Тарихта «жабулы қазан» қалмауы керек
Қанша жерден бәрі өзгереді, бәрі өтеді де кетеді десең де өзгертуге ешкімнің хақы жоқ ең бір киелі нәрсе бар. Ол – әр ұлттың тарихы. Өз тарихының ақиқаттарын білмейтін ұлтта ұлттық рух, ұлттық намыс деген болмайды. Жаратқан Иеміз әр ұлтқа рух ретінде оның өз мәдениетін, оның өзіне тиесілі тілін, дінін берген. Оны өзгертем, бірнеше ұлттың бәрінен бір ұлт жасаймын деу барып тұрған ақымақтық.
Егер бір мемлекет шын тәуелсіз, шын азат мемлекет болса, оның мектептері мен оқу орындарының оқулықтарында, кинофильмдерінде, бүкіл әдебиеті мен өнерінде, ән-күйінде, ақыр-аяғы сәбилеріне арналған мультфиьмдерінде де өз ұлтының тағдырнамасы – шынайы тарихы жазылған болуы керек. Сонда ол ұлттың ұрпағы ең саналы, ең батыл, ең өжет, ең ұлтжанды, ең отаншыл сау-саламат жаужүрек ұрпақ болып өседі. Осыған орай сәл шегініс жасайықшы: біз өткен жылдары –Мәскеу басқарған КСРО кезінде үлкеніміз бен кішіміз көретін кинолар қандай еді? Соларды көріп отырған адам мына жер бетінде ең бір ұлы халық, орыс деген халық екен, орыстан өткен оқымысты, орыстан өткен ақылды, орыстан өткен батыр халық жоқ деген ойдың батпағына қалай батып кеткенін өзі де байқамай қалатын. Ал кіп-кішкентай сәбилеріміз көретін мультфильмдерде кілең «русский богатырьлар» әлдебір қысық көз, мысық мұрт, тақырбас «дикарьларды» бір ұрып екеуін, қылышпен бір сілтеп онын жайратып жататын. Сол кезде біз әлгі «богатырь» деген сөздің де өзіміздің «батыр», «баһадүр» дегеннен шыққанын, Москва, Кремль деген сөздердің орысқа түк қатысы жоқ екенін біле тұра айтуға қорқатынбыз. Оны айтасыз-ау, әлгі мультфильмдерде орыстар «бейте проклятых басурманов» дінімізге тіл тигізіп, күндей күркіреп жататын. Ондай фильмдерді көріп кинотеатрдан шыққасын орыс балалары бізге әкіреңдеп тиіспей өтпейтін. Міне, ұлтты ұлт қылып, аман сақтаудың, ұрпақты ержүрек, батыл, ұлтжанды, отаншыл етіп тәрбиелеудің басты құралы–тарих екеніне осының өзі-ақ дәлел болса керек.
Иә, тарих қашан да саясаттың жетегінде жүретіні рас. Егер бір ұлт екінші бір үстем ұлттың қоластында, бағыныштылықта болса ол өз тарихының шындығын айта алмайды. Бұл дәл қазір біз ашып отырған жаңалық емес. Аллаға шүкір! Біреулер – күрессіз келген тәуелсіздік, біреулер – ойда жоқта өзі келген тәуелсіздік десе де әйтеуір тәуелсіз ел деген есіміміз бар. Алайда, біз сол азаттық алған 24 жылдан бері ұлтымыздың ата-тарихының Құдай алдында да, адам алдында да күнәсіз небір ащы ақиқаттарын «жылы жауып» қойып келеміз. Біздің бүгінгі үлкен-кішіміз оқып жүрген тарихымызға назар салсаңыз, көз алдыңызға қатар-қатар тізіліп тұрған «жабулы қазан» елестер еді. Олардың ішінде не жатқанын жан-адам білмейді. Біздің тарихымыз біріншіден әлі де Ресей тарихымен «бауырластықтан» арыла қоймаған «интернационал тарих» деуге келіңкірейді десек, екінші бір одан өткен қасірет кейбір тарихи мақалалар мен зерттеулерден жүзшілдік пен рушылдықтың исі мүңкіп тұратындығында болып