Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 13742 0 пікір 11 Тамыз, 2014 сағат 01:12

Еркеғали БЕЙСЕНОВ. ШАХ-ШАҺАР

 

(поэма)

Мен Астанаға Торғай өңірінен оң-солымды танып үлгермеген 17 жасымда білім қуып келген едім. Ол кезде қаланың ел ордасы ретінде құрылып жатқанына үш-ақ жыл болған. Ақмола тұсындағы әбеуқоңыр тірлік әлі де сезілетін. Құдай оңдап, беделді қарашаңырақ – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика кафедрасына қабылдандым. Студент кезімнен бастап елордамыздың тілі – «Астана ақшамы» газетінде, үні – «Астана» радиосында азды-көпті қызмет атқардым. Одан кейін де мұнда бірінен соң бірі ашылған «Нұр-Астана», «Ел» газеттерінде өзіндік қолтаңбам қалды...

Қазір көзі қарақты оқырмандарға әжептәуір танылып қалған шағым. Өзім шығыстық әуезбен «Шах-шаһар» деп ат қойып алған мекенімде отбасын құрдым. Ал, қазақтың бұл бас қаласына алғаш табан тіреген 2001 жыл мен бүгінгі шақтың айырмашылығы – жер мен көктей. Қайран, уақыт!..

 

І

Өн бойына өр рухымды енгізген,

Тағдырым мен өз өрісін тең түзген

Асқақ шаһар!

Ел төрінде еленіп,

Еңселендік біз сенімен, сен бізбен.

 

Ой, екеуміз қандай едік бұрында?!.

Жұпыны-тын жай-күйіміз шынында.

Ақмола мен «ауылбайдың» сол сиқы –

Қантүбіт қой, қонып алған тұғырға!

 

Көше жолы – қорытылған қорғайдай,

Маза бермес масаларың – торғайдай.

Күркілдетіп сары «ПАЗ»-ды, «ГАЗель»-ді,

Оқуға кеш жететінмін ойбайлай.

 

Троллейбус жиі босап желіңнен,

Суырылған сетінеулі сенімнен!

Онысының тікірейтіп қос мұртын,

Шаршап жүрер шопырлары елірген.

 

Зәулім үйден жатаған үй көп еді,

Көк түтінін көмейлерге көмеді.

Шатыр асты, шым үстінен жыртиған   

Терезені қақпайды жұрт, тебеді.

 

Орда салар ой қабылдап бастары,

Ақшасыздар ауылдарын тастады.

Құрылысқа құмырсқаша қаптап кеп,

Саяжайға сығылысты жас-кәрі.

 

Даңғылдарда сасық көбік сімірдік,

Тротуар тесігіне сүріндік.

Жарқ-жұрқ жазу – қос өкпені ыстатып,

Сәттеріңе үндеу ғана бүгіндік!

 

Көңіліңді ен қызыққа бөлемес

Кез келген тұс – жол апаты, төбелес.

Омартадай базар тұрды ортада,

Гу-гу, ду-ду... Онда да жоқ жөн егес!

 

Еске бүккен естеліктен зорыға,

Бұлқынған бұл ақын-жүрек долы ма?!.

Он жетімнен қалған сыр бар ендеше,

Біссіміллә, бір лықсытсын оны да!

 

Жарастырып жүз жуылған киімді,

Жүдеу кейпім жымиысқа бейіл-ді.

Пәк пейіл де пәтерден пәс көрмеді,

Дөңгелексіз вагон дейтін «үйімді».

 

Көлкіп кейде көкейдегі нық таңба,

Көзді шыңдар жігерімді мықтауға.

...Қолында мұң мөлдірейтін анамның,

Жасын сарқып, орамалын сыққанда!

 

Иә, Шах-шаһар, болмаса да бай таным,

Сондай-тұғын салмағыңа сай қауым.

Жолдың бірден кетпегенін даңғыл боп,

Шындығымнан ауытқымай айтамын!

 

Сол шақтардан талай күнді құрғатып,

Болып алған көкейдегі сыр жатық.

Аңыз тыңдап отырғандай алайда,

Еш пенденің сенбейтіні – бір бақыт!

 

 

 

 

ІІ

Ұмыттырмақ болғандай сұр шақтарды,

Көнекөзім кейінірек баптанды...

Есілдің сол жағалауы жаңадан

Іргетасқа ірге жалғап жатқан-ды.

