Сенбі, 23 Қараша 2024
Қорған 9547 0 пікір 8 Қыркүйек, 2014 сағат 09:48

«ӘР ҚАЗАҚ МЕНІҢ – ЖАЛҒЫЗЫМ», БІРАҚ БАР ҚАЗАҚ ДОСЫМ ЕМЕС

Әйгілі орыс тарихшысы Карамзин бір сапарында Парижден саяси баспана тапқан эмигрант бауырларының ортасында болып қалады. Сонда Францияға жер ауған қасқа-жайсаңдардың қауымы: «Ресейде қалай?» – деп сұрайды. Карамзин жауабын қысқа қайырады: «Бәз-баяғысынша. Ұрлап жатыр».

Ал, тап сол кезде «ұлы орыс» халқы туралы ұрандар асқақтап, аспан астын дүбірге бөлеп тұрған еді. Орыс әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы мен соғыс техникасы да сол заманның ұранына сай ұлылығын танытып, кеудесін керіп келе жатты. Иә, Ресей империяға айналды. Георгий бауын  омырауына төрткүлдеп байлап,  кеудесіне төсбелгісін қадаған әскери адамдар Ресейдің самұрықбасты туын желкілдетіп Қапқаз таулары мен Орта Азияны, Сібір мен Ұлы даланы кезіп кетті. Орыстың киім-киісі мен жүріс-тұрысы, шаш қойысы, орыс маржасының еркелігі, оны айтасыз, тіпті орыс еркегінің  дәретін тұрған бойында сындыратынына дейін «түземдіктер» үшін тәртіп пен тәрбиенің тіні болып табылған кезде Еуропа бәрібір оны қабылдай алмады.  Қабылдау былай қалыпты, кәрі құрылық Наполеннің тілімен: «Орыстың мәйітін қазсаң татар шығады», – деп Мәскеудің негізгі тұрғындарына  күмән келтіріп отырды.  Ал, бұл шамада Карамзиннің отандастары жұмақ санаған Парижде Бальзактың бір кейіпкері: «Егер бар ғой, тақсыр, барлық жерде жұрт сізден үлгі алатын болса, Франция ұлы елге айналып, Еуропаны керек  қылмас еді, шіркін!..», – дейді қиялданып. Демек, еңсесін тік ұстап, тәкаппар көрінетін Еуропаның  Бальзак заманында да етегі түріліп, ебі қашып тұрған екен ғой.
Мұндай мысалдар көп, әрине. Еуропаның отарлаушы мемлекеттерінің бодан жұрты болған кезінде қытай адамы өзін әлемдегі ең қор, ең бейшара, ең дәрменсіз адам санаған. Өткен жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында Оңтүстік Корея жеріне барғандар «дүниедегі соңғы жатыпішер жалқау халық, еңбек етуді білмейтін тоғышар ел – корейлер» деп байлам жасаған. Біз туралы да осы сөз. Осы байлам. «Қазақ жалқау, дарақы», «Қазақтар малдың соңынан көшіп-қонып жүруді ғана біледі», «Қала салмаған, тұрақтап бір жерді қоныс қылмаған», «Жабайы, өнер-білімнен жұрдай, қараңғы халық», т.б. Осылайша кете береді. Рас, ХVII-ХIХ ғасырдағы қазақтарды көріп мәрттігіне, мырзалығына, дарқандығына тәнті болғандар да, дәстүрі мен салтына бас игендер де бар. Бірақ соның бәрі түпкі нәтижесінде қазақ атты халықтың  болмысы мен табиғатын нақтылап бере ала ма? Сондай-ақ, француз бен орыс, қытай мен кәріс жоғарыда біз баян еткендей ме, немесе соның ар жақ-бер жағында жүр ме әлі? Бұл сұрақтарға тұшымды жауап беру үшін француз не орыс, қытай не кәріс болып өмір сүру керек. Сұрақты өзімізге қарай бұрсақ, бүгінгі қазақ кешегі сыпатынан өзгеріп, соны келбет иеленіп үлгерді ме?
