Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Қоғам 6255 0 пікір 5 Қыркүйек, 2014 сағат 15:49

ТҮРЛІ-ТҮРЛІ САЙТ КӨРДІК, САПАСЫ ЖОҚ

 Бүгінде кешегіден мысал келтірсең, кеңестік кезеңді аңсаған адам болып шыға келетінің анық. Бірақ өз иделогиясын баспасөз арқылы жүргізуде кеңестік жүйесінің мықтылығын мойындамасқа лажжоқ. Ол тұста басылымға жазылмайтын отбасы жоқтың қасы еді. Әр шаңыраққа кемінде 5 газет, 2 журнал тұрақты барып тұратын. .

Қазір заман басқа, заң басқа. Баспасөзбен қатар электронды ақпарат құралдары дамып келеді. Жаңалықты жатсынбайтындар жағы газет парақтағаннан гөрі компьютердің түймесін баса қойып, барлық ақпаратты алатын осы электронды жүйені тәуір көреді. Бірқатар басылымдар толықтай электронды нұсқаға көшіп алды. Мемлекет те ақпараттық саясатты жүргізу үшін жаңа жүйені барынша қолдау танытып жатыр. Бірақ сайттың бәрі сапалы деп тағы айта алмайсыз.

                                     КЕСІЛГЕН ҚҰЛАҚ КІМДІКІ?

Егер ерінбей түгендеп шықсаңыз сайттардағы орыс тіліндегі жаңалықтар сәт сайын жаңарып, жер әлемнің жаңалығын түгендеп отыратындығына көзіңіз жетеді. Қырсық қылғанда, мемлекеттік тілдегі ақпараттар жағы ақсап жатыр. Көбінікі аударма. Оның өзі сапалы болса жөн ғой. Мысалы, мақтаулы «Нұр. КЗ» сайты жақында Алматы қаласында бір отбасын пышақтап кеткендер жайлы ақпарат жариялады. Түн ішінде пәтерге терезе арқылы кірген топтың қылмысын термелеген тілші былай дейді.

 ... Бәрінің соңын ала, таяуда ғана шетелден оқуын тәмамдап келген үйдің үлкен қызының қандықол қарақшылар құлағын кесіп тастаған.  (Нұр. КЗ сайты, 27.08.14.ж) 

 Қайталай оқып әрең түсінетін бұл сөйлем енді таза орыс тіліндегі ақпаратты қазақшаға көшіре салғанның кесірі. «Самарқанда бір апам бардың» керін келтірген тілші тағы былайша «көсіледі»..

"Қазіргі таңда криминалдық полиция жедел тергеу тобы құрылып, бірер минут бұрын анықталғандай, шабуылшылардың аты-жөні белгілі", - деді Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек. (Бұл да сол ақпараттан).

Осының бәрі айналып келгенде «әй, қазаққа осы да жарайды...» деген пиғылдан туып отырған олқылық. Көп сайттарда қазақ тілінде жазатын тілші жоқ, ал орысшадан аудара салғанды оңай көретін тиынның татын жалаған иелері іргелі мемлекеттің  тілін ит тартқан терідей қылып, қорлап отыр.

Мынау да сол «Нұр.Кз»-тің қойыртпағы:

 Мен ортасында келе жатқанмын, бірдеңесі дүрілдеді эскалатордың. Майраға қарасам, ол қозғалып тұр. Оған қарасам, өзім құлап жатырмын. Алдыға келе жатқан эскалатор қайтадан  келе жатыр, сынған ба, білмеймін .  

     Астана вокзалында эскалатордан жарақат алған әйел жайлы мақала авторы осылай жұмбақтайды.

Қазақты, қазақтілді оқырманды аудармамен алдап отырған Bnews.kz деген тағы бір портал бар. Сайттың негізгі бетінде «Егер қате тапсаңыз, Ctrl+Enter басыңыз» деген ескерту де тұрады. Қате көріп қалсақ, әріптестік көңілмен ескерту жасаған боламыз. Бірақ оны құлаққа іліп жатқан жоқ. Бейнебір олар ұғымсыз оқушы, сен мылжың мұғалім секілдісің. 

Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысы жайлы  осы сайт «Сақалы шыққан» құрылыс нысандарын тезірек аяқтауымыз қажет» деген материал берді. Осыған дейін «сақалды құрылыс» дегенді естіп едік, бірақ «сақалы шығып» тұрғанды құлағымыз шалғаны осы. Бара-бара не боларын кім білсін?!

 

МҰРЫН ҚАЛАЙ КЕРІЛЕДІ?

 

«Жүре берсең, көре бересің» деген бар. «Айқаракөз.КЗ» -тегі тақырыпты көрсең, Bnews.kz-пен жылап көрісесің. Осы жылдың 9 маусымында осы сайтта «Боянған әйел мұрнын кере жүреді» деген тақырыпта сұхбат жарияланыпты. Республикаға тарайтын 7 арнаның визажисі Айгүл Ибрагимовадан сұхбат алған белгісіз тілшінің (сұхбат соңында аты-жөні көрсетілмеген) сұрағының кескіні мынадай:

       – Сіз қазір 7 арнада визажист боп қызмет атқарасыз. Әу бастан осы саланы көздеген ба (!) едіңіз?

      Бұл сауалға қайтарылған жауап та нағыз «Апама жездем сайдың» кері болған да шыққан. Визажист ханым:

    - Мен әу баста шаштараз едім. Шаш қиюды 11 жаста бастадым деп айта алмаймын, бірақ, осы жасымда алғаш рет шаш қиғанмын. Інімді түрсишең далаға отырғызып қойып, шашын алғанымнан басталған. Үйде дәу қара қайшы болатын,  мен сонымен шаш қиятынмын. Солай-солай үйдегі анамның, әкемнің, інілерімнің бастарын «жаңартып» (!) тұратын болдым,- деп балдыр-батпақ бірдеңені айтқан да шыққан. Сізді қайдам, өзім ештеңе түсіне қойғаным жоқ. Сірә, «Боянған әйел мұрнын кере жүреді» деген «керемет» тақырыпты осы сұхбат беруші қойған болуы керек.

     Қазақ үлкен тұрмақ баланың өзіне «Босағаны керме!, Дастарханда керілме!» деп, тыйым салып отырған. Ал енді ересек адамның, оның үстіне әйелдің   керілуі оншалықты жақсы әдет емес. Ал мұрнын керу дегеніңіз... осы уақытқа дейін естімеген һәм көрмеген пәлеміз.

      Тізе берсең, мұндай мысалдар көп. Көдедей көп электронды БАҚ-тан нешетүрлі сұмдықты көріп, аза бойың қаза болады.    

      Бірақ ауызды қу шөппен сүрте берген де жөн болмас. Қазір қазақтілділер  арасында «Абай. кз», «Ұлт.кз», «Қамшы.кз», «Жақсы. кз», «Сайгез.кз» секілді порталдардың аты озып тұр. Жақында ғана жарық көре бастаған «Myproffession.kz» сайты күллі Қазақстанның табиғатын мөлдіретіп көз алдыңызға әкеледі. Жарнама жасады демеңіз, ойлы дүние іздесеңіз – осы сайттарды бір шарлап шығыңыз. Басқалармен салыстырып көріңіз. Бірақ аты бар да, заты жоқ электронды БАҚ-тардағы былықты көріп, «Түрлі-түрлі сайт көрдік, сапасы жоқ» деп, түңілмесеңіз болғаны.

Мұрат АҚЫНҰЛЫ,

Қызылорда.

Abai.kz

0 пікір