Сенбі, 23 Қараша 2024
Сараптама 5389 0 пікір 10 Қыркүйек, 2014 сағат 08:39

УАҚЫТША БІТІМ: КІМ ҰТАДЫ?

Украинадағы «уақытша бітім» тұсындағы геостратегиялық ойын мен жанжалдың уақытша тоқтатылуы кімге не үшін керек?

 Бұл сауал әлемдегі түрлі саяси күштерді ойландырып тұрғандығы белгілі. Ең алдымен уақытша бітімнің себептеріне үңіліп қарайық.

         Уақытша бітімге, оның уақытша табиғатынан мүдделілер көп. Бірінші кезекте бұл – Украин Үкіметі. Себебі соңғы уақыттарда ресми Киевтің позициялары әскери тұрғыдан біртіндеп әлсіреп келеді. Елдегі үлкен патриоттық бас көтерулерге қарамастан, шешімін табуы керек әлеуметтік-экономикалық мәселелер артып келеді. Соғыс жүргізу үшін қаржы тапшылығы айқын сезіліп отыр. Үкіметтің газ мәселесін шеше алмау қаупі және бар. «Бауырлас Ресейдің» бұл жолы газ бере қоятындығы   күмәнді нәрсе. Халықаралық институттардан қомақты көмек алу үшін мемлекеттің кірісі мен шығысын қатаң қадағалауға алу керек. Оның үстіне әскер қатарын толтыру үшін кезекті мобилизация жүзеге асырылуы қажет. Сондықтан Украин Үкіметі үшін бұл бірінші кезекте уақытша қадам.

         Екінші мүдделі топ – Украинаның оңтүстік шығыс өңірі. Қанша жерден Ресей ақпарат көздері Шығыс Украина әскерлері түрлі жетістіктерге жетті деп мәлімдегенімен бұл «жетістіктер» Шығыс Украинаға оңай тиіп жатқан жоқ. Онда босқындар саны артып, «жаңа билік» өз тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмауда. Бұл аймақты да қыс күтіп тұрғанын ескерсек, үйлерге жылу беру секілді түрлі мәселелердің бар екендігі түсінікті.

         Ең бастысы, мұнда Ресей мүдделі. Себебі, Шығыс Украинаны қолдаушы Мәскеу Үкіметінің изоляцияда қалу қаупі кеңейіп келеді. Соңғы уақытта Ресей экономикасы тек Батыс елдерінің саяси-экономикалық санкцияларынан ғана емес, өзінің Батыс елдеріне салған санкцияларынан жапа шегуде. Ресей компаниялары әлемдік нарықта өз позицияларын жоғалтуда. Ресейдің сенімді әріптес екендігіне күмән келтірген бірқатар ірі компаниялар Мәскеудегі өз өкілдіктерін жауып, жаңа бағыттарға назар аударуда. Бұл Ресей бюджетін миллиардтаған доллар шығындарға алып келері сөзсіз.

         Мұнан басқа Ресей алар Қырымын алды. Шығыс Украинаның өзге аймақтары мұндай стратегиялық басымдыққа ие емес. Әрине Шығыс Украинадағы орыс ұлтының өкілдері өздерін Ресейдің құрамдас бөлігі ретінде көретіндігін жасырмайды. Бірақ бұл Ресейге керек емес. Өйткені Оңтүстік Шығыс Украинаның бөлінуі Мәскеудің Украинаға деген ықпалын азайтпаса, көбейтпейді. Себебі бұл аймақ бөлініп кеткен жағдайда, Ресей тұрақты түрде Украинадағы «ресейшіл саяси күштерге» дауыс беретін саяси контингенттен айрылады. Яғни Украинаның саяси картасынан осы уақытқа дейін Ресейдің Украинаға ықпал ету нүктесі әлсірейді деген сөз. Януковичтің «Аймақтар партиясы» дәл осындай Ресейдің қуатты саяси нүктесі болатын. Бүгінгі күні Оңтүстік Шығыс Украинаның саяси аренадан шететілуі Киветегі антиресейлік күштерді нығайтып отырғандығы сөзсіз. Осылайша кішігірім бір аймақтағы мүддеге бола Ресей тұтастай Украинадан айрылып қалу қаупінің бар екендігін түсінеді.

         Бірақ басқа жағынан Ресей Украинаның федералдануына мүдделі. Сонда Ресей өз ықпалын тек Оңтүстік Шығыс Украинада емес, тұтас Украинада сақтап қала алады. Қажет болған жағдайда Оңтүстік Шығыс Украина Ресейдің одақтасы болып отралыққа (Киевке)  доқ көрсете алады. Яғни саяси ықпал ету аймағы пайда болады. Оның үстіне бұл қақтығыс неғұрлым тез аяқталса, ресми Кремль соғұрлым саяси изоляциядан шығу жолдарын қарастыра бастары сөзсіз. Ресейдің бүгінгі әлеуеті оған ұзақ уақыт  төтеп беруге жеткіліксіз екендігі белгілі.

         Бұл Батыс үшін де тиімді шешім. Себебі Батыс осы уакытқа дейінгі өз әрекеттері мен міндеттеріне жауап беруге дайын екендігін көрсетті. Оның үстіне қыс келе жатыр. Ресей газына тәуелді Батыстың шешімді тез арада итжығыс қылып бітіруге мүдделі екендігі айқын.

         АҚШ әлі де Ресей экономикасынан тәуелділігі төмен болғандықтан «антиресейлік саясатын» жалғастыра берері сөзсіз. Бірақ бұл үлкен, қауіпті, әскери қақтығыстарға әкелмейді.

         Ал ең бастысы бұл азаматтық соғыстың нәтижесінде ағайын туыстарынан, мал-мүлкінен айрылған украин халқына тыныштық жағдайында есін жинап қалпына келуге септігін тигізеді.

Шыңғыс Ергөбек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354