АПЫРЫМ-АЙ, «АйПиО» БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?
Үш кезеңмен өтуі жоспарланған «халықтық IPO»-ның (АйПиО) екінші кезеңі жыл соңына таман басталмақшы. Ал оның бірінші кезеңі қалай жүрді, оның қорытындысы қалай болып жатыр, халықтың ІРО-ға деген ықыласы қандай – ол жөніндегі ақпаратты күндіз қолыңа шырақ алып жүріп таба алмайсың. Егер бұл науқанның алғашқы нәтижесі ел-жұрт үшін беймағлұм болса, оның келесі кезеңінен не үміт, не қайыр күтуге болады?
Өкінішке орай, IPO-ға қатысты депутаттар тарапынан үкіметке жасалған сұраныс та жауапсыз қалғанға ұқсайды. Ал оның жауапсыз қалатын жөні бар: ел экономикасына инвестиция әкеледі деген науқан желбуаз жоба болып шықты.
Неге желбуаз? Себебі – қор биржасы дамымаған елде ондай экономикалық жобаның жөңкіле жүріп кетуі тіптен де мүмкін емес. Жоба неге жүрмей қалды? Себебі – ел экономикасы ашық емес. Кірісі мен шығысы, пайдасы мен зияны ашық көрсетілмеген, жылдық балансы жария етілмеген компанияға қаржысын бас-көзсіз төге салатын «жынды» жоқ.
Міне, осы тұжырыммен біздегі АйПиО-ның тұралаған жағдайына нүкте қоя салуға болар еді. Бірақ ел үкіметі бұл далбаса тырбаңдаудың келесі кезеңін бастаймыз деп, жар салып жатқан соң, оның қазіргі жағдайдағы мән-жайы жөнінде бірер ауыз сөз айтпасқа болмады.
Өкінішке орай, «халықтық IPO»-ға қатысты мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров мырза тарапынан үкіметке жасалған сұраныс та жауапсыз қалған сияқты. Ол өзінің депутаттық сұранысында: «ҚазТрансОйл» компаниясын одан әрі дамыту үшін, халықтық IPO арқылы миллиардтаған теңге жинақталған болатын. Арада аз уақыт өтпей жатып, 2012 жылдың қорытындысы бойынша, 28,8 миллиард теңге дивиденд төленді. Бұл компания табысының 85 пайызы! Ал акционерлер өз пайдаларын банктердегі есепшоттарға салған. Сонда түскен қаржы компанияның дамуы үшін емес, алыпсатарлық үшін жинақталғанға ұқсайды», – деген болатын.
Жалпы алғанда, IPO (Initial Public Offering) арқылы бағалы қағаздар нарығында сауда-саттық жүргізу – нарық экономикасының жақсы үлгісі. Бұл дегеніңіз – экономикаға жұртшылықты жаппай жұмылдыру деген сөз. Мысалға: Испанияның «Барселона» футбол құрамасы жанкүйерлер мен акционерлер құйған құнды қағаздар қаржысы есебінен күн көреді. «Күн көру» ғана емес, бұл команда Еуропадағы ең бай футбол клубтарының бірі.
Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандықтар үшін мұндай экономикалық тетік сондайлық жат құбылыс болмауы керек еді. Ендеше мұндай жағымды дүниеге неге халық болып қуана алмай жатырмыз? Оның үстіне қор нарығына өнеркәсіп, энергетика және транспорт саласындағы табысты инфрақұрылымдар түсіміне халықтық қызығушылықтың болмауы тіптен түсініксіз. Мәселен, бірінші кезеңде акцияларын ашық сатылымға шығарған «Қазтелекомды» айтпағанда, «ҚазТрансОйл» (КТО) – Қазақстандағы бүкіл мұнай құбырының құрылысын жүргізіп, республика бойынша мұнай құбыры магистралының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін алып компания! Яғни, оның түсімі де тәуір болу керек еді. Бірақ оның акциясына жапа-тармағай жабылған жұрт жоқ.
Енді, міне, екінші кезеңге «KEGOC» компаниясының (қуаты аса жоғары электр желілерін тарату мен тасымалдау) акцияларын саудаға шығару көзделуде. Одан кейін «Эйр Астана», «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго» (жылу және электр энергиясын өндіруші, энергетика нысандарын салу және қайтадан жаңарту), «Қазтрансморфлот» компанияларының, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының, оның салалық өндірісі – «Қазтеміртранс» (жүк тасымалы), «Қазатомпром», «Қазмұнайгаз» акциялары ашық нарық саудасына шығарылуы тиіс.
