Көмір түтіні және ОА-дағы «цифрлық иллюзиялар»
Екібастұзда салынатын алып дата-орталықтар алқабы үшін «Қазақтелеком» Қазақстанның Даму Банкінен (ҚДБ) 50 млрд теңге қарыз алды. Жалпы құны 236,8 млрд теңгеге бағаланған жобаға мемлекеттік банктің қандай шартпен қаржы бөлгені құпия күйінде қалып отыр, алайда бөлінген 50 миллиардтың қазірдің өзінде толық жұмсалып қойғаны белгілі болды.
Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект (ЖИ) дәуірінде мұндай бастамалар сырттай әдемі көрінгенімен, мәселенің экологиялық, энергетикалық және қаржылық астарына үңілсек, көңіл көншітпейтін біраз жайттың беті ашылады.
ЖАБЫҚ НЕСИЕ МЕН КҮМӘНДІ ҚАРЖЫЛЫҚ СҰЛБА
Жобаға «Қазақтелекомның» еншілес «ҚТ-Телеком» компаниясы жауапты. Компания басшысы Бағдат Мусин жобаға миллиардтаған доллар тарту үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығында облигация сатуды, сондай-ақ Қытай мен АҚШ-тың (Бейжің мен Уашиңгтонның) қаржы ұйымдарынан қарыз алуды көздеп отыр.
Алайда бірнеше өткір сұрақ туындайды:
Ашықтықтың жоқтығы: Мемлекеттік банктен алынған 50 млрд теңгенің пайыздық мөлшерлемесі мен қайтару мерзімі неге жария етілмейді? Халық қаржысы есебінен құрылған институттың шарттары неге жабық?
Болашақ қарыз жүктемесі: 10 млрд доллар инвестиция тарту туралы уәделер мен NVIDIA, Microsoft, OpenAI, Google, Meta сияқты алпауыттардың атын атау әзірге тек громкий мәлімдемелер деңгейінде ғана. Нақты келісімшарттар мен кепілдіктер жоқ жерде, елдің сыртқы және ішкі қарызын ұлғайту қаншалықты ақылға қонымды? ⚠️
КӨМІРМЕН ҚОРЕКТЕНЕТІН «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ»
Бұл жобаның ең қайшылықты тұсы — энергия көзі. Қуаты бастапқыда 300 МВт, кейін 1 ГВт болатын, ал болашақта бүкіл ел бойынша 5 ГВт электр қуатын талап ететін дата-орталықтарды Екібастұздың ашық карьерден қазылатын көмірін жағу арқылы тоқпен қамтамасыз ету жоспарланған.
Әлемнің дамыған елдері «жасыл энергетикаға» көшіп, дата-орталықтардың көміртек ізін азайтуға тырысып жатқанда, Қазақстан ең лас энергия көзі — көмірді жағып, шетелдік IT-компаниялардың серверлерін суытуға бел буып отыр. Экологиялық ауыртпалық пен күл-қоқыс жергілікті халықтың еншісінде қалып, ал есептеу қуаты мен пайда шетелдік алпауыттарға кетпек пе? Бұған қоса, қыстыгүні жылу мен жарықтан таршылық көріп, ескірген ЖЭО-лардың апатынан көз ашпай отырған өңір үшін қосымша 1–5 ГВт жүктеме энергетикалық дағдарысты одан әрі ушықтыруы әбден мүмкін.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ОРТАҚ ДЕРТ: «МЕГАЖОБАЛАР» СИНДРОМЫ
Шын мәнінде, бұл жағдай тек Қазақстанға ғана тән емес, бүкіл Орталық Азия аймағында белең алған жүйелі дерттің көрінісі. Аймақ елдерінің билігі негізгі инфрақұрылымдық мәселелерді (ауыз су, ескірген электр желілері, экология) шешудің орнына, шетелдік инвесторлардың алдында бедел жинау үшін алып «цифрлық хабтар», «ақылды қалалар» мен мегажобалар салуға құмар.
Орталық Азияда мұндай бастамалар көбіне бір сценариймен аяқталады:
- Мемлекеттік бюджеттен немесе даму банктерінен миллиардтаған қаржы бөлінеді;
- Жобаның тиімділігі мен ашықтығына қоғамдық бақылау болмайды;
- Ақырында табиғи ресурстар мен арзан энергия шетелдік ойыншыларға су тегін беріліп, қарапайым халыққа қымбат тарифтер мен ластанған ауа ғана қалады.
Екібастұздағы дата-орталық алқабы Қазақстанды «ғарыш пен Жерді байланыстыратын буынға» айналдыра ма, әлде кезекті қымбат әрі тиімсіз амбицияның құрбаны бола ма — оны уақыт көрсетеді. Бірақ дәл қазір 50 миллиард теңгенің қайда және қалай жұмсалғанына қатысты сұрақтар жауапсыз қалып отыр.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz