Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 11188 0 пікір 31 Шілде, 2014 сағат 15:35

Тәуелсіздік ата тарихымызды қайта зерделеуді қажет етеді

       Қазақ мемлекеттілігі және оның тарихы қай заманда да зерттеушілердің назарынан тыс қалған емес. Кешегі Ресей империясы тұсында аталған мәселе орыс тарихының аясында, оның құрамдас бөлігі ретінде қарастырылды. Сәйкесінше аласапыран замандағы қазақтардың тарихы бұрмаланып, Ресейдің Азияны отарлау жолындағы саясаты жымысқы бүркемеленді. 1832 жылы жарияланған еңбегінде-ақ А.И.Левшин қазақтардың  XVII ғасырдың соңында батысында Еділ қалмақтары, солтүстігінде башқұрттар мен Сібір казак-орыстарының, шығыста  оның қауіпті жауы жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырағанын жаза келе, «қазақтар тек қана Ұлы Петрден көмек күте алатындығын алға тартып», тарихи жағдайда қазақтардың болашақ тағдырын алып ел Ресеймен байланыстырған-ды   [Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. -Алматы: Санат, 1996. -С.166]. Мұндай саясат кейінгі орыс зерттеушілері Л.Мейер, А.И.Добросмыслов еңбектерінде де жалғасын тапты [Мейер Л.Киргизская степь Оренбургского ведомства. –СПб.: Тип. Э.Веймара и Ф.Персона, 1865. -288 с.;  Добросмыслов А.И. Тургайская область. Исторический очерк. Т.І-ІІІ. –Тверь: Типо-литография П.Н.Жаринова, 1898. -358 с.]. Кеңестік заманда осы саясат айтарлықтай өзгеріске ұшырады деу қиын. Өйткені Алаш зиялылары көтерген қазақ мемлекеттілігі, оны сақтау жолындағы ұлт азаттық қозғалыстар тарихы, өткен ғасырлардағы тарихи тұлғаларымыздың қоғамдық-саяси қызметтері мәселелері кеңестік жүйе талабымен өлшене бастады. 1949 жылы қазақ мемлекеттілігі мәселесінің маңыздылығын ескерген Е.Бекмаханов өзін сынаушыларға:  «Мои критики дошли до такого абсурда, что они готовы отказать казахам в наличии в их истории государственности, демагогически утверждая, что казахи получили свою государственность только после Октябрьский революции. По их понятию, казахский народ, живший на огромной территории и имевший экономическую и культурную обшность, жил вне государства, как аморфная масса», - деген өмірін қатерге тіге батыл  жауап берген болатын [Бекмаханов Е. Стенограмма // Сочинения в семи томах. Т.6. –Павлодар: ЭКО ҒӨФ, 2006. -С.299].

        Еліміздің тәуелсіздігі ғана халқымыздың негізгі мемлекеттілік мәселесіне тарихи шындық тұрғысынан қарауға мүмкіндік берді. Бұл бағытта қазақ тарихшылары Х.Әбжанов,  З.Қинаят, Б.Кәрібаевтардың пікірлері құнды.

         Сонымен Қазақ мемлекеті өз бастауын  ұлан-байтақ Еуразия аралығын еркін жайлаған түркі тілдес халықтардың еркімен, тағдыр ортақтығымен, рухани бірлігімен, аумалы-төкпелі заманда ұрпақтар үйлесімділігімен дүниеге келді. Мемлекет ешқашан негізі, тамыры жоқ жерде пайда болмайтынын ескерсек, Қазақ мемлекеті сақ, ғұндардың заңды мұрагері түркі тілдес халықтар құрған қағанаттар, қыпшақтар иелігі, Ақ орданың жалғасы болды. Ол Қазақ атауымен алғаш рет пайда болған мемлекеттің құрылуына ықпалын тигізді. 1465-1466 жылдары құрылған Қазақ мемлекеті - ұзақ жылғы табиғи дамудың заңды нәтижесі.  Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «Ал Қазақ мемлекеті, қазақ ұлты-Жошы ұлы­сының әскери сол қанаты, Ақ Орда дәуі­рінде «Алаш Елі», билеушісі Орыс хан – «Алаш хан» атанды. «Алаш» атауы- қазақ атауының тікелей баламасы. Бұл мен аш­­қан жаңалық емес, оны Қадырғали Жа­­лайыр, Ш.Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Кө­пеевтер әлдеқашан айтып кеткен. Бұл туралы парсы, моңғол, орыс деректерінде жет­кілікті материалдар бар. Бірақ Қазақ хандығы қазақ мемлекеттілігінің бастауы да, соң­­­ғысы да емес. Сақ, Үйсін дәуірінен бас­тап, бүгінге дейін өсіп-өніп келген ди­на­микалық құ­былыс», - деп түйіндеген-ді [Зардыхан Қинаятұлы: «Алаш» – қазақ атауының тікелей баламасы» //  MINBER. Ұлттық интернет газеті. -2013. -2 наурыз]. Сонымен қазақ мемлекеті қайнар бастауын бүгінгі Қазақстан территориясын сонау көне заманнан көшіп қонып, тұрақты мекенге айналдырған тайпалардан, олар құраған мемлекеттерден алады.

