Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5203 0 пікір 16 Қыркүйек, 2014 сағат 13:27

ҰЛТТЫҚ КОНСЕРВАТОРИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕГІ - 85 ЖАСТА

Суретте түсірген: Сәрсенбек Қызайбекұлы

ҚР өнер қайраткері, домбыраның құлағында ойнайтын шебер орындаушы, ардақты ұстаз Сәнен Сәмиғұллақызын «Алматы әуендері» концерттік бірлестігінің директоры Бағдат Тілегенов, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің дирижері Ықылас Нұрғалиев, Алматы қаласы Әуезов аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Мирас Нысанәлиев пен шәкірттері арнайы құттықтап, үйіне барды.

Сәнен Әжиева әңгімесін бастамас бұрын, келген қонақтарға алдымен домбырада күй тартып берді. Қолынан домбырасын ешқашан тастамаған Сәнен апа Роза Бағланова, Жүсіпбек Елебеков, Шара Жиенқұловалармен бірге жүріп, домбырашы ретінде сахнаға шыққан. Мәскеудегі Қазақстан мәдениетінің онкүндігіне (1949) Қазақстан делегациясының құрамымен бірге барып қайтқан. Сол күндерден естелік айтып берген Сәнен Сәмиғұллақызы «Мәскеуде «Сарыарқа» күйін естіген жұрт күйдің авторы тірі ме?» деп сұрағанын күліп есіне алды.

Сәнен апаның бойына домбыра тарту өнері әкесі Сәмиғұлла Андарбаевтан дарыған екен. Домбырашылар отбасынан шыққандықтан Сәнен Сәмиғұллақызының өнерге баруына еш қарсылық болмаған. Небәрі он алты жасында Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестріне жұмысқа қабылданады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылық қабілеті де ерте байқалған. 25 жасында Шымкент музыка училищесін құрып, оны 26 жыл басқарған.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халық даналығы. Сәнен Сәмиғұллақызының шәкірттері кіл таланттылар. Олар Сейдолла Бәйтереков, Лаки Кесоглу, Жалғасбек Бегендіков, Нұрлан Байгөзов, Нұржамал Үсембаевалар. Тіпті оның шәкірттері тек Қазақстанда емес, өзге елдерде де бар. Грекиядағы шәкірттері Сәнен апаны «біздің өнердегі анамыз» деп атайды екен. Ал «Сазген сазы» ансамблінің дирижері Ықылас Нұрғалиев: «Мен Сәнен ападан Түркменстаннан арнайы келіп, дәріс алдым. Мен келген соң артымнан өзге туыстарым да келіп, осы училищеде білім алды. Түркменстаннан, Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан жастар ағылып келіп жатты. Апамыз басқарған Шымкент музыкалық училищесі республикада атақты оқу орны боп есептеледі. Себебі, бұл жерге әр жерден, тіпті шетелдерден шақыртылған білікті мамандар сабақ берді», - дейді.

Қазақ өнері туралы әңгіме барысында Сәнен апа бүгінгі қазақ эстрадасына қатысты пікірін білдірді. «Бұрын көркемдік кеңес деген болушы еді. Қазір ол жоқ. Сахна деген киелі ғой. Қазір көпшілік әнші сахнаны сыйлаудан қалып барады. Не болса соны ән ғып айтады, қалай болса, солай киініп шығады. Сахна деген тәрбие құралы болуы керек», - дейді ардақты ұстаз.

Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігінің атынан келген Мәдениет бөлімінің бастығы Мирас Нысанәлиев Сәнен Әжиеваға алғыс хат тапсырды. Өзін арнайы құттықтап келгендерге Сәнен апа алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Анықтама

Әжиева Сәнен Сәмиғұллақызы 1929 жылы қыркүйектің он бесінде Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында өмірге келген. ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер 1946-1955 жылдары Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінде орындаушы, ал 1951-1953 жылдары Чайковский атындағы училищеде мұғалім, бұдан соң 1955-1958 жылдары  Шымкенттегі №1 мектебінің, кейіннен 1958-1984 жылдары Шымкент музыка училищесі директоры болып қызмет атқарды. Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде (1949) делегация құрамында болған. Қытай Халық Республикасының бір жылдық мерекесіне (1950), сонымен қатар, Бухарестте өткен студенттер мен жастар фестиваліне (1953) қатысқан. Мәдениет саласында қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Қазақ ұлт аспаптарының домбыра сыныбы үшін бағдарлама жазды. 1974 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1982 жылы КСРО «Орта білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Және 1984 жылы Қазақ ССР-і еңбек сіңірген қызметкері деген құрметті атақ берілді.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406