БАҚ басынан тайған бақ
Қазір «көркем әдебиет кейінге ысырылып, жедел де жауынгер жанр – публицистика алдыңғы лекке шықты» дейтін пікір басым. «Ақын-жазушыларда баяғыдай бедел қалмай барады, бүгінгінің қаһармандары – журналистер ғой, шіркін!» деген секілді лепірген лебіздерді де естіп қаламыз. Қайдам, бір жағынан, рас та шығар. Бірақ сол «қоғамның алдыңғы легіне шығып», абыройы асқақтап тұрған БАҚ қайда?
Сөзде – сый, қаламда – қадір қалмады
Меніңше, керісінше, БАҚ-тың басынан да бақ тайып, қадірі қашып бара жатқан сияқты. Баспасөз өзінің пәрменінен айырылып, дәрменсіз күйге түскендей. Журналистің айтып-жазғанының бәрі далаға кетсе, билік басында оған құлақ қойып, көңіл бөлген, соған орай шара ойластырған ешкім болмаса, қадіріңнің қашқаны емей, немене? «Анадай салада мынадай былық бар!» деп айғай салып жазады журналист. Тиісті орындардан былқ еткен пенде болсайшы. «Пәлен мақсатқа бөлінген түген сома түп-түгел талан-таражға түсті, бұл не деген сұмдық?!» деп газет дабыл қағады. Мойын бұрмақ түгілі, жапанда жалғыз келе жатқан жолаушының «біреу бірдеме деп дауыстағандай болды ма осы?» деп елегізгеніндей де елең етіп, жан-жағына қараған жан көрмейсіз. Күйіп тұрған әлеуметтік мәселелер, қадам басқан сайын кездесетін әділетсіздіктер, әлдінің әлсізді көпе-көрнеу тонауы, таптауы – талай сұмдық айтылып-жазылып жатыр, нәтиже қайда?
Бұлардың өзі жауапсыз қалып жатқан соң, әлгі «Ауыл тозып, ұрпақ азып барады, мәдениетте – мән, өнерде – өре қалмады» деген сияқты «кәкір-шүкірлер» – күңіреніп айтып, күрсініп тарқасатын тек өз арамыздағы ғана уайым-зарға айналғаны қашан.
Есіңізге түсіріңіз, 80-жылдардағы адуынды «Ара» журналының ащы фельетондары талай лауазымды шенеунікті жұмсақ орындығынан жұлып алып, лақтырып тастаған, кейбірінің үстінен іс қозғатып, жазасын берген жоқ па еді? Небір жебірлердің жегенін желкесінен шығарған-ды. Рас, күндердің күні сол журнал абайламай компартияның өз жуан ортасындағы обырларға ауыз салып еді, «Араның» өзіне арашашы табылуы мұң болды. Дегенмен, мойындайық, жалпы алғанда кеңес өкіметі газет-журналдарды өз идеологиясының басты қаруы ретінде сәтті пайдалана білді. БАҚ-тың қоғамда, қалың бұқара арасында пәрменді болуы партия үшін аса қажет еді. Журналист іссапармен қайда барса да, оны жұрт құрметпен қарсы алды, оның алдында бәрі қол қусырып тұрды. Оның көзінше аймақтың, ауданның, кәсіпорынның, шаруашылықтың, мекеменің абыройына дақ түсірерлік ештеме көрсетпеуге тырысты. Бәлкім, өз бастары үшін ғана қорыққан шығар, бірақ, түптеп келгенде, СӨЗДІҢ алдында тайсақтады, ҚАЛАМҒА құрметпен қарауға мәжбүр болды.
