ТҮРКІЛІК МӘДЕНИЕТТІ ЖАҢҒЫРТУ ИДЕЯСЫ КҮН ТӘРТІБІНДЕ ТҰР
Ақтөбе қаласы жұртшылығына жақсы таныс Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің директоры Сәния Сансызбайқызы Аймағамбетовамен (суретте) әңгімелескен едік. Оқушыларға қосымша білім беру ұясының тыныс-тіршілігіне жасалған шолу-сұхбат былай өрбіді:
– Сәния Сансызбайқызы, өзіңіз басқарып отырған Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі жайлы мәліметтер беріп өтсеңіз?
– Индивидтің тұлғалық болмысының қалыптану негізі эстетикалық тәлім-тәрбиеде десек, ол өнерге келіп тіреледі. Мектебіміздің міндеті – балаларға қосымша білім беруді қамтамасыз ету. Яғни әуестігі бар оқушыларды қалаған мамандығына баулимыз, кәсібилік шеберліктің машықтарына бағдарлаймыз. Мектебіміздегі оқу – осы бағытта. Білім ұясында музыка бөлімі (домбыра, дәстүрлі ән, вокал, хор, фортепиано, қобыз, қыл-қобыз, домбыра-прима, скрипка, классикалық гитара, баян (аккордеон), авторлық гитара әндері), эстрада-джаз бөлімі (бас-гитара, кларнет, флейта, труба, тромбон, ұрмалы аспаптар, ритм гитара, синтезатор, саксофон), хореография бөлімі (би), көркем сурет бөлімі, киім үлгісі бөлімі және мектепке дейінгі даму студиясы бар. Бұл өнер мектебінің есігі 2004 жылы күз айында ашылып, композитор-домбырашы, феномен жерлесіміз Қазанғап Тілепбергенұлы бабамыздың есімі берілді. Осы азғана жылдар ішінде жеткен жетістіктеріміз аз емес. Дәлел ретінде солардың бірерін атап өтейін. «Вокал» класының оқытушысы Аралбаева Кенжегүлдің шәкірттері «Atlantic Breeze – Мы зажигаем звёзды» (Қырғызстан Ыстықкөл қ.,) атты теле-конкурста жүлдеге ие болды. «Вокал» класының ұстазы Шомко Ларисаның оқушылары республикалық, халықаралық «Айналайын» (Ақтөбе), «Радуга талантов» (РФ Самара қ.,), «Классика» (Ақтөбе), «Art Olimpia» (Түркия Алания қ.,) делінетін байқауларда жеңімпаз болды. Білім беру қызметкерлері арасында өткен сайыстарға қатысқан «Көркем сурет» класының тәлімгері Бегеманова Мариям «Қосымша білім беру ісінің үздік педагогы» атанды, облыс әкімінің грантын иеленді. «Фортепиано» класының оқытушысы Дәулетова Әлия «За вклад в развитие образования» төсбелгісімен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталды. Оркестр тобына сабақ беретін Тельман Ермағанбетов есімді ұстазымыз Ы. Алтынсарин медалінің иегері. Табыстарымызды осылай санамалап тізбектесек кете береді. Бұл – есіме түсіп отырғандары ғана. Оқушыларымыз жыл сайын республикамызда, шет елдерде өтетін түрлі байқауларға қатысып, әркез жүлделермен оралады. Мұның бәрі ұстаздардың мехнатты еңбектерінің нәтижесі, білім берудегі көрсеткішіміз...
– Мектеп ұжымының абыройы осындай білікті ұстаздарға байланысты екені белгілі ғой, бәрі де жоғары білімді болар?
– Әрине. Ұжымымызда 82 оқытушы еңбек етеді. Олардың жоғары білімдісі – 72, арнаулы орта білімдісі – 10. 50 пайызы жоғары санаттағылар. Уақыт талабымен туындап жатқан оқытудың жаңа педагогикалық-психологиялық технологияларымен танысып, өз тәжірибесінде пайдалану мақсатында ұстаздарымызды біліктілігін көтеру курстарына жиі жіберіп тұрамыз.
– Ал тәлім алатын балалар қанша?