отыр. Тіпті, Абылай хан туралы әртүрлі болжамдар мен долбарлар қаншама?! Солардың бірінде Абылай үйсін Төле бидің түйесін баққан құлы болса, енді бірінде Арқада Әбілмәмбет төренің түйесін бағып жүреді. Яғни, «қызмет ауыстырады!». Соған қарап Абылайдың негізгі мамандығы түйешілік екен деуге де әбден болады. Осындағы және бір күмән туғызар сөз «Арқа» сөзі. Ол заманда қазақ даласының сонау батыс өңірінің Ресеймен шектесіп жатқан ұлан-байтақ даласының бір бөлігі «Арқа», «Сарыарқа» деп аталған. Құрманғазының Сарыарқа деген күйі сол сары далаға арналған. Біздің кейбір тарихшылар Құрманғазы ол күйді түрмеден қашып шығып осы күні Арқа атанған Орталық Қазақстанға келгенде шығарған екен, одан Алматының айналасындағы Алатауға келгенде оның асқар шыңдарын көріп «Алатау» деген күй шығарған екен деп бүгінгі ұрпақтың миын шәт-шәлекей қылды. Шындығына келгенде қазіргі Ақтөбе мен Атырау уәлаяттары қиылысқан аймақта пәленбай шақырымға созылып жатқан ақшаңқан таулар бар. Бұл аймақтың қазақтары оны Алатау деп атайды. Құрманғазының басқа адуын, өршіл, дауылпаз күйлеріне қарағанда ойшылдау, сыршылдау, мұңшылдау тартылатын «Алатау» күйі міне, осы тауларға арналған. Біздің тарихшы атанып жүрген кейбір сауаттыларымыздың жершілдігі мен жүзшілдігінің исі осындайдан-ақ байқалады да тұрады. Әйтпесе, Бұқар жыраудың қай блокнотынан тауып алғанын қайдам «Ей, Абылай, Абылай» өлеңінде «Арқа», «Әбілмәмбет» деген сөздер бар екен дегенді енді ғана естіп жүрміз. Осылайша, «еңбек кітапшасына» түйешілік пен жылқышылықтан басқа жазу түспеген Абылай егер паспорты болғанда оған біздің тарихшылар ұлты кім деп жазар еді? Өйткені, олар оны біресе «қожа», біресе «төре», біресе атығай руының Дәулеткелді деген байына өзін «сартпын» деп таныстырыпты дейді.
«Дат» газетінің биылғы (10.04.2014) бір санында сатирик ағамыз Ғаббас Қабышев «Болған» мен «болмаған» былыға берсін бе?» деген мақаласында осындай бір өрескелдікті баса айтады. Сөйтсек, бір кітапта Сүйінбай Аронұлының айтуынша, Абылайды Төле би көргенде Абылай Ташкенттің шайханасында от жағып жүрген екен. Және мұнда Төле би Үш жүзге би болыпты-мыс. Және Абылайды хан көтеруге Төле би де қатысыпты-мыс. Иә, Төле би бабамыз 1663 жылы фәниге келіп, 1756 жылы бақиға аттанды, ендеше Абылай 1771 жылы хан сайланғанда ол жерге Төле би бабамыз қайдан, немен келген? Осыны Сүйінбай айтыпты дегеннің өзі зор күмән туғызады. Оны осы күнгі рукардия немесе тайпакардия ауруына шалдыққан ғалымсымақ, тарихшысымақ біреу жолдан қосып жіберген болуы әбден ықтимал. Міне, әлгінде кейбір тарихшыларымыздың жүзшілдік, рушылдық дертінің кесірі ата-баба тарихына да кесірін тигізуде дегенде айтпағымыз осы еді. Тарих шалдың басынан өткергендерін өз тайпасының, өз жүзінің жоқ даңқын асыруға пайдаланбақ болып өз ыңғайына қарата қара терідей тартқылаушылар сонысы арқылы бүгінгі, ертеңгі қазақ ұрпағының ақыл-есін, санасын сансыратып жүргендерін не байқамайды, не әдейі солай жасайды. Қазір