Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 16641 0 пікір 29 Тамыз, 2014 сағат 11:43

АТАУЛАР – АРҒЫ ТАРИХЫМЫЗ

Қазақ даласында ата- бабаларымыздан қалған жер- су, өзен- көл, тау- тас атаулары аса мол. Олар халқымыздың өткен өмірі мен тарихымыздың баға жетпес мұрасы, айналып соғар айнасы. Топономика деп аталатын осы ғылым саласы тарих, тілтану, жағрафия ғылымдарының түйісінде өрбиді. Даланың ауызша шежіресімен байланысып жатады, көне мен бүгіннің арасын жалғастырады. Сөйтіп, атауларымыз ата мұраның қатарынан лайықты орнын алады.

         Осындай ежелден келе жатқан атаулар Жетісудың шығысында аса мол. Балаң шақтарымызда аталарымыз таңдай қаққызар әңгімелерін ел орнына отыра бере бастайтын...

         ... Жұрт жайлауға бет алған маусымның ортасы. Көш алдындағы қария ауыл иттерінің аяқ асты абалай алға ұмтылғанына әу баста мән бермеген. Далада аң мол, соның ізіне түскен шығар деген. Бірақ олай емес сияқты. Сонау жерде төмпешік көрініп, соны әлдене  бұрқыратып қазып жатқандай. Алдымен жеткен құмай тазы әлгі мақұлыққа батпай арсылдап, айнала жүгірді. Өзгелері жеткен соң ғана бәрі жабылып, төбешік маңы опыр- топыр боп кетті. Жаңағы мақұлық қашар емес. Жапа- жалғыз арпалысып жүр. Кері жорғаны тебіне жеткен ақсақал мен көш басшылары тайыншадай төбеттің өлермендігіне таң. Төбешік дегені жаңа ғана көмілген мола секілді. Қария қатаң бұйырды:

         - Иттерді ажыратыңдар! Болсайшы түге, бол енді!

         Етқызған иттерін әр иесі әзерден ұстады. Сол, сол- ақ екен құлақ,  құйрығы шорт кесілген тайыншадай төбет моланы тағы қаза жөнелді. Маңайындағыларды елеп, ескерер емес. Көпті көрген қария тез ұқты. Молаға жерленген адам- төбеттің иесі, әрі тірі жатса керек. Ат үстінде тұрып:

         - Кә! Кә! - деген қария еппен жерге түсті. Көк төбеттің төсі ақ екен - Ақтөс, Ақтөс! Кә! Кә!

         Төбеттің аты шынымен Ақтөс секілді. Артына жалт бұрылып «арс» етті.

         - Ақтөс!  Ақтөс келе ғой!

         Ақтөс қарияның жаманат істемейтінін сезді. Жалбарына ұлып, соңын ала қыңсылап жіберді. Көшбасы қария төбеттің жотасынан, одан мойнынан сыйпады, қос қолдап құшақтады. Ақылды төбет ауыл иттері талаған жарасын да жаламай, қарияның иегінің астына қазандай басын тыға берді.

         - Әй, не тұрсыңдар, қазыңдар кәне!

         Төрт- бес жігіт әп- сәтте ақымның бетін жапқан бау қамысқа жетті. Қария ұстамаса Ақтөс көрге түсіп кетердей. Қамысты көтеріп, өліктің бетін ашқанда

         - Уһ!- деген дыбыс бірге естілді.

         Өрімдей жас қыз бала екен. Қария жігіттерді сыртқа шығарып, молаға екі ақтай қатынды түсіріп, әлі есін жимаған қызды қабірден алғызды. Жанына жөпелдете бүркеніш тіккізіп, жөн білетін әйелдерге киіндіруді бұйырды. Көш ошарылды. Бетіне су бүріккен соң қыз көзін ашып, ештеңе ұқпай бірқыдыру отырды.

         - Аман екенсің, айналайын!-  деген келіншектер бойжеткенді шошытып алмай, саумалап, есін жиғызды.

         Ақсақалдар болған оқиғаны келіндерінен естіді. Аты Балқия екен. Жадында қалғаны- көш кешкі сауынға, қоналқыға аялдайды. Бұл жеңгесімен қосылып, түйе саумаққа шелек алады. Түйені айнала бергені есінде...

         Қыз біртіндеп бойын жинап, күрсініп қалды. Іле- шала дауысты таныған Ақтөс қуана «арс» етті.