 

Тың арнаға екінші бір арнадан

Ағыс жасап алғандай-тын бар маман.

Алматыдан тек қол жүгін әкеліп,

Шенеунік те жатақхана жалдаған.

 

Көз алдымда күрт еріген қардайын,

Қасаң тұрмыс аңғартты өз ау-жайын...

О, Шах-шаһар!

Ілгеріге оза бер,

Түзу бағыт әсерімен әрдайым!

 

Тәуір қылып тәртіпсіздік тұрағын,

Күнгейлі заң ыдыратты тұманын.

Дәлелдеді дәулет, сәулет ділгірмей,

Жер үйлердің елес болып тынарын.

 

Әдіптеп-ақ әрбір жылдың әр айы,

Әрін ашты «Бәйтеректің» маңайы.

Жалт-жұлт етіп жерден өсіп шыққандай,

Дәуірімнің дәу үйлер мен сарайы!

 

Менен асып мекеніміз тұғырлы,

Киімді тез ауыстырып, құбылды.

Аудандары – оқаланған етек-жең,

Шоқпыттардан жұрнақ та жоқ бұрынғы.

 

Тәуба! Тәуба! Төре қонар төр игі!

Шабытымды шаттығына бөлейді.

Өркениет іргесінен жер алып,

Өз панасын өргендер де көбейді.

 

Қай қоғамдық көліктерін көрсең де,

Еркін сыяр заманауи өлшемге.

«ПАЗ», «ГАЗель»-дің артта қалған жылдарын

Өтпелі кез деңгейімен мөлшерле!..

 

Тұлғаларым білекті һәм білікті,

Тарпаңына тік еңсемен мініпті.

Кіл көрнекі орындардан назарға

Ірі-ірі мүсіндері ілікті.

 

Домбырасын, мол мұрасын басқа да

Дәріптемес көшедегі тас қана.

...Алатаудан ақпараттың тасқыны

Келіп жетті, құт болған соң астана!

 

Еректеніп Шах-шаһарым елдегі,

Ендігіне ұлттық ұстын дендеді.

Орыстілді ортаның да алғашқы

Тоңы жібіп, селдіреді сеңдері.

 

Көң етікті көзқарастан арылып,

Жаңарғанда «жас мекен» деп таныдық.

Басқа жаққа бара қалсақ бірер күн,

Қаламызды қаламыз шын сағынып.

 

***

Бергі бетке беттегенше өткелден,

Бар болашақ түлеп шығар өткеннен.

Жаңарған өң – асқар сынды көктемгі,

Асулары астас жатқан көк белмен.

 

 

ІІІ

 

Есіл ауданы

Сол жағында жаңа қала жайнаған,

Сырбаз Есіл, қандай ғажап айналаң?!

Өзіңменен аттас аудан бой тіктеп,

Салмақтанды салтанатқа бай жағаң.

 

Мысалы, ол – күтіп көркем алапты,

Гүлдің өсу сапасына жауапты.

Құжынаған аралардың бірі – мен...

Әне, әйдік бөшкелерден бал ақты!

 

Сонда түгел ең қадірлі есімдер,

Мәрмәр мінбер, кең кеңселер, сес, үндер.

Есеп-қисап, басты-басты бастама,

Жаһандық һәм елдік қаулы, шешімдер.

 

Осалы жоқ! Қарапайым кісің не?!.

Бәрі мығым! Сенім күші – ісінде!

Бұрқыраған қағаз ғана жүреді,

Жылтыраған шынылардың ішінде.

 

Торап бөліп тоғысы көп тұспалдан,

Жаңа аудан жаңа бағыт ұстанған.

Өркениет өркешінде отырып,

Бір кезі жоқ ұлы көштен тыс қалған!

 

 

Бас Ту

Байрағымда – бұлтсыз аспан бедері,

Жайнауында – Каспийімнің тереңі.

Күн – Азаттық, Қыран – Қазақ.

Ал, Ою –

Ұлттығымның, мықты құнның дерегі!

 

Жазуы сол болғандықтан маңдайдың,

Кеңістікте керегімше самғаймын!

Жаңа ғасыр – құт-береке бастауы,

Ескі заман еншісінде зар-қайғым!

 

Өресіздер өрбітсе де құр қаңқу,

Айып емес ақиқатты бір қамту.

Асыруда Ақордамның айбарын,

Тәуелсіздік тұғырында тұрған Ту!

