Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жанайқай 8871 0 пікір 29 Шілде, 2014 сағат 09:31

АШЫҚ ХАТ. ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ ҚОРҒАЛСЫН!

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ

БАСҚЫНШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҢА ТҮРІНЕН ҚОРҒАЙЫҚ!

ҚР Президенті  Әкімшілігінің Басшысы Н. З. Нығматулиннің,

ҚР Мемлекеттік Хатшысы Ә.Жақсыбековтің, ҚР Мәдениет Министрі А. Мұхамедиұлының

Н А З А Р Ы Н А!

 

Қазақ халқы бірнеше ғасыр бойында және әлемдік деңгейде өзінің рухани-дүниетанымдық, генетикалық, этникалық даралығын көрсете алды. Және де қазақтың бұл бірегейлігі тек қана құндылықтық мәнге ие, үлгі тұта білгендерді игілікке бастайтын әлеуеті бар қадір-қасиеттердің жиынтығынан тұратыны уақыт өткен сайын әйгілі болып келе жатыр. Алайда қыруар қаржының құлағында отырған топтар бұл үдеріске жан-тәндерімен қарсы. Өйткені олар қарапайым пендені Кәміл Адамға айналдыратын негізгі үлгінің басты нышандары қазақ арасында сақталғанын жақсы біледі. Сол себепті қазақы ізгіліктің дәріптелуінен қатты қорқады. Жә, ол жеке бір тақырыптың өзегі. Ал біз осы ізгі даралықты тудырған және оның қандай қыспаққа, экспансияға болсын қарсы тұратын қауқарлылығын қалыптастырған тетіктер барына және соңғы жылдары сол тетіктерді істен шығаруға бағытталған тапсырыс беруші жасырын күштердің саналы, ал оны атқарушы ұлт мәңгүрттері мен жемқорлардың санасыз әрекетінің келесі бір қылаң берген көрінісіне назар аудармақпыз.

Ұлтты ұйыстырушы рухани тетіктердің ең бастыларының бірі – «әруақ» ұғымы. Әруақ – жақсылықта да, жау шапқанда да елдің басын бір тудың астына жинайтын ұран. Әруақ – болашақтың бағдарын айдан анық етіп көрсететін тарихи жады. Әруақ – жас ұрпақты өрлікке, ерлікке тәрбиелеуде тұтынатын үлгі. Әруақ – жеті атадан тараған дүйім жұртты аға-іні, бауыр-қарындас ететін ынтымақ ұйытқысы. Әруақ – жақсылық жасаушыны қолдайтын, іріткі салушыны ататын сакральды қорған, иммундық аура. Әруақ – кие, әруақ – қасиет. Санамалай берсек, шет-шегі жоқ ізгілік, таусылмас тектілік тетігі. Осы қастерлі ұғымға көлеңке түсіруге, оның қасиетін қашыруға бағытталған бейсана әрекеттердің түр-түрі мен топ-тобырына тоқтала кетейік. Бұл дүлей дүрмектің алдыңғы легінде, әрине, діни радикалды топтар тұрады. Олар әруақ аталған жерде «ширк-ширк» деп қақылдай жөнеледі, «әулие», «әруақ» ұғымын тек қана «Құдайға серік қосу» деп санайды. Жас ұрпақтың тарихи жадын қалыптастыратын, өткенді, өз ұлтын қадірлеуге үйрететін, өмірдің қысқалығын сезіндіріп, ізгілік жасап қалуға асықтыратын зиярат әдебінен жұртшылықтың біразын безіндіріп те үлгірді. Зияраттан шошынбағандарға да ықпал етуді естен шығармастан, кесенелі жерлерде бір Құдайға ғана сыйыну керек екенін, өлі әруақтың тірілерге жәрдем беруге шамасы келмейтінін еске салатын жазулар іліп, шырақшылардың аузына осы мазмұндағы сөздерді салумен жанталасуда. Ел аузында «аққу-сұңқарлар» аталып жүрген необақсылар тобы да осы кесірлі іске аз «үлес қосып» жүрген жоқ. Олар «ғайыптан» түс көріп, «пәлен әулиенің қабірі түген жерде екен, маған соның басын қарайт деп аталар тапсырма берді» деген тәрізді желеумен бөгде біреудің қабірінің басына мүлдем басқа адамдардың сағанасын тұрғызуда. Ешқандай қажеттілік болмаса да, әулиелі жердің топырағын әкеліп өзге бір жерде кесене тұрғызатын қарапайым көпшіліктің тосын әдеті де бұған қосымша болуда.  Сөйтіп сүйегі Мысырда жатқан Бейбарыс сұлтанның Қазақстанда бірнеше кесенесе пайда болды.

«Әруақ» ұғымының қасиетін кетіруге бағытталған тағы бір топ – «ғалым», «жазушы» атағына ие болған, жалған тарих жасауға жанын салатын, тіпті кейбірі тұтас өмірін сондай кесапат шаруаға арнаған зиялысымақтар. Олар  тарихта болған әлдебір тұлғаның атын пайдалана отырып, «таңғажайып» тарих жасаудың «шын шеберлері» болып алған. Олардың бірнеше жыл бұрын «ашқан» жалған, жасанды «жаңалықтары» бүгінде оқулықтарға, тарихымызға еніп бара жатыр. Жанкештілікпен жасалған осынау жаулық қазірдің өзінде ұрпақ танымын лайлап үлгергені анық байқалуда. Ұлтты іштен ірітетін мұндай кісәпірлікке дер кезінде билік тарапынан тоқтам салынбағаны орыны толмас өкініш! Осылайша, ұлттық энциклопедиямыздың өзінде бірнеше Үмбетей, бірнеше Жанкісілер «пайда болды». Жеке тұлғаны былай қойып, жекелеген рулар қазаққа «дін үйреткен», «мәдениет әкелген» болып шықты. Тарихи тұлғалардан қалған кейбір құнды жәдігерліктер жойылып, оның орнына өтірікке толы, әлем тарихында болмаған «романдар» мен «трактаттар» жазылды. Міне, осындай қатерлі бұрмалаушылық әрекет бүгін біз тұрып жатқан өлкеден де құлағын қылтитты. Бұл әңгіме Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қыраш ауылының әкімшілігіне қарайтын, осы ауылдан 12 шақырымдай жердегі «Тоқтамыс тауы» аталып кеткен жердегі ескі зираттармен байланысты.  

«Тау» дегеннен гөрі «төбе» деп атауға лайықты қыр басында тастан үйілген ескі қабір белгісі бар. Сондай-ақ оның шығыс бетінде иін тірескен осындай көп тас қорым іздері сақталған. Мұны халық Тоқтамыс пен оның қырық (кейде қырық екі) нөкерінің зираты дейді. Бүгінгі жұрт бұл Тоқтамыстың кім екенін анық білмейді. Алайда ел аузындағы әңгімелер мен кейбір зерттеулер оның Алтын Орда ханы Тоқтамыс Түйе-қожа (Тойғожа) Оғыланұлы екенін меңзейді. Сондықтан ғалымдар мен зерттеушілер, журналистер оны осы хан Тоқтамыс деген тоқтамға келген. Мәселен, белгілі қаламгер Ж.Әлмаштың еңбектерінде, филология ғылымдарының кандидаты А.Дүйсенбінің диссертациясында да (Дүйсенбі А.К. Оңтүстік Қазақстаннның аңыздары мен әпсаналары (Отырар-Қаратау аймағы бойынша). Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Түркістан: 2002, 17 б.), «Түркі аңыздары мен әфсаналары» атты монографиясында да (Астана: Сарыарқа, 2011, 260; 104;  234 б.б.), А.Тәшенованың 2011 жылы Тараз қаласында жарық көрген «Жас ғалым» жинағына енген мақаласында, «Жаңақорған тынысы» газетінің байырғы әрі белгілі тілшісі Қ.Ертасовтың, ұзақ жылдар «Бірлік» кеңшарының кәсіподақ қызметкері болған Айгелдиев Орынбек Әбдіғаппарұлының т.б. ауыл тұрғындарының мақалаларында осылай деп көрсетіледі. Белгілі жазушы Дүкенбай Досжанның өз әкесінен естіген әңгімеге сүйеніп жазған деректі хиаясындағы мәліметтер де осы ойды қуаттайды. Хикая «Әмір Темірмен ұстасып нең бар еді, ханзадам» (Жүз әңгіме. Таңдамалы шығармалар. І том. Алматы: Мереке, 2012, 529-540 б.) деп аталады. Онда жазушының 1974 жылы Ялтада демалып жүрген кезінде туристер қатарында Бақшасарайдағы Тоқтамыс ханнның қызының зиратында болғаны, осыдан бір жыр бұрын әкесінің айтқан әңгімесі есіне түскені баяндалады. Ол 1973 жылы туған ауылы Қосүйеңкіде әкесінен бұл жерде Тоқтамыстың қырық нөкерімен ұйқыда жатып, жансыздардың қолынан опат болғаны туралы әңгіме естіген. Хикаяның ұзын-ырғасынан автордың да, баяндаушының (жазушының әкесінің) да тарихи Тоқтамыстың қалай өлгенінен, яки оны Едігеұлы Нұрадынның ізбе-із қуып келіп өлтіргенінен хабарсыздығы аңғарылады. Бұл түсінікті де. Өйткені беріге дейін бұл оқиға жайлы зерттеулер көпшілікке беймәлім болып келді. Жазушы хикаясы бізге деректігімен құнды. Онда Қаратаудың күнгей бетінің кейінгі ғасырларға дейін жаудан қашқан жанға паналауға қолайлы, орман-тоғайлы, сулы болғаны жақсы бейнеленген. Автор сол 1973 жылы зиратта ескі кесене қалдығы болғанын да мәлімдейді. Егер Д.Досжан қазір тірі болғанда, сөз болып отырған жолсыздыққа өзі бас болып қарсы шығар еді. Хикаядағы «Тоқтамыс хан», «хан ием» деген сөздер оқиғаның Тоқтамыс Тойқожаұлына қатыстылығын көрсетеді.