      Мемлекетіміз түрлі тарихи жағдайларға қарамастан, біздіңше, өзінің біртұтастығын 1780 жылы қазақтың Аға ханы (Бас ханы деуімізге де болады-Ә.М.) Абылай хан қайтыс болғанға дейін толық сақтады. Абылайдан кейін ғана Ресей отарлау жоспарын батыл жүргізуге кірісті. Орыс әскерлері ашықтан-ашық Кіші жүзді ойрандады, хандық басқару жүйесін жоюға батыл кірісті, Орта жүз ханы Уәлидің соңына әскер салды, оған қарсы өз жоспарымен Орта жүзге Бөкейді хан сайлады. Мұның өзі «бодандық» қысымының жаңа кезеңінің басталғанын анық дәлелдеді. Оның арты ашықтан-ашық Нұралы ханның Уфа қаласына, Арынғазы ханның Калуга қаласына жер аударылуына, Сырым, Исатай, Махамбет батырлардың, Кенесары ханның, Наурызбай сұлтанның өліміне ұласты, соңы Қазақ мемлекетінің орыс империясының құрамынына зорлап енуіне әкелді. Соған қарамастан халқымыздың бойындағы азаттық рухын, жарқын болашаққа ұмтылысын отаршылар өшіре алмады.

      Біздіңше, әу бастан Қазақ мемлекеті дала демократиясының үлгісімен құрылды. Ол саяси-экономикалық егемендікті сақтаған қазақ рулары, олар құрған рулар федерациясы, одан әрі тайпалық конфедерациялар одағымен ерекшеленді. Конфедерациялар одағы – Ұлы, Орта, Кіші жүздерден құралған Халық кеңесіне, Құрылтайға тоғысты. Халық кеңесінде ұлт мәселесі, тұтас елдікті сақтау, жайылым мәселелері талқыланды. XVIIІ ғасырдағы қазақтар жайымен жақсы таныс П.Рычков: «қазақ рулары емін-еркін көшіп жүреді, бастары сырттан жойқын қауіп төнгенде, немесе олжаға аттанғанда ғана қосылады», - деп анықтаған-ды [Рычков П.И. История Оренбургская (1730-1750). –Оренбург: Типо-литография Ив.Ив.Евфимовского-Мировицкого, 1896. -С.36].  Қазақ тарихында Тәуке хан заманындағы Сайрам маңындағы Мәртөбе, Күлтөбе, 1710 жылғы Арал теңізі маңындағы Қарақұм, 1729-1730 жылғы Ордабасы жиындары туралы мәліметтер сақталған. Халық кеңесінде ел сенімін ақтайтын хандық басқару жүйесінің тірегі, оның басшысы Аға хан көпшілік дауыспен сайланды. Бұл арада  1767 жылы 14 желтоқсанда Абылай ханның Омбы әкімшілігіне жолдаған хатындағы қазақты басқарған Аға хандар туралы «менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан соң енді мен Абылай ханмын» деген жолдарды атап өтуге тиіспіз  [РИССМ. 122 қ., 122/2 т., 1766-1769, 18 іс, 189 п.]. Әрине, тізімде қазақ хандығының құрылу, қалыптасу кезеңіндегі Керей, Қасым, Тәуекел хандар аталмағанымен олардың қазақ тарихындағы сіңірген еңбектері тарихи деректерде толыққанды хатталған. Біз үшін осы деректің маңыздысы алғаш рет Аға хандардың ретімен көрсетілуі және оның Абылай атынан жазылуы дер едік. Тарихымызда Аға хандармен қатар оларға бағынған кіші хандар да болған. Бір ғана XVIII ғасырдағы аты тарихта қалған Ұлы жүздегі Жолбарыс, Орта жүздегі Сәмеке, Көшек, Кіші жүздегі Нұралы, Батыр, Қайып және өзге де хандар, сөз жоқ, Аға хандарға бағынған. Бұл арада кейбір ғалымдар жазғандай, қазақ тарихындағы Ұлы, Орта және Кіші жүздер «үшеуі үш мемлекет болған» емес [Насенов Б. Қазақта жүз болмаған // Нәсенов Б. XVIII том-XXXIII кітап. Әбілқайыр хан (ІІІ тарауы). Мәскеу мұрағаттары сөйлейді. Санкт-Петербургтің кітапханасы сайрайды. –Алматы-Новосибирск, 2011. -11 б.].   Болуы да мүмкін емес. XVIII ғасырда қазақ халқы бірлігі мен ішкі тұтастығы арқылы ғана анталаған көршілері – Ресей бағыттаған қалмақ, башқұрт, орыс-казактардан, жоңғардан, парсыдан, қытайдан, оңтүстіктегі хандықтардан аман қалды. Қытай мұрағатынан табылған 1762 жылғы Қайып, Батыр, Нұралы хандар хатын жариялап саралаған Бақыт Еженханұлы: «Билеушілердің данышпандығы мен патриоттығына тиісті бағасын беруіміз керек. Олардың дипломатиялық жолдау хаттары «біз, қазақ билеушілері өз бастауымызды Шыңғыс ханнан аламыз»; «қазақ халқы үш жүзге бөлінгеніне қарамастан, біз барлық қуаныш пен қиындықты бірге бөлісеміз» деген жалғыз ғана жоғары идеямен суғарылған еді.  Хандар мен сұлтандар өз күштерінің бір ғана нәрседе – қазақ елінің бірлігінде екенін өте жақсы түсінді»,-деген пікірлер біздің мемлекеттік түсінігімізді сөзсіз кеңейте түседі [Еженханулы Б. Записки цяньлунского чиновника // Казахстанская правда. -17 мая.-2013]. Бұл арада Аға хандарға лайықты бағасын беретін уақыт жеткендігін атап өтеміз. Аға хандардың өзі кіші хандармен, ру, тайпаларды басқарған би, сұлтандармен, мемлекеттік құрылымдағы батыр, жасауыл, төленгіттермен, мұсылман діни өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болды. Билеушілердің өзі елден бөлектене алмады, халқына тәуелді болды. Тәуке хан сарайында болған орыс елшісі В.Кобяковтың «қазақтар өз беттерімен жүреді, ал Тәуке ханның тілін аздап қана алады» [История Казахстана в русских источниках. Посольские материалы Русского государства (XV-XVII вв.). Том I. –Алматы: Дайк-Пресс, 2005. –С.431],  ал Әбілқайыр ханның «ханның тек хан атағынан басқа ештеме жоқ, қолында билігі жоқ, малдың арасында өмір сүргендей...» [КРО, с.53 ] деген сөздері қазақ өміріндегі халық пен билеушілер арасындағы нәзік қарым-қатынасты аша түседі.

