Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 8899 0 пікір 1 Қыркүйек, 2014 сағат 17:57

Жанарбек ӘШІМЖАН: “СӘБИ”.

Ақын Есенқұл Жақыпбек туралы ойтолғақ

Жанарбек ӘШІМЖАН: СӘБИ. Ақын Есенқұл Жақыпбек туралы ойтолғақ

Есенқұл Жақыпбек!..

 

Биологиялық жаратылысы күтпеген жерден кілт үзілгенмен, әдеби-рухани коды келер дәуірлерге жазылған осы бір аяулы есім сонау Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиіз заманында немесе Ілияс Жансүгіровтің жалаға толы дәуірінде яки Жамбыл мен Кенен сөз суырған кезеңде, Қасым, Тоқаш, Мұқағалилар мұңға жүкті заманда өмір сүрген секілді әсер қалдыра береді. Неге-дүр?! 

 

 Жетім өкпесі желпілдеп, қос қапталынан өлең боратып жүріп, ХХІ ғасырдың қақпасын күзеткендіктен бе, әлде қайталанбас бітімді қарапайым қалыбына амалсыз сыйдырып, көрпесі жұқа ғұмырын кенеттен суытып, қапелімде Ұзынағаштың көшесінен көрінбей, ғайыптың құсына айналып кеткендіктен бе? Бәлки, ол шын мәнінде киелі сөз өнері жаратылған кезден бастап әр дәуірде өмір сүрген ұлылармен рухтас, мұңдас, сырлас, үндес болғандықтан шығар?

Қалай десек те, қазақ көркем әдебиеті мен саз өнерінің тарихында Суықтөбенің баурайында өмірге келіп, Алатаудың биігінен алты Алашқа өлең ұшырған Есенқұл Жақыпбек ныспылы біртуар ақынның болғаны даусыз!

Миығына мың қатпарлы сыр жасыра жүріп, әнтек жымиып қойып, өн-бойыңа жылы ағыс құятын, айдың арғы бетіндегі әлдебір тылсым әлемді алпыс екі тамырыңда ойнатып, өзі өмір сүрген уақыттың ұршығын азаматтық, әлеуметтік, лирикалық кеңістікте еркін иірген Есенқұлдай ақын санаулы һәм некен-саяқ.

Әдетте, ақын-жазушының мерейтойы қарсаңында әріптестері жылы лебіз білдіріп, шығармашылығын қопарып, аршып, талдап, баға беріп жатады. Әрине, бұл адамгершілік-кісілік, сәулелі тұстарды көру тұрғысынан тәуір қадам. Жұмыр басты пенде болған соң, оның үстіне талантты шығармалар жазып жүрсең, маңайыңнан жылы сөз күтетінің де даусыз. Есенқұл ағамыздың шығармашылығы туралы тіршілігінде мақалалар аз жазылған жоқ және көп те жазылған жоқ. Көбіне журналистикаға жаңа араласып жатқан қыз-жігіттердің күнделікті күйбең тіршілік пен жаңа жыр немесе бір әннің өмірге келу тарихынан әрі аспайтын сауалдарға құрылған сұхбаттары жиі жарияланды. Олай болатын себебі де бар, өйткені түрлі жиын-кештерде Есенқұл Жақыпбектің маңайына жастар үйір болды. Тіпті екі сылтау, бір себеппен Ұзынағаштағы үйіне, редакцияға Алматыдан өнерлі жастар күн құрғатпай іздеп баратын.

Алайда кез келген талантты қаламгердің ең бірінші сыншысы – ақынның өзі. Ұяттан үш күн бұрын туған кез келген қоғамда өз арыңмен бетпе-бет қалған ақжарма сезімдердің ғана таразы-табағы тең тартады. Қапысыз ақтарыласың, жіберген кемшіліктерің мен жеңілістеріңе опынасың, бір бас артық тұстарыңа шаттанасың. Жылайсың, күлесің, өзіңді-өзің қайрайсың, сосын қайтадан тіршіліктің диірменімен кете барасың.

