Жұма, 22 Қараша 2024
Өз сөзі 5101 0 пікір 30 Шілде, 2014 сағат 16:01

Қ. МӘМИГЕ ХАТ, ДАУЫЛБАЕВҚА ДАТ

ҚР Жоғары Сот Төрағасы Қ.Мәми, 

ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаевқа

 

Ашық хат

 

Ет бұзылса тұз себерсің, Сот бұзылса...

 

Құрметті мырзалар!

Сіздер – Қазақстан Республикасының Ата Заңының қатаң сақталып, азаматтардың еркін өмір сүріп, елде әділдіктің салтанат құруының негізгі кепілісіздер. Егер де еліміздегі заңдардың орындалуын толық талап етсеңіздер – халықтың заңға деген құрметі күшейері сөзсіз. Азаматтарымыз тек заңмен жүріп, барлық туындаған мәселені заңды жолмен шешер еді.

Ал, сол заңды талап ететін прокурорлар мен дауға қазылық жасайтын соттардың өздері заңды бұзып жатса, өзгеден не күтуге болады?! Елде қылмыстың саны көбейіп, жемқорлықтың азаймауы – заңның орындалмай отырғанының белгісі. Қазіргі кезде халықтың құқ қорғау орындарынан гөрі, журналисттерге жүгініп әділдік сұрауы жиілеп барады. Бүгінгі менің хатыма арқау болып отырған мәселе де осындай жағдай.

Жақында маған Маңғыстау облысы, Қарақия ауданының азаматы Теңел Нұршабаев келіп, өзінің заңсыз жұмыстан шығарылғанын, еңбек құқын қорғау үшін сотқа шағымданғанын, бірақ соттан да әділдік таба алмағандығын айтып арызын газет арқылы сіздерге жеткізуді өтінген болатын. Қарапайым жұмысшының өтінішін сіздерге жолдап отырмын. Төрелігін айтып, әділ бағасын берерсіздер деген сенімдемін.

Нұршабаев Теңел «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-на жалданбалы «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС-нде 12 жылдан бері жүргізуші болып жұмыс жасаған. 2013.06.17 күні мекеме басшысының №801/к  бұйрығымен жұмыстан шығарылған. Т.Нұршабаев өзінің еңбек құқын қорғау үшін сотқа шағымданған.

2013 жылы 18 қарашада Ақтау қалалық соты болып оны № 2 қалалық соттың судьясы Г.Ш.Саханова  жүргізіп, сотқа қалалық прокурордың көмекшісі  Ж.Қайырмағанбетова және екі жақтың сенімді өкілдері қатысады. Мекеменің жұмысшысына қояр кінәсі – «2013 жылы 30, 31, наурыз және 1 сәуір аралығында заңсыз жұмыста болмаған» дейді. Ал, талапкер Т.Нұршабаев әлгі күндерде жұмыста болғанын, ол күндерге мекемеден жалақы алғанын нақты дәлелдермен көрсеткен және куәлерін алға тартқан. Жұмыс беруші еңбек тәртібі бұзылған күннен кейін 2 ай 16 күн өткен соң № 801/к бұйрықпен Т.Нұршабаевты  жұмыстан шығарған. Бұл жағдай Еңбек туралы заңның 74,73-баптарына қайшы әрекет болып есептеледі.Заңда еңбек тәртібі бұзылған күннен бастап бір ай мерізімнің ішінде шара қолдануы керек делінген. Осы бапты басшылыққа алған Ақтау қалалық соты талапкер Т.Нұршабаевты жұмысқа қайта қабылдауға, лажсыз жұмыстан бос жүрген күндерінің орташа жалақысын төлеуге, моральдық шығынын өтеуге шешім шығарған.

Ақтау қалалық сотының бұл шешіміне қанағаттанбаған «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС мекемесі облыстық апелациялық сотқа арызданады. Жұмыс беруші жауапкердің шағымы бойынша 2013.12.18 күні Ақтау қаласында апелациялық сот болады. Сотты судья Б.Ш.Шоқанова жүргізіп, оған прокурор Е.З.Дүйсенбаев қатысады. Сотта мемлекеттік қадағалаушы прокурор Е.З.Дүйсенбаев қалалық соттың шешімін өзгерусіз қалдыруын сұрайды. Апелациялық сот Ақтау қалалық сотының шешімін күшінде қалдырады.

 Бұдан соң «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС  мекемесі облыстық кассациялық сотқа шағымданады. Кассациялық сот 2014 жылы 19 ақпанда болады. Бұл сотты Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Д.С.Әміров жүргізеді. Сот алқа судьялары Н.П.Тұржанов, А.А.Молбаева, прокурор Е.С.Бердібеков қатысады. Кассациялық сот алқасы бұрынғы қалалық және апелляциялық соттардың шешімін өзгеріссіз қалдырып, жауапкердің арызын қанағаттанғысыз қалдырады.