Халқымыздың қастерлі мұрасы «Едіге» жырында айтылатын Тоқтамыс туралы деректер де осыған саяды. Жырда Едігеден қашқан Тоқтамыс әуелі Телікөлге барып паналағаны, одан кейін Көкүлдінің көліне қашқаны былай суреттеледі:

Телікөлге барармын,

Телікөлден қорықсам мен,

Көкүлдінің көліне

Баса барып жатармын,

Тілеуімді тілеп тұрғайсың... (Ш.Уәлиханов, Ә.Дибаев нұсқалары

бойынша).

 Қабірлі төбенің шығыс жағындағы жаудан қашқан адам паналауға аса қолайлы, дәл жанына барғанға дейін байқала қоймайтын терең көл бар. Дәл жырда айтылғандай ну қамысты. Қазір ел оны жай ғана «тоған» деп атайды. Олай атайтын жөні бар, өйткені көлге Тоқтамысбұлақ (Әулиебұлақ), Тасбұлақ, Төсбұлақ, Арқарбұлақ, Құмбұлақ, Жалбызды бұлақ, Табанбұлақ деген жеті бірдей бұлақ құяды. Бір кезде ол көлдің «Көкүлді» аталғанын айтып отыратын шежіреші қарттар да болды. Ал Телікөл – Жаңақорғанға көрші Шиелі ауданы аумағындағы, Бетпақдала шегіндегі көл.

Жұрт аузындағы Тоқтамыс тауына қатысты аңызда былай делінеді: «Тоқтамыс 40 шақты адамымен аталмыш бұлақтың жағасында демалады. Іштерінде екі-үш сарбазы жансыз болып шығып, Тоқтамыс пен ұйқыда жатқан жолдастарын шетінен бауыздап қырып салады. Ертеңіне азанда сол елдің диқандары осы жағдайдың үстінен түсіп, ішіндегі шалажансар бірінен «Тоқтамыстың қолы едік» дегенді ғана ұғып, бәрін жерлепті. Содан бастап ол жер «Тоқтамыс» деп аталыпты». «Едіге» жырындағы Едігеұлы Нұрадынның (Нұралын) Тоқтамысты қуып барып өлтірген кезде ханның бір нөкерінің бәйтерек түбінде ұйықтап жатқаны – жоғарыдағы аңызбен сәйкес келетін деталь. Қадырғали Жалайыри өзінің «Жамиғат тауарихында» Тоқтамыс қашып жүрген кезінде қарауылға қойған Ятым, Тобал, Қарақожа деген батырларды Нұрадынның қапысын тауып өлтіргенін аса мән бере әңгімелейді. «Хан нөкерлерімен бейқам еді, олар-дағы опат болды», – дейді ұлық тарихшы. Міне, көрдіңіз бе, аңыз бен тарихи деректің, онда да оқиға деталінің мұндай сәйкестігі көп кездесе бермейді. Әр түлі фольклорлық туындылардағы мұндай ұқсастықтар тек тарихи шындықтың ықпалынан ғана пайда болады. Кей кезде тарихи деректерден гөрі фольклорлық туындылардың тарихи шындыққа жақын болып шығатыны бір бұл емес, бұрын да болған.