Сонымен, бүгінгі қазақ қандай? Құдай ақы, білмеймін. Біз жайында ертеңгі уақыт бірдеңе демесе, менің білерім аз.
Менің білетінім: ел ішіндегі ағайын-туыстың мінез-құлқы, тұрмыс-жайы, қора-қопсысы, бала-шағасы, әжік-гүжік әңгімесі, қынжылысы мен қыжалаты, қуанышы мен сүйініші, мақтаны мен мазағы. 
... Өткенде қырдағы елге барып Құрманәлі деген ағамды жолықтырдым. Құрекең жанары ұшқын шашып, жүзіне әнтек күлкі үйіріп жүретін көңілді адам. Ішіне ептеп отты су түссе, осы келбеті барынша нұрланып жер-көкке сыймай кетер-ді. Мырза. Жомарт. Мырзалығы мен жомарттығында қиыр жоқ. «Осыны берсем, осылай сыйлап жіберсем, пайдасын былай көремін» деген   мәселе бұ кісінің миына кіріп шықпайды. Аңқылдақ. Жеңгеміз де ағамызға сай. Құрекең біреуге көгендегі қозысын өңгертіп жіберіп, біреудің жетегіне тапырақтатып тайын байлап берсе де қыңқ демейді. Ағамыздың мырзалығына орай жеңгеміздің айтары: «Әйтеуір, ер адам өзі біледі ғой, кімге не берсе де...»  Ұқсамасаң – тумағыр, Құрманәлінің ұлдары да солай. Әлдекім әлденеге қыжалат болып тұрса, Құрманәлінің ұлдары елп етіп: «Ағай, сізге керек сол зат біздің үйде бар, әкеліп берейін бе?» – деп ұша жөнеледі.
Тоқсаныншы жылдар. Құрсағымыз құрдың бөтегесіндей студент болған соң ішегіміздің «ішек-сілесі» қатып жүретін кез. Жалаң қағып Талдықорған қаласының маңына көшіп келген Құрекемнің үйіне іңір үйіріле жетіп бардым. Жеңгем барын дастарханына төкті. Іштік, жедік. Әбден мелдектедік. Қайтарда жеңгем бала-шағасының аузынан жырып тұрып жарты қап ұнын қоярда қоймай арқама салды. Ағам шабдар құнанына міне шауып, өрістен қоңыр кепесін  әкелді де, жарты қап ұнмен қоса теңдеп аттандырды. «Берген мырза емес, алған мырза» демекші, мен де өзімше ризашылығымды еселеп қайтармаққа уәде етіп: «Ұлдар оқимын десе маған жіберіңдер, бірдеңе етіп жол нұсқармыз» деп кеттім. Жоқ, Құрекемнің ұлдары орта мектептен кейін оқуға бас қатырмады, есесіне: бірі электрик, бірі сварщик, бірі сантехник болып, әсіресе, қазекемнің тұрмысына қат кәсіп атаулыны игеріп шыға келді. Шетінен табыскер. Бірақ, мына қулық сауған заман: адамдардың есеп-қисапқа жүйріктігі, пайдакүнемдік, байлыққа деген бас-көзсіз ғашықтық менің інілерімді өзгерте қоймапты. Кім еңбегін қаншаға бағалап берсе, соны қанағат тұтып, күліп жүре береді екен. «Өй, былай, елдің қулары сияқты өкіртіп тұрып сұрамайсыңдар ма?» – десем, үлкен-кішісі бірдей: «Тәуба, жетеді, жұмыс көп, өзіңді ғана емес, өзгені де ойлап қою керек қой», – дейді.
