Жұма, 22 Қараша 2024
Қазақтың тілі 9390 0 пікір 28 Тамыз, 2014 сағат 12:54

ҰЛТТЫҢ ТІЛІ ЖҰТАСА, МІНЕЗІ ӨЗГЕРЕДІ (жалғасы)

V

Сөйлеу мәдениетінің жоғалуы өзімен бірге көптеген әлеуметтік дерттерді ала келеді. Ең алдымен тілдің қолданысының кемуі ұлттық рухани құндылықтар қолданысының кемуіне алып келеді. Рухани құндылықтар кем қолданылған сайын әлсірейді, жұтайды, ақырында ұмыт болады. Ешбір ұлт өкілін өз ұлтының рухани құндылықтарынан тыс жат құндылықтар толыққанды тұлға ретінде қалыптастыра алмайды. Қазір қазақ тілінің байырғы қазақ қоғамындағыдай кең өрісте, бүкіл қарым-қабілетімен, көркемдігімен, шешендігімен қолданыла алмауы салдарынан көптеген мақал-мәтелдер, көркем теңеулер, шешендік оралымдар, ұйқасты, мәнерлі сөздер қолданыстан шығып барады.

Жақында біздің орта жастағы филолог ағамыз менің өлеңдерімде қолданылған «тін», «назалы», «ойжады», «естанды», «арсауға» деген сөздердің мәнін сұрады. Тілдің тіршілігі – қолданылуында ғана, жаңағы кейіпкеріміз өзі тілтанушы бола тұра күнделікті қолданысында болмаған сөздердің мағынасын түсінбей отыр. Бір өзге мамандық иесі менің өлеңдерімді оқып болып: «Өлеңдеріңіз қазақша жазылған ба?» деп сұрағаны бар...

Бұған дейін қазақ әдеби тілі мен сөйлеу тілінің айтарлықтай айырмашылығы жоқ еді. Сөйлеу тілін ерекшелендіретін жергілікті жерлерге тән жекелеген сөз қолданыстары болатын. Қазір біздің әдеби тіліміз бен сөйлеу тіліміз бір-бірінен алшақтай бастады. Бұған жаңа сөзжасам әдістерімен көптеген сөздер мен сөз тіркестерінің жаңадан қолданысқа еніп жатуы белгілі бір дәрежеде әсер етуде, бірақ ең басты мәселе тағы да сөйлеу мәдениетінің жұтауына келіп тіреледі. Негізгі сөздік қорды белсенді қолданбағандықтан, сөйлеу тілінің өміршеңдігін сақтамағандықтан, оны көркем де кемел тұрғыда қолдана алмағандықтан біз қазақ әдеби тілі мен ауызекі сөйлеу тілінің ажырауына себеп болудамыз. Бұл үдеріс жетістік емес, келеңсіз құбылыстар салдары болып саналады. Қоғам өмірінің белсенді салаларында қазақ тілінің аударма тілге айналғаны аздай, кәсіби және күнделікті қолданыстармен шектелген қарабайыр ауызекі сөйлеу тіліне айналу қаупі бар.

Ұлттың тілі жұтаса, мінезі өзгереді. Орыс тілді қазақ балаларының мінезі тік, құрмет сезімінің кем болатыны − ұлттық мінез бен құндылықтардан хабарсыз қалудың салдары. Мұндай мінез орыс ұлтының өзіне жарасады, себебі ол сол ұлттың өзге құндылықтарымен астасып жатады. Яғни сол халықтың бойындағы табиғи ашық мінезділік, тәрбие мәселесіндегі өзіндік құндылықтар, қоғамдық ортадағы мінездер мен іс-әрекеттерді қабылдау ерекшеліктері тоғыса келіп, тік мінезділікті табиғи түрде туындататындықтан, ол ортада бұл мінез ерсі көрінбейді. Ал үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпеген, үлкенге қызметті парыз деп білген, әйел баласы ердің бетіне келмеген, келіні иіліп сәлем салған, «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, Ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген тәліммен өскен біздің қазақ халқы үшін өзінен кіші баланың тік мінездің жөні осы екен деп, ә десе мә деп, бетінен алып жатқаны шаншудай қадалары сөзсіз. Оған өзіміз де куә болып жүрміз. Қазір қоғамдық ортада қызмет көрсету саласында көбіне орыс тілді жастар жұмыс істейді. Бір нәрсені анықтап сұрағың келсе, екі сөзге келмей, дікілдеп жауап беретіндері аз емес. Осындайда бір апамыздың «Өзіңнен кішіден сөз естігеннен жаман нәрсе жоқ» дегені үнемі еске түсіп отырады.

Тілде рух бар. Сол рух сөйлеу арқылы сақталады. Себебі сөйлеу жоғалса, тіл жоғалады, тілмен бірге рух кетеді. Қазақ тіліндегі көптеген шұрайлы қолданыстардың өзге тілге аударылмайтынын біз жиі айтып жүрміз. Бұл кәсіби сөздерге ғана емес, рухани құндылықтарды білдіретін ұғымдарға да қатысты. Мысалы, «обал» деген сөзді орыс тіліне қалай аударасыз? Жанама ұғымдар табылуы мүмкін, бірақ осы ұғымды бар бояуымен, қолданылу ерекшеліктерімен бере білетін сөзді өзге тілден табу қиын. Сол секілді орыстың «предвзятое отношение» деген сөзін қазақшаға аудару өте қиын. Өйткені бұл – менталитеттің ерекшелігін көрсететін ұғым, ал қазақ менталитетіне байыбына бармай, алдын ала шешім қабылдап алып, соған сәйкес іс-әрекет жасау тән емес.

Тіл – тұлға санасын қалыптастырушы фактор. Сондықтан тіл сапасы жоғалса, адам сапасы да жоғалады. Қазір біздің алдымызға қазақ бола тұра қазақша ойлай алмайтын, жаза алмайтын қызметкерлер көп келеді. Олар бала кезінен қазақ тілін толыққанды дәрежеде тұтынып өспегендіктен, сөйлеу тілі кемел дәрежеде дамымағандықтан толыққанды ойлауға да, жазуға да қабілетсіз болып қалыптасқан. Бұған сөйлетпейтін, жаздырмайтын, тек жаттап алып, белгілей беретін тестілеу тәртібін қалыптастырған білім беру жүйесінің де кері әсері өлшеусіз. Ойлау да, жазу да – шығармашылық үдеріс. Шығармашылық қабілеті, мүмкіндіктері толық ашылмаған адам толыққанды тұлға бола алмайды. Соңғы онжылдықта мектеп бітірген буында сауатсыздықтың белең алуы да осының салдары. Мұның зардабын бүкіл қоғам тартуда, себебі сол буын қазір ел қызметінің ен ортасында жүр. Мен баршаға бірдей сын айтудан аулақпын, бірақ өкінішке орай тілдік тұрғыдағы сауатсыздық қазір кең тараған әлеуметтік дертке айналып отыр. Бұл жағдай белгілі бір дәрежеде қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады, өзгелер енді солардан үйренуде.

(жалғасы бар)

Айнұр Әбдірәсілқызы,

ҚР Дін істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі

филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279