«Тазқара құстың тағдыры» атты өлеңдер жинағындағы Есағаңның өзі туралы, өмір жайлы, өлең хақында жазған хамсасын жиі оқимын. Оқыған сайын, оқи бергің келеді. Боямасы жоқ, қарапайым да аңғал, бір сәт ұлы, бір сәт қорғансыз, сәл нәрседен көңілі қалып, жоқ нәрсеге қуанатын, жыр жазған күні жұбанатын ақынды сол жерден табасың. Бірлік пен Ұзынағаштың ортасын жол қылып, сыбызғысының ұшына бозторғай қондырған жанармай таситын арбакештің артында жасырынып жатқан сары баланы сағынасың. Бір сәт көз алдыңызда бала Есенқұлдан дана Есенқұлға айналып бара жатады, күтпеген жерден пенделіктің бешпетін қайта киіп, тауқыметтің керзі етігін тырп-тырп сүйретіп, аракідік күрсініп бара жатқан ақынмен қайта қауышасың. Батыс пен Шығыс мидай араласып, құндылықтардың орны ауысқан дәл қазіргідей найзағайға нан пісіріп жатқан алмағайып уақытта кейінгі ұрпақтың бойында адам жанын тебірентер Есенқұл-сезімнің, сәби көңілдің жоқтығына налисың. Балауса, бұлаң, риясыз, есепсіз мінездерді іздейсің…

Есенқұл Жақыпбек дүние жалғанның алдан тосар әлеуметтік «заңдылықтарына» еріксіз бағынды. Опасыз тірліктің тізгіні Есенқұл жырауды да алаңсыз ноқталады. Күрмеуге келмейтін, айналып-толғана алмайтын аядай кеңістігінде шырмалып, маталып, іштей күйзелді. Оны сондай күйзелістерден кеудесіндегі жанартау ғана құтқара алды. Жанартау-жыры атқақтаған кезде оның алдына жан шыққан емес. Жайшылықта кісі бетіне келмейтін ақын қолына қалам алғанда күллі әлемнің әміршісі секілді «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс, өмір өрнектері мен замана ырғағын қалауынша ойнатып, теорияның терісін илеген ғалымдар түзген әдеби нормаларға да, буын-бунағыңа да бағынбай, емін-еркін көсілетін сұрапыл сөз зергері екеніне қапысыз сенесің. Буыны артық кетіп, бунағы кем түсіп, ой қайталап, сөз қайталап, күнделікті өмірдегі ауызекі сөздермен өлеңге өзек жалғату – Есағаң жаратқан кәнігі туындыға ғана жарасады. Әгәрәки, шумақтарды шымыр иіріп әуестенген, әр буынға бір түнеп, ұйқасқа үш түнеп, бір ойды қатар қондырмайтын, «екі шоқып, бір қарайтын» сақа ақындарымыз Есенқұлша сөз өретін болса, айдың жарығымен адам жанын жаралауға шебер сыншыларымыз артына шам алып түсер еді. Өйткені ол өлеңнің бастауын ғана білген ақын. Аяқталар сәтін шабытқа тапсырған, жол-жоспар құрып, бармақ бүгіп отырған шайыр емес. Ол ақпа-төкпе сезімнің, ақтарылып келген жырдың аңғарындағы мұрап секілді еді. Ол өлеңді кірпіш секілді қалаған жоқ, құйды!