         - Мынау менің Ақтөсім ғой!

         Балқия еттумасын көргендей қуанды. Ақтөсті күшігінен асырапты. Есті төбет күні- түні Балқия жататын үйдің есігін күзетеді екен.

         - Шіркін – ай, ит жеті қазынаның бірі деп аталарымыз қалай дәл айтқан!- дескен қариялар енді не істеу керектігін ақылдаса келе, Балқияның ауылына сөзге ұста екі- үш сақа жігітті қуанышты хабармен аттандырды.

          Олар қаралы ауылды қуып жетіп, алыстан аңдай сөйлеп, сүйінші сұрады. Қыз әкесі осы ауылдың шаңырақ иесі екен. Қырыққа енді жетер жігіттің аузынан шыққан сөз хабашыларды да, өз ауылын да бір жағы таң, екінші жағы разы етті.

         - Тірі екені рас болса өлімге қиған қарғамды, әріден- ақ сарсүйек құда едік, қидым сендердің ауылдарыңа. Балқияны жеткізіп беріңдер. Өзіне- өзі әбден келіп, анасының мауқын бассын. Бір жетіден соң кәдесін атап, үкі тағып кетіңдер. Теңін көздеп, тегін хабарларсыңдар.

         Жұрт тез ұқты. Әкесі қалың мал алмайтынын, алайда, Балқияны кім көрінгенге емес, осы шаңырақпен иығы теңдес атаға ұзататынын айтты. Бірақ, «Қалыңсыз қыз болса да кәдесіз қыз болмайды» деген ата салтты бұзбады. Көпшіліктің:

         - Жөн-ақ! Солар кезікпесе Балқияш аман қалар ма еді!

         - Рас-ау! Татуыма тең бір жігіт табылар ауылдан.

         - Япыр- ай! Осынша ақылды ит болады десе, сенер ме едім, сенбес пе едім!

         -  Көзін ашпай Балқияш асыраған.

         - Сонда құдай білгізген ғой!

         - Бәсе- ау, Ақтөс көрінбей кетіп еді. Ой, Алла- ай, мұндай да...

         - Өскен жұрт еді, бағы ашылсын!- дескен кеу- кеуімен, олжалы жігіттер аттанып кетті.

         Содан бері не заман өтті. Балқия көмілген жерге кейіннен бірнеше мүрде қойылды. Тірі қалып, ана атанып, бала сүйген Балқияның атымен сол қорым «Балқияның бейіті» аталып қалды. Қазіргі Алакөл ауданының Төңкеріс ауылына екі шақырымдай жетпей, ескі төте жол мен асфальт жолдын түйісер тұсында, егістіктің шетін ала тұр. Өз басым ары- бері өткенде бет сипауды ұмытпаймын. Амал қане, кейінгі кездері шеткі молаларға соқаның түрені тиіпті. Өткенде осыны көріп, жабырқап қалдым. Дихандар мұны қалай істеді екен? Білмеді- ау десем, молалар көрініп жатыр. Білді- ау десем, ауылдың аруақ сыйлап өскен азаматы мұндай оғаш қылық жасамаса керек. Мұхаммет (c.ғ.c) пайғамбарымыздың хадисінде «Сендер моланың үстін бассаңдар Аллаһ Тағала еттеріңді сүйектеріңе дейін өртеп жазалайды» дейді. Қайткенмен бір кемшін кетіпті.

         Осы жағдай -  кереметтей сыры бар қорымның бүлінуі ой тастады. Бұл келеңсіздік ел мен жердің тарихын білмеуден туса керек. Сондықтан естіген-білгендерімізді, нақтылы- ғылыми тиянақты атауларды айта, жаза жүруіміз қажет екен.

         Жетісудың шығысын Алакөл алып жатыр. Су айдыны қаншама аласапыранға, қызық пен қуанышқа, қайғы мен қасіретке куә болған осы даланың ырысы мен берекесі. Көкіректеріне түйгені мол көне көз қариялар Алакөл, Жалаңашкөл, Сасықкөл, Ұялыкөл, Қошқаркөлді түгел қосып, суының ащылығына орай- Итішпес атайтын. Жеке алса «Итішпестің Алакөлі» дейтін. Осындағы «ала» сөзінің мағнасы «шұбар» деген ұғым бермейді. Қазақта «ала жіпті аттамайды», «мойнына ала бұршақ салып, құдайдан тіледі», «ала тайдай бүлдірді» деген тіркестер бар. Ала жіппен баланың тұсауын кеседі, үйді айландыра байлайды. «Ала» сөзі киелілікті  білдіреді. Сөйтіп, Алакөлді жұртымыз қасиет тұтып, ерекшелендірген. Кей тұсынан мал суаттанады. Бұл да жаратқанның бір ғажабы.