Арада бір апта өткен соң 2014.02.26 күні Маңғыстау облыстық прокуротурасының басқарма прокуроры Е.Дүйсенбаев, Маңғыстау облыстық сотының кассациялық сот алқасына наразылық білдіреді. (Прокурор Е.Дүйсенбаев осы іс бойынша апелациялық сотқа қатысып, қалалық соттың күшінде қалдыруын сұраған болатын).

 2014 жылы 12 наурызда Маңғыстау облыстық сотының кассациялық сот алқасы бір іс бойынша екінші рет өтеді. Кассациялық соттың құрамына төрағалық етуші судья А.А.Молбаева, Алқа мүшелері Н.П.Тұржанова,  Х.Ш.Каженова. Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Е.С.Бердібеков және екі жақтың сенімді өкілдері қатысады. Бұл сот бұрынғы соттардың шешімдерінің күшін жойып, талапкер Т.Нұршабаевтың арызын қанағаттандырусыз қалдырады. Прокурордың кассациялық наразылығын қанағаттандырып береді. Заңды қадағалаушы прокурорлар мен әділ қазылар осылайша өз шешімдерін өздері бұзады. Алдыңғы соттың шешімін өзгертетіндей дәлел, жаңа айғақтар болған жоқ.  Прокурор Е.Дүйсенбаевтың наразылық шағымы жауапкер мекеменің бірінінші кассациялық сотқа берген арызымен бірдей ешбір өзгеріссіз, жаңа дәлелдері де жоқ. Талапкер Т.Нұршабаев сотқа жоғарыдан «тапсырма» берілген болар деп есептейді. Олай болмаса, соттар өз шешімдерін өздері бұзбас еді. Бұған күмән келтіретін себептеріміз де бар.

Біріншіден, Бұл іс 2014.02.19 күні кассациялық сот алқасында қаралып, талқыланып шешім шығарған. Кассациялық соттың шешімі күшіне енгеннен кейін, арада бір ай өтпей жатып 2014.03.12 күні қайта кассациялық алқа соты болып, алдыңғы сот қаулыларына қарсы шешім шығарды. Осы заңды ма? Кассациялық сот алқасының шешімін тек қана Жоғары Сот  бұзбай ма?!

Екіншіден, кассациялық шағымды да, кассациялық наразылықты да,  судья А.Молбаева қараған. Бірінші сотта іс бойынша баяндамашы болса, екіншісінде әрі баяндамашы, әрі төрағалық жасады. Осы заңды ма?

Үшіншіден, облыс прокурорының орынбасары Е.Бердібеков бірінші кассациялық сотта қалалық соттың шешімін орнында қалдыруды сұраған, екінші наразылық кассациялық сотта қалалық соттың шешімін бұзуды сұрайды. Ал прокурор Е.Дүйсенбаев осы іс бойынша апеляциялық сотта Ақтау қалалық соттың шешімін қолдаған. 2 айдан кейін керісінше кассациялық наразылық жазған. Сот шешімі заңсыз болса бұрынғы сотта неге наразылық білдірмеген?!

Осылайша адал еңбегімен күн көріп отырған қарапайым жұмысшы өз құқын заң жолымен қорғай алмады. Еліміздегі жұмыссыздар қатарына 52 жастағы Теңел де қосылды. Енді жұмыстан қуылған «шалды» кім жұмысқа алады? Қазымыр басшылардың, солқылдақ соттың кесірінен қазақтың бір шаңырағы күнелтіс көзінен, балалары жеп отырған нанынан айырылды. Сонда бұл сотта кім жеңді, кім жеңілді? Әрине, қарапайым жұмысшы жеңілді. Кім жеңді? Мұнай компаниясының қожайындары жеңді. Кімді жеңді? Өз жұмысшысын!..

Сонда қарапайым Қазақстан азаматының заңды құқын кім қорғайды? Халық кімге сенеді? Сотқа ма? Соттар өз шығарған шешімдерін өздері заңсыз бұзып отырған жоқ па?..

Құрметті заңгер мырзалар!

Соңғы кездері мұндай оқиғалар жиілеп барады. Халық әділеттікті заңнан таба алмаса, басқа қайдан табады?! Соттар мен прокурларға сабақ, қарапайым халыққа үміт, Ата Заңға құрмет, мемлекетке сенім болу үшін бұл іске әділ шешім қабылдауларыңызды сұраймын. «Ет бұзылса тұз себерсің, тұз бұзылса не себерсің» деген мақалды ұмытпалық мырзалар!..

 

Жәнібек Қожық

Маңғыстау облысы

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295