көптеген кітаптарда, баспасөзде жарияланып жүрген мақалаларда жоғарыда айтқанымыздай Абылай туралы өрескел бұрмаланған мағлұматтар қаптап жүр. Әсіресе, «Абылай бүкіл қазақтың басын біріктірді, ол екі үлкен соғыста Жоңғарды ойсырата жеңді, ол үш жүзді басқарды сияқты не датасы, не соғыс болған жері көрсетілмеген долбарлар, ойдан шығарылған уақиғалар өте көп. Кейбіреулер өзінің жалған тарих жазбақ ниетін Елбасымыздың қолдауымен деп онысын халықтың құлағына сіңіруде. Сондықтан Абылайдың шынында да кім болғанын жақсы білетін небір ғалымдар ойларын ашық айта алмай жүргені де рас. Тек мынаны ескерсек көп жәйттің басы ашылады: Абылай Ресейдің қазақ жеріндегі ең үлкен досы болды. Абылайды бүкіл қазаққа үлгі, өнеге етіп көрсету үшін патшалық Ресей тарихшылары да, Кеңестік Ресей тарихшылары да көп «қамқорлық» жасады. Біз Абылайды мүлде жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Бірақ бүкіл қазақ тарихында, не әдебиетінде, не ғылымында бір адамды төбеге көтеріп алып, соны «өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғанай» қып судай сапыру ұрпағымыздың ұрпағына жасалатын кешірілмес қиянат. Сондай ойдан шығарылған аңыздардың бірінде Қалдан Сереннің баласы Чарыш дегенді Абылай жекпе-жекте өлтіріпті-мыс. Бұл уақиға өтірік екенін Абылайдың кеңестік дәуірдегі зерттеушісі В.А. Мойсеев мойындаған дейді білікті тарихшылар. Біріншіден, дейді тарихшылар Қалдан Сереннің ондай баласы болған емес. Екіншіден, Абылай ондай батыр, қолбасшы болғаны туралы еш дерек жоқ,–дейді олар. Үшіншіден, 1740 жылға дейін Абылай туралы еш жерде бірде-бір дерек жоқ. «Ақтабан шұбырынды» уақиғасында Абылай атымен жоқ. Иә, Абылай ғана емес, өткен тарихымызда айтылып жүрген толып жатқан тұлғаларымыз туралы хикаят, зерттеулерде әркім өз жүзінің, өз тайпасының ошағына қарай күлше тартуы өте жиі кездеседі. Қазір «Бұқар жыраудың батасы» деп айтылып жүрген әндегі Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ ұлы Жәнібек деген жолдарға осы үш жарықтық көзі көрмек түгіл, құлағы естіп көрмеген тағы бір батыр «қосылып» кетті. Ендеше...
Осы күні қазақ тарихы туралы оқулықтарды қарап отырсаңыз, бүкіл тарихымызда бір жоңғар деген жалғыз жауымыз болыпты. Қазақтың бүкіл шаруасы тек солармен алысумен өткен. Ал 1591 жылы Ресей патшалығы Яицкое, одан Оренбургское, кейін Семиреченское казачестволарын және казачьи полк дегендерді құрғаннан бастап қазақ даласының Батыс өңіріне орыстар жасаған қанды қырғындар оларға қарсы қазақтардың ерлік шайқастары туралы ләм-мим жоқ. Айтуға болмайды. Яғни, біз баяғы Кеңес кезіндегі «братский русский народ», «қазақты адам еткен орыстар» деген соқыр сенімнен әлі де арыла алмай отырмыз. Бұл туралы Х. Досмұхамедовтың «Кіші жүз қазақтарының 250 жылдық тарихы қанмен жазылды» деген, сол кезеңдерді мұқият сараптаған тарихшы М. Әбдіровтың «Многострадальная казахская земля обильно полита кровью наших предков» деген кеудесінде намыстың жылт етер ұшқыны бар әр қазаққа ой салатын ордалы сөздерінің бірі айтылмайды. Оның есесіне қазір жоқтан бардан құрастырып, ақша төлеп кітап шығаратын