Құйқалы өңір хатқа ерте замандардан түскен. 1246 жылғы  маусымда көлді жағалай өтіп, Шыңғыс империясының астанасы Қарақорымға беттеген Плано Карпини былай жазады: «...Онан соң біз Қарақытайлардың жеріне ендік. Ол жерде татарлар (Шыңғысхан жұрты- авт.) Еміл деген қаланы қайта тұрғызыпты. Мұнда Батудан үлкен хан Орду тұрады. Одан аттанған соң  кішірек теңізге кезіктік. Теңіздің атын сұрауды ұмытып кетіппіз. Жағасында аса үлкен емес тау бар. Айтуларға қарағанда ол тауда тесік бар. Сол тесіктен қыста алапат жел, боран соғады екен. Өтіп бара жатқандарға аса қауіпті көрінеді...Теңіз бойлап көп күн жүрдік. Одан мейірімді Петр күнінің қарсаңында шығып (29 маусым) наймандардың жеріне жеттік. Олар көп құдайшыл.» (Гильом де Рубрук, Плано Карпини; Путешествие в Евразиские степи, Алматы, 2003 г. стр 95) Еміл қаласы шынында да осы кезде қайта салынып, оны Орда Ежен хан астана етіп отырған. Теңізі- Итішпес Алакөл.

Алапат желі- Ебі. Содан бергі 800 жылдай уақытта табиғат онша өзгермегендей. Көл орнында, Ебінің желі күшінен қайтқан жоқ.

Осы жолды 1253-1255 жылдары жалаңаяқ жүріп өткен Гильом де Рубрук Үлкен аралды айта келіп, былай жазады: «...Суы тұзды екен, алайда ішуге де жарап қалардай. Оңтүстік шығысқа қарай тау аралығында дала созылып жатыр. Онда тағы бір көл айдындайды. Осы далада толассыз жел соғады. Бұл маңнан өткен адамдар сұрапыл жел көлге алып кетпесе екен деп қатты қорқады.» ( Рубрук, Карпини стр 166) Карпинидің дерегіне Рубрук Алакөлден оңтүстік шығысқа қарай жатқан Жалаңашкөлді қосты. Бірін- бірі толықтырды.

Арада 130 жылдай өткеннен кейін Ақсақ Темір мен оның жаусоғар ұлы Омаршах дұшпанын қуып келе жатып, көлге жетеді. Осы аса бір елеулі оқиға жөнінде ағылшын ғалымы, жазушы Хильда Хукхэм  мынадай дерек келтіреді: «Умаршах настиг джеттов и нанес им еще одно поражение близ долины «Пес не пьет» (Итичмас) присоединился к отряду Тимура...армия праздновала победу ...на берегу горной реки Эмиль. Тимур бросился в погоню за армией Хизр- Ходжи и у перевала известного как «Мышиные ворота» произошла схватка.» (Омаршах жеттерді Итішпес даласына таяу жерде қуып жетіп, оларды тағы да жеңіліске ұшыратты…Темірдің қолына қосылып, тау өзені Емілдің жағасында жеңістерін тойлады… Темір Қызыр қожаны қуып жетіп, «Тышқан қақпа» деген жерде соғыс болды.) (Хильда Хукхэм, «Властитель семи созвездий». Ташкент, 1995 г. стр 86- 87)  Хилда ханым «Итичмас» деп Алакөл жазығындағы даланы атады. Еміл өзенін дөп басты. Ең кереметі- арғы бабаларымыз «Арқас» деп атаған, бірақ өңірді қалмақ басып алған соң ол ұмытылып, орыстардың жазып беруімен  бүгін «Жоңғар қақпасы» аталып жүрген тау арлығының ХІҮ ғасырдың аяқ шеніндегі «Тышқан қақпа» деген тарихи атауын білдік.

