.. «ЖАЗБАЙ-АҚ ҚОЙЫҢЫЗШЫ» ДЕП ЖАЛЫНҒЫМ КЕЛЕДІ (Басы)
І
«Аbai-kz» сайты жақсы бір дәстүрді қолға алып, классик қаламгерлерінің шығармаларын оқырманға ұсына бастады. Соның ішінде Әбіш Кекілбаевтың атақты «Ханша дария хикаясы» повесі бар екен. Көптен бері тұщынып оқитын туындылар қолыма түспеген соң, «Ханша дария хикаясын» іздеп отырып тауып алған едім. Бірақ повесть соңындағы сайтты пайдаланушылардың пікірлерін оқығанда, бүгінгі оқырман деңгейінің соншалықты төмендігіне қынжылмасқа лажым қалмады. Көптеген пікірлер алынып тасталған, сірә, тұрпайы жазылған дүниелер болса керек. Қалған пікірлердің басым бөлігі шығарманы сынап-мінеуге, әріп қатесін тексеруге арналған қыжыртпа сөздер екен. Туындыны тамсана оқып, сөз өнеріне сүйсінген оқырман жоқтың қасы. Қарғыстың жаманы – «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дейді қазақ. Жаңағы сынсымақ пікірлерді айтушылар сөз қадірін ұғатын жандар болса екен-ау. Жазғаны қатеден көрінбей тұра, қаламгерді кінәлауға барын салып бағыпты. Бірлі-жарым парасатты оқырман ғана басалқалы сөз айтып, туындыға араша түсіпті...
Осыны көргенде небәрі жиырма жылдың айналасында қалай осынша құлдырап кеткенімізге қайран қалдым.
«Қырқып тұлпар тұяқ, қыран қанатты,
Өңшең дүмше өнер көзін ағартты.
Өз қадірін жоғалтқаны емес пе,
Қазақ бүгін сөз қадірін жоғалтты»
деп осыдан он бес жыл бұрын шырылдаған еді ақын Иран-Ғайып. Көркем әдебиет оқылмаса, сөз қадірі жоғалатынын қаламгерлер қашаннан-ақ болжаған. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары бір ақын ағамыздың: «Жедел жәрдемің қайда әлгі, Қазақ тіліне қан керек!» деп аттандағаны бар еді. Өкінішке қарай, қазақ әдеби тілі әлі күнге сол жансақтау бөлімінен шыққан жоқ. Сол қансырағаны - қансыраған.
Бірінші себеп – кітапқұмарлық атты игі мінезден айырылып қалғанымыз. Оның себебін сараптасақ, сонау мектеп оқытушыларынан күй кеткен нарықтық қатынастардың жаңа басталған кезіне барып тіреледі. Ел қашан есін жиып, нарыққа бейімделіп болғанша, «ұстаз» деген ұлағатты мамандықтың да абыройы кетіп болды. Біле білсек, көркем әдебиетке құштарлық, кітапқұмарлық – мектептегі ұстаздар еңбегімен тікелей байланысты дүние. Абай айтқан жан құмарын өз уақытында орынды жеріне бағыттамаған соң, рухани тәрбиесінде кемдігі көп тұтас бір буын өсіп шықты. Санасы өткінші құндылықтарға бой алдырған, қиялы қанаттанбаған күйі қалып қойған бұл буын да – нарықтық заманның бір құрбаны.
