Жұма, 4 Қазан 2024
Қоғам 9081 0 пікір 8 Қыркүйек, 2014 сағат 14:39

Айдос Сарым: Тіл – кімнің кім екенін анықтайтын индикатор

 

Айдос Сарым, саясаттанушы

- «Ресми тіл мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылады». Конституциямыздағы дәл осы тармақ мемлекеттік тілдің дамуын қаншалықты тежеп тұр?
 
- 1991 жылы Қазақстан өзінің егемендігін алған кезде қазақтардың саны 40%-ды ғана құрады. Сіз айтып отырған заңдық норма сол кездегі түсініктен, пайымнан және сол уақыттағы демографиялық ахуалдан туындаған. Бүгінгі жағдай көп нәрсені аңғартып жатыр, яғни 23 жыл бұрын біз қалап келе жатқан тілдік жағдайды бірден белден басып орындасақ, біздің тәуелсіздігіміздің баянды болуы екіталай болмас па еді? Бұл туралы талай дауласуға да, пікір таластыруға да болады. Мойындауымыз керек, дәл осы заңдық норма тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдің тұрақтылығын қамтамасыз етуге алғышарт бола алды. Егемендіктің алғашқы тұсында еліміздегі орыстар өзінің анасындай көретін мемлекеттен (КСРО-дан), ондағы коммунистік партиядан, өздеріне жағдай жасап жатқан сол партияның түрлі бағдарламаларынан айырылып қалды. Оларға демеу болатын бір фактор керек қой?.. Міне, дау тудырып жатқан заңдық норма дәл осы себептен туындап, әлі күнге дейін сақталып келеді. Байқасаңыздар, Қазақстанда ешбір орыс ұлтының өкілі өзін «Мен Ресейдің жақтасымын!», «Мен орыспын!», тіпті «Мен христианмын!» деп те атай алмайды, олар «Біз орыстілдіміз!» дейді. Орыс тілінің әлеуетінің кеңдігі мен мүмкіндіктерінің көптігі шығар, орыс тіліне кенедей жабысып қана олар өздерін айқындап жүр. Сондықтан бұл заңдық норманы саяси компромисс  дейік, басқа дейік, қалай айтсақ та бұл норма алғашқы жылдардағы жағдайды ескеріп, елдің-жердің тұтастығын сақтап қалуға айтарлықтай қызмет етті.

   Дегенмен бұл заң сонау 86-жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі саясаттан, берісі 90-жылдардағы тілдік жағдайдан, үрей-қауіптен қабылданған. Кейіннен жарты миллион неміс, 2-3 миллион орыс елімізден кетіп қалды. Оның арасында қазақтың өсімі миллиондап артты. 2000 жылдардан бастап тілдік жағдайымыздың оң жаққа өзгере бастағаны белгілі. Бүгінде Оңтүстік Қазақстанда, Батыс Қазақстанда тілдік мәселе деген мүлде жоқ. Тіпті Орталық Қазақстанның өзінде тілдік ахуал жақсара бастағаны белгілі. Қазақы аймақтарда жүрсең жиындардың барлығы болмаса да, басым көпшілігі қазақша өтеді. Мәселен, бір Қызылорда облысының өзінде 97% қазақ тұрады. Ондағы халықтың жартысы орыс газеттерін ашпаған және орыс телеарналарын көрмеген болса, сен ол жерге барып орысша шүлдірлей алмайсың ғой. Дегенмен уақыт өтіп келе жатыр. Этно-демографиялық жағдай жақсарды. Статистика агенттігі еліміздегі қазақтарды 65% деп жатыр, менің пайымымша – 70% болуы да ықтимал. Былай қарасаң, жұрттың бәрі қазақ тілін біледі. Ең болмағанда түсінеді, оқиды және жаза алады. Мұның бәрі тілдік жағдайдың оң бағытқа өзгергенін білдіреді. Жақсы болсын, жаман болсын, бүгінде ұлттық мемлекет құруды аңсайтын, қазақ тілінің дамуын қалайтын адамдардың саны миллиондап артты. Ал енді дәл осы жағдайда «Ресми тіл мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылады» деген заңдық норманың әліге дейін сақталып тұруы –  бұл «саяси қайшылық» болып табылады. Билік тілдік ахуалдың жақсарғанын, қазақтың санының өскенін біле тұра ол заңдық норманың сақталуына жол беруде. Бұл қоғамның, халықтың ашу-ызасына тиеді. Менің ойымша, тағы 4-5 жылда бұл мәселе қайтадан қарқын алады. Сол кезде мемлекет дұрыс шешім қабылдайды деп ойлағым келеді.
 