Сөз басында ел жаққа барып, Құрманәлі ағама жолыққанымды айттым. Құрекем етінен арылып, сәл шау тартыпты. Жеңгеміз де дастархан басында аяқ-қолының сырқырайтынын, басының әредік зеңіп, көзінің қарауытатынын сөз қылып отырды. Құрағам мал дәрігері, одан өсіп есепші болған кезінде алыс-жақынға көп көмектесіп еді. Соларды сұрап, әңгіме бастап едім: «Е-е, олар қазір жақсы болып кетті ғой. Не ішеміз, не жейміз демейді. Асып-тасып, төгіліп-шашылып отыр. Шүкір, ризамыз», – деді екеуі бірдей. Әйтсе де әлгі асып-төгілген ағайын Құрекемнің шаңырағына бас сұғуды ұмыт қалдырған сияқты. Оны мен үнсіз ұқтым. Сыртқа шықтық. Құрағамның бағы үлкен екен, мәуелеп тұр. Ұлдары үйдің шатырын жаңалап, ауласын гүлдендіріп тастапты. «Інім, Құдай ниетімізді тарылтпасын, пейілімізді алмасын. Адам ниеті мен пейілінен айрылған күні адамдығынан қалады. Осылай, жаман ағаңды ұмытпай, соғып тұр, керегіңді қысылмай сұра, қызылсырап жүрген боларсыңдар, қайтар жолыңа бір ісек сойып беремін. Ал, ұялма. Бізде бәрі бар, бәрі табылады», – дей берді қайран ағам.
Міне, осындай бір қазақ бар. Құдайға шүкір, ол қазақ және Құрманәлімен шектелмейді. «Экономиканың тұрақтылығы, – дейді әлеуметтанушылар, – қоғамда орта тап өкілдерінің көп болуына байланысты». Бұны не қилы заманды басынан өткеріп, бүгінгі заманауи даму жолына түскен Батыс елдерінің ғалымдары айтады. Тәжірибеде сыналып, нәтижесін көрсеткен тұжырым шығар. Сондықтан да оны жөн делік. Бірақ біз орта тап өкілдері экономиканың тұрақытылығына қаншалықты кепілдік ететінін білмейміз, өйткені «көпұлтты» қазақстандық қоғам шіріген байлар мен тұрмыс-жайы шектен шыққан кедейлерден тұрады. Орта тап болса да өте аз. Демек, біз қазіргі жағдайымызда әлеуметтік ахуалымызды айғақтайтын статистикалық мәліметтерден бұрын дархан пейілі мен жомарт болмысын жоғалтпаған замандастарымыз туралы көбірек ойланып, соларды құрметтеуіміз керек. Себебі, қоғамдық қатынастардың алмасуларында қазақты қазақ қалпында сақтап қалған осы мінезі: кеңдігі, бауырмалдығы, қайырымдылығы, бір-бірін сағынып, елжіреп жақсы көретіндігі, кешірімшілдігі, ірілігі. Қазақтың осы мінезі – ұлттық иммунитеті, рухани қорғаныс қабілеті. Қазақ ұлы далада қалыптасқан осынау болмысынан айрылмауы керек. Самурайлардың, сегундардың рухын ғылым мен техникаға әкеліп салған жапондар сияқты біз де қазақтың дархан табиғатын танып, зерттеп, зерделеп мемлекеттік идеологияның негізіне ұластыруымыз керек.
Әйтсе де өз басым қазақылықты Құрманәлімен шектемеймін. Енді сіздерге Елтай есімді аға-досым жайлы әңгімелейін.
Сол тоқсаныншы жылдардың тоңы қатқан уақыт. Ел-жұрт қолындағы барынан айрылып, топырақ жалап қалған. Ұсақ-түйек мал түгілі, мүйізді ірі-қараның өзі қара бақырлық құны кем дүниеге айырбасқа кетіп таусылған. Қапалдан Елтайды көрдім. Сөзі мірдің оғындай, айтқыш, тілді жігіт еді, жалыны қайтапты: «Дәурен, қарын тойдырып, қатын-баланы асырау үшін баяғының қулары сияқты қырық-елу ертегіні жаттап алып, ел аралап кетемін-ау осы?» – деп мені біраз күлдіріп алды.  Елтай – жоқтықты көріп өскен адам. Әкелерінің шаруаға қыры болмады ма, әлде, балалы-шағалы қара табан, күс білек еңбекшінің тапқан-таянғаны ішім-жемнен артылмады ма, Елтайдың іні-қарындастары жаутаңкөз болып өсті. Намыстысы, өрті, өжеті Елтай еді.  Елекең тоқсаныншы жылдардың тоқырауында ертегі жаттап отырмады, ертегіден де әрмен қиял-ғажайыптарға толы өкіметтің әңгімесіне де құлақ асқан жоқ, дүние-мүлкін тұтас сатты да, соңына ергендерді шұбыртып Алматыға келді. Математика-физика пәнінің мұғалімі деген дипломын сандықтың түбіне атып ұрып, саудаға кірісті. Арба сүйретті. Делдал болды. Түнгі күзетке тұрды. Өзі айтпақшы, «Алматыда есек жоқ екен, есек болмағандықтан байшыкештердің машинасын жуып та ақша таптым». Алысқанмен алысты, жұлысқанмен жұлысты. Рэкетпіз деп келгендердің аузы-мұрынын тас-талқан етіп қайтарып «жалғыз бөрі» атанды. Ақыры діттеген мақсатына жетті. Баспана алды. Балаларын жақсы оқытты. Іні-қарындастарын үйлі-баранды етті.