Есағаң – халық ауыз әдебиетінің жауһарларын барынша еркін меңгерген, бала күнінен Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Үмбетәлі, Кенен бабаларымыздың бейнелі жырларымен ауызданған, өзі де айтыс өлкесінде ұзақ уақыт ат шалдырған ақын. Айтыс пен жазба өлеңді қатар өрген тұлға. Және екі бағытта да тыңдарман мен оқырманға жемісін қатар берді. Есенқұл поэзиясының қуаттылығы мен бейнелілігі, ең әуелі негізгі ұлттық қайнар бастауы сөзсіз, Жамбыл мектебінде жатыр. Жамбыл феноменін шама-шарқынша жаңа дәуір поэзиясына ұштаған дәл осы Есенқұл Жақыпбек. Әрине, өнер атаулы өзгеріске ұшырап, әдебиет теориясы сәт сайын жаңарып, әлемдік сөз зергерлерінің жеке шеберханасының әсерімен түрлі әдеби ағымдар пайда болып жатқан кезеңде жалғыз Жамбыл бабамыздың соқпағымен қалу аздық ететінін суреткердің терең түйсінгенін сеземіз. Бұл бағытта Есенқұл Жақыпбек өткен ғасыр әдебиетінің «алтын дәуірі» аталған кезең өкілдерінің қатарында Жамбыл мақамын Мұқағали музасына сәтімен жалғап әкеткені анық аңғарылады. Рас, қазақ поэзиясында Мақатаев мектебінің табалдырығынан бастау алатын сан тарау жолдар бар. Ұлы ақынға еліктеп жүріп, есейіп, қалыптаса келе өз соқпағын тапқан ақындарымыз сыншыларға мәлім. Ал Есенқұл қос ғасыр ат ауыстырып жатқан тұста көне мен жаңаның іргесін жымдастырып, Жамбыл мен Мұқағали жырларының түйіскен нүктесіне өлең өлкесіндегі өзінің боз үйін тікті. Жаңалық атаулының дені көнеден шығатынын анық сезінген Есенқұл оң мен солдан ұйтқи соққан, сәнге айналып тұрған түрлі әдеби ағымға алаңдаған жоқ. Әлемдік әдебиеттегі пішіндік, мазмұндық, пәлсапалық сипаттағы түрлі тәжірибені өз ауласына әкеліп сынап жатқан әріптестеріне тек тілектес болды. Сәтті шешімдерге қол шапалақтады. Аз уақыт алып қаладағы әдеби ортаның мейрамханасында «өз тапсырысын» да беріп көрді. Шулы қаланы шиырлап, қазығынан босап кеткен жылқы сынды еркін желіп жүрді. Талайлардың тағдырын сынап ойнаған Алматының тар көшесінде арсалаңдап Есағаң да жүрді. Қуанды. Өкінді. Таяқ та жеді. Шибөрілерге жем де болды. Таланттар тартқан тауқыметті ол да тартты. Сөйтіп жүріп достар тапты, жоғалтты да… Қамқор кейіп танытқан ағалардың шынтағын шындап сезіне де алмады, бәлки… Таң шапағын шығар аузынан күтетін жанбақылардың қатарынан болмай шықты. «Миллиондар сыйған қалаға, бір басым барады сия алмай» деп ауылға тартты да отырды…

«Аға!» деп барсаң ағаға, ағаның көңілі көкте жүр,

«Бауыр!» деп барсаң бауырға, бауыры оның көк темір.

Туысқанға туа жат, жолдасыңа жүре жат…» деген дегбірі қашқан жолдар жан азабы әлгіндей қылбұрауға түскен түндерде жазылған болу керек. Таудай басын қос иығының арасына тығып, тар кеңселерге де кірді. Ернеуін өрмекші торлап кеткен емен есіктерді ашпады дейсіз бе?!

Әйтпесе

«Алдына барып құнсыздың,

Қадірім қашып кетті ме,

Жүрегім содан шошынар…» –

дейтін өгейлікке өрілген өлеңді жүрек қылы дірілдеп отырып жазар ма еді?..

«Құлағыма сыбырлайды қара кісі» дей ме Мұқағали?

Есенқұл да Жаратқан Ие жағына салған киелі сөзді ұлттық бояуын жоғалтпастан халқына ұсынды. Іргетасы халық ауыз әдебиетінен қаланған, қабырғасында Мұқағали дәуірінің өрнегі бар ақсарайдың шаңырағы уақыт өте келе Жақыпбеков шешіміне ұласты. Жамбылды пір, Мұқағалиды ұстаз тұтқан Есағаңның сезімге толы сұрапыл жырлары әрқайсымыздың жүрек тұсымыздан сөйлейтін себебі де сол қарапайым қалыбында, туған топырағынан жаралғандығында болса керек.

Есенқұл ақын бір сөзінде: «Уақытымның көбін желбіржекендей желіп жүріп сырап қылып алдым, көп уақытым айтыспен кетіп қалды…» дегендей өкініш білдірген еді. Біздіңше, айтыс өнерінің Есағаңа тигізген ықпал-әсері аз емес. Айтыс ойды жылдам қорытуға, бейнелі кестелеуге, күрделі орамдардан қашық болуға, сөздің қалыбына сай ғажайып сазбен өрнектеуге машықтандырды. Бұған ақынның өлеңдері мен жанға жайлы әндері дәлел. Есенқұл поэзиясының халықшылдығы мен қарапайымдылығы, жалпыға бірдей ұғынықтылығы және қарияларша ой толғауы дәл осы айтыспен тікелей байланысты сияқты. Егер айтыс сахнасына көтерілмегенде ол Сүйінбай мен Жамбылдың көмбесін астаң-кестеңін шығарып ақтармауы да бек мүмкін…

***

Есенқұл ағаны біз мектеп табалдырығында жүргенде білдік. Үлкен кісілермен бірге ентелей келіп, экранның алдына айтыс көруге отырғанда эфирден ең әуелі Есенқұл аға көрінетін. Сонда үлкендердің сол ақынға сұмдық тілекші болып отыратынын сезетінбіз.

1990 жылдары Қарқара жайлауында өткен Ұзақ батырдың рухына арналған айтыста қапталына келгеннің бәрін жапырғанын тайлы-тұяғымызбен барып тамашалағанбыз.

Кейін КазГУ-де оқып жүргенде жақсы ағамен жақын таныстырған марқұм, айтыстың дүлдүлі атанған Есағаңның рухтас інісі, күні кеше ғана бес күн жалғанға екі түнеп кеткен Оразалы Досбосынов еді. Содан кейінгі кезеңдерде ағаны жиі іздеп жүрдік. Тіршіліктің асау толқыны ағаш жаңқасы секілді жағалауға лақтырып тастаған тұстарда болмаса, ұдайы жақын жүруге, сырласуға, құшырлана оқыған жырларын естуге асық болып жүрдік.

Ердің жасы елуге келгенде Жазушылар одағындағы «Есіл дүние-ай» атты шығармашылық кешінен алған әсерді ауызбен айтып жеткізу, сірә, мүмкін емес. М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында Б.Атабаевтың режиссерлігімен өткен «Күпәйке киген поэзия» атты шығармашылық кеште болғандар әлі күнге дейін аузының суы құрып айтады.

Есенқұл Жақыпбек дүниеге сәби болып келіп, сәби күйінде кетті. Қоршаған ортасы, қоғамы дүниебөліске түсіп жатқан кезеңге сай келді. Пенде болған соң бас ауырмай, балтыр сыздамай тұрмайды. Ақтамақ қарлығаштар секілді балапандарына жем апару керек. «Өсем деген ұл мен кетем деген қыздың» жоқ-жітігін түгендеу қажет. Қысқасы, ел қатарлы дүниеге қол созу керек екен… Алайда ақыныңыз жанбағысқа, дүние жинауға қырсыз болып шықты. Алаш жұртының айрықша махаббатына ие болған ақынның бар байлығы – өзінің қоңыр тіршілігі бар отбасы, үрім-бұтағы, жазып қалдырған кітаптары ғана екен.

Ақын қазасына ат жеткен жердің бәрінен өзегін өксік буған қалың жұрт өлеңнің иесімен қоштасуға ағылып келді. Қара жолдың жиегін бүлдіршіндер гүлге орап тұрды. Ол бүлдіршін ақын еді ғой…

Қаралы көш Ұзынағаштан ұзап кеткен-ді. Есіме ақынның «Бірлікке бара жатқанда» дейтін әйгілі өлеңі орала берді. Ол ақырғы рет өзінің Бірлігіне кетіп бара жатқан-ды…

P.S. Әдеби-рухани коды келер дәуірлерге жазылған осы бір аяулы есім сонау Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиіз заманында немесе Ілияс Жансүгіровтің жалаға толы дәуірінде яки Жамбыл мен Кенен сөз суырған кезеңде, Қасым, Тоқаш, Мұқағалилар мұңға жүкті заманда өмір сүрген секілді әсер қалдыра береді.

 

 Неге-дүр?!

 

Жанарбек Әшімжан

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052