Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5549 0 пікір 9 Тамыз, 2014 сағат 15:02

Болашаққа басты бағдар

Өткен демалыс күндері елордадағы Назарбаев Университеті ғимаратында «Нұр Отан» партиясы және Global Shapers Community қоғамдастығының қолдауымен Дүниежүзілік экономикалық форум бас­тамашысы болып табылатын «Shapere Eurasia 2014» форумы елімізде алғаш рет болып өтті. Аталған айтулы жиынға әлемнің 45 елінен 100-ден астам жас көшбасшы келіп қатысты.

Негізгі қаузалған тақырып мультимәдени және дінаралық үнқатысуды қалай құру керектігі. Талқылаудың күн тәртібіне қазіргі қалыптасып отырған қоғамның аса маңызды деген мәселелері енгізіліпті. Атап айтқанда, «Этносаралық және дінаралық үнқатысуды қалай құру керек?», «Жастар үшін әлеуметтік лифттерді қалай дамытқан жөн?», «ХХІ ғасырдың халықаралық білім беру жүйесі қандай болуы керек?» және «Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін не қажет?». Міне, осындай айтулы тақырыптар талқыға түскен жиынның ресми ашылуына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек келіп, құрылтай қатысушыларына арнап құттықтау сөз сөйледі. Бұл ретте Б.Байбек 2012 жылы 20 желтоқсанда Астана қаласында Жас көшбасшылар қауымдастығы орталығының ашылуына да келіп қатысқанын айта кету керек.

Б.Байбек Тәуелсіздікке ие болу және Қазақстан жетістіктерінің әлемдік аренада мойындалуы бірегей тұлға Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тікелей байланысты екендігін ерекше атады. Партия көшбасшылыққа ашықтық, есептілік, тиімділік және жауаптылық қағидатымен елдің сеніміне ие болу арқылы қол жеткізіп отыр. Қазақстанда сапалы адам капиталын қалыптастыруға, жастардың өз мүмкіндігін іске асыруына, сапалы білім алуына, денсаулығын сақтауына, басқа да әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуіне жүйелі жағдай жасауға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл – мемлекетіміздің және билеуші партия – «Нұр Отан» саясатының басым бағыттары. Сондықтан да партия Global Shapers Community жобасына белсенді түрде қолдау білдіріп отыр. Дамудың жаңа стратегиясында Мемлекет басшысы жан басына шаққандағы ІЖӨ-ні 60 мың долларға, яғни 35 жылда 5 есеге дейін өсіріп, 2050 жылы әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөнінде ауқымды мақсат қойып отырғандығына да ерекше назар аударылды.

Аталған мақсатқа жету үшін Қазақстан ең алдымен адам капиталының сапалы дамуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл ретте бірлік, тұрақтылық пен қоғамдық келісім бәрінің іргетасы болып қала береді. «Біздің елімізде 130-дан астам этнос бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Біздің бәріміз – Қазақстан азаматтарымыз. Бізде «ұлттық азшылық» деген ұғым жоқ. Ұлтына, тіліне, діни ұстанымына, басқа да ерекшеліктері мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлығы да тең мүмкіндікке ие», деді Б.Байбек. Қазақстан жас мемлекет болғандықтан, ел халқының жартысына жуығы – жасы 30-ға толмаған жастар, сондықтан да мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – әрбір жас азаматтың тұлғалық, кәсіби және рухани дамуына жағдай жасау.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары бұдан әрі кез келген адам осылайша өзін өзі дамыту арқылы тек өз өмірін ғана өзгертіп қоймай, айналасындағы жұртшылықтың да өмірін жақсартуға қабілетті екендігін алға тартты. Бұрын-соңды болмаған жаһандық дағдарыс адамзат дамуының жаңа көкжиектеріне еркінен тыс жетелеуде. Сәт сайын жаңа қауіп-қатерлер, сонымен бірге, жаңа мүмкіндіктер де пайда болуда. Бүгінде әлемде 10 мен 24 жас аралығындағы 2 миллиард жас бар болса, олардың 90 пайызы дамушы елдерде тұрады екен. Ал өзгермелі ортаға жедел бейімделе алатын жастар әлеуметтік құрылымдар мен желілік қауымдастықтар арқылы ғана аймақтық және жаһандық проблемалардың жаңа, креативті шешімдерін ұсына алады. Global Shapers Community ұйымының да миссиясы осы болса керек.