 

Желік буып, жетемін деп ентікпе!

Дәл ортадан көрінеді ең түпке...

Шах-шаһардың шырайына қондырмай,

Мұқым мұңды жіберердей желпіп те!

 

Ерлерінен бап табатын ел міне!..

Еңбегінен бақ жанатын ер міне!..

Ел, еріммен мақтанатын кезім бұл,

Қане, Бас Ту, сен желбіре!

Желбіре!

 

 

«Мәңгілік Ел»

Дем беріліп Дешті Қыпшақ десінен,

Өрнектелген сақ, ғұндардың сесімен,

Мың ғасырлық мына біздің қақпаның

Ұлы Қытай қорғанынан несі кем?!

 

Құбылаға қарсы қарап қалуға

Лайық қалпы сіңбейтіндей сағымға,

Төрт тараптан тең көрінген төрт бұрыш –

Төрткүл әлем тамсанатын танымда.

 

Дербестіктің дүниелік екенін

Айғақтап бір менің ұлы мекенім,

«Мәңгілік Ел» доғасына бекіді

Алаш жұртын алға тартар жетегім!

 

Тізгін түспес Көшбасшының қолынан,

Шашаға шаң жуымайды жолынан.

Шах-шаһарым – қажымайтын қазанат,

Ал, болашақ – берекеге толы маң.

 

...Зар-заманда болмағандай әне түк,

Кетпе, ұлым, тек шен-байлық дәметіп!

Қыл сызықтың қиылмауын еске тұт,

«Мәңгілік Ел» қақпасына тәу етіп!

 

 

«Қазақ елі»

Қазақы діл, бұзылмаған қаймағы,

Мұнараның ұшарбасын жайлады.

Алып елдің еркін самғар сәті ғой,

Самұрықтың көкке қанат жайғаны!

 

Жалғанда көп жақсылыққа тіленсе,

Тұтастықты түртпес ешкім түленше...

Тек Ақорда маңайына үйлесті,

Елдігіме арналған бұл тік еңсе!

 

Көз алдымда кейіптеген аңызды,

Анау алтын жұмыртқа да маңызды!

Қамсыз дамып биіктегі болашақ,

Мысы басар айдаһардай жауызды...

 

Ұлы істе етілмейді еп үнем,

Жарасымды жүйесі тұр ретімен.

Түп діңгекті нығайтуға негіз боп,

Нұрағамның өр тұлғасы бекіген.

 

Мен жүрекке тағы да бір серт будым:

Ұлттық ілім – тәрбиесі текті ұлдың!..

Сен теңдессіз биіктікті, құлыным,

«Қазақ елі» монументі деп білгін!

 

 

«Бәйтерек»

Бастамасын елордалық бар құттың

«Ескірмейтін ескерткіш» деп қамтыппын...

Бірақ, оның басынан зор үн қатты,

О, Несіпбек Айтұлынан артық кім?!

 

Ұлттық мифтен елес берер пішінге

Оймен үңіл!

«Жай нысан» деп түсінбе!..

Дархан елдің қонақтары қаптап жүр,

«Самұрықтың жұмыртқасы» ішінде!

 

«Нұрекеңнің алақанын құр қалмай

ұстайын!»,- деп келеді бір сыр қамдай.

Қалыпқа қол қояр сосын қобалжып, 

Сол кісімен амандасып тұрғандай.

 

Қапталынан күн айналып, ай қарар,

Жер шарындай мұндай ғажап қайда бар?!

Қарашығың әр тұсынан қадалып,

Шах-шаһардың тұтас көркін аймалар.

 

...Іргетастар іріленіп ығында,

Дамудың бір сатысына шығуда.

Өзі ғана оқшауланып тұрмас-ау,

Менен кейін туар ақын жырында?!.

 

 

Назарбаев зияткерлік мектебі

Ғылым, білім өрден өтіп шектегі,

Кеңістікте кемелдікке беттеді.

Тыңнан түрен салып жатыр сол үшін,

Назарбаев зияткерлік мектебі!

 

Ұстанымнан «үш тұғырлы тіл» деген

Өнген тамыр тереңдерін білген ем.

Қазақ, орыс, ағылшынша бұтақтар,

Берік діңде тең тыныспен бүрлеген.

 

Сәби шақтан тіл меңгерген түлек пен

Бағбан бірдей, бақшасына гүл еккен!

Көкіректің көзін ашса біреуі,

Екіншісі сауап алар жүректен.