Елекеңнің шаңырағына бір барғанымда ол бауырларына жиналыс ашып отыр екен. Жиналыстарынан ұққаным: бұлар ортаға тапқан-таянғандарын құяды да бір істі қолға алады. Ол іске біреуі бастамашы болады. Әгәрәки, әлгі іс оң нәтиже бермесе, ұсыныс жасағаны айыпталады екен де жатпай-тұрмай «инвесторлардың» игілікке салған ақшасын қайтарып барып «ух» дейтін көрінеді. «Бізде заң қатал», – деп қояды Елекең. Елекең бұрында күйдіріп сөйлейтін, сол сөзшеңдігі енді өзгені мазақтап күлетін ащы мысқылға ұласыпты. Сірә, тұрмыс, дәулет көңіліне ептеп жел бітіріп жүрсе керек. Бірақ ол айналасындағы жұрттың тоғышарлығын, жан қинамай пайда тауып, байлыққа кенелуді ойлайтын жалқаулығын шеней отырып күлдіргі әңгімелер айтады екен. Керек десеңіз, кейбіреулердің надандығын бетіне басып, боқтап та жібереді. Сонысына қарап ауылдастар: «Елтай өзгеріпті, – деседі, – кісі танудан қалыпты. Өзінше болып кетіпті».
Рас, Елтай өзгерген. Қатардан қалмау үшін, жарлы-жақыбайдың күйін кешіп жүрмес үшін, іні-қарындасы мен бала-шағасын өзгеден кем етпеу үшін ол жан аямай жұмыс істеді, күнкөрістің көзін тапты, істің жөнін білетін әркіммен жалғасты. Есеп-қисапқа жүйрік. «Елтай мектепте оқитын баласына да ақшаны  қарызға береді», – дейді білетіндер. «Неге қарызға бермеймін? – дейді Елтай. – Оның қарызы – үздік оқып, есейгенде мықты азамат болу. Мен соны балаларыма күнде ұқтырып отырамын. Әкесінің дәулетті қандай еңбекпен жиғанын көріп, біліп өскен бала жаман болмайды».
Елтай жуырда ауылға барып қуатты диірмен тұрғызып берді. Қирап қалған ауылсоветтің кеңсесін жаңалап, тойхана жасады. Электр энергиясының балама көздерін іздеп қазір ол қырда жүр. Түпкі ойы – ауылдың ыдырап кеткен шаруа қожалықтарын біріктіріп, акционерлік қоғам құру. Сөйтіп мырғамға батып жатпақ. «Әй, қу-ай», – деседі жұрт.
«Әй, қу-ай»... Сөздің турасына көшсек, бүгінгі қазақ қоғамына Елтай сияқты «қулар» керек. Бұл «қулықтың» аржағында қазақтың еңбекқорлығы, жоқтан бар жасай қоятын іскерлігі, қиындыққа төзімділігі, қиыстырып жол тапқыштығы жатыр. Сондықтан біздің өкімет өзгені жарылқап, өзгеге телмірмей өзіміздің елтайлардың тірлігіне ес қатуы керек.
Қулық дегеннен шығады. Оның аты қулық емес, сұмдық болар, сірә...