Бұл оқиғаға қатысты аңыздау мен заттық деректердің де сәйкестігі бар. Едіге туралы тағы бір аңыздауда Тоқтамыстың Көкүлді көлінде қарауыл қарайтын мұнара салдырғаны айтылатын. Аталмыш Тоқтамыс тауындағы көлдің де құбыла жағында әлдебір ғимараттың, яки мұнараның қирандысы бар. Осы орайда, бұл ескерткішті мемлекет қарауына алып, қазба жұмыстарын жүргізуі керектігі күн тәртібіне әлдеқашан қойылғанын айта кетпекпіз. Осы маңда «Хан қазынасы», «Хан шатыры» деген жерлердің болуы да, мұндағы зираттың хан Тоқтамыстыкі екеніне деген сенімді күшейте түседі. Тоқтамыс тауына қатысты тағы бір аңызда, мұнда ханның денесі ғана жатыр, ал басы басқа жақта делінеді. «Едігенің» Шоқан нұсқасында Нұрадынның Тоқтамыстың басын қанжығаға байлап алып кеткені сөз болады. Тарихи деректердің бірінде Тоқтамыстың Сібірде опат болғаны айтылып, қабірі Ұлытауда делінеді. Осы дерек пен заттық айғақ ханның қанжығада кеткен басына байланысты екені күмәнсіз. Ақ Орданың (Алтын Орданың) астанасы Сығанақ қаласы болып тұрған кезде Тоқтамыстың өзі бұл жерге түрлі мақсатпен талай рет келген. Өміріне қауіп төнген шақта ол мұнда қолдаушы іздеп келуі де ықтимал.

Егер Тоқтамыс тауында жерленген мәйіт Алтын Орда ханынікі екені анықталса, тарихымызды тұмшалаған тұман біршама сейіліп, ұлттығымызға, мәдениетімізге қатысты қыруар жаңалықтың беті ашылғалы тұр. Тарихтан белгілі болғандай, Тоқтамысты үнемі қолдап-қуаттап келген Әмір Темір ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қиратып, дүние-мүлкін тонап кеткеннен кейін ғана ханмен ашық соғысқа шығып, оның әскерін тас-талқан етіп жеңеді. Біздіңше, хан кейіннен барып өкінішпен бармағын тістеп, Құдайдың да, әмірдің де қаһарына ұшырауының басты себебі өзінің әулиенің киесіне ұрынуынан деп білген. Оның өлімнен қашқан кезде Әзірет Сұлтан жаққа қарай ұмтылуы да сондықтан болуы керек.