 - Сонда бұл заңдық норманы алып тастау үшін билікке не кедергі?
 
- Менімше, биліктің саяси жігерінің жоқтығы –  мемлекеттік тілді дамыту саясатын жүргізуіне кедергі келтіруде. Кезінде талай айтылды ғой, «Анау министрлік пәленбай жылдан бастап, мынау министрлік мына жылдан бастап, мына әкімшілік былай мемлекеттік тілге көшеді» деп. Ендеше қайда соның бәрі? Қаншама миллиардтаған қаржы бөліп, жап-жақсы бағдарламалар да дайындалды. Түрлі кітаптар мен оқулықтар шығарылып жатыр. Бірақ олардың өмірде пайдаланылуы қайда? Қарапайым ғана мысал, қазір орыс мектебін бітіріп шығып жатқан көптеген оқушыларды білемін, олардың басым бөлігі қазақ тілін мүлде білмейді. Бүкіл сыныпты жинап алып физика пәнінен олимпиада, химия пәнінен олимпиада немесе математикадан олимпиада өткізетін болса, егер олимпиададан сол сынып жаман нәтиже көрсететін болса,  мектеп директоры былай тұрсын, аудандық білім басқармасындағылар келіп әлгі мұғалімді жұмыстан қуып жібереді. Ендеше, неге оқушылары қазақ тілін түк білмейтін мұғалімді қуып жібермейміз? Кезінде арпалысып жүріп мемлекеттік доктаринаға «Әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті» деген жазуды жаздырдық. Міне, құжат керек болса, құжаттың бәрі бар. Біз өзіміздің салғырттығымызға салынып, «Ойбай, шу шығып кетпесін», «Ойбай, бірдеңе боп қалмасын» деп қоя саламыз. Мұның бәрі салғырттықтың, жауапсыздықтың салдары. Ал енді сол мемлекеттік тілді  білмейтін оқушылар оқу бітіріп, орыстілді маман болып, қайтадан өзімізге ұрынады. Сөйтіп, «Бізге мектепте үйретпеді», «Оқулық жоқ» т.б. деген сылтауларды айтады. Бүгінгі күні «Қазақ тілінің оқулығы жоқ» дегенге адам баласы сене ме? Қажет десеңіз мультимедиа, интернет бәрі де бар. Тіпті Алматының әр кварталынан кем дегенде бір қазақ тілін оқытатын курс табуға болады. Бір ғана мысал: маған ағылшын тілі керек болса, қытай тілі керек болса қалтамнан ақша шығарып, курсқа қатысып, өзім үшін үйреніп аламын. Жақында Қытайда болдым, жаным қысылған соң ең құрығанда алатын тамағымды, киетін киімімді сұрайтындай қытай тілін жап-жақсы үйреніп алдым. Сол сияқты Англияда жүрсем де, басқа елде жүрсем де сол елдің тілін білуге тырысамын (дұрысы: сол елдің жағдайы өз тілдерін білдіруге мәжбүрлейді). Ендеше неге біздің елде ондай жағдай жоқ? Біздің елге сырттан келгендер былай тұрсын, неге іштегі отандастарымыздың өзі мемлекеттік тілді білуге тырыспайды? Олардан да жауап алынуы керек қой, «Сіздер кімсіздер өзі? Қонақсыздар ма, әлде осы елдің азаматысыздар ма?» деген сияқты. Украинадағы жағдай көрсетіп жатыр, кеше ғана бәрі де бір елдің азаматтары сияқты еді, бүгін референдум өткізді, тіпті 1 миллион азаматы Ресейге ауып кетті. Сонда байқағанымыз: Украинаға жаны ашитын тек украин ұлты ғана екенін көрдік. Біздің еліміздегі орыстарды 