Бір сөзбен айтқанда, бұлардың арасында осал компания жоқ. Енді халық болып жұмылып, елдегі осы алпауыт компаниялардың акцияларын сатып алсақ, әр қазақ барынша байып, айтулы капиталист болып шыға келгелі тұр екенбіз!
Билік тарапынан жүргізілген насихатқа сенсек, IPO дегеніңіз мемлекеттік кәсіпорындардың жұмысына жариялылық әкелуге және оның қызметіне халықтық бақылау жасауға мүмкіндік беруі тиіс екен. Акция иеленген әр Қазақстан азаматы ұлттық компаниялардың басқару ісіне араласып, акционерлердің жалпы жиналысында дауысқа ие бола алады, өндірістің таза пайдасынан нәпақа көре бастайды...
Бүгінге дейін халыққа жетіп жатқан бар ақпарат осы мағынада ғана жүріп жатыр. Бұл, шыны керек, мұхиттағы мұзтаудың су бетіндегі ұшар басы сияқты ғана. ІРО-ның халық үшін шынымен-ақ тиімді жағы бола тұра, біздің билік оның қауіпті тұстарын көп айта бермейді. Оның үстіне халықтың қаржылық-экономикалық сауаттылығы жұртты тақырға отырғызған «МММ» мен түрлі «пирамидалар» деңгейінде ғана екенін ескерсек, отар қойды қараңғы қораға зорлықпен кіргізуге күш салған әурешілікті аңғаруға болады.
Айталық, қор нарығына шығатындар – елдегі аса ірі компаниялар делік. Бірақ ІРО аясында белгілі бір компания акциялары эмитенттің 15 пайыз акциясы ғана сатылса, оған ақша салған азаматтар бұл компанияны басқару құқығын қалай жүзеге асыру тетігін біле ме? Акция, акционерлік қоғам туралы заңнамаларға сүйенсек, «ұсақ» акционерлердің дауысы көп ретте естіле бермейтіні анық.
Осы ретте ірі акция иелері көбінесе осы «ұсақ» акционерлермен есептесіп жатпастан-ақ өз алдарына шешім шығара беретіні және бар! Сонда қазақстандық IPO қалайша халықтық болмақшы?
Рас, бірқатар сарапшылар мен экономистер «Халықтық IPO» бағдарламасын нарық құралдарының бірі ретінде пайдалану керек деп ескертеді. Инвесторлар да тәуекелге барып отыр. Бірақ бүгінгі күні біздің үкіметтің: «Шығынға ұшырап қаламыз деп үркудің қажеті жоқ, өйткені акция сататындар негізінен шикізат өндірушілер мен монополистер», – деген уәжі халықты алдандыра алмайды. Себебі ол компаниялардың болашақ тағдыры акционерлердің емес, саясаты күнделікті құбылып тұратын үкіметтің қолында. Сонымен бірге сол шикізат өндірушілер мен монополияға ие болған компаниялардың экономикалық көрсеткіштері, кірісі мен шығысы, тіпті оларға қатысты ақпарат атаулының бәрі жабық жағдайда жүруде. Бұны халыққа ұғынықты қарапайым тілмен айтқанда, компанияның есеп-қисабын білместен, оның акциясын сатып алуға, сөйтіп акционер атануға жұртты қалай күштеп көндіруге болады?
Мұнан аз уақыт бұрын премьер-министрдің орынбасары болған, бүгін Ұлттық банкті басқарып отырған Қайрат Келімбетов: «Акциялардың бағасы шексіз өсе береді деп ойлайтын халықтың психологиясын өзгерту қиын. Біздің мақсатымыз – олай болмайтынын, акцияның бағасы қаншалықты тез шарықтап өссе, соншалықты тез құлдырауы мүмкін екенін түсіндіру», – деген болатын.
Келімбетов айтар-айтпастан, біздің халық мұндай «мектептен» өтіп үлгерген. Бұл орайда ел-жұртты алдап соққан, сандықтарында қат-қат болып жатқан инвест-купондар акциясын еске алсақ – жеткілікті. Сол науқанда сорлап қалған халық енді айдаладағы аузы- мұрны жоқ ақ отау АйПиО-ға аттап басар ма екен? Бәлкім, алдымен сол купондарды «ақшаға айналдыру» науқанын жаппай жүргізіп, оған бюджеттен елеулі қаржы бөліп, халықты алдарқатудың амалын жасап алған жағдайда, жұртшылық ІРО-ның берерінен дәмелі болуы мүмкін еді. Міне, бұл «халықтық ІРО-ны жарнамалаудың нағыз тиімді үлгісі болар еді.