Елқайыр мен Әнипа шешей қырық-елу жыл сәбет өкіметінің малын бақты. Бес қыз, бір ұл өсірді. Қыздар бойжеткен соң өрісін тауып кете барды. Жалғыз ұл аяқтанбай көп жүріп қалған. Ақыры бір күні шаңырақ көтерді. Шал-кемпір қуанды. Барын шашып, алыс-жақынды қуаныштарын бөлісуге шақырып, той жасады. Сосын баласы мен келінін отырғызып қойып Елқайыр ақсақал жөнін айтты: «Балаларым, мынау жер мен қора-қопсының, дүние-мүліктің ендігі иесі сендерсіңдер. Ұқсатып ұстасаңдар бәрі жетеді. Тек береке-бірлікте болыңдар».
Келін мен бала шалдан қалған қыстауға барып отырды. Үш жүз гектар жер, төрт-бес жүзге тарта ұсақ мал мен ірі-қара, даңғараған үлкен қора, үй – түгелімен екеуінің иелігінде. Күндер өте берді. Иншалла: келіннің қолы ұсынақты, бала шаруаға мығым. Солай еді... Бірде келін қыңқылдай бастады: «Атам жер мен қора-жайын о дүниеге өзімен бірге әкетпек пе? Біздің атымызға неге жазып бермейді?». Мұны естіп шал қуанды: «Ай, айналайындар, ала қойыңдар». Содан келіннің аудан орталығына шалды сүйреп шапқылауы басталды да, іс тынды. Қағаз құжатталып, қатталды. Қағаз құжатталған күннің ертеңінде-ақ келіннің түсі бұзылды. Ауырады екен. Қан қысымы жоғары екен. Құрсақ көтере алмай жүргенінің себебі де сол көп науқасынан екен. Ауруханаға жатуы керек. Емделуі керек. «Үйбай, жарығым, емделе ғой», – дейді шал-кемпір емпеңдеп. Келін сол кеткеннен мол кетіп, екі айдан соң шалдың қыстауына бейтаныс адамдар сау ете түсті. Барады да Елқайырдың ұлына: «Қайқай!» – деді. «Қайда қайқаямын?» «Қайда қайқайсаң онда қайқай,  жер мен қора-жайдың ендігі қожайыны бізбіз». Сөйтсе, мүкәмал-мүлікті өз атына аударып алған сұрқия келін екі етегін түріп, қалаға қашып барады да баяғы ашыналарын тауып, қыстауды, жер мен малды тігерге  тұяғын қалдырмай сатып жіберіпті.
Бұл оқиға осыдан бірер жыл бұрын мен білетін қырдағы ауылдың шаңын аспанға шығарды. Мәселеге жанашыр ағайын араласқан. Бірақ, әділдік байқұс әлімжеттік жасағанадардың жетегінде кетіп, шал-кемпір зарлап қалды. Қағынған қатынның күйігіне шыдамаған жігіт араққа салынып, ұрлыққа араласып, істі болды. Қазір ол абақтыда. Кейін білдік, Елқайырдың келіні қора-қопсыны жайлауға бір өзі кіріспепті, олар ұйымдасқан топ екен. Ұйымдасқан топтың ұйғарымы бойынша, әлгі алаяқ ұрғашы  байға тиеді екен де, алдап-сулап, барған жерінің дүниесін басып қалады екен. Тап сол кезде бірі заңгер, бірі адвокат, бірі сот болып заңды қызмет атқаратын топ іске кіріседі екен. Іскер кіріседі екен де, қорғансыз, дәрменсіз, аңқау елдің адымын аштырмай барын тонап алады екен. Көлденең біреудің ала жібін аттамайтын, ары мен ожданын дүние боқтан биік қоятын алаш жұртының іші бүгін міне, осылайша бүлінуде. Ал, мұндай бүлінудің бүтін жарасы анау жақта, жоғарының  жонарқасында жатыр...