23 жыл бойы ешкім құқығын шектеген жоқ, тіпті өзіміздің құқығымызды аяқпен таптап тұрып, олардың құқықтарын жасап жатырмыз. «Мұның қайтарымы болу керек қой?» деген сияқты әңгімені айтуымыз керек. Соңғы кездері таксиде, бір жерде қонаққа барғанда орыс ұлтының өкілдерімен кездесіп қаламын. Сонда «Украинадағыдай жағдай болып қалса, сен қай туды алып шығасың?» деп тергеймін. Үндемейді, жарықтықтар... «Қырымда сепаратистер аяқ астынан мыңдаған ту көтеріп шыққанда таң қалдық емес пе? Бәлкім, чемодандарыңда жатқан шығар туларың? Оны біз қайдан білеміз? Сондай жағдай болса, сен қай окопта жатасың?» деп сұраймын. Олар «Жоқ, ондай бізде болуы мүмкін емес» деп жауап қайтарады. «Басқа-басқа, бізде болуы мүмкін емес!» деп Украина да ойлаған, ал бүгін онда кәдімгідей соғыс жүріп жатыр. Ирагің не? Украиинаң не? Екеуі бір. ХХІ ғасырда Еуропаның қақ ортасында соғыс болып жатыр. Бұған кім сенген?
    Біздің елімізде 86-жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін көптеген мәселе тілге байланғаны белгілі. Бір жағынан бұл жақсы, екінші жағынан мұның кемшін тұстары да бар. Бірақ, біз я біреуге ұнасын не ұнамасын, тіл бүгінде мемлекеттің өзегіне, тұғырына, кімнің кім екенін танытатын индикаторына айналып кетті. Тілден де маңызды нәрселер бар шығар, мәселен су, жер мәселесі дегендей, бірақ қазақтың түсінігінде «Тіл мәселесі шешілмей, дұрыс шешімін таппай –  ешқандай да мәселе шешілмейді» деген ұстаным миына мықтап орнатылған. Тіл мәселесін айналып өту, оны алдап өту мүмкін емес. Қазақ баспасөзін, қазақ интернетін алып қарайықшы, «Анау жерде бір ақша жымқырылыпты» десе үн жоқ, «Мына жерде экономика құлдырап кетіпті» десе үн жоқ. Ал тілдік мәселеге келген кезде бәріміз улап-шулап шыға келеміз. Бұл – фактор! Үлкен, маңызды фактор болғаннан соң да оны алдап өту мүмкін емес. Құдайға шүкір, қазір қазақтың намысы өсіп келе жатыр. Ресейдің т.б. жалауын көрсе жұлып тастап жатқан азаматтарымыз да бар. Бұрынғыдай үрейден, соғыс болмасын деп қауіптенуден арылып жатыр халық. Ұлтшылдар бүгіннің өзінде қыруар күш, салиқалы, мемлекетшіл, парасатты күш. Алайда осы күштің сөзіне қай билік құлақ асып жатыр. Егер билік осы күндері осы салиқалы күштің дауысына құлақ аспаса, келісімге келмесе, ертең олардың орнына «Айбалта алып орыстарды қырайық» деген радикалдар шығады. Сондай біреудің үні қаттырақ естіліп кетсе, халық оған ілесе салады. Сонда не болмақ? Әрине, мұндай жағдайдың болуы бізге тиімсіз. Бұны билік те дұрыс ұғынуы тиіс. Сондықтан халықтың айтқанына құлақ асып, ескірген нормаларды алып тастау, кемшін тұстарды түзету биліктің өз мойнында. Мынаны түсінейік: бізге, ұлтымызға дәл қазір кем дегенде 10 жыл ешкімге соқтықпай даму керек. Біз осыны түсініп отырмыз. Ал билік осыны түсіне ме екен? Үлкен мәселе!
 