Жеке сектор, бизнес – орта таптың тірегі, ал дамыған орта тап – тұрақтылықтың кепілі. Бүгінгі күні кез келген табысты кәсіпкерлік қызметтің анықтаушы факторы инновация болып табылады. Ал жастар – қоғамның өте креативті ойлайтын, үнемі алға ұмтылатын белсенді тобы. Масылдық пен тек өзгеге арқа сүйеу, өкінішке қарай, көп адамның өмір салтына айналды. Адамдардың санасын белсенділік, жасампаздық пен жеке жауапкершілік бағытына қарай қалай өзгертуге болады? Бізге осы жайлы ойлану қажет. Бүгінгі әлемде білім мен инновация жеделдетілген экономикалық дамудың басты шарты болып табылады. Осылай деген «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы озық білімнің арқасында жұрттың көбі жақсы өмір сүру мүмкіндігіне ие болар еді, дегенді де қоса айтты.

Global Shapers Community директоры Анастасия Калинина қоғамдастық жұмысын баяндап берді. Оның сөзіне қарағанда, қазір аталған ұйым құрамында әлемнің әртүрлі елінде 315 хаб бар болса, оның мүшелерінің саны 4400 адамға жетіпті. Қоғамдастықтың мақсаты – жастардың өз орнын табуына, тәжірибе алмасуына және табыстарға жетуіне мүмкіндік жасау. Бұл тұрғыдан келгенде, қоғамдастық көптеген жобаларды жүзеге асырып келсе, соның бір мысалы ретінде Филиппиннің астанасы – Манилада 60 кітапханаға көмек көрсетілгендігі аталды.

Испания астанасы – Мадридте өткен шейперлердің отырысы нәтижелі болғандығын тілге тиек еткен Global Shapers Community Мадрид хабының өкілі Естер Паниагуа оның қиындықтарға қарамай нәтижелі аяқталғанына ерекше тоқталды. Тіпті, қатысушыларды орындарынан бір тұрғызып алған шешен ойдың бір арнадан шығып жатқандығын ұғындыруға тырысты. Ал «ЦеснаБанк» АҚ-тың басқарма мүшесі, басқарушы директоры Қайрат Рахманов болашақ жастардың қолында екендігін, сондықтан да олардың кім және қандай азаматтар болып қалыптасып жатуы еліміздегі белді қаржы институты үшін маңыздылығы тұрғысынан ойын өрбітті. Олай болса, аталған қаржы инс­титуты осындай айтулы шараларды өткізуден тысқары қала алмақ емес.

Сөз реті келгенде Global Shapers Community қауымдастығы туралы қысқаша мәлімет бере кеткен жөн. Аталған қауымдастық 20 мен 30 жас аралығындағы әлемдік көшбасшы жастардың басын қосатын Дүниежүзілік экономикалық форум тарабынан бекітілген. Жобаға кез келген мамандық иесі қатыса алса, олар қоғамға пайдалы қандай да бір жоба ұсынып, пайдалы идеялар ойлап табуға тиіс. Global Shapers Community қатысушылары әлемнің заманауи қалаларында іс-қимыл орталықтарын ұйымдастырып, бір-бірімен идея мен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі мәселелерді талқылау үшін тың идеялар мен кәсіпкерлік жаңашылдықтармен бөлісе алады. Жалпы, қоғамдастыққа әртүрлі салаларда жұмыс істейтін 27 жасқа дейінгі жастар мүше бола алатыны да назардан тыс қалған жоқ.

Форумның басты жұмысы Астана хабының негізін қалаушы, «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбектің «Этносаралық және дінаралық үнқатысуды құрудың қазақстандық жолы» тақырыбындағы дәрісімен бас­талды. Сондай-ақ, форум барысында белгілі бизнесмен-филантроп, San Group корпорациясының вице-президенті Шива Хемки жас шейперлер үшін «Жетістік деген не?» деген тақырыпта интерактивтік дәріс өткізді. Бұдан басқа, форум аясында The Coca-cola Company компаниясы мен The Abraaj Group инвестициялық компаниясының жетекшілерімен секциялық кездесулер ұйымдастырылды. Форумға қатысушыларға арнап «Сіз өмірден не күтесіз?» деген тақырыпта дәріс оқылып, жаһандық мәселелерді талқылаудың қорытындылары бойынша «Қазақстан Global Shapers көзімен» деген тақырыпта сессиялар өтті. Одан кейін ашық микрофон форматында қатысушылардың тәжірибе алмасуы мен өзекті тақырыптарды талқылауы да шараға ерекше реңк берді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345