     Ендігі үлкен мәселе Қазақ мемлекетінің сыртқы саясаттағы көпвекторлы ұстанымы. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің көпвекторлы саясаты, біздіңше, өз бастауын өткен тарихтан алады. Оған қазақ халқының Еуразияның ортасында орналасып, әлемдік мемлекеттер – Ресей мен Қытай тәрізді ірі мемлекеттермен көршілес болуымыз әсер етті. Сонау XVII-XVIII ғасырларда Қазақ мемлекеті саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында  Ресей мен Қытайдан басқа өзімен көршілес Иран, Ауғанстан империяларымен де байланыс орнатты. Өз шекарасын қорғау, кеңейту мақсатында жан беріп, жан алысты. Қазақтардың көпвекторлы саясатының бір көрінісі ретінде 1731 жылғы қазақ-орыс келіссөздерін атауға болады. Әбілқайыр ханның осы бір саясатын Ресеймен жасалған уақытша келісім ретінде қараған дұрыс. Ресейде сақталған ханның хатын тарихшы А.Исин 2001 жылы Абай журналының №2 санында «Әбілқайыр ханның хатын қалай оқыған дұрыс?» атауымен қайтадан аударып, жаңа мәтінде ұсынғанымен тарихшылар арасында еленбей, ғылыми айналысқа кеңірек енбей қалды.  Сондықтан Әбілқайыр хан, оның жанындағы тарихи тұлғалар атынан жазылған түпнұсқа хаттарды қазақстандық мамандарға арнайы аудартуды қолға алған жөн. Өйткені ханның кейінгі барлық әрекеттері орыс саясаткерлері тықпалаған «бодандық» қамытынан мүлдем алшақ екенін дәлелдейді. Әбілқайыр ханның Ресейге қаратып:  «Мені қан майданда жаулап алған жоқсың, «орыс бодандығын» өз еркіммен қабылдадым, Түркістанға көшіп кетсем, орыс үкіметі мені қайтара алмайды», - деп жар салуы [Есмағамбетов К. Алғы сөз. Әбілқайыр хан: Аңыз бен ақиқат // Әбілқайыр хан. Жинақ. Құрастырған К.Есмағамбетов. – Алматы: «Арыс»,  2004. -16 б.], Еділ қалмақтары, Жайық казак-орыстарымен соғыстары, башқұрттарды өзіне қосуға және оларға қазақтан хан сайлауға күш салуы, Иран шахы Нәдірмен 1742-1746 жылдардағы өзара елші алмасулары, 1746 жылы Нәдірге «орыстар жағынан қысастыққа ұшыраған шақта паналау үшін Бесқала қалашығын беруді»  сұрап хат жазуы [Мұқтар Ә. Әбілқайыр хан және Нәдір шах // Отан тарихы. -2012. -№1. -76-77 б.],  осы аралықтағы Жоңғар мемлекетімен құдандалы болу саясаты,  оны жалғастырған Әбілмәмбет, Абылай хандардың Ресеймен байланысты үзбей  Қытаймен, Ауғанстанмен елшілік алмасулары, өзара тиімді сауда-саттықты дамытуы қазақтың Аға хандарының тәуелсіз саясатын айқындайды [Мұқтар Ә. Тарих айдынындағы тұлғалар. Ғылыми мақалалар жинағы. 2-ші кітап. –Алматы: «Арыс», 2013. -101,113,134 б.]. Аға хандар Әбілмәмбет, Абылайдың көпвекторлы сыртқы саясатын жүз хандары толықтай қолдады деуімізге болады. Абылайдың 1757 жылы Қытай генералдарына: «Мен Орта жүздің ханымын. Кіші жүз бен Ұлы жүзді де менің тумалас бауырларым билейді», - деген пікірінің өзі ішкі тұтастықты білдіреді [100 құжат. (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынасқа байланысты құжаттар). –Алматы: «Санат», 1998. -176 б.]