- Бүгінгі Украина мен Ресейдің арасында болып жатқан соғыстың бір себебі ретінде де украиндықтардың орыс тілінен мүлде бас тарту мақсаты жатқанын журналистер жазды.  Айтыңызшы, Ресейдің Қырымды тартып алып агрессияға берілуін қалай түсіндіріп бере аласыз?
 
- Мынадай бір қызық айтайын: «дәл қазіргі уақытта ағылшын тілінің иесі жоқ». «Ағылшын тілінің иесі – ағылшындар, неміс тілінің иесі – немістер, орыс тілінің иесі – орыстар» т.б. деген сияқты жалған ойлар көптеген адамдардың санасында қалыптасып қалған. Бірақ ол дұрыс емес. Қазіргі кезде көптеген парадигмалар өзгеріп кетті. Ағылшындардың өкілі ағылшын тілін «Бұл біздің ғана тіліміз!» деп ешқашан да айта алмайды. Есесіне, әлемнің 3/2-сі өздерінің бизнесін, іскерлік шаруасын ағылшын тілінде жүргізеді. «Сендер біздің тілді бұзып жатырсыңдар!», «Біздің тілде сөйлемеңдер!» деген ағылшын патриоттарын өз басым көрген емеспін. Мен қазақ тіліне шорқақ, шорқақ болғаннан соң да аса ұялатын жігіттерді білемін. Олар орысша жазады, орысша сөйлеседі. Бірақ екеумізден де асқан ұлтшыл, патриот. Шын мәнінде, олар орыс әлемінің емес, қазақ әлемінің өкілдері. «Тіл» -  жай ғана коммуникациялық құрал. Қазақстанда көптеген жағдайда, әсіресе этностар арасында коммуникативтік құрал ол орыс тілі екеніне ешкім дау келтірмейді. Болашақта оның орнына ағылшын тілі шығуы мүмкін. Қытай тілі келуі де бек мүмкін. Қазірдің өзінде Қытайда 11 мың қазақ студенті оқиды. Ертең бұл сан өсе түседі. Жыл сайын 400 000 адам Қазақстаннан Қытайға барады. Қытай қарқынды дамып жатқан мемлекеттердің көш басында тұр. Біз «Жылына бір қала салдық» деп мақтанамыз, олар 1 жылда 1 миллион адам тұратын 30 қала салып жатыр. Ендеше осы жағдайды көре тұрып, «Орыс тілінің не керегі бар? Одан да бір жарым миллиардтық нарықты құрайтын қытай тілін үйренейік!» деп айтатын азаматтарымыздың шықпасына кім кепіл? Орыс тілінің аясы Қазақстанда тарылып келе жатыр. Орыстілді ақпарат нарығында емес, қазақтың рухани кеңістігінде. «Орыс тілін принципті түрде оқымаймын» деген талай қазақ жастарын білемін. Бәлкім, ол да қателік шығар, бірақ мұның саяси астары бар екенін әңгіменін басында айттық қой? Бүгінде қазақтың біраз өкілі «Орыс тілі – кешегі бодандықта таңылған тіл, кешегі отарлықтың жалғасы» деп түсінеді. Көптен бері айтылып келе жатқан мәселе: қазақ немесе орыс балабақшасы немесе мектебі деген болмайды, бәрі бір мемлекеттік балабақша, бір мемлекеттік орта мектеп болуы керек және бәрін де қазақ тілінде оқыту керек. Мейлі, үйіңде орысша оқыта бер, бірақ аттестат алуға келгенде  емтиханды қазақша тапсыруың керек. Әлемнің барлық мемлекеттерінде үрдіс осындай, біз ештемені қиялдан шығарып жатқан жоқпыз. Біздің қоғамдық ой, біздің қоғамдық философия, біздің рухани өркениетіміздің ішінде жүріп жатқан дүниелерді көбінесе тарихқа, өткенімізге, артқа қарап ойланамыз. Мойындауымыз керек, біз әлі «Жоңғар шапқыншылығының философиялық астары» деген тақырыпты ашқан жоқпыз, «Қазақ хандығының философиялық астары» дегенге әлі жауабымыз жоқ. Хандардың атын білеміз, бірақ сол заманда өмір сүрген қоғамның, халықтың қалай күн кешкенін әлі