 

Назарбаев – әр көздегі от ұғым!

Зияткерлік – тоқуларға тоқ ілім.

Армандайды есі түзу ата-ана,

Баласының сол мектепте оқуын.

 

Қыртысына қонақтамай құм, шаңдақ,

Жас санадан тұрған ләзім нұр саулап.

Талап үстеп, талпынт бірақ,

Тастамай

Құр арманның құрдымына құрсаулап!..

 

 

Назарбаев Университеті

Шыңдалатын білімпаздар ең ерек,

Бұл жаһандық оқу орны керемет!

...Жегің келсе балбыраған жемісін,

Тәуір көрген тұқымыңды терең ек!

 

Оқу ғана аңғарылса ойымнан,

Балаңды күт, соған өзі бой ұрған!

Озық орда оң қарайды,

Атауы

Көшбасшының құрметіне қойылған!

 

Әсіресе, аты мәшһүр әлемге

Ғұламалар санасуда әр елде.

Кәлләсында кәкір болса кердеңнің,

Мансабыңды маңайлатпас ә деуге!

 

Сара сөзге сенбе мейлі, сен мейлі,

Ақиқатты астарлағым келмейді:

Шах-шаһардың шыңындағы әз-ұя –

Оксфорд пен Кембридж деңгейлі!

 

Шыңдалатын білімпаздар ең ерек,

Бұл жаһандық оқу орны керемет!

...Іші тарлар іштен оқып туса да,

Мойындауға одан артық не керек?!

 

 

IV

Дөңгеленген дүниенің дөп үсті

Шах-шаһардан көрді мына жөн істі:

Күллі діннің басшылары бас қосып,

Пәтуалы пікірлерін бөлісті.

 

Арамдардан арылтпаққа ар құнын,

Міндет етті мінәжаттың барлығын...

Бір түйілсе наным, таным тіндері,

Бұрмаланбас жарияға жар ғылым!

 

Бүкілқазақ құрылтайы кезінде

Шеттегі жұрт ерік берер сезімге...

Ел төрінен құшақ ашты оларға

Рушылдық пен жершілдіктен мезің де!

 

Шекарадан өткендері тізіліп,

Әкеледі мың тілек пен жүз үміт.

Ұшақтардан құшақтарға құлайды,

Аңсарлы шық иегінен үзіліп.

 

Жер жүзінен құйма құлақ түріліп,

Біздің жақтан күтер сәтте ірілік,

Еуразиялық форумдарын өткізді

Қос құрлықтың тілшілері бірігіп.

 

Шах-шаһардан ширатылып ақпарат,

Әрбір тілден әріп тізді ақ парақ.

Тәжірибе алмасады мамандар,

Сөз саптауын шақтап, сақтап, жаттап-ақ!

 

Билігімде бекіді де бедел нық,

Батыс, Шығыс елдеріне елендік.

Көрегендік танытыппыз,

Кіргенде

Одақтарға Еуразиялық, Кедендік!

 

Бейбіт түрде белді бекем будық біз!

Озық елдер қатарында тұрдық біз!

Өнеркәсіп, өндірісі дамыған

Жоғарғы бір көрсеткішке ырғыппыз!

 

Сарыарқада сөгітіліп сәл көбе, 

Менмұндалап көрінгендей әр төбе.

Алып көрме – EXPO-ның шоқтығы

Жалғады сол мәртебеге мәртебе!

 

Жаңалықтар жүрек көзін қаритын –

Түпкі түр ғой, дәуір сайын дамитын!..

Есіл толқып, нұр жүзіне шығарды

Ағысында тұнған асыл тарихын!

 

Шах-шаһарым болған сайын танымал,

Ақ түйенің қарны әркез жарылар!..

Ол орасан ордасында елімнің

Жер жүзілік игіліктің бәрі бар!

 

Ханшайымдай жүрісі сай әріне,

Тез сіңісті мына жаңа дәуірге.

«Дамыған ел астанасы» атына

Сәйкес сәттер туа берер әлі де!

V

Ел, Елбасы, елорданы бір таным

аясында аялап-ақ жүр қауым...

Тәуелсіздік туын сүйіп тізерлей,

Ұлы үштік намысын мен жыртамын!

 

Тәуір тілек орындап Хақ – Тәңірі,

Жігерленді әрбір аға, әр іні...