Екінші себеп – ашық ақпарат кеңістігі тудырған ағыл-тегіл ақпарат ағымының көптігі. Оқырманның өз ойымен оңаша қалуына, құндылықтарын безбендеуге, талғамын қалыптастыруға мұрша бермей тұмшалап жатқан телегей-теңіз ақпарат өз кезегінде орасан зор рухани бос кеңістік қалыптастыруда. Иә, көп ішіндегі жалғыздық секілді, көп ақпарат ішіндегі бос кеңістік те көзге ұрып тұрады. Бәрі бар, бірақ, ештеңе жоқ секілді көрінетін азырқану содан пайда болады. Құнсыздардың ішінен құндыны ажырату теңізден өзге ешбір тамшыға ұқсамайтын тамшыны іздеу секілді қиын дүние. Бұл талғамы қалыптаспаған жас үшін де, қалыптасқан жасамыс үшін де оңай сын емес. Сонымен қатар, көп ақпарат жалықтырады әрі асылын жасығынан ажыратып отыратын уақыт пен құнттылық та көп адамда жоқ. Сондықтан қоғам өмірінің көп деңгейінде қолға түскен ақпаратпен қанағаттану басым. Сөз өнерінде де солай. Басқаны былай қойғанда, ақын, жазушы болуға талаптанып жүрген жастарда да ізденіс өте төмен. «Жазбауға мүмкіндігің қалмаған кезде ғана жаз» деген қасиетті қағиданы көп жастар қадір тұта бермейді. Олпы-солпы дүниесін көреген көздердің сынына салмай, тігісін жатқызбаған күйі оқырманға ойсыз ұсына салады. Ал, сөз сыртқа шығып, сенің еркіңнен кетті ме, ендеше, ол өзінің жақсылы-жаманды әсер ету әрекетін бастайды. Қалыптасқан оқырманның көңілін қалдырып, қалыптаспаған сананы сарсаң ететін бір қайнауы ішінде қалған туындылар қазір аз емес.
Кейбір жас жазушыларға менің кейде «жазбай-ақ қойыңызшы» деп жалынғым келеді. Қиюын тауып қиыспаған, кетігін тауып қаланбаған, айтар ойын айта алмаған, ойға алған бейнесін сомдай алмаған қор болған қайран сөздерді көргенде, сол шығарманы оқуға кеткен есіл уақытыңа ішің ашиды. «Жазбауға мүмкіндігің қалмаған кезде ғана жаз» деген қағида не үшін қалыптасқан? Айтар ойың, сомдар образың санаңда әбден екшеліп, пісіп-жетіліп, қалыптасып, сосын өзіңе-өзің сыймай, жазып тастағанша буырқандыратын бір күйді сезінбей тұрып, Мұқағали айтпақшы, «жалын жұтып, жанын жеп жазбай» тұрып, туынды туынды болмақ емес. Оған жетпей шала туылған сөз – көркем сөз емес, көріксіз сөз. Сөздің киесінен қорқу керек. Айтарың бар болса, лайықты пішініне салып айту керек. Мүмкін саған көл-көсір әңгіме емес, бір үзік сыр жазған ыңғайлы шығар? Жоқ қазынаны қопарам деп, жоқ образды сомдаймын деп, шала бүлінгенше, көкейден жарып шыққан шағын да шымыр шығармаңмен оқырманға бір үзік ой тастасаң, бір нәзік сезім сыйласаң, ойлағаныңның орындалғаны сол емес пе?
Жас жазушылардың бәрін шектеп сөйлеуден аулақпын. Бірақ бел көтермес жүкті иыққа артпаған дұрыс. Сөз өнерінің биігіне де абыроймен көтерілу керек. Рас, тума таланттар болады. Бірден қиынға сермейтін, таңдаған тақырыбын оңды-солды алып шыға алатын, жан сүйсінтіп жазатын жастар да бар. Осындайда талант – тағдырдың ісі екеніне еріксіз тоқтайсың. Ал жай талаптың бәрі талантқа ұласа бермеуі мүмкін. Тәжірибе мен ізденістің де берері аз емес. «5 пайыз талант, 95 пайыз еңбекқорлық қажет» деген сөз тегін айтылмаған. Сөз дерті шындап меңдеген адам оның дауасын шындап іздеуі тиіс. Көп оқу керек. Тарихыңа, тамырыңа үңілу керек. Өмірді де, өнерді де, адамдарды да тереңірек тануға тырысу керек. Саптаған сөзіңнің есті де көркем болуын, төрт аяғын тең басып, жорғадай көсіліп тұруын қамдаған жөн. Бірақ сезімің ұшқыр, ойың жүйрік, көкей көзің ашық болмаса, ертелі-кеш еңбектену де лайықты жеміс бермеуі мүмкін. Есесіне сөзі түзу, ойы өрісті, санасы сара тұлға болып қалыптасасың. Ақындық пен жазушылыққа келгенде болам деп, болмай қалу мұң емес, болмасты болдырам деп бос әуреге салыну – мұң. Әркімнің өзіне шақ биігі болады. Соны танып, соған қанағат еткен де дұрыс.