Ру шежірешілері мен Ру тарихшылары
әр аудан, әр қала, әр уәлаят (облыс) орталығында өріп жүр. Тіпті, солардың біразы аудандық, облыстық «ақсақалдар алқасы» деп аталатын қызметте істейді. Көпшілігінің омырауында Ұлы Отан соғысына қатысқанын көрсететін жез медальдер, Георгиев лентасының үзінді шүберегі немесе В.И. Лениннің жүз жылдық мерейтойына берілген медальдар бар. Солардың көбі сол Георгий дегеннің кім екенін де білмейді. Әрине, біресе патшалық, біресе кеңестік Ресейдің әрі қанқұйлы, әрі сайқали идеологиясы санасына сіңіп қалған ақсақалдарға өйтпедің де бүйтпедің дей қою обал-ақ. Сөйтсе де еліміз Ресейден азаттық алған 24 жыл ішінде сол ақсақалдарда аз да болса ұлттық намыс, ұлттық сезім дегендердің оянуына әбден болатын еді. Ал бір журналдың мұқабасына Гитлердің суреті берілгені үшін біздің кейбір ақсақалдар жеті жұртты шулатты. Бұл да баяғы Мәскеуге, Кремльге деген құлдық антқа әлі де адалдықтың айғағы емес дей аласыз ба? Біз бұл арада қанішер Гитлерді оның адамзат алдындағы хайуандық әрекеттерін ақтағалы отырған жоқпыз. Алайда, әр нәрсеге өз ұлтыңның мүддесі тұрғысынан да қарау үшін көп оқып, саяси дәріс алудың онша қажеті жоқ. Әйтпесе, сол 1941-1945 жылғы соғыс қазақтар үшін шынымен Ұлы Отан соғысы ма еді? Сол соғыста бірнеше жүздеген мың қазақтың сүйегі кім үшін, кімді кімнен қорғаймын деп басқа ел, басқа жұрттардың орманы мен батпағында ит-құсқа жем болып, көмусіз қалды? Қазаққа Мәскеу мен патшалы Петербург жасаған басқа қырғындарды айтпағанда 30 жылдары әдейі жасалған ашаршылықта қырылған 4 миллион қазақтың құны мен кегі қайда? Семей, Азғыр полигондарында 40 жыл жасалған ядролық сынақты айтпағанда күні бүгінге шейін қазақ жерінде Ресейдің ірі-ірі 7 сынақ алаңында күн сайын зымырандар ұшырылып, тіпті Ресейден ұшырылғандарының өзі қазақ жеріне «байқамай» құлайтыны қалай? Көршілес Ауған еліне Мәскеу генералдарының бұйрығымен қазақ жігіттерін апарып қанды қырғынға салу ше? Айтпақшы, қазақ жігіттерінің арасында сол бейбіт ауғандарды қырып-жоюға қатысып келгеніне мақтанатындар да бар. Оларды интернационалист-жауынгер деп атайтындар да көп. Осының өзі-ақ бізде баяғы кеңестік сайқали саясаттың зардабы әлі де өз күшінде тұрғанының, елімізде болған әрбір тарихи уақиғаға қазақтың ұлттық мүддесі тұрғысынан баға берілмеуінің кесірі. Әнебір жолы бір газеттен жап-жас корей жігітінің сұхбатын оқыдым. Сонда ол өз елін Жапония 40 жыл ғана отар қып ұстағанын, содан бері қаншама заман өтсе де әрбір корейдің кеудесінде жапондарға деген кек, ашу-ыза әлі де кетпейтінін айтады. Айтады да «Ал сіздер қазақтар Ресейдің отарында 300 жылдан астам болдыңдар. Сөйте тұра, әлі де орыстың ығына жығылып, солардың ыңғайына бейімделіп сөйлейсіңдер. Мен сіздердің неліктен өйтетіндеріңізді білмеймін, бірақ ол сіздерде өз тарихыңыз дұрыс оқытылмауынан болуы да мүмкін» дейді.