– 2014 – 2015 оқу жылындағы шәкірт саны – 1015 болып отыр. Бұл тек биылғы емес, тұрақты цифрымыз. Бірақ бұдан әрі қабылдай алмаймыз. Себебі сабақ өткізетін бөлмелер жетіспейді. Ғимаратымыздың құрлымы мектеп үлгісіне сай келмейді. Совет заманындағы бала бақша. Дегенмен жоғары жақ мәселені шешуге көмектесеміз деп үміттендіріп отыр...
– Маңызды мәдени шараларды өткізудегі іс-тәжірибеңіздің мол екенін жақсы білеміз. Өзіңіз басқарып отырған мектеп өмірінде биылғы жылы да атқарылар игі шаруалар бар шығар...
– Иә, бар. 2014 жылы қазан айының 30-31 күндерінде тілі, ділі туыстас жұрттардың мәдени құндылықтарына қатысты ғылыми бас қосу жиынын өткізбекпіз. Конференция тақырыбының өзегі – түркі тектес халықтар әуездері, ортақтас көне мұралар, оларды оқыту мәселелері.
– Түркілік музыкалық өнердің өткені мен бүгіні жайындағы мәселелерді қаузайтын бұл жиынды өткізудің себебі неде, кеңінен тоқталсаңыз...
– Қазіргі кезде түркілік мәдениетті жаңғырту, дамыту идеясы көтеріліп отыр. Сөзімізге ТҮРКСОЙ ұйымы – нақты дәлел. Бұған сәл тоқтала кеткеніміз жөн болар. Мән-жай түсінікті болу үшін. 1992 жылдың көктемінде түркі тілдес тәуелсіз алты мемлекеттің, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзірбайжан Өзбекстан республикаларының Мәдениет министрлері Ыстамбұлда кездесуінде мәдени-рухани қарым-қатынасты нығайту тұрғысында Меморандумға қол қойған болатын. Сол жылы желтоқсанда аталған Құзырлы орындар басшыларының Тұрақты кеңесі мәжілісінде ұйымның кұқықтық мәртебесі айқындалып, кұрылымы бекітілді. Кейіннен бұған бақылаушы ел ретінде Татарстан, Башкұртстан, Солтүстік Кипр, Хакасия, Гагауз, Тыва қосылды. ТҮРКСОЙ туыстас жұрттардың мәдени өміріндегі елеулі шараларды ортақ мереке ретінде өткізіп, бауырлас елдер өкілдерінің жиі қауышып ортақ мәселелер жайында пікірлесіп, іс-тәжірбие алмасып отыруларына айрықша мән береді.
Түркілерді рухани-мәдени тұрғыдан тұтастандыра түсу үшін және бір аса маңызды тарихи іс қолға алынды. ҚР Президенті Н.Назарбаев 2009 жылдың 3 қазанында Әзірбайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ Саммитінде түркі өркениетінің жалпыадамзаттық өркениеттегі алатын орнын және өткенін, бүгінін, болашағын зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасады. Бұл идея қызу қолдау тауып, 2010 жылдың 25 мамырында Қазақ жұртының елордасы – Астана шаһарында Түркі академиясы құрылды, онда түркілердің сонау көне дәуірінен осы күнге дейінгі тарихы, тілі мен әдебиеті, рухани-мәдени құндылықтар жүйесі, діни-ділдік тұғыры, геосаяси және экономикалық даму стратегиясы, халықаралық қарым-қатынасының басым бағыттары терең зерттеледі.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы, Ақтөбе облыстық ғылыми-әдістемелік орталығы және Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен феномен күйші Қазанғап Тілепбергенұлының 160 жылдығы құрметіне арналып өткізілетін конференция «Түркі халықтарының мәдени мұрасы» деп аталады. Діттеген мақсатымыз – түп тамыры бір халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосу, оқытушыларымыздың тарихымыздың әуелгі бастауын тани түсуіне ықпал ету. Пікірімізді нақтылай ұғындырсақ, қазақтардағы музыкалық өнердің түрлері, қолданылатын саз аспаптары өзге бауырластарда да бар. Айталық, ноғайларда қобыз, домбыра, башкұрттарда, татарларда және қарашайларда қурай, хақастарда жетіген – олардың ұлттық әуен құралдары. Сондай-ақ, түркілердің көмей әуезі дәстүрінің сан қилы үлгілері болғанын саха, тыва жұртының мәдениеті дәлелдей түседі. Қазақта жырланатын «Көроғылы» жыры Анадолы түріктері мен түркімендердің де фольклорлық төл мұралары саналады. Айта берсе мұндай айғақтар толып жатыр. Демек, түп негізі бір ортақ өнердің бағзылық әртүрлі белгілері, сарқыншағы туыстас әр халықтың жадында, рухани тұрмысында сақталып, бүгінгі күнге сабақтасып келеді. Бұлар – қазақ халқы мәдениеті арнасының тым тереңнен басталатынына бұлтартпас дәлел.