Қазақта сөйлегенде тілден бал тамызатын шешендер аз емес. Бірақ бүгінгінің шешендері жайлы қазір көп айтыла да, ауызға алына да бермейді. Қазіргі қазақта шынайы шешен жоқ емес, оны бағалайтын аудитория жоқ.
Қазір бұрынғыдай қысқа да нұсқа сөйлеп, тауып айтып, көркем ой сомдаған тұлғаларды емес, сөз мәнісін ұқпаса да оңды-солды сөйлеп, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін тіл мен жағына сүйенгендерді шешен деп қабылдау белең алып бара жатқан сияқты. «Сенің тіл байлығың бар ғой» деп жатады біреулерге. «Бақсам, бақа екен» демекші, сол тілі бай дегендерді қарасаң, қазақ айтқан «бейпіл ауыз, бос мылжың» болып шығады. Сөзге тоқтамайтын, сөз танымайтын адамды шешен деп санау да сөзді тұщынудан қалып бара жатқандықтың салдары.
Қазір «шешен тілді» деп көбірек той жүргізетін асабаларды айтып жатады. Шынында да олардың арасында қазақы сөздің қаймағын теріп жүріп, үйреніп, орынды жерде айта білетін, тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын шешен тілділер бар. Таяу арада мемлекеттік мекемедегі қызметінен асабалыққа ауысып кеткен бір замандасымды кезіктірдім. Мені қуандырғаны – ол тойды табыстың көзі деп емес, тәрбиенің көзі деп таниды екен. «Той да тәрбиенің бір түрі ғой, той басқарып жүріп те талайды тәрбиелеуге болады» деген оның сөзіне шын сүйсіндім. Мұндай асаба сөз жоқ, өз аудиториясын табады. Себебі, адамның ниеті әрбір қылығынан көрініп тұрады ғой. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінуге ол жарар» деген тағылымды танымнан бүгінгі қазақ та алыстай қойған жоқ.
Осындайда кешегі қазақ қоғамының тамаша тәрбие институттарының бірі болған той да бүгін сол маңызын жоғалтпаса екен дейсің. «Той – халықтың қазынасы» дегенді қазақ бекер айтқан жоқ. «Қазақ осы дүние мен малыңды Оңды-солды шашу үшін жинайтын» демекші, ас пен тойға барын салатын қазақ мақтан үшін, бақ үшін емес, дәстүр жалғастығы үшін малы мен жанын аямады. Ол дәстүр – жалпақ жұртқа сауын айтып, алты алаштың басын қосып жинайтын, тарихың күй боп шертіліп, танымың жыр боп төгілетін, әдебің ән болып шырқалатын, талай даудың түйінін тарқатып, елдіктің өнегесін жалғайтын, қиыр жайлап, шет қонған ағайынның басын қосатын, небір шешендер сынға түсіп, нелер есті сөз айтылатын, ақындар айтысқа түсіп, сөз қадірін сарапқа салатын, балуандар күреске шығып, ерліктің рухын көтеретін тұтас бір тәрбие мектебі, елдіктің сән-салтанаты еді. Соны сезінген қазақ ас пен тойдан қалмаған, «той дегенде қу бастардың домалайтыны» осы іздегеніңнің бәрі табылатын тіршілік базары той болғандықтан еді. Осындай бір рухтың жасаңғырап, серпілуі үшін жұмсалған мал-дүниені қазақ ысырап деп емес, береке деп бағалаған. Әлі де болса ас пен той қазақтың қарға тамырлы тұтастығын сақтап келе жатқан ғибраттың көзі болып отыр.
Айнұр Әбдірәсілқызы,
ҚР Дін істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі,
филология ғылымдарының кандидаты
(жалғасы бар)
Abai.kz