Алакөл ауданында Сапақ, Суық, Қоңыр, Толымбай, Есім атаулары іркес- тіркес жатыр. Суық жайлау да, қалғандары жайлау етегі. Барлығы да жуан атаның мекені екенін көз салғаннан- ақ білесің. Тұнып тұрған табиғат, каусар бұлақты, саф ауалы. Осы аталардың арасында нендей жақындық барын уақыт шіркін тұмшалапты. Алайда, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде тарихшы Н. И. Любимовтың «Путевой журнал поездки на восток, 1845 год» деген жазбалары кездеседі. Осындағы «Родословная потомков Аблайхана» тарауында  Қаракерей Қабанбай батырдың руы Байжігіт-  Мәмбеттердің төресі 1845 жылы Сапақ төре екені деректелген. Ол Әбілпейіз сұлтанның ұлы Суықтан туады. Суықтың және бір ұлы- Толымбай.  Осы маңды мекен етіп, өсіп- өніп отырған Семіз наймандардың (Меңлібай, Жаңбыршы, Жанғұлы, Қарамолда, Төбет) төресі. Топ ортада Қоңыр және Есім төре  қоныстанған. Есім ел билемеген. Бірақ аталастарының ішіндегі ең малды, жылқылысы болған. Ш.Уәлихановтың төрелерге назар аудару себебі-  аталып отырған төрелер Шоқанның немере- шөбере бауырлары екендігінде. Ғалымның осы  жерде қателеспегені анық. Орыс әскерінің қазаққа жасаған қиянаттарына жалғыз қарсы тұрып, патша шенеуіктерімен, офицерлерімен ат құйрығын кесіскен Шоқан Жетісудағы туыстарының, Тезек төренің елінде қайтыс болды. Ендеше  ол тумаларын өте жақсы білген. Бұған күмән жоқ.

Сөз арасында тоқтала кетейік, Байжігіттің (Қаракерей Қабанбай батырдың руы) Мәмбетін сол тұста Сапақ пен Толымбай, Тоғастарды- Сасан би, Жұмықтарды-  Қамбар төре билепті. Ш. Уалихановтың найман төрелерін,   олардың  әлеуметтік статусын, байлығын,  әулеттік шежіресін жете зерттеуі ғалымның ішкі бір ойы болғанын танытатындай.

         Менің жақын бір досым «Сапақ» шапыраштылардың бір атасынан шыққан атау деген пікір айтып, ол жайлы жазған да екен. Алайда, Ш. Уалихановтың, Н. И. Любимовтың деректері оны түбегейлі жоққа шығарады. Екі ғалым да осы төрелермен араласқан, оларды жетік білген.

          Н. Аристов, И. Андреев, М.Тынышбаев секілді әлем таныған ғалымдар, Қ. Халиди сияқты сол төрелер ұрпағының ортасында шежіре жинап, оларды көзімен көргендер 1810 жылдардан бастап Алакөлдің айналасына Арқадан құлаған найман руларының қоныстанғанын әлдеқашан жазып, хаттап кеткен. Әңгімеге өзек етілген- Алакөлдің түстігі мен Алатаудың бір сілемі Ойжайлаудың екі ортасын Найман- Қаракерейлердің иеленгенін, олардың жан санына дейін осы ғалымдардың еңбектерінен  оқи аламыз. Андреев Аягөз маңына 1770 жылдардан бастап қоныстаушылардың арасында жүріп, өзінің айтуынша, қазақ тілін жетік меңгереді. Ал, Аристов сол жылдары орыс барлаушыларынан келген ақпараттарды алдыға тартады. Бұлардан қате кетуі мүмкін емес.

         Рас, шапыраштылар 1770 жылдардан бері қарай Аякөздің оң жағалауын мекендеп, 1810 жылдарға дейі сол жағалауға өте алмаған найман, жалайыр, албан, суан, шанышқылы руларымен араласа отырды. Арқадан Қойсоймас- Қараша билер бастап көшіп келген 1700 шаңырақ шапырашты 1810 жылдарға дейін бұл орындарынан- Семей өңіріндегі бүгінгі Қалба тауының маңынан ешқайда жылжыған жоқ. Мөлшері осы кездерде қазақ руларының көші- қонына қойылған шектеу жойылды да, шапыраштылар Қопалы (қазіргі Қапал) өңіріне жете кереге жайды. Матайлардың іргелес келуіне орай бір себептермен 1835- 1840 жылдардан кейін шапыраштылар Алатаудың етегіне қотарылды. Бұл тарихи көштер туралы жоғарыда аталған ғалымдардың еңбегінде тәпіштеп жазылған. Көріп отырсыздар, шапыраштылар қазіргі Алакөл ауданының территориясында тұрмаған. Оның үстіне найман сияқты жауынгер, қалың елге арқа сүйеген өңкей жуан тұқым төрелер ортасынан ойып ешкімге, ешуақытта орын бермесі айдан анық.