Қазіргі Қазақстанда да, басқаша аталғанымен, сондай әлеуетті партия бар, үкімет бар. Олар да талай жылдан бері қазақ баспасөзін өз мүддесі үшін барынша тиімді пайдаланып келеді. Бірақ әлгіндей пәрмен, салмақ, күш беруді аса қажет деп санамайтын секілді. Өз мүдделері үшін болса да, сөздің сыйын, қаламның қадірін сақтаған жөн еді. Әлде абырой-беделді өзіміз дұрыстап қалыптастыра алмай жүрміз бе? Қалай болғанда да, ұлттық БАҚ-ты тек өз тапсырмасын бұлжытпай орындаушы қолбала ретінде ғана көретін биліктің оған сол өзіне бірдеңе қажет болған кезде барып назар аударатыны шындық. Ол өзінің (демек, мемлекеттің) саясатын халыққа жеткізіп, адал насихаттап отырған идеологиялық құралды (яғни, қазақ баспасөзін) тым болмаса, сол адалдығы үшін сыйлай білмеген жерде, оның ақпараттық-мәдени кеңістікте жетекші орынға шығуын қамтамасыз етуге ұмтылмаған жерде «ол, яғни, билік қазақ тіліндегі БАҚ-тың дамып кетуіне аса мүдделі емес-ау» деген күмән туатыны хақ.
Біле білсе, ұлттық БАҚ-тың нағыз қазақ мемлекеттілігін орнату үшін қажет компоненттердің бәрін өткен ғасырдың 90-жылдарынан бермен қарай тізіп көрсетіп, қайта-қайта құлаққағыс етіп келе жатқаны – билік үшін дайын компас емес пе еді? Ол өз бағытына сол бағдардың бәрін болмаса да, біразын үйлестіре алғанда, Қазақстан бүгінгіден әлдеқайда алда тұрар еді-ау...
Селт еткізер серкесөз сирек
Жарайды, мұның бәрі қазақ баспасөзінің тоқтаған судай тобарсып бара жатуына әсер етуші сыртқы факторлар дейік. Бізді етектен тартып келе жатқан кәсіби кемшіліктеріміз де бар шығар?
Біріншіден, кадрдың қадірі өтіп тұр дер едім. Бұрын бүкіл елге жалғыз журфак болса, кейін әр қаланың университеттерінде журналистика бөлімдері ашылды. Сонда да маманға қарық боп жатқан БАҚ байқалмайды. Мұның себебі – кадр дайындаудағы берекесіздіктен, жүйесіздіктен, жауапсыздықтан. Редакцияларға өндірістік тәжірибеден өтуге келген болашақ журналистің сөйлемді дұрыс құрай алғаны үшін ғана құшақтап, бетінен сүйгің келеді. Себебі, көпшілігі бойына ондай «талантты» да жұқтырмастан «таза» жүр. Жазуымен бірден жарқ етіп көзге түсіп, жұмысқа кіріскен бетте-ақ қамшы салдырмай кететін қабілеттілері некен-саяқ. Көпшілігіне ақпарат пен мақаланың, сұхбат пен репортаждың жанрлық ерекшеліктерін, қалай бастап, қай сипатта жазуды емес, сауатты сөз саптаудың өзін үйрету керек. Мұндай жағдайда оларға әлдебір жауапты жұмысты сеніп тапсырудың өзі ұят. Бәрібір бастан-аяқ өзің жөндеп, қайта жазып шығуыңа тура келеді.
Екіншіден, журналистердің көпшілігінде өзіндік ұстаным, азаматтық позиция қалмай барады. БАҚ атаулы бірсыдырғы, бірқалыпты, іш пыстырарлық сипат алып кетті. Серпілтер, селт еткізер серкесөз сирек. Басылымдарды мүлде қарамай қойсаңыз да, өкінбейтін апталар кездесіп қалады. Бәрі корпоративтік көзқараспен өлшенеді, ұлттық емес – ұжымдық, ар-намыстық емес – арналық амбиция жоғары тұрады. Телекеңістігімізді ой емес, ойын-сауық жаулап алғаны қашан. Журналистер әбден ұсақталып бітті (жоғарыдағы кадр дайындаудың сиқын ойлаңыз), өзіндік үні, көзқарасы барлары дауыл алдындағы екені, әлде дәрменсіздіктің дәлелі екені белгісіз үнсіздікті таңдады, ал жақ жаппай жарапазан айтушылардың қоғамдық ой-пікірге қосары шамалы боп тұр.