біле бермейміз. Кез келген мәселе философиялық талқыдан өтпей, оны халық түсініп болмайды. Қазір көптеген адам «Әлемді саясаткерлер. милиардерлер басқарып жатыр» деп ойлайды. Бірақ, қоғамдық ойшылдар – философтар әлемді басқарып жатыр. Біз әлі сонау көнедегі дүниені меңгере алған жоқпыз. Бүгін қазақ тілінің басты мәселесі – болашақта болатын дүниелердің философиялық астарын түсініп, әлемдік үрдістермен оны жанастырып, табыстырып, жаңа рухани концепциялар, терең ойлы дүниелерді алып келу. Наполеон «Генералдар кешегі соғысқа дайындалады» деп айтқан екен өз уақытында. Біз бәріміз сол кешегі соғыстарға, соғыс болғанда да баяғы қылыштасатын соғыстарға дайындалып жүрміз. Оның арасында зеңбірек шықты, автомат шықты, оның арасында атом бомбасы пайда болды. Ал дәл бүгінгі күннің ең зор қаруы атом бомбасы емес, ең зор қару – сөз, ақпарат. Бір елді қирату үшін мыңдап, 100 мыңдап қол жүгіртудің қажеті жоқ, ақпараттық нарығын жаулап алып, миына мәңгүрт екендіктерін айта берсең, ол сенің құлың болуға да көнеді. Біз халқымыз 30 миллионға жеткенге дейін мәдениет саласында, тілдік саясатта мықты мемлекетті қалаушы, мықты мемлекетті қажет етуші ел болып қаламыз. Бұл рас. Бірақ қоғам қаншалықты кіші болғанымен де билікке өз мұң-мұқтажын айтып, әрекет ете беру керек. Мысалы үшін: сіз аяғыңыз немесе қолыңыз сынып ауруханаға жатсаңыз, сіздің еміңіздің 30 %-ын жасайтын – дәрігер. Ал қалғаны тікелей өзіңізге байланысты. Қолыңыздың дұрыс жұмыс істеуі үшін шынығып, жаттығу керек, мұның бәрі де өзіңіздің қолыңызда. Сол сияқты мемлекетке де сеніп қалуға болмайды. Көріп отырмыз ғой, миллиардтап ақша шығарып жатыр, бірақ нәтиже жоқ, яғни, мемлекет бағдарламаны қадағалау, кемшіліктерін көрсету, қателіктерін айту дегенді білмейді. Бір депутат Тіл комитетінің үстіне шығып алып, «Ал көрестіңдер не тындырғандарыңды?» деп тұрып алса, олар да қарқынды, жемісті жұмыс істеуге тырысады ғой...
   Қырым мәселесіне оралатын болсақ, менің ойымша, бүгінде Ресей қоғамы, Ресей билігі белгілі бір философиялық елестің артынан еріп, қиял әлемін кезіп жүр. Жартылай ояу, жартылай ұйқылы. Өздеріне тым сеніп қалған. «Біз мықтымыз, біз кереметпіз» дегенді көкейлеріне құйып алған. Бұрынғы патша заманындағы феодалдық қатынасты ұстанатын адамдар әлі де бар. Өкінішке қарай, дәл сондай менталитетпен жүрген адамдар бүгінде Ресей басшылығында отыр.  Олар Қазақстанды да, Украинаны да, Молдованы да өздерінің құлдары санайды. Олардың түсінігі былай: «Сен менікі боласың немесе сен менікі болмайсың»,  басқа түсінік жоқ. Мойындау керек, Украинаның элиталары үлкен қателіктерге бой берді. Осы 23 жылдың ішінде  билікке таласқан, басқа еткен, басқа мәселелерін шешкен, Шығыс және Батыс болып бөлінген Украина Қырымның украиндануы үшін істеген шаруасы тым аз. Мысалы: Шымкентке Ресейден  5000 адамды алып келіп, Ресейдің жалауларын таратып жіберсек, «Ресейге қосылайық!» деп ұрандатсақ, Шымкенттің халқы оған көне ме? Қосылмақ түгілі әлгі адамдарды быт-шытын шығарып ұрып жібереді. Ал Солтүстік Қазақстанда олай емес. Қырым сценарийі Солтүстік Қазақстанда оп-оңай іске асуы ықтимал.
 