Корей жігіті сипақтатып айтса да өте дәл айтып отыр. Біз Ресейден азаттық алдық, елімізде күнде-думан, күнде той деп 24 жыл өткіздік. Мейлі, той-тойлау да керек-ақ шығар. Бірақ осы аралықта тілімізді төрге шығармағанымыз былай тұрсын, ең болмаса ұлттық тарихымызда қолдан жасалған қиянаттарды ашық айтып, соларды әділдік пен ақиқаттық тұрғыдан қайта саралау дегенді әлі «жылы жауып» қойып отырмыз. Жасыратыны жоқ, олай етуге бізді 4 ғасыр темір шеңгелінде ұстаған, сол темір саусақтарын тәнімізбен жанымызға әлі де салудан тайынбайтынын ашық айтып отырған Ресейге қарап көзімізді ойнақтатуымыз да себеп болуда. Яғни, біздің тарихымыз отарлық саясаттың құрбандығынан әлі де арыла алмай жатыр. Бұл орайда әнебір кезде Марат Тәжин нағыз ұлтшыл азаматтық бастама көтеріп еді, әлдекімдер дереу ол бастаманың отына су құйып сөндіре салды. Оның есесіне, қазір елімізде екінің бірі шежіреші болып, бүкіл тарихты әр аймақтың абырой-беделіне қарай бұрмалайтын болды. Сондықтаанда қазақша дұрыс сөйлей алмайтын дүбәралардан бастап, балабақша, бастауыш сыныптағы сәбилер өзінің қай жүз, қай тайпа, қай руға жататынын айтып тақылдап тұр. Олардан Қазақстан қай елден тәуелсіздік алды, ата-бабаңның қанын ең көп төккен, аштан қырған ел қай ел десең бетіңе меңірейіп қарайды. Тіл жоқ! Ел жаққа шыға қалсаң, дастархан басында аузы-аузына жұқпай сұңқылдап шежіре шертіп, тарихты талқылап отырған сақалды, сақалсыз ақсақалдардан аяқ алып жүре алмайсың.
Қазір жасы келіп зейнеткерлікке шыққан кейбір қазекемдер мынадай бір «жұмыс» тауып алды. Мысалы, біреуі өз руластарын жинап үлкен бір топ құрады. Өзі сол топтың ақсақалы, не «штабтағы» басшылардың бірі болады. «Штабтың» негізгі міндеті сол рудың арғы-бергі замандарда бақиға кеткен адамдарының атын шығару, ас беру, қала берді сол рудың қорын құру. Шежіре кітаптар шығару. Өз басым осындай «қызметпен» айналысып жүргендердің бірнешеуін білемін. Солардың ішінде тіпті, бұрын министрліктің үлкен бір басқармасын басқарған да, прокуратурада қызмет атқарған да бар. Ал енді бір ғалым жігіт қазақта ықылым заманнан қалыптасқан «Тілеу-Қабақ» деген сөз тіркесіне «Қабақ-Тілеу» деп өзгеріс енгізгенін оқып таңғалдым. Оны танитын біреулерден «бұ қалай?» десем, оның руы Қабақ, сосын соны бірінші қып жазады деп жырқ-жырқ күледі.
Жақында ес жиып, етек жапқан, өскен жерім Шалқар қаласына барғанымда қолыма мынадай хат түсті. Хат осындағы Оразбай Әділбайұлы деген ақсақалға өкпе-наз ретінде жазылған. Орекең ақсақалдың ас-садақалы, той-томалақты жерде суырылып сөйлеп, шежіре, тарих соғып отыратынынан өзім де хабардар едім. Әнебір жылы ежелден осы өңірді жайлап отырған Тілеу, Қабақ руларының исі қазаққа белгілі тарихи тұлғаларына қатысты баспасөз бетінде біраз пікірталас болғанда да осы кісінің аты-жөні сол дау-дамайдың бел ортасында жүрген-ді. Орекең тарихшылығының ерекшелігі сол ол кісі әлгіндей жиындарда тарихи тұлғалар туралы сөйлегеннен-ақ өзін билей алмай асау сезім мен шалқар шабыттың жетегінде кетіп қалғанын байқамай қалатын адуын ақын ба, әлде бұл өзі домбыраны оңқай да, солақай да бұрап қойып тарта беретін күйші ме деп қалуға болатын сияқты. Әзіл ғой! Әзіл де болса қараңызшы. Ол кісі патшалық Ресейге қарсы ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі, шешен, би Мырзағұл Шманұлының 150 жылдығы қарсаңында «Шалқар» газетіне ол туралы: «Орынбордағы тағы бір жәрмеңкеде Жетіру елінің айбынды басшысы (?