         Күні бүгінге дейін Аристов, Андреев, Тынышбаевтарға күдік келтіріп, дау айтқан ешкім жоқ. Ана жылы, мен, «Сапақ» атауы Қаракерей Қабанбай батырдың шөпшегі Сопақ батырдың орысшыланған түрі болуы керек деп долбар жасағанмын. Уәлиханов келтірген Любимовтың нақтылы құжаттары қателескенімізді көрсетеді. Оқырмандардан кешірім сұраймыз.

Сонымен Алакөл ауданында Абылайханның ұрпақтары Суық,  Сапақ,  Толымбай, Қоңыр төрелердің есімдерімен жер аттары қалғанына көз жеткіздік. Сондай-ақ, Үшарал қаласының қақ ортасында Янушкеевич мақтап атайтын Ағадайұлы Бексұлтан төренің бейіті бар. Бексұлтан төре тарихта орны ерекше адам. Ол Аякөз ішкі округінің аға сұлтаны болып сайланады. Орыс патшасы Кенесары ханға жәрдем бергендер жазалансын деген Жарлық шығарғаны белгілі. Бірақ, Жетісудың бар төресі Кенесарыдан ат- тонын ала қашқанда, бір өзі 500 жігітті атқа мінгізіп, қосақтарына хан Кенеге деп 500  ат жетектетіп жіберіп, ер мінез танытқан осы Бексұлтан төре.

          Кенесары қырғыздардың қолынан сатқындықтың салдарынан өлгенде  оның кегін қуған екі- ақ адам болды. Қалған жұрт ошаң ете алмай тығылып жатқанда матайдың Тәнеке батыры  1000 сарбазымен  Қордай асып,  Кене ханды өлтіргендерге оттай тиді. Қырғыздар есін жиып, сап түзей бастағанда 2000 сарбазды баста, Янушкеевич жер- көкке сыйғызбай дәріптейтін Барақ батыр жетеді. Ол Бексұлтан  төренің жұмсауымен күн- түн жүріп келген еді. Амал не, Орман манапқа көрші отырған қазақтар хабаршы шаптырса керек, ұстатпай кетеді. Тәнеке батыр мен Барақ сұлтан кейін қайтады. Бексұлтан төренің, Барақ сұлтанның, Тәнеке батырдың намыстан туған осы өлшеусіз ерліктері аса сирек айтылады. Кене хан келгенде құмға сіңіп, қашып кеткендер рулар аталып қалады деп қашқалақтаймыз ба? Әлде, қырғызға хабар бергендер айтылып қалады деп сескенеміз бе? Бұларды да сол заманның тарихшылары аттарын атап, түстерін түгендеп жазып кеткен. Бәрі айқын. Не десек те Абылай ханның  ұрпағы атадан дарыған асыл тегін көрсетті. Бұларды да біле жүрген жөн. Сөз арасында айтып жатырмыз. Манағы, топономика ғылымы тарих ғылымымен байланысып жатады деуіміздің бір мысалы осындай.       

Алакөлде «Сайқан», «Бала сайқан» аталатын үлкен жоталар бар. Бұлар  жерімізді  уақытша басып алған қалмақтан қалған «мұра». «Цай» және «қан» сөздерінен құралған. «Цай»- әдемі, сұлу деп аударылады. Ал «қан» жалпы түркі-  мыңғұл жұртына ортақ ,  «үлкен» сөзінің баламасы. Сонда Сайқанның қазақша мағнасы- Үлкен әдемі тау.  Бала сайқанды талдау қажете емес. Өзі- ақ «кіші» дегенді айтып тұр.

