Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әлеумет 12413 0 пікір 31 Наурыз, 2014 сағат 14:46

АЛЫПСАТАРЛАР ТАҒЫ ДА ҮКІМЕТТІҢ АЛДЫН ОРАП КЕТТІ

Ақпанның 11-і күні доллар бағамын кезекті рет көтерген Қазақстан Үкіметі сәуірдің 1-нен бастап мұғалімдер мен дәрігерлердің,т.б. жалақсы 10 пайызға өседі деп уәде берген. Бұл туралы Үкімет наурыздың 29-ы күні арнайы қаулы қабылдады. Қаулыда былай делінген:

 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 51, 648-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:

Көрсетілген қаулыға 19-қосымша мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 14-жолмен толықтырылсын:

«Мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне ЛЖ-дан 10% Ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемақы енгізілсін».

Жоғарыдағы сірескен ресми тілден оқырман өзіне керегін ұға жатар, біздің айтпағымыз: алыпсатарлар тағы да Үкіметтің алдын орап кетті. Азаматтық қызметшілер сәуірдің соңында айлығын алып болғанша, олардың еңбекақыларына қосылған бірер мың теңгенің құны қара бақырға татымайтын болды. Бұған, әрине, таңқалмаймыз. Таңқалмайтын себебіміз – таңқалудан кеткенбіз. Өйткені, Үкімет жалақымен «жарылқап» үлгергенше, қара базардың нарқы қағынып шыға келеді. Міне, тағы да солай болды. Жеміс-жидекті Шымкентте қызнақтың бір киләсі 550 теңгеге, алма 250 теңгеге көтерілген. Өскеменде нан мен сүт қымбаттаған. Ақтөбе мен Атырауда да барлық тұтыну тауарларының құны өскен. Девальвация тұсында Үкімет жастар арасынан белсенді комиссия құрып тұтыну тауарларының бағасын бақпаққа әрекеттенген. Сөйтіп азық-түліктің нарқын себепсіз артыратын сауда орындарын жауап тастауға дейін барған-ды. Үкімет сол пәрменін тым құрығанда сәуірдің соңына дейін сақтай алмады. Бұның атын жауапсыздық дейміз. Ал, жауапсыздықтың айғағы  теңгенің емес, жалпы халықтың құнсыздануы болып шықты. Енді  не болады? Не болушы еді? Бәрі қымбаттайды. «Қарынының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» үйренген халық бәріне көне береді.

Бір доллар және біз. Біздің әлеуметтік ахуалымызды осы теңдеудің аралығында сараптауға болатын сияқты. Әуелі бір доллар 4 теңге болды (1993 жылы, 15 қараша).  Содан секіре-секіре 80 теңгеге жетті де 1999 жылы сәуір айында 138 теңге мен 140 теңгенің арасынан тұрақ тепті. 2009 жылы 4 ақпанда 150 теңгені еңсерді. Енді, міне 180 теңге. Доллардың бағамы мұнымен шектелмесі анық. Сонда, Үкімет пен алыпсатарлардан алданып қала беретін халықтың тағдыры  аяқасты бола бермек пе?

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036