- Шынында да, Қырым неге оп-оңай Ресейге беріле салды?
 
- Осы 23 жыл Қырымда тұрып жатқан халықтың санасында «Біз Украина қоғамының бөлігіміз», «Біз Украинасыз өмір сүре алмаймыз», «Көзімізді ашсақ та, жұмсақ та Украинаны көреміз», «Мен Украинаның патриот азаматымын», «Мен Шевченконы оқимын» деген түсінік пайда болған жоқ. Телеарналарының бәрі орыстікі болды. Өздерінің белсенділерінің көбісі, партиясымақтары орысқол болды. Сосын іс насырға шапқанда бәрі тым-тырақай қашты. Мен елестету үшін айтып көрейін, Қырым бір Ақтөбе облысындай жер. Соны келеді де Ресей бір оқ атпай жаулап алады. Рас, ішінде Украин әскерлері жүрді, бірақ бірі де қару алып қарсыласқан жоқ. Саясатта, идеологияда, философияда бостан-босқа айтылған сөз болмайды. Сөз оқтан да жаман. Осыдан 10-15 жыл бұрын, Мәскеудің бұрынғы мэрі Лужковтан бастап, талай әпербақандар «Севастопольді тартып алу керек», «Бұл саяси әділеттілікке жатпайды», т.б. жерге қатысты әңгімелерді қатты айтып кетті. Ол кезде украиндар бұған немқұрайлы қарап еді. «Оттаса оттай берсінші, неміз кетіп бара жатыр» деген сияқты. Оның үстіне талай орыстың ақын-жазушылары, фантаст жазушылары Қырымның орыстікі екенін дәлелдейтіндей туындыларды бората тастады. Шынын айтсақ, оларға «Қойындар, мыналарың не?» деген ешкім болмады. Сосын ресейлік қоғамының ішінде «Мынау біздің жерлер екен ғой» деген түсініктер, пайымдар, көзқарастар пайда болды. Дәл бүгін Ресей сондай әңгімені «Солтүстік Қазақстан» туралы қатты өрбітіп жатыр. Мен сізге айтайын, бүгінгі күні «Ресей сепаратистері» деп жүрген адамдардың көбісі – қатардағы жазушылар, қаламгерлер, журналистер, философтар. Донбастағы сепаратистерді басқарған Гиркин деген фантаст жазушы  6 ай бойы Украинаның армиясымен соғысқан (оны ішкі Ресейге алып кетті, Ресейдің өзіне де қауіп төндірген соң). Айтпақшы болғаным, бүгін айтылған сөз ертең қоғамдық мәселеге бірден айналып кетеді. «Сөз –  атомнан да қауіпті» дегенім сол. Қазір Ресейдің 90%-ы Путиннің Қырым саясатын қолдап отыр. Ал дәл қазір Путин жан-жүрегімен «Қырымды Украинаға қайтара салайын» десе де, ол қайтара алмайды. Қайтарса ұтылғаны, біткені. Әрине, Путин бәрін басқарып отыр, Путин бәрін меңгеріп отыр. Бәрі де уысында. Ресейдегі бүгінгі қоғамдық пікірді қалыптастырған өзі. Бірақ, авторитарлық мемлекттердің үлкен бір сұмдығы бар, біраздан соң билеуші сол қоғамдық пікірдің құлы, аманаты болып кетеді. Сол пікірден өзің 1 мм аттай алмайтын дәрежеге жетесің. Өзің құрған жүйеден 1 мм аттасаң, сен сатқынсың, қоғамға жау болып есептелесің. Бітті, сенің жүйең өзіңді сарт еткізеді.
 
- Қазақстанның ақпараттық нарығы Ресейдің уысында екені белгілі. Біз сонда үлкен қауіптің алдында тұрмыз ба?
 
- Қазақстан элитасының ішінде сөздің қадірін, ойдың қадірін, ақпараттың қадірін түсінетін адамдар аз. Манипуляторлар жеткілікті. «Телеарналардың барлығын басқарып отыру керек», «Оған опозицияны жібермеу керек» т.б. оның бәрін жақсы меңгерген. Ал дұрыс қоғамда оппозицияға да орын беру керек. Оның бәрін үлкен бір ойдың ішіне, үлкен бір құрылымның ішіне сыйдыра білу керек. Бәрімен де мәмлеге келу керек. Өкінішке қарай, бізде «Мен білемін» деген басым. «Менікі ғана дұрыс», «Біз ғана білеміз», «Сендер кімсіңдер?» деген әңгімелерді көп естиміз. Дауласамыз, ұрысамыз, боқтасамыз. Бірақ, шын жағдай солай. Әлемді басқаратын әлеуметтік ойшылдар екенін жоғарыда атап өттік. Себебі, бүгін елді тырп еткізбей басқарып отырған билеуші, шынтуайтына келгенде ХVІ ғасырда өліп кеткен белгілі бір философтың құлы болуы мүмкін. Бұны Нобель сыйлығының лауреаты Милтон Фридман айтып кеткен. Сондықтан ақпараттық, идеологиялық саясаттағы қателіктер бүгінгі күні Қырымның Украинаға қайтуын екіталай етті. Шығыс Украина үшін әлі соғыс жүріп жатыр, бірақ олардың болашағы қалай болады, оны да дөп басып айта алмаймыз. Рас, батыс жақсылап Ресейге қысым көрсетсе, Ресей кетуі де мүмкін. Бірақ болашақта сол жерде қайтадан ши шықпайды деп кім айта алады? Бізге жетпей жатқан нәрсе – мемлекеттік, біртұтас тарихи сана, ұлттық идеология, өзімізге тәуелді ақпараттық кеңістік, бесіктегі баладан бастап молаға кетіп бара жатқан шалға дейін ең үздік методологиялық әдіспен түсіндіретін, түсінікті форматпен таралатын ақпарат.
 
