Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 8656 0 пікір 15 Шілде, 2014 сағат 14:39

КӘКЕН ҚАМЗИН. БАЗАРХАННЫҢ «ҚАРАТОРҒАЙЫ»(Әңгіме)

     

Ертеректе Лев Толстойдың күнделіктерін оқи отырып, төмендегі жолдарды түртіп алған едім: «Вчера иду по передвоенному черноземному пару. Пока глаз окинет – ничего, кроме черной земли, ни одной зеленой травки, и вот на краю пыльной, серой дороги куст татарина (репья). Три отростка; один сломан и белый, загрязненный стебель надломлен и загрязнен; третий отросток торчит вбок, тоже черный от пыли, но все еще жив и в середине краснеется. Напомнил Хаджи Мурата. Отстаивает жизнь до последнего, и один среди всего поля как нибудь, да отстоял ее». Атақты «Қажымұрат» повесінің дүниеге келуіне не түрткі болғандығын қаламгер осылайша алға тартады. Болмасақ та ұқсап бағамыз да. Мына шағын әңгіменің жазылуына Қытайдағы қазақ әншісі, марқұм Хамит Ысқақұлы ағамыздың керемет тенор даусы себепші болып еді.

                                                                                                                        Кәкен Қамзин

                                          БАЗАРХАННЫҢ «ҚАРАТОРҒАЙЫ»

                                                                   (Әңгіме)

     Арғы бетпен алыс-беріс, қарым-қатынас қайта жандана түскен шақ қой. «Шығыс Түркістаннан ба, Пекиннен бе, әйтеуір, бір күміс көмей, жезтаңдай, керемет әнші жігіт келіпті. Ақанның «Қараторғайын» әуелетіп қоя бергенде, сар далада жібек жалды жорғамен тайпалтып келе жатқандай күй кешесің. Қырнап-жонып, сылап-сипап қалыпқа түсірген мәпелі дауыс емес, жаратылыстың бере салған дархан сыйы», - деп таңдай қаққан менің меломан досым.

     Әңгімені әңгіме, ойды ой қозғайды. Әнсүйер жігіттің осы сөзінен кейін көп жыл көңіл түкпірінде тұр-тұрласаң оянбастай,  тарс бүркеніп жатқан балалық шағым бас көтергендей болды. Бұдан жиырма бес-отыз жыл бұрынғы құм арасындағы жалғыз там, есік алдындағы қырық құлаш шегенді құдық, ұзындығы ат шаптырым түйме қой қора көз алдыма келіп тұра қалды. Әріректегі қыздар үкісіндей күлтесін көкке тіреген нар қамыс, саяз болса да сабырлы, кішкене болса да бабымен ағар Шілікті өзені. Жағалауды омыраулай өскен жиде тоғайы. Саналыдан – жеті жан, санасыздан – бір отар қой, екі ат, Ақбармақ, Аққоян деген ұялас  ит қана. Осы бөрібасарларды ертіп, түні бойы көз ілмей менің күзетші шешем жүреді қой қораны айналып. Анда-санда айсыз қараңғы түнді ол кісінің «айтақ-айтағы», екі иттің кеуделеген «әуп-әупі» серпіп-серпіп тастайды. Кейде қос сырттан шабалана шаптығып, әлдебір қараң-құраңның соңына түсіп, екі-үш шағыл асып барып қайтатын. Ондайда Базархан қойшы да, менің шешем де абалақты асырып сап келді деп отыратын. Абалағы не, ит-құсы не – есесі бір, Базарханның әйелі Ынтық пен үпір-шүпір бала-шағаға не керек, мал-жан аман болса болғаны. Ферма меңгерушісі, ветеринар мен зоотехник арқадан қағып, Базарханның мақтауын асырса – жетіп жатыр. Одан артықты о заманда малшы қауымы көксемеген де болар. Базарханға салса, белсенділердің бір ауыз жылы сөзі ұлыбидің ырысынан бірде-бір кем емес. Ондай мақтау-марапат естіген күні Базекең бір тоқтысын алып ұратын, сөйтіп, бас ұстаған жігіттің де, құлақ пен қабырға жұлмалаған бала-шағаның да құдайы жарылқап қалатын. Әмбе Базарханның шырайы кіріп, өңі жылып, барлық баланың көңілін тауып, түйе болып бақыруға, жылқы болып кісінеуге бейіл. Бәрімізді қаз-қатар тұрғызып қойып, алақанымызды жайғызады да тоқтының әппақ таңдайын шарт еткізеді. Шап беріп ұстай алғанымыз – келешекте шешендіктің яки ақындықтың даңғыл жолына түсеміз, оның үстіне торы атқа мініп, қойдың бір шетін қайыру мәртебесіне ие боламыз.