Енді ең басты әңгімемізге келейік. Тоқтамыс тауындағы осы ақиқаттың бұрмалануына негіз салатын әрекеттің бастамашысы – қазақ даласының әр түкпіріндегі түрлі деңгейдегі тұлғалардың басына Маңғыстау тастарынан кесене тұрғызып жүрген шебер, бірнеше жобалар мен көркемдігі ортаңқол өлең кітаптарының авторы ретінде танылған Сайын Назарбекұлы. Бұрынырақ Домалақ Анаға кесене тұрғызғандықтан, бұл өңірдің жұртшылығы Сәкеңді жақсы біліп қалған. Ол туралы түрлі дақпырттар әлі басылған жоқ. Тағы да кесене салып жатыр екен дегенді естігенде, біраз адам тіксініп қалды. С.Назарбекұлы сөз болған мәйітті адайдың Әбілқайыр заманында өмір сүрген Тоқтамыс батырынікі деп жариялап, бірнеше жерде жиын өткізіп, енді сол жерде адай Тоқтамыс батырдың (өзінің бабасы болып саналатын) кесенесін салуға бел шешіп кірісіп кетіпті. Соған байланысты жоба жасап, жұмысын бастап жіберіпті. Айналадағы елдімекендердің тұрғындары хабарланбай жатып-ақ, Маңғыстаудан бірнеше вагон құрылыс материалдарын әкеліп, кесененің біраз бөлігін (қазір 3 метрдей көтеріліп үлгіріпті!) тұрғызып та қойған. Адай Тоқтамыс демекші, сол заманда, яки XVII-XVIII ғасырлар өресінде жауынгер адай тайпасының ішінде екі Тоқтамыс батыр болғаны мәлім. Бірі – Қосай аталығынан, Мәмбетқұлұлы Тоқтамыс та, екіншісі – Мұңал бөлімінен, аталмыш Жарыұлы Тоқтамыс. С.Назарбек өзі салған кесенеде Жарыұлы Тоқтамыс жатыр деп «шешкен». «Жығылғынға жұдырық» дегендей, бұған қосымша жергілікті вандалдар да көл жиегіндегі көне ғимараттың (мұнараның) орнынан топырақ алып, тарихи жәдігер, шындықтың көзіндей мөлдір көлдің өзін ортасын жарып бөген салған, бәрін лайлап, былғап, бұзып үлгерген! Соның салдарынан көлдің екінші бөлігі құрғап кеткен! Техникамен қопарып қазған ескі ғимарат орны биік жарқабаққа айналып, қалған бөлігі де көлге құлағалы тұр. Тарихи жәдігерді бүлдіргені – бір, экологиялық зиян келтіргені екі, мұндағы бассыздықтық шет-шегі жоқ.

Тоқтамыс тауының маңын соңғы ғасырларда қоңырат руының қаракөкірек атасының өкілдері мекен еткен. Жекешелендіру кезінде де көлді (тоғанды), оның айналасын осы рудың ішінен шыққандар иемденіпті. Көлдің солтүстік-шығыс жағында осы рудың дүниеден озған адамдары жерленген (Осы зираттың құбыла бетінде тағы да көп тас қорымдар мен ескі кесене жұрнағы бар). С.Назарбек осы жағдайды жақсы пайдаланып, жақын маңдағы Бірлік, Қыраш, Қосүйеңкі ауылдарының тұрғындарына ескертпестен, тек қаракөкірек руының бірнеше белгілі адамымен (ең бастысы, олардың ішінде Жаңақорған санаторийінің басшысы Амангелді Абдуллаев та бар) келісім жасап, бар мәселені оңай шеше салған. Ол бұл іске кіріспес бұрын жоғарыдағы ғалым-зерттеушілердің пікірлерін, қабірлердің көнелігін, адай Тоқтамыстың заманынан әлдеқайда бұрынғы заманға жататыны көзге құралсыз-ақ көрініп тұрғанын, ел аузында оның «Хан қабірі» деп аталатынын және адай Тоқтамыстың денесі мен басы екі жақта дейтін әңгіменің мүлде жоқтығын, тіпті «адай Тоқтамыс сол жерде қалыпты» деген дәйектің жазбаша не ауызша деректердің бірінде  де ұшыраспайтынын, керек болса, тарихи орынға құрылыс салу үшін ол жерде археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуі керектігі жөнінде мемлекеттің заңы бар екендігін қаперіне де алмаған! Неге алмаған? Жалғандыққа жанын құмар етіп тұрған не нәрсе? Ақша ма? Жоқ, әлде қазақ мәдениетін тұралатып, тарихын тұншықтыруға мүдделі күштердің өзге де көңілді арбаған уәделері ме? Біз әзір оның анығына көз жеткізе алмадық.  Біздің білетініміз – бұдан ұлтымызға, мәдениетімізге, тарихымызға, тіпті осы жобаға қатысушылардың өз бастарына келетін өлшеусіз кесір мен зиян. Шет жағасын айта кетейік:

1.Берісі ұлт тарихына, әрісі барлық түркі халықтарының тарихына

қатысты аса маңызды оқиғаның ашылғалы тұрған жаңа беттері мүлде жабулы күйде қалады.