- Бүгінде Ресейдің кейбір саяси қайраткерлері Қазақстандағы орыс тілінің ахуалына алаңдайды. Олардың алаңдаушылығы қаншалықты орынды?
 
- Парапарлық қағидатына салсақ, Қазақстанда орыс тілінде оқытатын мыңдаған мектептер бар. Ал Ресейде қазақтілді мектептер неге аз? Міне, осындай жағдайларды айтып, барынша олардың мүмкіндіктерін арттырып отыру керек. Мұны саяси сауда дейді. Саясатта мұндай сауда жиі болуы тиіс. «Мен саған, сен маған» деген сияқты. Осы 23 жылдың ішінде қомақты түрде, жүйелі түрде қазақ диаспорасына жасалып жатқан «көмек» деген әңгімені естіп көрдіңіз бе? Анда-санда бірдемелерді алып барып бергені болмаса, түк те істеп жатқан жоқ. Мынадай мәселе бар: бүгінгі күні қазақ диаспоралары тұрып жатқан жерлерде кавказдық ислам, татарлық ислам, уахабшыл ислам т.б. тарап жатыр. Егер түптің түбінде сол қазақтар Қазақстанға келеді десек, ол сол діни көзқараспен келеді. Сосын біздің қоғамда діни проблема тағы да ушыға түседі. Неге осы бастан осының алдын алмаймыз? Бізде не көп, университет көп. Қыздар педагогикалық университеті бар, Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті бар, ендеше неге ана тілі жұтап жатқан Ресейдегі қандастарымызды алып келіп, мұғалімдікке тегін оқытпаймыз? Неге оны қайтадан сол жаққа жібермейміз? Неге діни басқарманың жанынан сондай бір шараларды қолға алып, Ресейдегі қазақтарды алып кеп еліміздегі медреселерде оқытпаймыз? Тарихи отанына келіп оқығысы келетін қандастарымыз шет мемлекеттерде жетіп артылады ғой. Солардың басына қазақы білім беріп, қайтарып жіберетін болсақ, бірдің әсері онға, тіпті мыңға емес пе? Мейлі, ол Ресейдің азаматы бола берсін, бірақ қазақ қой? Оларға деген біздің тарихи т.б. жауапкершілігіміз қайда? Ресейліктер өзінің орыс тілі үшін, басқасы үшін алаңдай берсін, біз қазақ тілі үшін, қазақтар үшін алаңдай беруіміз керек. Ресей өзінің мәселесін өзі шешіп жатыр және орыс тілінің жақсы болсын, жаман болсын, бізден үлкен артықшылығы бар. Оның артында кем дегенде 140-150 миллиондық нарығы бар. Ол жойылмайды. Ал енді айналып келгенде 17-18 миллион қазақ қазақ тілі үшін алаңдауға тұрады. Әлемде 2 аптада тұтынушысы аз, халқы аз деген бір тіл жоғалып жатыр. Біздің бүгінгі күніміз марқайып, семіретін заман емес. Алаңдағанның үстіне алаңдай түсуіміз керек. Ертең 3000 жылы, 3500 жылы тұратын қазақ қай тілде сөйлейді? Оның санасы қандай дүниелерге, қандай құндылықтарға негізделеді? Мұндай мәселелердің бәрін бүгін ойлауымыз керек. Ертең кеш болып кетеді. Осындай түсініктер пайда болса, біздің тілдік күресіміз тарихи олқылықтармен кезінде қалыптасқан ренішке емес, басқаның философиясына емес, болашақ дамудың философиясына негізделсе, сонда оның мәңгілік тілге айналуына сенуге болады. Ол үшін ең алдымен өзіміз, өзіміздің санамыз, ойлау жүйеміз өзгеруі керек. Өзіміздің ойлау аппаратымыз күрделене түсу керек. Өкінішке қарай, ондай қозғалысты көріп отырған жоқпын. Ал, Ресей орыс тілінің соңында 150 миллион нарық тұрғанын біле тұра алаңдап жатыр. Олардың алаңдаушылығы өте орынды, әрине өздері үшін. Өйткені қаласын, қаламасын Қазақстандағы орыс тілі әлсіреп жатыр.
 