     Базекең ыңылдап жүріп шеген құдықтан су тартады, ағаш науаларды ернеулетіп болғанша, мен қойды сусынға маңайлатпай қайыра тұрам. Сулық шаруаны тәмәмдағаннан кейін ол осы күнгі «Сулгуни» ірімшігінің көлеміндей дөңгелек қаратікен тұзды науа айналасына тастайды. Саулық шіркіндердің ащыламаса қоңы кемиді, жүні жетілмейді. Әйтеуір, сол жылы колхоз, басқаны қайдам, тұзды үйді ді тастады.

     Оты қайтпаған жұртқа Базархан күздің күні таскенеше қадалып, жатып алады. Қыстың ебісіз, борансыз күндері алыстағы тобылғы, тораңғы, шиқияқ мол өскен ойпаңдарды сағалап қайтады. Оның айтуынша, жаздың күні шалғышылар ондай жердің өлеңін орудан қорғалайды, өйткені шалғы шайнасып, мәшине қирайды. Ал, көкек келіп, мамыр етек жайған мезетте отарын торғай шырылдамай өргізіп, ел орнына отырғанда барып бір-ақ жусататын. Сондайда үш қыз, бір ұл  Аққоян мен Ақбармақты ілестіріп алып, қозыкөш жерден алдынан шығамыз. Жүре алмай қалған, ақсап қалған бірен-саран қозы-лақты арқалап, көтеріп аламыз. Кей уақыт қозы шығар деп ұмтылғанымыз ұзын сирақ сұр қоян боп ата жөнеледі. Қос құлағын жымитып ап, о жақ, бұ жаққа орғылап зымырағанда, екі көзің шараңнан шығып, сиқырлы желаяққа қарап қатып қаласың. Екі төбеттің адыраңдай ұмтылғанынан не пайда, шаңына да ілестірмейді. Ол тұрмақ кіп-кішкене кенгрудай секеңдеген қосаяқ тышқаннан айрылып қалып жүргені. Базарханның ұзақ түндері айтып тауыса алмайтын ертегілерінлегі әрі ноқай, әрі ақымақ дәулер мен диюлардан бір аусайшы. Бұлардың оң жамбасына келер жалғыз жабайы – бөрі-қары болса керек.

     Бәріміз жабылып жүріп қойды шалы қораға қамап үйге кірсек, төр алдындағы төрт бұрыш жатаған стол басында бар қағазын жайып салып ферма меңгерушісі Жүсіп бірдеңлерді сүйкектетіп жазып жатыр. Әншейіндегі сәлем-сауқаттан кейін фермабастық істің мән-жайына көшті. Біз де құлақ түріп отырмыз. Басқа алданыш жоқтықтан болар, сол кезде үлкендердің сөзіне әуеспіз.

-          Базеке, - деген бастық, - мына  көрші  сапқоздың   опрабымен ұстасып кеп отырмын.

Иә, бөспебай Есімбек ше? Мамыр мейрамына түйе балуан дайындап жатырмын, қарсы қояр нарың бар ма деп күпілдейді. Бізден түйеші Нұрсатты шығарамын. Ол есеп ішімде. Түнеу күні атан түйені жалғыз өзі ұйықтан суырып алғанын көзің көрді. Есімбегіңді мен осы жолы оңбастай тағы сүріндірем. Терезе теңестіргісі келеді мына менімен. Қыста, өзің білесің, кашовкемен Молтовтан Кагановышке дейін жарысамын деп үсіп өліп қала жаздады. Өзі өкірештеп болмаған соң, мақұл дей салғам. Енді қарымта қайтарғысы келеді. Түйе балуан тұрмақ Әзірет Әлінің өзі келсе де Нұрсат түйеші сайтанын қағып алар. Оны қойшы, оған қам жеп отырған мен жоқ. Тек ойын-сауықтан опынып қалмасақ. Ұзынқұлақтан естимін – сол тойға аудан басшылары қатыспақ. Ауаткомның төрағасы, республика депутаты Әлішпанов келмек көрінеді. Сондықтан баптана бер.

-          Апырай,  ә,   -   деген   Базархан   енді    ғана  тілге   келіп, -   ел    ағаларының  аудан

орталығынан ұзап қырға шыққанын көрер кез де туады екен-ау. Мына қора-қопсы да жүдеу. Былтыр келген құрылысшылар қол ұшын мүлде тигізбепті. Отырған тамымыздың түрі болса мынау, арысы майысып, уығы шытытап тұр.

