сотрудничестве), 1995 жылғы 20 қаңтарда қол қойылған «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Сарышаған сынақ полигонын пайдалану мен жалға беру шарттары және Приозерск қаласының тiршiлiк әрекетiн қамтамасыз ету туралы Келісімді» (Соглашение между Республикой Казахстан и Российской Федерацией об условиях использования и аренды испытательного полигона Сары-Шаган и обеспечения жизнедеятельности г. Приозерска) және 2013 жылдың 28 қарашасында қол қойылған жоспарлы сынақтар жүргізу туралы екі ел Қорғаныс министрліктері арасындағы келісімнен бір жақты бас тартуды талап етеміз.

Екінші, Ресей Федерациясы барлық әскери ракеталарын Камчатка түбегіндегі «Кура» әскери полигонында сынауына қол жеткізуді талап етеміз.

Үшінші, ҚР Денсаулық сақтау, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігімен бірлесе отырып, әскери ракеталарды сынау мен олардың апатқа ұшырауынан адам денсаулығына және қоршаған ортаға келтірілген зиян көлемін анықтауды және оны ақпарат құралдарында жариялауды талап етеміз.

Осы аталған хатқа ҚР заңнамаларына сәйкес жан-жақты жауап берулеріңізді сұраймыз.

Құрметті оқырман осы ашық хатқа ҚОЛДАП ҚОЛ ҚОЙЫҢЫЗДАР! ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҚОЛЫН ЖИНАП ЖАТЫРМЫЗ!

Мақсат Ілиясұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036