Сенбі, 23 Қараша 2024
Біздің шенеунік 8929 0 пікір 24 Шілде, 2014 сағат 11:41

ӨНЕР АДАМДАРЫ ӨГЕЙ БАЛАЛАР МА?

 

Кейде қараптан-қарап отырып, қапаланады екенсің. Өзге өңірлерде облыстың атын шығарып, абыройын аспандатып  жүрген абзал жандарды алақанға салып, аялап жүреді. Алыс жүрген ақын-жазушыларын елге шақырып, жасы келіп қалғандарына үй-жай беріп, сылаңдаған сұлу көлікті сыйға тартып, астына ат мінгізіп, иығына шапан жауып, тұрмыстан тауқымет тартқандарына қаржылай көмек көрсетіп жатқандарын естіп-білгенде аса бір ризашылық сезімі бойымызды билеп алатындығы шындық.

      Ал бізде...Бізде бәрі керісінше. Өнер адамдарына деген қамқорлық жайлы сөз қозғаудың өзі ұят. Бөтен жерлерге барғанда осы сауал алдымыздан шыға ма деп үнемі қуыстанып отырамыз. «Оу, сендерде атақты айтыскер ақын, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова бар емес пе еді? Соның жайы қалай?» десе, немесе «Нағашыбай ақындарыңыз (Мұқатовты айтады) көрінбей кетті ғой» десе, болмаса «ана дауылпаз ақын Ақылбек Шаяхметов қайда жұр?» деп қалса не бетімізді айтамыз деп үнемі үрей үстінде жүреміз. Өйткені жауабына келгенде аузымызды құр шөппен сүрткеннен басқа, амалымыз қалмайды.

    Бұл біздегі биліктің бойына біткен, содан әлі күнге дейін арыла алмай жүрген сыралғы сырқаты ма деп қаламын. Өнер адамдарын өгейсіту—облысымыздың басшыларының бір-біріне асыл аманаттай етіп тапсырып кететін «мәңгілік басқару мұрасы» секілді. Басқасын білмеймін, соңғы қырық жыл ішінде облысымызға ерен еңбегі сіңді ғой дейтін не ақынына, не жазушысына, не әртісіне, не журналисіне былайғы жұрт риза болатындай құрмет көрсетіліпті, болмаса ел «е,бәсе» дейтіндей бір бұйымтайын немесе мұқтажын өтеп жіберіпті» дегенді естіген де, көрген де емеспіз. Өзімізден шыққан әкім болсын, не өзге жақтан әкеліп, жайлы орынтаққа қонжитқаны болсын, осы дәстүрден ауытқығаны шамалы. Осындайда мына көршіміз—Қызылжарға азғантай уақыт әкім болған Тайыр Мансұровтың өз жерінде сорлап жүрген қазақ журналистеріне жасап кеткен жақсылығын естігенде немесе Мұхтар Құл-Мүхаммедтің Қызылорданың тізгінін үстағанда сондағы ақын-жазушылардың еңбегін жинап 100 кітап шығарып кеткендігіне құлағдар болғанда, әйтпесе Иманғали Тасмағанбетовтың Алматы мен Астана шаһарларында жазушылар қауымының алғысына бөленгендігін өзгелер жыр қылып айтқанда, «Ойпырай, бізге де осындай өнерге деген ықыласы ерекше әкім бұйырар ма екен?» деген қызғаныштың қызыл иті қайта-қайта қыңсылайтындығы бар.

    Жә, әңгімен әріректен басталық. Біз мектепте оқып жүрген 60-шы жылдары атақты классик жазушыларымыз—Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов «Қостанай облысының Преснегорьков ауданында туған» деп білетінбіз. Кейін аяқ астынан осы қасиетті де киелі өңір Солтүстік Қазақстан облысына қарап кетендігін естігенде айран-асыр болғандығымыз рас. «Бақсақ-бақа екен» дегендей бұған осы қос асылымызды облысымызды 20 жылдан астам билеп-төстеген, өзін осы өңірде жарты құдайдан кем сезінбейтін, кеудесін нан піскен, өзгелерді, әсіресе, қазақты адам қатарында санамайтын Михайл Бородин деген мықтының астамшылық әрекеті себеп болса керек. Өзінен басқа жанды көзіне ілмейтін осынау қуыс кеуде, астамшыл хатшысымақ қазақтың жазушыларын қайдан сыйласын. Елге келдің-ау, халық бұларды асыға күтіп отыр-ау деген ой санасына крісін бе, шіркіннің. Оу, Бородин кім, Сәбит пен Ғабит арысымыз кім? Мұндай өркөкіректікке төзсін бе, өздерінің кіндік қаны тамған қасиетті өлкені көрші облысымыздың аумағына ауыстырып жіберіпті.

 