Үлкен жолдың бойында Көлбай ауылы орналасқан. Ауыл атауы қайдан шыққаны тұрғысында екі дерекке сүйенуге болатын секілді. Бірінші: Қаракерей Қабанбай батыр басқарған қазақ қолының барлау,  қауіпсіздік қызметтерін, айтуларға қарағанда,  найманның садыры Көлбай батыр басқарады. Өзі де, жансыздары да көзге түсе бермейтін адам екен. Барлаушылар бүгін де солай ғой. Қаракерей Қабанбай батыр Көлбай атамызға деген соғыс олжасын бөлек ұстапты. Себебі, Көлбай батыр өзіне деген үлесті мерт болған, жарымжан барлаушыларының шаңырағына таратып жіберетін көрінеді. Өзі үйіне сопа бас келеді екен. Осыны білетін Дарабоз Көлбай үйіне жетті- ау дегенде келініне сәлем айтып, мал- мүлкін жіберіп отырыпты. Қалмақты жеңуімізге барлаушы- жансыздардың ұлан- ғайыр үлес қосқаны анық.

Екінші: Кеңес үкіметімен байланысты. Алғашқы мойынсеріктердің бірінің бастығы Көлбай деген адам болыпты дейді. Меніңше, ауыл аты арғы Көлбай батырдың атымен байланысты. ХІХ ғасырдың жиырмасыншы

жылдарының басында осы өңірге Көлбай батырдың ұрпақтары келіп орналасуына орай «Көлбай» атанса керек.       

Балхаш- бір жағы тұщы, екінші жағы ащы ерекше су бассейіні. Көл маңына әр кезде әртүрлі халықтың орналасуына қарай  атауы да сан өзгеріске ұшырап отырған сыңайлы. Түркілер- Қарақытай деп, Орта Азиялықтар мен

Арабтар- Қидан деп атаған мемлекет ерте замандардан ХІІІ ғасырдың алғашқы жиырма  жылдарына дейін  бүгінгі батыс Жетісудан тартып, Алтайдың батыс сілемдеріне қарай созылып жатты. Күшілік хан бастаған наймандар  келіп,  мемлекет билігін біртіндеп қолға алған соң бұл жұрт  аяқ астынан, біржола тарих бетінен жоғалып кетті. Жоғалған жоқ- ау, найманға сіңіп, найманданды және де басқа көптеген қазақ руларының құрамында жүр.  Олардың тегі- ұлты жөнінде ғалымдар сан қилы болжамдар жасауда. Негізі түркі жұртына жақын дегенді дәлелдеді. Осы халық Жетісуды мекендегенде Балхашты картаға түсіргендер «Таклама» деп жазыпты. Наймандар мен қазақтар «Көкше теңіз» деп әспеттепті. ХҮІІ ғасырдың аяғына қарай қазақтарды ысырған қалмақтардың келуімен көл  Балхаш аталып кетті..

         «Мыңғұлдың құпия шежіресінде» «балхаш» сөзін екі жерде кездестірдім. Шыңғысханды әтуірлеп кең, жазық, көкшалғында қарсы алады. Жанға жайлы, айдынды сондай жерді – олар балхаш дейді екен. Ал қазіргі қалмақ- жоңғар тілінен қазақшаға- ауқымды, кең, айдыны үлкен деп аударылады. Қазақстанның өзге өлкелерінде мұндай топономикалық атау кездеспейді.

Балқашқа келіп құятын өзендердің бірі- Лепсі. Топономдар екі түрлі версияның маңайында пікір жарыстырып жүр әзірше. Біріншісі- «қатты, лапылдап ағатын су» деген мағна береді дейді. Өз басым бұған күмәндімін.

Себебі, қазақ суға қарата  «лақылдай ақты», «лықа толды»,  «лекілдей төгілді» дейді. «Лапылдау»  отқа байланыстырылады. Бұл сөздің суға еш қатысы жоқ. Екінші топшылау- Жетісудың  қарт шежірешісі Тәңірберген Қалилаханов атадан қалды. Қария сөз түбірі- «лобсу» дейді. Түркі- мыңғұл халықтарына ортақ сөз көп. Екі ел де жүрегі айнығанда «жүрегім лобып  тұр» дейді. Балхаш есте жоқ ерте кезде Алакөлге құйған.  Ол арна әлі күнге Алакөл ауданының Қызыл қайың ауылының жанында сайрап жатыр. Сонан соң лобып, Балхашқа ауған. Орыстардың келуімен сөз өзгерген. Орыстар алғашқы буындағы «о» әрпін «а» деп дыбыстайды. Мысалы, Москва дегенді-Масква, окно дегенді- акно, Олжасты- Алжас дейді. Солар өз тілдік нормаларына сәйкес «лапсу», «лапсы», «лепсы» деп шатыстыра жүріп, картаға «Лепсы» деген атау түсіреді. Т. Қалилаханов Лобсуға орыстар келмей тұрғанда  туған  аталарын көзі көрген, олардың өзенді осылай атаулағанын  өз құлағымен естіген адам. Сенімдісі де осылай аталуы.