Осыдан бірер жыл бұрын «Германияның дүниежүзілік мұнай өнімдерінің табысын кестеге түсіріп отыратын статистикалық есептеу орталығы: Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі шетке сатылған тек қана мұнай өнімдерінен түсірген пайдасына, онда өмір сүретін он алты миллион адамды қырық екі жыл бойы күніне  төрт сағат қана жұмыс істетіп, емін-еркін асырауға болады –  деген мәлімет жариялады» (Тұрсын Жұртбай. «Мәңгі ел ұстыны – біртұтас Алаш идеясы». Abai.kz). Көрдіңіз бе, есеп-қисаптың қылын қисайтпайтын алмандардың дерегіне сүйенсек, бізге қырық жыл бойы төрт сағат қана жұмыс істеп, емін-еркін өмір сүруге болады екен. Ал сол қырық жылға азық болар байлықты біз ширек ғасырға жеткізбей жиыппыз. Не деген кереметпіз! Бірақ, алдағы қырық жылдың қырманын қыздыратын байлықтың қызығын қырық күн көру бүгінгі қасқа қазақтың маңдайына жазылмай тұр. Ұрлық, қарлық. Тонау. Пәле-жала. Қайткенде қазақты мұқату, қазақты кемсіту. 
Танымадық,
Жарымадық,
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі (Абай). Сонда, пәле салып, аңдып, аямастай жанын жаралап жүрген кім қазақтың?! Қазақтың тоғышар билігі. Қазақты өзге жұрттан қор санайтын биліктің түсінігі. Орыстан жұққан мінезі. Жүсіпбек Аймаутов «Абай» журналында былай депті: «Көршіміз орысты алайық. Бұлардың қара халқы надан болды. Оқығаны ұлт қамын ойлаған жоқ, қызыққа, шенге, дәрежеге салынып, бас пайдасынан өзгені ескерген жоқ. Шенеунігі өзі қожа, өзі төре болып, қара халықты менсінбеді, жан есебінде көрмеді. Кешегі ояздар, жандаралдар, генерал-губернаторлар өз алдына кішкене патша еді. Олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болды, асуға, атуға әмірі жүрді. Қара халқы мен оқығанының арасында жақындық болмады, бірін-бірі жек көрді. Ақсүйек, дворяндар қара халықпен сүйкесуді бойына қорлық, намыс көрді. Екінші жағынан орыс – патшасын құдайдан жаман әспеттеп, көкке көтерді. Именді, қорықты, патшадан күшті әмір иесі бар деп ойлаған жоқ. Патшаны шырғалаған өңкей ақсүйек, шенеуніктер патшаны қара халықтан алыстатпаса, жақындатуға себепші болған жоқ. Қара халық қорлықта, қысымшылдықта жүріп жатты...» (Ж. Аймауытов. «Ұлтты сүю», «Абай» журналы. 2 қазан 1918 жыл)
Саяси элита мен буржуазия өз ұлтын сүймейтін һәм ынсыпсыз болған соң бұқараның ішіндегі ашу-ыза жаман қылықтармен көріне бастайды. Ел ішінде қу мен сұм көбейеді. Оны бәріміз көріп жүрміз. Білеміз. Қынжыламыз. Қасқырша ұлып, қан жылаймыз. Алайда, амал кем. Иә, Сабыр ақынның толғауына салсақ, «әр қазақ менің – жалғызым», бірақ... «бар қазақ менің досым емес». Тілін менсінбейтін, тегін танымайтын, дәстүр-салтын құрметтемейтін, аяр, екіжүзді қазақты мен қалай дос көрмекпін. Хакім ата, кешір. Біздің бүгінгі хәл әзірге осы боп тұр. Әйтсе де үмітсіз емеспіз. Қазақтың жақсысы көбейіп, ізгі ниеттісінің аты озатын заман туады әлі. Ол үшін заманды (қоғамды, билікті, жүйені) өзіміз қолға алуымыз керек. «Заманға жаман күйлемек, заманы оны илемектің» керімен кері тартпай, қазақты бері тартатын уақыт келді. Осыны бек ұқсақ, қазақтың көші түзеліп, қазақ туралы ойлар да кемелдене түсер еді.

"Парасат" журналының 2014 жылдың шілдесіндегі санынан алынды

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413