               Бейімбет Майлин

  Ғабең мен Сәбең секілді алыптардың шаужайына жабысқанмен, ештеңе істей алмаған билік өткеннен ғибратты сабақ алмайды екен. Жұптары жазылмаған үш арыс—Ілияяс, Сәкен мен Бейімбеттің тарихтан ойып алған орындары да бірдей екендігі баршаға аян. Ілияс пен Сәкеннің мұраларының насихатталуы ешкімнен де кенде емес. Алайда Би-ағаңның біз үшін орыны бөлек, мәртебесі айрықша екендігі тағы да даусыз. Ол кісінің атындағы мұражайдың Алматы мен Талдықорған секілді қалаларда ашылғандығы, сондағы оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүргендігі біз үшін зор қуаныш екендігін де жасыра алмаймыз. Сөйте тұра өзіміздің Би-ағаңның туған топырағында, облыс орталығында үлкен бір мұражайының болмауы жүрегімізді жаралы етіп жүргендігін де айтпай кете алмаймыз. Бұл мәселені кезінде, Би-ағаңның мұрасын зертеп жүрген алматылық Тоқтар Бейісқұлов ағамыз бен ақтөбелік Серікқали Байменшин талай көтерді. Бір өкініштісі, ол «баяғы жартас, бір жартас» күйінде қалды. Оқырман тілегін, ғалымдардың зарын еститін құлақ болмады. Сол тұста облыс тізгінін ұстағандар мұны сірә ұсақ-түйек деп санаса керек. Оңтүстіктен келді ғой деп үміт артқан Шөкеевтің онда шаруасы болмады, тегі бөлек Кулагин керек етпеді, енді өз өңіріміздің түлегі Сәдуақсов та асқан салқынқандылық пен сабырлылық танытып отыр.

    Облысымыздың тағы бір атақты түлегі, аса таланты мүсінші Кәкімжан Наурызбаев ағамыз елінің ыстық ықыласы мен жүрек жылуына бөлене алмай дүниеден өтті. Кезінде еліміздің еңсесін көтерген, халқымыздың біртуар ұлдары—Абай, Жамбыл, Құрманғазы, Шоқанға тамаша ескерткіш орнатқан, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби мүсіншісінің туған өлкесінде не көшесі, не мұражайы жоқ. «Әттең,- дейсің осындайда, -сол талантты дер кезінде елеп-ескеріп, қаламыздың сәнін келтіретін ескерткіштерге тапсырыс бергенде, мына өзмізді мазақ еткендей қаланың нақ ортасында шәлтиіп тұрған неше түрлі Напольон, Чаплин, Жанна д.Аркттерден құтылар ма едік, кім білсін».

     Білетіндердің айтуына қарағанда бұл ағамыздың жасы келіп қартайған шағында осындағы билік басындағыларға "Елге келсем деп едім", «жаман айтпай жақсы жоқ» күндердің күнінде олай-былай болып кетсем, сүйегім туған жерде қалсын» деп Қостанайдан бір бөлме ғана сұрапты деседі. Би-ағаңды бөтенсіген шенеуніктер Кәкеңді қайтсын, «әзірге сізге беретін үйіміз жоқ» деп бір-ақ кесіпті.

   Билік сыйламаса да халық алақанына салып аялайтын, үнемі мақтан етіп айтып жүретін ұлының—Қазақ ССР-інің халық суретшісі, еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кәкімжан Наурызбаев келесі жылы 90 жасқа толады екен.

     Тағы бір талант, кезінде «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың өзі өнеріне табынған Әбілахат Еспаев пен даңқты композитор Бақытжан Байқадамовтың да осы өз өлкеміздің тумасы екендігін біреу білсе, біреу білмес. Алайда бұл екеуі де кіндік қаны тамған жерінде лайықты бағасын ала алмай келеді. Өзгесін былай қойғанда, мұндағы мәдениеттің тізгінін ұстағандар осы екеуінің ең болмаса ән кештерін өткізуге де құлқы жоқ. Дұрысы ниет жоқ шығар.

     Жарайды, «көзден кетсе, көңілден ұмыт» дегендей о дүниелік болып кеткендердің рухына немқұрайды қарайтындарға бірдеңені айтып түсіндіру қиын шығар. Алайда көзі тірі талантарымызды да дұрыс бағалай алмай жүр емеспіз бе? Кезінде тәп-тәуір даусымен елге танылып қалған Айжан Нұрмұхамедова деген әдемі қарындасымыз бар еді. Қазір де, құдайға шүкір, тұғырдан тайып отырған жоқ. Ән дүниесінде өзіндік орны бар. Ал сол қарындасымыз туған жерге ат ізін салмайды десе де болады. Неге? Өйткені  «туған жерінің атын шығарып жүр ғой» деп ол келгенде емін-жарқын қарсы алып, төрге отырғызып жүрген адам жоқ. «Әркім сыйлағанның құлы», теріс қабақ танытқан жерге кім жоласын. Ренішін бірде осында келгенде айтып та қалды. «Мені мұнда емес, анау жолдасымның туған өлкесі—Қызылордада Мәдина Ералиевадан кем сыйламайды», -деп сахнада ағынан жарылғаны бар.

   P.S.Жақында  «Abai.kz» сайтында  Бижан Қалмағамбетов деген азаматтың  «Қазақтың бұрынғы өткен сал-се­рі­лері мен жыршы-жырауларының заң­ды жалғасы, ұлтымыздың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған фестиваль Ақтау, Атырау қала­сында өтті. Ақтөбеде екінші рет қолға ал­дық. Алдағы уақытта Астана мен Алматы күтіп тұр. Аяулы дарынның қаныңды қыздыратын патриоттық өлеңдері мен жібек желдей нәзік лирикалық әндері Қазақстан тұрмақ, Қытай, Түркия, Моңғолиядағы қандаста­рымызға кеңінен мәшһүр екеніне өзім куә болдым. Осы кешті өткізуге қолдау көр­сеткен Ақтөбе облысының әкімі Архимед Бегежанұлына мың алғыс!»  деген сөздерін оқып, Атыраудың қыршын кеткен ақынына деген құрмет сезімінің куәсі болып, Архимед ініміздің бұл ісіне ризашылық сезіміді жасыра алмадым. Ақыны әкімін емес, әкімі ақынын іздеген елдің не арманы бар, шіркін.

 

Мұартбек Дәуренұлы

Қостанай

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345