астын сызып сұрақ қойған біз.–М.К.) Жағалбайлы Дербісәлімен жәрмеңкені басқаруға таласады (?) Губернатордың алдында сөз алып Мырзағұл: «...Әлімнен айтсам алты, Шектіден айтсам бес атышулы жұлдызым бар (?) дей келіп руы Тілеу Мырзағұл Шманұлының сөзіне губернатордың тоқтағанын, сөйтіп жәрмеңкені Мырзағұл басқарғанын айтады. Көрдіңіз бе, «Сөйлер сөзге келгенде» өзін жанындағы жан атаулының тыңдамасқа амалын қалдырмайтын Оразбай ақсақал қыза-қыза келе 18 ғасырдың бірінші жартысында ғұмыр кешкен Тілеу Мырзағұлдың аузына «жұлдызым бар» деген сөзді де салып кеп жібереді. Оның «жұлдыз» деп отырғандары Әйтеке би, Мөңке әулие, Сәңкібай әулие, Бижан би, Қалдыбай хандар екен. Күміс көмей жез таңдай Мырзағұл түгіл қитабан қара қазақ ол заманда өздерінің билері мен әулиелерін «жұлдыздар» деген емес. Қазақтар 20 ғасырдың аяғы мен 21 ғасырдың осы күнгі кезеңінде ғана сөзі-сөз емес, әні-ән емес бірнәрселерді бақырып шақырып, секіріп жүріп өлең айтатын ақша тапқыштарды ғана орыстың «звезды эстрады», «кинозвезды» дегенінен аударып «жұлдыздар» дейтін болды. Әйтеке би, Мөңке әулиелер жұлдыз дейтіндей Сейфуллин Жолбарыс немесе «Мұзарт», «Бақай» топтарының әншілері емес. Әр заманның сөйлеу мәнері болады. Бұл шежіреші-тарихшы Орекеңнің бірінші қателігі. Осы Орекең-Оразбай Әділбаев арада біраз жыл өткенде (12.11.2013) Ақтөбедегі Шалқар қаласы күніне орай ашық эфирде әлгі «жұлдыздар» туралы Тілеу Мырзағұл айтты деген сөзін енді сол Орынбор жәрмеңкесінде менің бабам Сарышонай (Орекеңнің руы Қабақ) айтты деп басқа бір бүйіріне аунап түседі. Иә Қабақ Сарышонай бабамыз би болған. Ол 1740-1813 ж.ж. өмір сүрген. Ал тілеу, Ресей отаршылдығына қарсы азаттық күрескері атақты тарихи тұлға Мырзағұл Шманұлы 1847-1908 жылдар аралығында атақты би жағалбайлы Дербісәлімен қатар өмір сүрген. Бір тарихи уақиғаны біресе анаған, біресе мынаған теліп, елдің тарихи тағлымын өзі қалаған сәтте бұлайша бұрмалай салу ақсақал адамға лайқат еместігі былай тұрсын, бұл бауырлас екі аталықтың арасына жік салу емес дей аласыз ба? Біз бұны біреуді мұқату үшін айтып отырған жоқпыз. Алайда, құй, шежіре жазатын ақсақал, құй, тарихшы бол, тек Ақиқат – алдиярды бұрмалап, қу тіршіліктің әр сәтіне орай құбылтып отыру – адам алдында да, Аллаһ алдында да зор күнә. Және бұл бүгінгі, ертеңгі ұрпағымыздың өз ұлтын тануына, өз ұлты туралы сана-сезіміне зор кесапатын тигізеді. Ал ақсақал адам әр сөзінде ұрпақты бабалардың рухани үрдіс-салтын сақтап, олардың шынайы тарихын құрметтеуге баулып, ұлт тұтастығының, ағайын тұтастығының тірегі болып, көзі тірісінде өзінің артында өзі туралы жаман пікір, жағымсыз сөз айтылмауы жағын ертебастан ойластыруы керек.
Иә, тарих – бір ұлттың, бір елдің тек өткені ғана емес, ол соның келешек аман-сау болуына жол сілтеуші ең бір киелі ғылым. Басқыншы, отарлаушы ел тарихшылары өз саясатына бейімдеп жазған өтірік тарихты емес, өз ұлтының шынайы тарихын білетін ұрпағы бар ел ғана ең азат, ең тәуелсіз Ел бола алады. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихшылары бұдан былай ұлтымыздың тарихындағы небір «жабулы қазанның» қақпағын ашып тастайтын уақыт жетті!
Мырзан КЕНЖЕБАЙ.
Abai.kz