Сенбі, 23 Қараша 2024
Біздің шенеунік 6769 0 пікір 2 Қыркүйек, 2014 сағат 14:22

Ата Заңымыз аяқ асты етілді

    Егемен еліміз үшін Конситуция күні мерекесінің орны ерекше. Оның Ата Заң аталуы мұның барлық заңдардан жоғары тұруында ғана емес, сондай-ақ қазақ елінің өзгелермен терезесі тең тәуелсіз мемлекет екендігін әйгілейтін саяси құжат екендігіне де ешкім шәк келтіре алмас. Оның салтанат құруы бәріміздің де салтанат құруымыз деп түсінген ләзім.

     Алайда, бір өкініштісі, кейінгі кездері мұның қадір-қасиетін, салмағы мен орнын дұрыс бағалай алмай жүргендігіміз де ащы шындық. Мұның нақты бір көрінісі—Конституция күнін кәдуілгі мерекелердің деңгейіне дейін құлдыратып жібергенімізде. Өзге жерлерді білмеймін, ал біздің Қостанайда мұны тіпті басы артық мерекелердің бірі ретінде санайтындығына тіпті де көңіл аудармайтын болдық. Жергілікті басшылар бұл мерекені бір сарынды етіп, «әйтеуір өтсе болды ғой» дейтін пиғылмен қарайтын секілді. Жыл сайын бір сарындылық. Мереке алдында филармония сарайында салтанатты жиналыс өтеді. Облыс әкімі жетістіктерді жіпке тізгендей етіп, ұзақ-сонар баяндама жасайды. Соңынан біреулерді марапаттаған болады. Ал дәл мереке күні қала орталығында қалыптасқан сценарий бойынша концерт өтеді. Сонымен іс тамам. Облыс пен қала басшылары бір міндеттен құтылғандай болып, «үһ» деп бір демалады.

    Биылғы Конституция күні мерекесі немқұрайдылық жағынан бұрынғысынан тіпті де асып түсті. Бұл мерекеге Қостанай қаласы күнінің мерекесі қабаттасып келіп, Ата Заңымызды аяқ асты еткендей болды. Облыс пен қала басшылары Қостанайдың мейрамын үш күн бойы тойлаймыз деп Конституция күніне қам жасауды ұмытып кеткен сыңайлы. Бұрын бұл мереке күні қай жерде қандай шаралар өткізілетіндігі жайлы жергілікті баспасөзде алдын-ала хабарланушы еді. Бұл жолы той тойлаймын деп жүріп тарс есінен шығарып алған сыңайлы. Қала халқы болса, жылдағы әдетпен қала орталығына күндізгі сағат 10.00-де жиналған еді. Конституция күніне арналған шағын концерт жұртты екі сағат бойы сарғайтып барып сағат 12.00- де әзер басталды. Әрі-сәрі күй кешкен қалалықтардың төзімі таусылып, біразы үйлеріне қарай аяңдады. Мінекей, Конституция күнін қостанайлықша тойлаудың «дәстүрі» осындай.

   Ойпырай дейсің, байтақ еліміздің өзге өңірлеріндегі осы мереке қарсаңында атқарылып жатқан игі істерді естігенде жігерің құм болады екен. Бір облыста жаңа мектептер бой көтерсе, екіншісінде Ата Заңымызға арналған тамаша форум өткізіледі, ап үшінші жерде жүздеген бүлдіршіндер Елұранды шырқап, жүрегіңді елжіретеді.

     Ал бізді Конституция күні қарсаңында жылдағы дәстүрмен бард әндерінің фестивалы өтеді. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың осы өнерді ерекше бағалайтындықтан жұрттың бәрінің тайлы-таяғы қалмай соған асығады. Негізінен оған көрші Ресейдің бард әншілері шақырылып, әндер орыс тілінде шырқалатындықтан былайғы жұрттың құдайы беріп қалады. Жастық шағын еске алған әкіміміз де бұдан еш уақытта шет қалмайды. Гитарамен қосылып, өзі де біраз әу дейді, Мұндайда қайдағы бір Конституция күні деген не тәйірі. Сол да сөз болып па?

    Шындап келгенде біздегі идеология саласына жауап беретін лауазымды жандардың тым келте ойлайтындығына, дайын нәрсені өткізуден басқаға ақылы жете бермейтін таяздығына таң қаласың. Мәселен, осының алдында өткен қала күнінде бір топ адамға «облыстың құрметті азаматы» деген атағы дардай атақ берілді. Міне, осы марапаттауды неге дәл осы Конституция күніне орай ойластырмасқа? Сонда ана Черныш, Двуреченский секілді азаматтар бұл атақты егемен елдің Конституциясы өзгелермен тең дәрежеде ғана емес, кейбір еңбегі олардан да кем емес жандардан артық санап отырғандығын сезінер ме еді қайтер еді? Тіпті осы жағдаятты қадап тұрып айтса да артық емес. Қанша дегенмен өзге ұлт өкілдерінің тыныш та бақуатты өмір сүріп отырғандығы осы Конституциямыздың арқасы емес пе? Осы тұжырым баса айтылса, мүмкін осындағы кейбір өктемсігендердің жүні жығылар ма еді.

     Әттең, мұны ойлайтын әкім-қара қайда?

Мұратбек Дәуренұлы.

Қостанай.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420