Қазақ елі – бағаналы ақ орда,

Нұрағамыз – отағасы кәнігі!

 

Бекітіп Ол кең кереге, жақтауды,

Шаңырақтан көрдік атқан ақ таңды.

Босағадан енсе ырыс-ынтымақ,

Іргемізде қауіпсіздік сақтаулы!

 

Ішіне құт дарымаған бекерге,

Шах-шаһарды шағын отау екен де!..

Соны серпін, тың тыныс та осында,

Тұлпарларын түсірмейтін тепеңге!

 

***

Қызыл одақ құлағанға дейінгі

Бір шындық бар, жаңғыртатын зейінді:

Баянды ел, байтақ жерден көлеңке

Нұрағамның арқасында сейілді!

 

Ескі тасы домалаған тез өрге,

Ессіз қоғам ер еңсесін езер ме?..

Еңкеймеді еркін ойлы қайраткер,

Ел тағдыры сынға түскен кезеңде!

 

Көкбөріше тура жортар түзбенен,

Сауап болды, сақтансақ та біз неден!

Қайсар ұлдан ығып қалды еріксіз,

Жаулық пиғыл іштен ілік іздеген!

 

Үстемшіл топ үлгергенше қас қағып,

Қамыттарын қақ айырып тастадық!..

Орынтаққа отырғанда Нұрағам,

Жаңа дәуір кетті бірден басталып!

 

Арттарына қалдырмайтын еш белгі

Таққұмарлар бұл кісіге дес берді.

Ата Заңның бас авторы боп өзі,

Ата-баба армандарын ескерді.

 

ТМД-дан шығып жалғыз тетігі,

Бізде ғана Ассамблея бекіді.

Ұлтаралық татулықты нығайту –

Біртұтастық, тұрақтылық кепілі!

 

«Саламатты Қазақстан» торабы

Жетеледі ем, шипалық жобаны...

Өзіміздің өндіріс пен өнім де

Сатыда тұр саясаттан жоғары!

 

Ал, мәдени мұраларға кіл көне

Сәуле түсті, от тигендей пілтеге.

Мың ән, мың күй...

Бабалардың сөзінен

жүз том жинақ шығартқаны – бір төбе!

 

Тұрмас өмір ғажайыпты аңсаудан,

Оңғарылып, ол да шықты қарсы алдан:

Елбасының туындысы – елорда,

Абатына алты құрлық тамсанған!

 

Ұстынында – ұлттық нақыш, ырыс-бақ,

Кешендері кемелдікті тұр ұстап.

Бақыттымын, авторымен бірге мен  

Жүргендіктен бір ауамен тыныстап!

 

Жан-жағына жасыл желек орнады,

Жерлестерді жел, бораннан қорғады.

Идеясын исінетін атауы

Болу керек «Назарбаев орманы»!

 

Лайықтымның ұсынысқа осындай

Айналасы – тату көрші, дос ыңғай!

Жаны ашып жалындаған жасқа да,

Талпынысын қуаттайды тосылмай.

 

Мендік мақсат – жақсылықты жасырмау,

Жалған айтып, жоғарыға бас ұрмау!..

Мемлекеттік міндеттерде шынымен,

Жас маманға жағдай жасау басымдау.

 

Иә, Раббым, ақ өлеңді нәсіп ет!

Қара ниет бара жатыр рас үдеп.

Босағада батырсынып отырып, 

Ой жетпеске тілді созу – қасірет!

 

Тірісінде тұрса тұрмыс тұралап,

Табансыздың өз сорында мін, ағат!

Өте сұмдық, шыға келу бір жанды

Жеке-жеке кілтипанға кінәлап?!

 

Сауатсыз сын сырттай салар табаға.

Салмақсыз сұм, ошағыңды сабама!..

Жолдау ерек болғандықтан жылдағы,

Қолдау керек соны жазған ағаға!

 

Өкінішсіз, ұзақ өмір сүруге

Нарқын нықтап, халқын тарта білуде.

Бабы бекем бұл толағай тұлғаның

Жер жүзінде теңдесі жоқ бүгінде!

 

Жауап беріп талаптарға сапалық,

Зау биікте «Мәңгілік Ел» атанып,

Біз Орталық Азияда держава

Болып қалар межемізге тақадық!

 

Тынысының тылсымын тек тау ұғар,

Айналайын, Алты Алаштың бағы бар!

Мың ғасырға татитұғын ғаламат –

«Назарбаев дәуірі» деп танылар!..