Басқан, Сарқан өзендері қатар ағып, Ақсуға құяды. Топономиканың белгілі маманы А. Әбдірахманов Басқан туралы «Атау екі сөзден жасалған: бас (негізгі, үлкен)+ қан (өзен), яғни  «үлкен өзен» деген мағна береді . Мұндағы қан (ған- кем- хем) сөзі сонау Үндістаннан бастап, Кореяны қамтып жатқан орасан зор аймақта «өзен, су» мағнасында қолданылады» дейді. Бұл талассыз нәрсе.

Бірақ, «Сарқан (Сарықан) өзенінің аты да осы терминнен жасалған. Мағнасы «Сары өзен» дегенді білдіреді»  деп тұжырымдауына Жетісулықтар келіспеген. Себебін тағы да Тәңірберген ақсақал өткен ғасырдың ортасында айтып кеткен. Ол кісі «Өзеннің қазақша аталуы «Сарыққан». Ерте заманда тау басындағы көл құлап, өзен соның табанынан сарқылып ағып жатыр. Сарқан қаласының ортасындағы үйдей тастарды сондай алапат қана домалатып әкеле алады. Оның үстіне өзен ешқашан сарғаймайды. Көл орны әлі анық көрінеді. Барып көз жеткізгенбіз» деген.

         Естеріңізде болса өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Есік көлі құлап, үлкен қасірет әкелді. Сол көлдің түбінен қазір сарқын  су ағады. Т.Қалилахановтың дәлелдері еш дау туғызбайды. Өзен шынында да құлаған көлдің табанымен ағып жатыр.  Жайлауды аралап жүргенімізде біз де арнайы барып көрдік.

         Ақсу атауы бір тілден екінші тілге аударылып отырған екен. Жерімізге қалмақ  кіргенде олар өзенді өз тілімен «Шаған» атапты.  Осы жермен жүріп өткен Андреев 1778 жылы солай жазып алыпты. Шағанның қазақшасы – ақ. Кейінірек, 1810 жылдары мұнда шапыраштылар, найманның садыр,  матайлары жете қонады. Ежелгі атауын қалпына келтіреді.

Әр түрлі пікір туғызып жүрген атаудың бірі- Қапал. Алматы- Өскемен күре жолының бойындағы Қапал ауылына бұрылысқа Қапал батырдың бюсті қойылыпты. Осыған орай өңір осы батырдың есімімен аталған ба деген сауал қойыла бастады. Сұраққа жауап беру үшін тарихи құжаттарға жүгінеміз. Ал ол құжаттар қазақ даласына орыстардың келуімен картаға түсіп, хаттала бастады. Орыс құжаттарының ерекшелігі:  атаулар-  мүдделі  рулардың, тайпалардың, біреулердің ыңғайына  қарай бұрмаланбаған, ішкі  есеп жоқ. 1718 жылы Семейге бекініс салып, қазақтармен абайлап араласып, бізді зерттей бастаған басқыншылар біреудікін, біреуге телудің артынан дау шығатынын, қазақтың аса жершіл халық екенін өте жақсы түсінген.  Әрине, транскрипциялау барысында қате кетуі мүмкін. Бірақ  ол кемшілік тез түзеледі. Кез- келген атаудың қайдан шыққанын шамалары келгенше түсіндіріп, талдап отырады.

 Жер мәселесіндегі арыздар асықпай, жан-жақты айлап, тіпті, жылдап қаралған. Мысалы, жалайыр сұлтандарының Лобсуға дейінгі жер Орта Жүзге тиесілі емес еместігін дәлелдеуге тырысқан және ол жерді найманнан алып, жалайырларға беру жөніндегі 1847 жылғы арыздарын бір жыл бойы бірнеше коммиссия кезек- кезек тексереді. Шешім сонан соң ғана қабылданып, арыз негізсіз деп табылады. Орта Жүз найман мен Ұлы Жүз жалайырдың шекарасы былай белгіленеді: Жоннан төмен тартып, Балықты өзеніне дейін, осы өзен бойымен құлдилап, Қаратал өзеніне дейін. Осындай мысалдарға қарағанда орыстар жаугершіліктерінің алғашқы кезеңдерінде әділетті болуға тырысқан. Толық күш алып кеткенше қарсылық туғызбаудың амалдарын қарастырған.