Газет көбейгенімен, неге мықты журналистер, талантты публицистер аз шығып жатыр? Әлде қазір жалаң ақпарат пен жадағай сенсацияның ғана заманы туып, салиқалы талдау мен салмақты ой кейінге ысырылып бара ма? Осының бәрі ойландырады. Және қазақ баспасөзінің бақытты дәурен кешіп жатпағанын аңғартады. Бұған ақпараттық тәуелділігімізді қосыңыз. Әлемде болып жатқан оқиғаларды негізінен Ресей ақпарат көздерінен алып отырғанымыз рас қой. Қазақ газеттерінің ең болмаса ТМД елдерінде тілші ұстауға мүмкіндігі жоқ. Бірнеше тіл білетін маман-журналистер өте аз. Сондықтан да шетел жаңалықтарын ойдағыдай әспеттей алмай жүрміз.
Үшіншіден, қазақ журналистикасының қоғамдағы екінші дәрежелі рөлі әлі сол күйінде қалып тұр. Өйткені, қазақ тілінің өзі – екінші дәрежелі. Оны елдегі ең басты тілге, Конституциядағы мәртебесіне сәйкес нағыз мемлекеттік тілге айналдыруға кереметтей құлшыныс та жоқ. Билік ақпаратты орыс тілінде алады, негізінен сол тілде береді де. Баспасөз мәслихаттары да көбіне сол тілде өтеді. Ондай жерде «байқамай» қазақша сұрақ қойып қалсаңыз, өзіңізді өте ыңғайсыз сезінесіз, өйткені, бүкіл зал сізге бөгдепланеталықты көргендей тесірейеді. Бізде мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі мемлекеттік тілді меңгермеген. Олармен сұхбаттасарда, амал жоқ, сұрақтарды алдын ала орысшаға аударуға мәжбүр боласыз, ал сосын, яғни, әңгімелесіп болған соң, оны газетке дайындау үшін қазақшаға қайта қотаруға тура келеді. Ал орыстілді журналист мұндай қосымша «аудармашылық» жұмысқа тіпті бас ауыртып әуре болмайды. Ол кез келген жерде өз тілінде сөйлеседі. Осыған қарап кейде: «Қазіргі қоғамда қадір кетсе қазақ журналисінен кеткен болар, ал орыс журналисін билік әлі де алақанына салып, әлдилеп отыр-ау», – деген ойға қаламын.
Ал қазақ баспасөзі әзірге биліктің ауылдағы қазақ халқымен арадағы байланыс көпірі ретінде ғана қосымша қызмет етіп тұр. Қазақ елі тұтастай қазақ тілінде өмір сүруге көшпей, көрген күніміз осы болатын сияқты...
Газет тауарға айналғанда ғана өтімді болады
ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы қазақ журналистикасы қандай еді! Сол кезеңдегі баспасөзді парақтап отырсаңыз, әр санынан, әр бетінен күйіп тұрған тақырыптарды табар едіңіз. «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Ана тілі» секілді газеттердің әр санын жұрт құр жібермеуге тырысатын. Таралымы 70-80 мыңды маңайлап, тіпті 100 мыңнан асып кеткен басылымдар болды. Тәуелсіздіктің бағасын біліп, соны баянды ете түсу мақсаты әр қазақтың жүрегін нұрландырып тұрған сол шақты билік дұрыс пайдалануы керек еді. Елдің сол кездегі өзін-өзі тануға, құлдық бұғаудан арылуға, нағыз қазақ мемлекеттін қалыптастыруға деген қызу көңіл-күйі мен соны оятуға зор күш-жігер жұмсаған ұлт баспасөзінің ерекше белсенділігіне сүйенуі керек еді.
Қазір де жұртты жазылуға үндеуден жалықпаймыз. Бірақ жазылып жатқандар шамалы. Өйткені, жазылушылар кімдер? Мұғалімдер, дәрігерлер, т.с.с. бюджеттің бүйіріне телміріп отырғандар. Ал олардың ең бірінші кезекте қай газеттерге жазылатыны, дәлірек айтқанда, «жазылдыратыны» мәлім: «Егемен Қазақстан», облыстық газет, аудандық газет. Осы үшеуі-ақ байғұс мұғалімнің (дәрігердің) әжептәуір ақшасын шығындайды. Бұдан кейін оның басқа қай газетке жазылғысы келсін...