Мәселен, мынаған қараңыз: KASE деректері бойынша, 1999 жылы «Қазақтелеком» компаниясының қарапайым акциясының орташа бағамы 2,5 мың теңге болған. Ал 2007 жылы баға шарықтаған шақта бір акцияның құны 50 мың теңгеге жетеді. Бірақ «әлдебір қажет болар» деп, сол акцияларды өткен ғасырдың соңында сатып алған халық қаржылық сауаттылығы болмағандықтан, акциясын сандықтың түбіне салып тастап, оның құны шарықтаған кезеңде, яғни 2007 жылы сатып жіберуді білмеген! Қазір бұл компанияның акциялары 15 мың теңгеден сатылады...
Иә, қор нарығының сәт сайын қалай құбылып тұратынын күні бұрын болжау мүмкін емес делік. Дегенмен, қолыңда бар акцияны қалай тиімді пайдалану туралы халық арасында неге түсінік жұмысы жүргізілмей келеді? Енді сол «қараңғы» халық АйПиО-ның екінші кезеңіндегі сауда-саттыққа қатыса ма? Бұл сұрақтар біздің үкіметті сондайлық қатты мазаламайтын сияқты. Үкімет үшін жұмбақ акцияларды алдап-сулап сатып жіберсе болды – одан ары арамшөп шықпаса да, қыңқ етер түр байқатпайды.
Осы қаржылық науқанның басты мәні – нарықтық қатынастар арқылы өндірістегі мемлекеттің меншік үлесін азайту. Сөйтіп, меншіктік қатынастағы мемлекеттің үлесі кеміп, елде экономиканың қозғаушы күшіне айналатын әлеуметтік топ өсіп шығуы тиіс. Ал біздің елде корпоративтік құнды қағаздардың үлесі мемлекеттік үлеске қарағанда әлденеше есе көп екенін тағы бір рет есепке алып көріңіз! Бір сөзбен айтқанда, байитындар әлдеқашан байып кеткен, әрине, халықтық жолмен емес...
Қазір аталмыш бағдарламаға қатысты қоғамның пікірі екіге жарылып тұр. Біреулер «КТО»-ның акцияларын сатып алып, одан түсер-түспес пайданы күтіп отырса, екінші біреулер: «Өзім еңбектеніп тапқан табысымның артығын өз кәсіпкерлік ісіме жұмсағаным немесе депозитке салып байығаным жөн» деген пікірде. Тіпті әлеуметтік желіде: «Акция сатып алып алданғанша, бәліш сатып күн көргенім сенімдірек» деген де пікірлер де жоқ емес. Мұның бәрі Қазақстанда жүріп жатқан IPO – халықтық дегенге қарапайым адамдардың сенімі жоқтығын көрсетсе керек.
Қазақстандағы қор нарығы Ресейдегі сияқты емес – дамымаған. Оның айналымдық көрсеткішін әлемдік деңгей тұрғысынан қарастырар болсақ, ол ең соңғы орындарда екен. Қазақстандағы қор нарығының әлсіз тұсы – оның құнсыздығы. Себебі, Қазақстан осы уақытқа дейін стратегиялық мақсаттағы инвесторларға «мұқтаждық» танытып келгені белгілі. Яғни, қазақстандық үкімет бұған дейін сырттан құйылатын «жынды» ақшаны малданып келді. Енді әлемдік дағдарыс сал ауруына ұшыраған сәтте біздің билік елдегі инвесторларға «мұқтаж» бола бастаған сыңайлы...
Бірақ сол «ішкі инвесторлар», яғни АйПиО ойынына қатысуы тиіс халық қор биржасы деген не екенін білмейді. Қазақстандағы қор биржасы (КАSЕ) жұмыс істей бастағанына жиырма жылға жуықтағанына қарамастан, оның жұмыс ерекшелігін қазақстандықтардың бәрі бірдей түсінбейді, негізінен – мүлде хабарсыз.
Тіпті сол КАSЕ-нің қасиетін білгісі келіп жүрген адам жоқ. Неге? Себебі осы уақытқа дейін бұл халық ұлттық компаниялардың қызығын көрген жоқ. Көргені – ары кетсе, «Қазтелекомның» провайдерлігінен туған қалтафондар ғана. Ал «КТО»-ңыз ел ішіне жанар-жағар май жеткізіп бере алмай отырған жағдайда табан астында бензинге деген тапшылық туып жатса, оның болашақ акциялық түсімі халықтың түсіне кірер ме екен? Осы уақытқа дейін халыққа бетін бұрмай келген ұлттық компаниядан табан астында қандай қайыр күтуге болады?
«Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, бұл бағдарламаның халықты ешбір алдаусыз өтетініне сенуге бола ма? Осы орайда мына бір болған жағдайды есіңізге алыңызшы: 2006 жылы банкирлер мен ірі компания басшылары «Қазпоштаға» өздерінің қызметкерлерін жіберіп, «Қазтелекомның» акцияларын сатқызып алып, кейін оны өз аттарына аударып, жанталасқандарын бүкіл ел білген болатын. Яғни, олар акция құнының тез арада күрт көтеріліп, соңынан күрт төмендеп кететінін өздері ғана білген! Ал қарапайым халық бұдан мақұрым қалған. Осыдан кейін құнды қағаздарды сатып алушы қарапайым азаматтар тарапынан: «Бұл IPO-ның нағыз халықтық болатынына, акциялардың бай қазақстандықтардың немесе шетелдік компаниялардың қолында кетпесіне сенім жоқ» деген пікірлері орынды демеске амалымыз жоқ...
Бүгін, екінші кезең қарсаңында, қоғамның көкейінде тағы бірқатар сұрақтар тұр: бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері үкімет әлдебір зерттеулерге сілтеме жасаумен келеді, бірақ ол зерттеулердің қорытындысы неге жарияланбайды? «Халықтық IPO» бағдарламасын насихаттау науқаны аясында халық арасында әлеуметтік сауалнама неге жүргізілмейді?
Эмитенттер туралы инвесторларға ұсынылатын ақпарат неге аз? Мысалы, эмитент компаниялардың соңғы бес жылдағы шаруашылық қызметінің нәтижесі мен кіріс-шығысы қандай? Жариясыз есеп беру мен дивиденд төлеу мен басқару жүйесі бойынша шешім қабылдау жөніндегі түсініксіз мәселелер халықтың АйПиО-ға деген аңсарын аудара ала ма?
Дұрысы, бұл халықтық бағдарламаның жүру барысын біздің үкіметтің өзі әлі де зерттей түсуі қажет. «Халықтық (егер ол шынымен де халықтық болған күннің өзінде!) IPO» өткізді екен деп, бізді ешкім дамушы елдердің қатарына қоса салмайды. Және білікті экономист-мамандардың айтуы бойынша, қаржыға қатысты мұндай халықтық науқанды өткізу үшін, бір ғана қор нарығын ғана емес, экономиканың барлық өзге салалары мен бағыттарын қоса жетілдіру қажет.
Халықаралық тәжірибе бойынша, IPO экономика кемелденген кезде жүргізілетін экономикалық науқан, ал құлдырап бара жатқан экономиканы көтеру үшін, экономиканың бір немесе тұтас саласын жекешелендіру науқаны өткізіледі. Ал қазір Қазақстанда осы екі науқанның екеуі неге жарыса, әрі қатарласа жүргізіліп жатыр?
Осы күдіктің астарынан ашық экономикалық саясаттың жоқ екендігін аңғару қиын емес. Кезекті жекешелендіру мен көлеңкелі капиталды жария ету науқанынан түскен қаржы АйПиО арқылы Қазақстан экономикасын қалталылардың бөліске салу әрекетінің нышаны байқалады деген пікірді тағы да жоққа шығаруға болмайды.
Ал енді осындай былық жағдайда қарапайым халық не істеуі керек? Кәсіби мамандардың айтуы бойынша, халыққа екі-ақ нәрсені еске сақтаған жөн. Қор нарығының тұрақсыздығын алдын ала болжау мүмкін болмайтындықтан, акция атаулыны біреуден қарыз ақша алып немесе банкіден несие алып, сатып алуға болмайды. Екінші – акцияны өзіңізде бар артық ақшаға ғана сатып алғаныңыз жөн.
Артық ақша дегеніміз не?
Ол сіздің қалтаңыздан шығатын шығыннан кірісіңіз артық болған кезде пайда болатын қаржы.
Ал ондай қаржы сізде бар ма?
Міне, мәселенің мәні – осында.
Гүлмира
ТОЙБОЛДИНА,
«D»
«Общественная позиция»
(«DAT» жобасы № 32 (256) 11қыркүек 2014 жыл.