Ғылыми жиын мына бағыттар бойынша жоспарланып отыр: Қазанғаптың күйшілік мектебі, оның түркілік мұраны сабақтастырудағы үлесі; ортақтас көне түркілік аспаптар (қобыз, домбыра, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз, саз сырнай т.б.), оларды музыка, өнер мектептерінде оқытудың өзектілігі; жыр айту, ән өнеріндегі ежелгі түркіден жеткен тамырластық және сабақтастық (жыршылық, ұзандық, бахшылық, манасшы т.б.), дамыту жолдары. Жиын соңы әр елден келген музыкант-орындаушылардың «Көне түркілік сарындар» атты концертімен аяқталмақ. Міне осының бәрі Ақтөбе өңірі ұстаздарының көп жайттарды зерделеуіне өзіндік себін тигізері сөзсіз. Өткізілмек бұл мәдени шараның осындай пайдалы жақтарын ойлап қолға алдық. Конференцияға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, өз еліміз бен шетел ғалымдары, магистрлер, ізденушілер, ЖОО студенттері, әдіскерлер, педагогтар қатысады деп күтілуде.
– Ғылыми жиынға келетін түркілік өнертану саласындағы мықты ғалымдардан кімдер бар сонда?
– Конференцияға түркілік өнертану саласының еңселі білгірлері шақырылды. Бірқатарын атап өтсек, олар: Тыва Республикасы үкіметінің жанындағы Тыва гуманитарлық зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, мәдениеттану ғылымдарының докторы В.Ю. Сузукей, Баку Музыка Акедемиясы «Азербайжан музыкасының тарихы мен теориясы» кафедрасының оқытушысы, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Т.А. Мамедов, Қазан Мемлекеттік консерваториясы «Этномузыка және татар музыкасы» кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Л.И. Сарварова, Башқұрт Республикасы З. Исмагилов атындағы УГАИ «Халықтық музыка аспаптары» кафедрасының аға оқытушысы, қурайшы В.Р. Елкибаев, өнертанушы ғалым Т.М. Джани-Заде, сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы фольклорлық лабораторияның меңгерушісі, өнертану ғылымдарының докторы С. Дәукеева, іргелі еңбектердің авторы, профессор С.А. Елеманова, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану ғылымдарының кандидат Б.Ж.Тұрмағанбетова, белгілі дәулеткерейтанушы, профессор К. Сахарбаева т.б.
– Бұлардың бәрі де түркілік музыкатануда көп іс тындырған есімдері белгілі жандар ғой. Конференцияда келелі мәселелер тереңнен қозғалатыны шүбәсіз... Бұдан соң жүзеге асса деген өзге де жоспарлар, идеялар бар шығар?
– Білім орнын 12 жылдық мамандандырылған өнер мектебіне айналдырсақ деген ой-арман бар. Жаңа айтып өттім, ол үшін типтік оқу ғимараты керек. Балалардың қызығушылығын тудырған мамандығына баулитын басқа да бөлімдерді ашар едік... Қалай десек те қосымша білім беру ұйымдарының ұрпақ тәрбиесіндегі орны айрықша. Сөзіміздің куәсі – мектебімізден жеті жыл тәлім алып, сол өз мамандығы бойынша оқуын Орал, Алматы, Астана қалаларында жалғастырып жатқан шәкірттеріміз.
– Сәния Сансызбайқызы, Ақтөбе өңірі өнерінің тарихына қосылатын ерекше бір іс жөнінде аса құнды һәм маңызды сұхбат бердіңіз. Алдағы өтетін түркі елдерінің мәдени құндылықтары тарабындағы Халықаралық конференцияға сәттілік тілеймін!
Сұхбат құрған: Бөрібай КӘРТЕН,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Abai.kz