. Олай болса өткен тарихымызды жазуға ерекше ықпал жасаған 1731 жылғы Әбілқайыр хан бастаған, кейін оны Әбілмәмбет, Абылай хандар жалғастырған қазақ-орыс келіссөздер тарихын отарлаушы Ресей көзқарасымен емес, жаңаша ұлттық пайыммен саралайтын уақыт жетті. Кезінде орыс тарихшысы, академик Н.И.Веселовский Қазақстанның Ресейге қосылуы тарихын зерттей келе: «Көшпенділердің келісім туралы түсініктерінің біздің түсінігімізден әлдеқайда айырмашылығы бар. Олар үшін бодандық дегеніміз, ешкімді белгілі бір мемлекетке ештеңеге міндеттемейтін, сондай-ақ қазақтардың пайдасына шешілген сауда-саттықтың бір келісімі сияқты әсер етті» [Унковский И. Посольство к Зюнгарскому хун-тайчжи Цэван Рабтану капитана от артиллерии Ивана Унковского и путевой журнал  его за 1722-1724 годы. Документы, издание с предисловием и примечанием Н.И.Веселовского. -СПб. 1887. -С.4] десе, ал академик В.В.Бартольд: «Орта Азия билеушілері «бодандықты» күштінің әлсізге қамқорлық жасауы деп есептеді. Олар оны тек қана тиімді мәміле ретінде қабылдап, сол кезеңде мойындарына ешқандай да міндеткерлікті алған жоқ», - деген қорытынды жасаған [Бартольд В.В. Сочинения ІХ т. -C. 405]. Орыс ғалымдары пікірлерін Е.Бекмаханов  қазақ елінің Ресейге бағыныштылығын ағаның ініге қамқорлығы іспеттес дей келе, «Ресей патшасы Анна Иоановнаның  іргетасында «бодан болу» («подданство»)  деген термин қолданылған. XVIII ғасырдың бірінші ширегінде бұл сөздің мағынасы қазіргіден бөлек. Ол кезде «подданство» деген сөзді қамқорлық деп түсінген, яғни бұл сөзді өзіне қаратып алу немесе отарлау деп түсінбеу керек», - деп орынды ескерткен-ді [Бекмаханов Е.Б. Собрание сочинений в семи томах. Том 3. (Присоедениние Казахстана к России). Павлодар: ТОО НПФ «ЭКО», 2005. –С. 189]. Тарих қазақтардың болашақ үшін қанша қымбатқа түссе де, Ресеймен осылайша келісімге келгенін, ол арқылы солтүстік пен батысымыздағы жайылымдарды иеленгенімізді, Азияда ірі империяға айналған парсы шахы Нәдірмен елші алмасқанымызды, Жоңғарияны жер бетінен жойған Қытайдың да тілін таба білгенімізді, оған қарсы Ауған шахы Ахмадты да пайдаланып, мұсылмандар одағын құрғанымызды, осындай батыл шешімдер арқылы империялар арасында өзімізді аман-есен сақтап қалғанымызды да біледі.  Осынша маңызды оқиғалардың барлығы XVIII ғасырдың не бәрі 50 жылын қамтыды. Жеңісі мен жеңілісі қатар жүрген, бабаларымыздың түн ұйқысын төрт бөлген тар жол тайғақ кешу жылдарының нақты нәтижесі  1991 жылы әлемдік қауымдастыққа енген Тәуелсіз Қазақстан Республикасы болды дей аламыз.