-          Тү-у-у, Базархан-ай! Бас  десе, құлақ  дейсің.  Ауатком   пырсылдатылы  сонда сенің

үйіңе түседі деп тұрмысың. Қарай гөр мұны. Мерекені, ойын-сауықты көреді де жөніне қайқаяды. Оның одан басқа шаруасы құрып қалып па? Үйіңді, қора-қопсыңды жөндеп алсаң, сені біреу қолыңнан қақты ма? Ағаш іргеңде, балта мен пышқыңды ал да шетінен кесіп ал. Кім қой дер екен? Пәлі, осы шеттеріңнен жатыпішер жалқау боп барасыңдар. Сен басқа тірлікті былай қойып, домбыраңды қолға ұстауға ерінетін болдың. Әлде той-томалақ, шілдеханадан басқа жерде сайрай алмайсың ба? Дайындалып жүр. Бірде болмаса, бірде Әлішпанов ән тыңдаймын десе, не бетімізді айтамыз. Түһ, осы бірді айтып отырып, бірге кетем. Айтпақшы, бірер күнен кейін осы маңға механизаторлар келеді. Ішіп-жемге бір-екі бас бересің. Қағазы, міне. Жер жыртып, жүгері екпекпіз. Тыңға түрен саламыз. Малға жем деп соны айт, әне. Құршып жолдас мұхиттың ар жағына барып, өз көзімен көріп қайтқаннан бері жүгері жарықтыққа жаппай оң көзбен қарайтын болдық.

     Біраздан кейін шайға да, пайға да әбден қанған меңгерушіні Базархан атына қолтықтап мінгізді. Манадан бері бітпей қалған әңгімені Жүсіп меңгеруші ат үстінде үзеңгіге шірене жалғастырды. Бала көзіне бәрі қызық, біз де елеңдеп тұрмыз.

-          Базархан, обшым, сен  адал  жігітсің.  Көңіліңде  мысқал  арамдық  жоқ. Бірақ қыста

Ақбармақ алған қасқырды маған байламадың. Содан көңілде ептеген дық қалды. Түздің тағысы маған жалкы емес, дегенмен, Жүке, байланыңыз десең, біз де оны ұмытпас едік. Ана Кәдір сасықкүзен ұстаса да тепеңдеп кеп тұрғаны. Көрсеткіші сенен жоғары емес, ал бастықтарға өтімді, сыйлы. Соны ұқ! - деп Жүсіп атын борбайлап шаба жөнелді.

-          Анауың тым далақтап кетті, аттан  түсіп қалып, ертеңгі күні пәле болып жүрмесін! -

Ынтық пытыр-пытыр ете қалып еді, оны Базархан құлағына да ілмеді.

-          Жүсіптей сүңғылалар жаман мәстектен жығылып не көрініпті, - деген де қойған.

     Содан екі күн өтіп, үшінші күні орталықтан механизаторлар келіп қоңсы қонған. Олармен ілесе құрылысшылар да жетіпті. Келе біздің қора-қопсымызды, тамымызды жылдамдата жөндеуге кірісіп кетті. Ау, бұларың қалай дегенге – нұсқау солай дегеннен әрі аспаған. Кейін бақсақ, Мамыр мейрамын осы Шілікті жазығында өткізбекші боп шешіпті. Аудан басшыларының біреуі ойда-жоқта: анау кімнің қытауы десе, біздің шөпкетышарлар – пәленше түгеншабев деген озат шопанымыздың қыстағы деп сарт еткізбек.

     Байқаймын, күнде кешкісін күйтабақтың үні шығысымен Базархан механизаторлар ауылына қарағыштап қояды. Малды да әдеттегіден ертерек айдап кеп жүр. Көк сандық түбіндегі ораулы домбырасын алып, түс мезгілінде бірауық тыңқылдататынды шығарды. Бізге, балаларға бұның өзі қызық. Базекеңе, онан соң оның қолындағы сырлы қасықтай домбыраға қайта-қайта қараймыз. Ең болмаса бір сипап көрсек деген дәме зор. Торы атқа қарағанда бұл қазмойынның нарқы керім болса керек, шешен де, ақын да болады деп жүрген менің өзіме сағағы тұрмақ тиегін ұстатпайды.

     Базархан қойшы аяқ астынан мұндай күй кешкелі Жүсіп меңгеруші екі-үш қабат соғып кетті. Екеуара оңаша шүңкілдескені болмаса, алабөтен сөздері жоқ сықылды. Тек келген сайын Жүкең шай-пайға аңқасы кепкендей бас қояды, әбден мейірі қанған соң, қарақасқа айғырына қайқая мініп құйғытып ала жөнеледі.