- «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты бағдарлама биылдан бастап жүзеге аса бастады, яғни, оңтүстіктің жастарын солтүстікке алып бару саясаты жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаны қабылдаудың басты себебі неде? Украинада болып жатқан бүгінгі жағдайлардан сабақ алып, биліктің есін жиғаны ма?.. Осы бағдарлама арқылы орыстары 60-70%-ға жететін солтүстік өңірдің тілдік ахуалын осылайша «мемлекеттік тілге» қарай бұра аламыз ба?
 
- Бұл бағдарлама мемлекеттік саясат арасында жүріп жатқан, айтылатын не айтылмайтын, жазылатын не жазылмайтын көптеген шаралардың біреуі ғана болуы керек. Бәлкім, жүзден бірі шығар? Мүмкін, жиырмадан бірі? «Қазақ көші» бағдарламасы бар т.б. бағдарламалар бар.  Құдайға шүкір, енді-енді ғана түсіне бастап, қазақыландыруды қажет ететін облыстарды белгіледік. Ал енді оған адам алып бару мәселесін қалай шешеміз? Сіз өзіңіз Алматыда тұрып жатырсыз, дәл қазір бәрін тастап Қызылжарға барып тұрғыңыз келе ме? Сіз осы елдің патриотысыз,  Қазақстанның тұтастығын қалайсыз, онда неге бармайсыз? Бұл қарапайым ғана мысал. Осындай сұрақты әрбір қазақ, әсіресе қазақ жастары және олардың ата-аналары өзіне қоюы керек. Содан мүмкіндіктер көру керек. Бүгінде солтүстіктегі университеттерде қабылданатын студенттердің саны азайып кетті. Мен өзімнің туысымның әңгімесін айтып берейін. Өзі неміс тілінің мұғалімі. Университетте сабақ береді. Осыған дейін неміс тілін оқитын студенттер жиналмай қала беретін болыпты, өйткені, жұрттың бәрі ағылшын, қытай, араб тіліне барғысы келеді. Неміс тілі мақұрым қалып қалды. Ал қазір осы бағдарламаның арқасында студенттердің саны 1 жарым есе өсіпті. Былайша айтқанда, туысымның жалақысы да өсіп жатыр. Шынын айту керек, «Солтүстіктен Қазақстанға қауіп келмейді» деген адам ақымақ, менің түсінігімде. Кеңес заманынан бері біздің күштік құрылымдарымыз негізінен Шығысқа қарап тұр. Бұл «Жау келсе Қытайдан келеді» деген қорқыныштың біздің миымызға мықтап орнап алғанын білдіреді. Сонымен қатар оңтүстігімізде де күштік құрылымдарымыз жақсы шоғыры бар. Ресейден келетін қауіп жоқ деп ойлай ма, әлде бір одақтың құрамында болғасын ба солтүстік жақта әскери бөлімшелер мүлде аз. Ендеше Украинаның жағдайын көре тұра неге солтүстік облыстардан әскери бөлімшелер ашпасқа? Бүгінгі әскердің 95%-ы қазақтар, егер осының басым бөлігін солтүстікке шоғырландыратын болсақ, оларды келісім-шартқа отырғызып, сол жерден үй т.б. басқасын беріп жағдайын жасасақ, сол жердің қызына үйленсе, сол жерде қалмайды емес, қалады ғой. Бір әскери бөлімшеде 1000 адам бар деп есептейік, мың адамның басым бөлігі – бойдақ. Енді солтүстіктегі 5 облыстан бес-бестен бөлімше ашып қояйықшы, қаншама әскерилер солтүстікке баруға тура келеді. Мұның өзі Солтүстік облыстарды қазақыландыруға итермелейді. Сондағы қазақтардың санының артуына септігін тигізеді. Бір ғана студенттерді тартумен шектелсек, солтүстікті қазақыландыру үдерісі ондаған жылдарға созылары анық. Оған қосып, әскерилерді де, сырттан келіп жатқан қандастарымызды да сол жерде тұрақтап қалатындай жағдай жасап, қызықтырып тарту керек. Сонда нәтижелі жұмыс болады. Мемлекет қазір екеуміздің айтып жатқан әңгімеміздің бәрін білмейді емес, біледі. Бірақ іске келгенде мардымсыз. Егер олар білек сыбана кірісіп, нәтижелі жұмыс көрсетсе, солтүстіктегі қазақтардың санын арттырса, ол өңірлердің тілдік ахуалы, мемлекеттік тілді білуі оң жаққа өзгере алады.
 
- Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан Дінмұхамед Аязбеков 

Дереккөзі: http://www.mtdi.kz

0 пікір