      Қазақ мемлекеттілігін сақтау барысындағы халқымыздың біртуар тұлғаларының қоғамдық-саяси қызметтерін  мұрағатта бар құжаттармен шынайы зерделеу де - кезек күттірмейтін мәселе. Олардың бірінің ерлігін екіншісіне таңып, одан қалса мұрағат деректерін бұрмалап, тарихи оқиғалардың уақытын әрі-бері жылжыту, тұлғаларды қолдан ұлықтау, жергілікті жерлерден үлкен, кіші батырларды қолдан жасау бүгінгі жағдайымызда тарих ғылымына абырой әкелмейді.  Бұл арада ел алдында жарқырай көрінген мұрағат құжаттарында аттары мәңгіге хатталған Аға хандар Тәуке хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, Абылай ханды, 1710 жылы Қарақұмда даңқы шыққан, 1742 жылы түркімендер қолынан қаза табатын Табын Бөкенбай батырды, сәл кейін Әбілқайыр хан жанынан табылатын Шақшақ Бөгенбайды, Қанжығалы Бөгенбайды, Шақшақ Жәнібек пен сұлтан Жәнібекті, Барақ сұлтанды, Қаракерей Қабанбай батырды, атақты билер Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерді және өзге де тұлғалардың өмірі мен қызметін  зерттеуде қазақшылық, бауырмалдық емес, тарихи шынайы обьективтік көзқарас қажет. Тұлғалар тарихын жаза салу немесе нақты дәлелсіз ірі зерттеулерге қоса салу өскелең ұрпақты шатастырады және тарих ғылымының қадірін кетіреді. Мұндай сәтсіз тәжірибелер зардабы бүгінде ашық байқалуда. Мәселен, бүгінге дейін Әйтеке бидің өмірі мен қызметі толыққанды зерттелмеді, ұлы ханымыз Абылайдың 1780 жылы қайтыс болғаны дәлелденсе де, баспасөз құралдары оқырманды әлі де 1781 жылы деп шатастыруда, жарық көрген энциклопедияларда тұлғаларымыздың өмір сүрген жылдары да  әр түрлі жазылуда.

