РЕСЕЙ-УКРАИНА ҚАҚТЫҒЫСЫНА ЕНДІ ӘЛЕМ АРАЛАСАДЫ
Украинаның Донецк облысында Малайзияның жолаушылар ұшағы зымыран соққысынан апатқа ұшырады. Әуе кемесіндегі 300-ге жуық адам түгел қаза тапты. Украина билігі мұндай жауыздықты Донецк облысын оқшаулаған сеператистер жасады деп айтыптап отыр. Ғаламторда сепаратистердің ұшақты атып түсіргендігі жөнінде аудиожазба пайда болды. Саясаткер ретінде Сіз осы оқиғаға қандай баға бересіз?
Abai.kz
Әміржан Қосанов, саясаткер:
- Соғыс қай жерде жүріп жатса да, әлемнің кез келген еліне тікелей қатысы бар боп шығады! Жаһандану үдерісінің бір нәтижесі осы шығар. Алыстағы Украина аспанында ұшып бара жатқан бірнеше мемлекеттің азаматтары бар Малайзия әуе компаниясының ұшағының апатқа ұшыруы соның бір дәлелі болып отыр ғой. Яғни, соғыс баршаға ортақ! Украина мен Ресей арасындағы соғыстың салқыны сонау бірнеше мұхиттың ар жағындағы елдерге тие бастады. Өз басым мәселенің мәнісіне бармай жатып, атүсті «мына жақ кінәлі!» деп айтудан аулақпын. Бұл апат, сөзсіз, бүкіл әлем жұртшылығының назарына ілікті, ендігі жерде азаматтарынан айырылған елдер, халықаралық ұйымдар оқиғаның анық-қанығына жетпейінше тынышталмайды. Сондықтан, халықаралық тәуелсіз комссия құрылып, соның жұмысының нәтижесін күткеніміз абзал. Оның үстіне, бұл оқиға Украина мен Ресей арасында болып жатқан соғысқа тікелей байланстырыла қарастырылатыны да заңды. Екі ел арасындағы кескілескен әрі ымырасыз ақпараттық соғыстың қалай өтіп жатқанын көріп келеміз. Енді осы қайғылы оқиғаны екі жақ та өз мүддесі тұрғысында «пайдаланары» сөзсіз. Байқадыңыз ба, сол шайқас кешеден бере одан сайын өршіп кетті. Әзріше бұлжытпас бірнеше факті бар. Біріншіден, сепаратистер Украинаның оңтүстік-шығыс бөлігіне иелік етіп жатқанына біраз уақыт болды. Яғни, сол аумақтағы жағдайға және онда орын алған оқиғаларға олар тікелей жауап беруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда белгілі себептерге сай ресми Киев Луганск пен Донецк аймағына толыққанды бақылау жасай алмай келеді. Осы оқиғадан кейін, олардың кінәсі расталса, сепаратистер «халықаралық террористер» ретінде танылмақ. Мұның өзі Украинадағы соғысқа халықаралық ықпалдың еселеніп күшеюніе әкеп соқтыруы тиіс. Сол кезде Ресейге қарсы қазіргі санкциялар баланың ойыны боп қалары сөзсіз. Мәселенің түп негізіне үңілсек, осы соғысты бастаған – Ресей! Яғни, сол соғыстың аясында не боп жатыр, - соның бәріне Кремльдің тікелей саяси қатысы бар болмақ. Екіншіден, «БУК» секілді соншама биіктегі нысандарды құлата алатын қаруы бар екенін бүлікшілдердің өзі жаһанға жария етіп, мақтанып жазған. Яғни, олардың ұшақты атып түсіруіне мүмкіндігі барға есеп. Олай болған жағдайда бар жауапкершілік сондай қаруды олардың қолына берген Ресей. Үшіншіден, апаттан кейін лезде Кремльге жақын БАҚ «украиндықтар Малайзия ұшағын емес, президент Путиннің ұшағын атқыламақ ойда болған екен» деген ақпарат тарата бастады. Мықты болса, сол апаттың алдын алмады ма? Оның үстіне тым үстірт әрі асығыс айта салынған хабарға ұқсап кетті. Не болса да, егер де бұл алдын-ала ойластырылған акция болса, онда оның авторлары дегеніне жетті: екі ел арасындағы соғыс шын мәнінде дүниежүзілік деңгейге көтерілді... Шынын айтсақ, бұл апаттың басқа да себептері болуы мүмкін. Мәселен, ол апаттың өзі құлаған шығар. Бәлкім, бұған украин әскерилерінің де қатысы бар апат болуы мүмкін, өйткені 10 мың шақырым биіктіктегі ұшақты атып құлата алатын қару украин жағында да бар. Бірақ, меніңше, ресми Киев өз жерінде мұндай резонансты апаттың орын алуына еш мүдделі емес. Сондықтан, қайталап айтайын, әліптің артын бағайық. Тексеру қорытындыларын күтейік. Бір нәрсе анық: жазықсыз, сол соғысқа ешбір қатысы жоқ құрбандардың, соның ішінде 80 бейкүнә бүлдіршіннің және олардың ата-аналарының, көз жасы ешкімді де жібермейді.
Жасарал Қуанышәлин, саясаткер:
- Менің мұндай шектен шыққан жауыздыққа берер бағам біреу - Кремль өзінің Украинаға қарсы ашқан соғысында қандай да болса қылмыстан тайынбайтындығын толық дәлелдеді. Және сол қылмыстарының ізін жасыру мақсатында Ресей Украинаға қарсы өтірік пен жалаға негізделген масқара ақпараттық соғысты да өршітіп отыр. Кремльдің "КСРО-ны қалпына келтіру!", "Орыс жерлерін кері қайтару!" ұрандарына негізделген реваншистік саясаты адамзат баласын Үшінші дүниежүзілік соғысқа ұрындырмауы үшін бүкіл әлем Ресей билігінің ұстанып отырған саясатын ауыздықтау мақсатында күш біріктіріп, шешімді іс-әрекеттер жасауға тиіс деп есептеймін.
Abai.kz