Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Қоғам 6654 0 пікір 10 Қыркүйек, 2014 сағат 10:32

АУҒАН АРДАГЕРЛЕРІ ПУТИННЫҢ СУРЕТІН ҚАШАН ӨРТЕЙДІ?

Қазақстанда патриот аз ба, бәрі де «патриот». Біреуі сөзімен патриот, біреуі әншейін сырт көзге патриот, енді біреуі ақша бар жерде ғана патриот. Тіпті, кейбірі егжей-тегжейіне көз жүгіртпестен әрекет қылады. Осындай бір ала қызба, алып ұшпа «патриоттарға» биылдың сәуір айында куә болғанбыз. «АҢЫЗ АДАМ» журналының Екінші дүниежүзілік соғыс қасіретіне арналған саны шығар-шықпастан, журнал бетіндегі Гитлердің суретіне бола, еш оқымаған болса да журнал өртеу акциясын өткізген Ким Серікбав, Сергей Пашевич, Мұрат Абдішүкіров бастаған бір топ Ауған соғысы ардагерлерінің әрекеті қалың жұртты таңғалдырып еді. «АҢЫЗ АДАМ» туралы әңгіме өз алдына. Ал, мен сол кеудесіне сөлкебай таққан адамдардың әрекетін еш түсіне алмаған едім, сірә олардың ісі ерекше бір «патриоттықтың» үлгісі болар. Журнал иесі Жарылқап Қалыбайды соттан сотқа сүйреп жүріп, журналдың дауға қалған санын тәркілеуге төрт ай уақыт жұмсаған құзырлы орындардың ісін олар журнал шығып, үш күн өтпестен-ақ атқарып тастапты. Бұлар ел басына қандай да бір қауіп төнсе алдымен ұран салады деп білгем, қайдам, жаңылыппын, солтүстіктегі көрші елдің Президенті Путин «Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған» деп айтқанына екі апта уақыт болды, журнал өртегіш «патриоттарым» Путинның суретін өртей ме деп елеңдеймін, әлі көрінбейді...

Қалың жұрттың есінде болса, 21 сәуірде Алматы қаласы, 28 Панфиловшылар паркінде Панфиловтың немересі Айгүль Байкадамова да қатысқан бір топ Ауған соғысы ардагерлерінің журнал өртеу акциясы өтті. Бұл 18 сәуірде шыққан «АҢЫЗ АДАМ» журналының кезекті санына байланысты елімізге Ресей жіберген ресми нотадан кейін болған оқиға. Олар еш оқымастан журнал өртеп, «Совет одағына фашистер тиіспесін!», - деп ұран салған еді. Журнал өртеу акциясына НКВД формасын киіп келген Сергей Пашевич журналды НКВД найзасына шаншыған, ал, қалған соғыс ардагерлері журналды өртеп жіберіп, күлін де қалдырмай аяққа таптап кеткен болатын.

Ал, мына видеода Гитлер туралы қарама-қайшы пікірлерді басып, оны адамзат қасіреті деп атаған «АҢЫЗ АДАМ» журналын Дәулет Қарабеков есімді Ауған соғысы ардагері тап-таза провокация дейді, бірақ «Қазақтарда мемлекет болмаған», - деп, тұтас бір халықты арандатқан Путинның сөзіне бір ауыз уәж айта қойған жоқ.

Украинаның тұтастығына қол сұғып, Қырымды тартып алған Путинның ісін оң бағалап, бейбіт заманда НКВД формасын киіп тайраңдап жүрген Пашевичтер өзі ғұмыр кешіп жатқан мемлекеттің тарихта мемлекеттігі болмағаны туралы сөзге еш мән бермейтіні түсінікті де шығар. Алайда, сол журналды өртеуге барған өзге азаматтар бағзы замандардан Алтай-Атырау арасын атын ауыздықпен суғарып, толарсақтан қан кешіп қорғаған батыр қазақтың ұрпақтары еді ғой. Путинге ләм дей алмай, Жіриновскийді сырттай ғана желкелеген бір-екі депутат болмаса, не бір әскери шенді, не бір қоғам қайраткері тұтас қазақты қорлаған Ресей Президентіне қаратып ресми мәлімдеме жасай алған жоқ.  Ауған соғысының журнал өртегіш ардагерлері болса, тіпті үнсіз...

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1538
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3324
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6049