       Тұлғалар арасындағы қарым-қатынастарда мемлекеттік мүдденің басым болғанын жазатын уақыт келді.  Отанды қорғау мәселелерінде олардың бірлесе қимылдағанын баса көрсетуіміз қажет. Оған мұрағаттық құжаттар да жетерлік.  Мәселен, 1759-1764 жылдары аралығындағы Қытай экспациясын тоқтату үшін жасалған қазақ-ауған байланысындағы Аға хан Әбілмәмбет пен Абылай ханның  Нұралы ханмен, кейін 1772 жылы қыркүйек айында Нұралы ханның Аға хан Абылайға Қабылан сұлтанын жіберіп, қазақ даласындағы қалмақ, түркімен тұтқындарын Ресейдегі қамаудағы қазақтармен алмастыру мәселесін талқылауы ішкі бірлікті дәлелдейді [Мұқтар Ә. Абылай және Ахмад шах // Егемен Қазақстан. -2013. -4 қазан]. 1762 жылғы Қытай патшасына жолдаған хатында Кіші жүз ханы  Нұралы: «Қазақтарда үш жүз және оларды басқаратын үш хан бар. Біз Әбілпейіз сұлтан арқылы оның және Әбілмәмбет, Абылай хандардың Сіздермен өзара сенімге құрылған қарым-қатынасын естідік. Біз, Нұралы хан, Ерәлі, Досалы, Қарағай (Әбілқайыр ханның баласы. Зерттеушілер оны Қаратай деп атап жүр – Ә.М.) сұлтандар Кіші жүзді басқарамыз. Біз үш жүзге бөлінсек те жауға қарсы соғыста болсын, бейбіт өмірде болсын әрқашан да біргеміз. Сондықтан біз де, өзге жүздердей Сіздермен қарым-қатынасымызды бекіткіміз келеді»,- деп елшілерін жіберген [Еженханулы Б. Записки цяньлунского чиновника // Казахстанская правда. -17 мая.-2013].  Қытай деректерімен таныс шығыстанушы К.Хафизованың «Абылай хан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргеннен кейін де араздасушы топтар арасындағы сенімді қарым-қатынасын сақтай білді. Ол Циндіктермен болған келіссөздер барысында Нұралы ханның беделін өсірді  және оны үнемі Қытай бағытындағы қадамдарымен ақпараттандырып отырды. Абылай хан ішкі саяси тепе-теңдікті және көршілес алып державалар арасындағы сыртқы саяси байланысты сақтай білді», - деген қорытындысы тарихымыздың беттеріне жаңа тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді  [Хафизова К. Посольские связи Абылая с Цинской империей // Мысль. -2013. -№11 Ноябрь. –С.35].

        Қорыта келгенде, тарих ғылымы алдында еліміздің бай шежіресі мен тарихын әлемдік деңгейде қарастыру күрделі міндеті тұр. Осы жолда еліміздің елдігін, қадір-қасиетін сақтаған, бүгінгі байлығымыз ата мекенімізді өзімізге бұйыртқан, тұлғаларымыздың Қазақ мемлекетін сақтау жолындағы еңбегін тарих айқындаған ата-бабамыздың ерліктерін еш бояусыз, алып-қоспасыз тайға таңба басқандай етіп, сұрыпталған дәйек-деректер негізінде жазатын, оны кеңірек насихаттайтын уақыт жетті.  Жахандану заманында Елбасы көтерген Мәңгілік ел идеясының түбінде  ұлт бірлігі мен бабалар аманаты, көршілес шет елдермен бейбіт өмір сүру, өткеннен сабақ алар қатпарлы тарихымыз жатыр. Оны толыққанды өскелең ұрпаққа шынайы жеткізу тарихшы қауымының басты міндеті болмақ.

Әбілсейіт Мұқтар,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036