Қапал туралы  Н. Аристов былай жазады: «...1846 году отряд выбрал место для возведения укрепления на ур. Копалы...14 августа 1847 года султаны Сюк Аблайханов, Али Адилев и Акимбек Аблаев приведены были к присяге на подданство и в том году началось устройство Копальского укрепление». (Н. А. Аристов. Усуни кыргызы или кара- киргызы. Бишкек 2001 г. 474 с тр) Осы тарихшы Кенесары ханның басы туралы да дерек беріпті: «Кенисара Касимов... сложил на берегах Чу, близ устья Кара- кунуса, свою голову, которая была возима в Копал и Ташкент.» (486 бет.)   

Немесе мына құжатқа қараңыз:

«Семиреченская область.

 Аягузский внешний округ, образован в 1830 г., Приказ с 1831 г.

Ага- султан приказа- Бексултан Агадаев.

Приставство киргизов Болшой орды.

Учреждено в 1847 году на землях казахских родов и племени Старшего Жуза/Большой Орды, принявших россиское подданство 22 июня 1846 г. ... Центр- основанный в том же 1847 г. поселок Копал.» (centrazia.ru/cnt2.)

Орталықтың Қопалыдан Верныйға ауысқан кезіндегі бір құжатқа назар салайық: «В 1863 г. Отряд шт- капитана Проценко привел к присяге киргизские роды Прииссыккуля. Центр- Копал (до 1862), с 1862 г. Укрепление Верное.»

Құжаттар 1918 жылға дейін «Қопалы» болып келеді. Сауатты, білімді патша шенеуіктері қызметтен кетіп, орнына сауатсыз большевик мұжықтар келген соң, олар не естісе соны жазып, «Қапал» болып қателеседі. Орысқа қарсы келе алмаған момын қазақ осыған көндігеді.

         М. Тынышбаев бекініс атауы Қопалы бұлағынан шыққанын дәлелдейді. Сөйтіп, атау «Копал» емес, орыс тілінің грамматикасына сай, «Копалинское» болуы тиіс еді» деп, біз айтып отырған сауатты орыстардың өзін шенеп өтеді.

         Мынадай нақтылы, сол тұстардағы тарихи құжаттардан соң бүгінгі «Қапал» сөзінің қате жазылып жүргенін, дұрысы «Қопалы» екеніне анық көз жетеді. Қапал батырдың да, «қапал» сөзінің де бұл жаққа еш қатысы жоқ. Түпкі тарихи атауы- Қопалы.

         Осы өңірдегі қазақы бір атау - Ешкіөлмес. Ешкі малы суыққа да, ыстыққа да шыдамайтын төзімі тақа түлік. Осыдан «ешкіөлмес» сөзінің мағынасы шығады. Қысы жылы, жайлы жер.

         Қалмақтан қалған «Баян зураг», «Зун зураг», «Цайм Булек» атауларын біз- Баянжүрек, Жүнжүрек, Сайын Бөлек деп жүрміз. Баян- бай, сұлу; зун- сол жақ деп аударылады. Ал Сайын Бөлек қалмақтардың аса ірі әскери  қолбасшысы болған айтулы тұлға. Хойт руының көсемі Сайын Бөлекті 1772 жылы  капитан Андреев Қаратал, Көксу, Қопалы өңірлерінде 3700 шаңырақ қалмағымен көшіп жүрген жерінен кездестіргенін жазып қалдырған.

         Жетісуда «Қоянкөз» аталатын бірнеше мекен бар. Әдетте, көрікті, көкорай шалғынды аймақты, қазақ «Шіркін, қоянның көзіндей әдемі екен» дейді. Осы мекендер расында да тау арасы немесе етегінде орналасқан. Біздің елдегі апаларымыз:

                            Қоянкөздей жер қайда,

                            Қоянбайдай ел қайда?-

деп әндетіп отырушы еді бала шағымызда.

         Көпшілік мағынасын тап басып айта бермейтін кей атаулардың өздеріне ғана тән осындай тарихы, мәні бар. Мұны да біле жүрейік.

 

Камал Әбдірахман,

Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің

шырақшысы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377