Ерте ме, кеш пе, қазақ баспасөзі де өкіметтің қамытынан құтылар. Сол кезде олар қалай жан бақпақ? Ол үшін басылым өтімді болуға тиіс. Газет идеологиялық құрал немесе рухани байлық сипатында ғана емес, сонымен қатар сатып алушыны қызықтырып-еліктірер кәдімгі тауарға айналғанда барып өтімді болады. Газет сатуға ең тиімді жер – қала. Ал қалалардағы бүкіл ақпарат кеңістігін орыс тілі жаулап алғандықтан, қазақ газеті қаншалықты қызық әрі сапалы болса да, орысша басылымдардан өтімді болуы қиынға соғады-ау. Өйткені, қала халқының көбі орысшаға бейім: өзімізден шығатыны бар, Ресейден келетіні бар, мыңдаған басылымға миы ашып, арбалған да қалған.
Кейде әрқайсысы 10-15 мың таралыммен ғана шығатын, ары кетсе 20 жылдық қана тарихы бар 5 газетті біріктіріп, қазақтың үлкен бір газетін ашса деп қиялдаймын (тарихы тереңге кеткен көне басылымдардың орны, әрине, бөлек). Бәрінің күшін, мүмкіндігін, кадрлық потенциалын бір арнаға тоғыстырса. Бүкіл облыстардан, алыс-жақын шетелдерден тілші қосындарын ашса. Қоғам өмірінің бүкіл саласын қамтитындай пәленбай беттік ауқымды басылым жасаса. Сонда оның таралымы да, демек, ықпалы да күшті болар ма еді... Ал қазір әрқайсысы жеке күн көруде. Тақырыптары, көтеретін мәселелері өзара үндес болғасын бір-бірінің оқырмандарын тартып алып, санаулы қазаққа таласып отырғандары сол. 11 миллион қазақтың қаншасы қазақша оқи алады, қаншасы жалпы газет оқуға ынталы дейсіз...
Оның үстіне, қазір ел қаптаған қалың арналы теледидарға, сосын ғаламторға арбала бастады. «Интернет-ресурстардың көбеюі баспасөздің қоғамдағы рөлін бәсеңдетеді» деушілер аз емес. Кеше ғана бірнеше газет жабылып, порталға айналып үлгерді.
Әйтсе де, меніңше, дәл қазір біздің елде жаппай сайттарға көшу мүмкін емес. Өйткені, Қазақстанда интернет түгілі компьютері, компьютері түгілі электрі жоқ, бар болса да тұрақсыз жерлер аз емес. Ноутбук, айфон, планшет деген бұйымдар да екінің бірінің қолына көшті дей қою қиын. Оның үстіне, бұл құралдардан жылт еткен шағын ақпарат, жедел хабар қарамасаңыз, ауқымды сұхбат, сүбелі мақаланы тұшынып оқи қоюыңыз неғайбыл.
Демек, енді газеттер жылдам ақпар беру жөнінен интернетке, радиоға, телеарналарға ілесе алмайтынын ұғынып, болған оқиғаның лезде себеп-салдарын анықтап, жай-жапсарын зерттеп, сараптап жазуға көшуі керек. Сонда ғана ақпарат кеңістігіндегі өз орнын сақтай алады. Бүгінгідей екі күн бұрын болған жайтты ақпарат сипатында беріп қойып, қарап отыруға болмайды. Материал көлемін шектеп, аз сөзбен көп мағына жеткізуге тырысқан жөн. Көсіліп жазуға құмар қазаққа бұл да – бір сын. Осы тұрғыдан келгенде, қазір қазақ журналистикасы өтпелі кезеңде тұр деуге болады.
Сәкен Сыбанбай
Парасат журналы.