 

Назарына іліккенде жыр аман,

Шын марқайып қалар, сірә, Нұрағам?!.

Өлеңшілер санатынан емеспін,

Жатталмайтын жылтыр сөзді құраған!

 

 

VI

ШАХ-ШАҺАРЫМ әсемдіктен шеп түзді,

Ескі өңге жаңа бояу жеткізді...

Өкпе тұстан өтіп кеткен жоқ шығар,

Ескерер сәт «алғашқы лек» деп бізді?!.

 

Осы жерден жиғандықтан мол ілім,

Ешбір пенде дей алмайды оны мін.

Көп бәлсініп кеше келген кей сабаз,

Бәс түссе де, баяғыдай КӨҢІЛІМ!

 

Ерлік жайлы ақыл айтты ез інім,

Бір шишалық «достардан» да мезімін!

Солар бар деп,

Кең құшақты мекенге

суымайды ең алғашқы СЕЗІМІМ!

 

Қайтпай қойған, қатқанымен сіле мың,

Ықпалдардан ырқым ада – білерім.

Гүл өрнекті алаңдардың арқасы,

Шайлықпаса жүгі батпан ЖҮРЕГІМ!

 

Жүз елітіп, желпінтер әр адамын,

Қаланың бір құты болғай қаламым!..

Даңғылдары жаңғырығып даңқынан,

Қартайғанша қарыштайды ҚАДАМЫМ!

 

Тілмен шешсем талабымның түйінін,

Игілігім иліктірер иінін...

Тұрсын әзір сілемін де сездірмей,

Сарыарқада сақталатын БИІГІМ!

 

Көкжиектен күнді көрсем мен бүгін –

Жаппағаны жарқыраған елді мұң.

Таусыз дала –

Ормандарға оранып, 

тынысыма тыныс қосқан КЕҢДІГІМ!

 

Шашу етсем Шах-шаһардың дерегін,

Үштоғызды аямаған ер едім.

«Ел ордасы» деген таным – тұп-тұнық,

Тартылмайтын, сарқылмайтын ТЕРЕҢІМ!

 

Бір әрпіндей жариялы Жарғының,

Жалпы, мұнда еш қатесіз бар құным!

Жаңа қала қабырғасын өргенде,

«Астаналық» деп қаланған ТАҒДЫРЫМ!

 

***

Жұтқандықтан ауасынан, суынан,

Тамырымда тулай түсті ұлы қан.

Ой тозаңын шайып аспан жасымен,

Самалының сыбырынан сыр ұғам.

 

Тұрақтасаң жан-тәніңді ұмсынып,

Тұра бермес қысы да құр қырсығып.

Бір рет қабақ шытқан емес өзіме,

Өзгелерге көрінгенмен тым суық!

 

 

VII

Осы жақта басымызға бақ дарып,

Қиындыққа қиял сарқып жатпадық...

Балаларым қалаларын дәріптер,

«Кіндік қаным тамған жер» деп мақтанып!

 

Болғанымен өзі елдің жүрегі,

Біздің жүрек қағысында жүреді.

Таң атысын, күн батысын осында

Өткергенге шүкір етем үнемі.

 

Жырым – шыным. Хас ақынға тән, міне!

Арнау керек бір шынайы әнді де!..

Жылда мұның туған күнін әспеттер

Мәнді мәтін жазып кетем мәңгіге:

 

Астана күні, Астана күні – шаттығым!

Бақ гүлін еккен сәтті күн екен нақ бүгін.

Ұлықтар тынбай ғұрыптан ыңғай айнымас,

Ұмытар мұндай, ұмытар мұндай шақты кім?!

 

Астана күні, Астана күні мерекем!

Сен екен ақ таң. Берекем артқан ел екем.

Туған күніңмен, туған күніңмен, бас қала!..

Думанды үнмен жырларды бірден сел етем.

 

Астана күні, Астана күні... Не дейін?..

Не дейін саған?!. Теңейін ғалам мерейін!

Ашқан әріңді асқан сәніңді паш етіп,

Асқақ әнімді, асқақ әнімді төгейін.

 

Жігері мықты, тілегі құтты ағайын!

Оңы мен солы ырысқа толы маңайым!

Аспаны нұрлы, асқарлы, нулы байтағым!

Бәріңе де жар, бәріңе де жар салайын!!!

 

 

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Астана

тамыз, 2014 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053