2.Тарихымызға қиянат жасалып, өткеніміз бұрмаланып көрсетіледі.

«Өткенді білмегеннің болашағы бұлдыр» деген шындық формуласы бойынша, бұл ұлт тұтастығына және жас ұрпақ тәрбиесіне де кесірін тигізеді.

3.Қазақы танымымызға да қайшы әрекет. «Құдай атқан оңалар, әруақ

атқан оңалмас» дейді дана халқымыз. Ұлттық түсінігіміз бойынша, бұған хан Тоқтамыстың да, адай Тоқтамыстың да әруағы наразы болады. Киеге ұшыраудан қорқу керек! Есі бүтін қазақ, діні түзу мұсылман үшін бұл бұлжымас қағида! Егер осылай абыройсыз әрекеттер жалғаса беретін болса, күні ертең Мәмбетқұлұлы Тоқтамыстың мұнайдан байыған бір ұрпағы «мынау менің атам» деп, Сайын салған кесенеге жабысып жүрмесіне кім кепілдік береді?! Ондай күн туса, оған қарсы қандай дәлел айтпақ Сайын-шебер?..  Әрине, олай бола қоймас, бірақ дәл қазір айдың-күннің аманында жүзеге асырылып жатқан мына бассыздық осындай келеңсіз ойлардың тууына еріксіз жетелейтінін айтамыз.

Біз аталмыш жүгенсіздікке қарсылығымызды бұған дейін де білдірдік. Жергілікті жердің белгілі азаматтарына мән-жайды айтып, жөнсіздікке ел болып қарсы тұруды ескерттік. Қызылдорда обылыстық Ескерткіштерді қорғау басқармасына археолог Мэлс Бақтыбаев арқылы ауызша мәлімет жолдадық. Бұл әрекетіміз ізсіз қалмайды деп сенеміз. Дегенмен бұның бір өлке, бір обылыс көлемінде шешілетін мәселе емес екенін ескере отырып әрі екі адай Тоқтамыстың да ұрпақтары мән-жайға қанықсын деп, Сіздерге хат жолдап отырмыз.

Міне, осы айтылғандарды ескере келіп, жоғарыда есімдері аталып, Ашық хат жолданып отырған лауазымды тұлғалардан осы іске тікелей араласып, мәселенің ақ-қарасын анықтауды елдің, қала берді, келер ұрпақтың атынан өтініп сұраймыз! Тез арада тарихи орынды мемлекеттік комиссия тексеріп, тиісті мекемелер мен арнайы мамандар археологиялық қазба жұмыстарын  жүргізуі кезек күттірмес мәселе. Ал заманауи вандалдар өздерінің жөнсіз істері үшін заң, халық алдында жауап беріп, бүлінген тарихи орынды қалпына келтіруге тиіс! Тоқтамыс тауының аумағы мемлекет қарауына алынуы керек!

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы Әділбек Рыскелдіұлы, Арыстан Мұхамедиұлы! Сіздерден пәтуалы, байсалды шешім күтеміз. Дүниетанымымызға мүлде кереғар, ұлттығымызға, адами болмысымызға зиян ғана әкелетін әрекет иелеріне тоқтау салады деп үміттенеміз. Егер дер кезінде тоқтау салынбаса, онда біз, яғни ел мен жер, ұлт тарихының жанашырлары, күресімізді қашан жеңіске жеткенше жалғастыра беретін боламыз! Биліктің ең жоғарғы буынына дейін жетеміз! Кешегі ұлт тарихы мен ертеңгі ұрпақ танымына нұқсан келтіретін болса, ешқандай лауазым немесе бедел иесі бұл жолда бөгет бола алмасы хақ!

 

Құлбек Ергөбек, жазушы, профессор, әдебиеттанушы-ғалым;

Орынбай Бекжан, түркітанушы-ғалым;

Болат Қорғанбеков, фольклортанушы, ясауитанушы-ғалым,

Асқар Дүйсенбі, ақын, сазгер, фольклортанушы- ғалым,

Анар Жаппарқұлова, айтыскер ақын, әдебиеттанушы-ғалым.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052