     Мамыр мейрамының алдында Кәдір қойшы Алматыдан оралыпты. Ол уақытта марапатты берісі Алматыдан, әрісі Мәскеуден ғана алатын. Кәдір шопан Алматының бар сый-сияпатын арқалап келіпті. Астанаға  қазіргідей екінің бірі бара бермейтін заман, сондықтан Кәдір қажыға барып келгендей ел-жұрт оның Былқылдақ қыстағына ағылған.

     Базархан әйеліне қоңыр шибарқыттан тігілген галифесі мен кителін, хром етігін, картузын алғызды. Онысын қағып-сілкіп көп әуреленгеннен кейін ғана үстіне ілді. Қолына елік сапты тоғыз өрім қамшысын ұстады. Айнаға қарап отырып сақалып алып, мұртын басты. Шашы да өсіңкірепті, оны алғызсам ба екен, алғызбасам ба екен дегендей – екі ойлы боп біраз отырды.

-          Әй,  Қалиманның  ұлы,  бермен  кел.  Мынау  бастың  әнеу  күнгідей шаңын  шығар.

Түгін қалдырма. Адам құсап барайық барар жерге, - деді маған бұйыра сөйлеп.

     Оның қайратты, қалың шашын жалтылдаған скальпельмен алатынмын, өйткені анау-мынау ұстара, бәкі ондай орманға он салсаң да бір баспайды. Былтыр жазда веттехникке бір кебесін бере отырып, әрең-пәрең айырбастап алған.

     Шашын алғызып болысымен қыстан бері аяқ артпаған жалы тоқпақтай, жұп-жұмыр боп жұтынған қара бестіні ерттеді. Торы атқа да ертоқым салып айылдарын тартыңқырап қойды.

-          Ал,  Ынтеке,  Қалеке, қойды  екеуіңе  тапсырдым.  Жаяу-жалпылап  боса да ұзатпай

қайыра тұрарсыңдар. Біз Кәдірдің ауылына кеттік. Мына жалғызаяқ жолмен жүріп отырсаңдар, сонау көрінген жалғыз түп жиденің түбінде жылап аққан тұма, ауыл орнындай көк шалғын бар. Қойды түсте соған иіріңдер, ыстықта сол маңға үйездей тұрсын. Мына өзімнен кейінгі Есенжол бөріктіні қасыма ертем, әйтпесе сәнім келіспес, - деп маған иек қақты. Төбем көкке жеткендей болды. Кейінірек бастан талай-талай берекелі-мерекелі күндерді өткіздік, сан қабат дәулет құсы төбеге қонды, бірақ дәл сол күнгідей ашық-жарқын шаттанбаппын да, қуанбаппын да. Әбден есім шығып кетіпті, шешем қолыма тобылғы сапты – әкемнің көзі – төрт қырлы қамшыны ұстатқанда барып атқа әзер қондым.

     Ашық күнде биік шағылға шықсаң, қолсозымда тұрар Былқылдағың едәуір бар екен. Ақ таңертең шыққан біз сәске түсте ғана Кәдекеңнің ауылына ат басын тіредік. Сонадайдан көрген адам Кәдір қойшының үйін үгіт пункті деп қалуы кәдік. Қызыл борлатқа түскен ұранның өзі алты қанат  қазақ үйді екі орап алыпты. Есік алдындағы ұзын құрыққа байланған қызыл байрақтың айдарынан жел есіп тұр. Құдды қол бастаған батырдың немесе сардарбектің ставкасындай. Біздің аттарымызға атағаш та бұйырмай, қалмақша байластыра салдық.

     Үйдің іші ығы-жығы, қақ төрде мұртын сылап Жүсіп меңгерушіміз отыр. Оның оң тізесін баса соноу Алматыны көріп келген үй иесі Кәдір ақсақал жайғасыпты. «Атаның баласы – алдыға, басқаның баласы – барына» дегендей, қалғандары жасына, беделдеріне қарай тізіліпті.

     Біз:

-          Ассалаумағалүйкүм! - деп қосарлана дауыстадық.

-          Уағалейкүм, -  деген, -  уассалам, -  деген  жауап  іркес-тіркес  жүдеулеу, бәсең  ғана

шықты.

     Базархан екеумізге орын есік жақтан тиді, малдас құрар одан басқа жер де жоқ. Елдің бәрінің көзі төрдегі екеуде. Басқа кісілер бас киімдерін қанат ұшына, бақанға іліп, тақиямен ғана отырса, Жүсіп пен Кәдір бастарындағы дөп-дөңгелек шляпаларын әзір шеше қоймады. Біз кірген бетте әлгілерін көтеріп, желпуішше желпініп-желпініп алды. Судай жаңа қалпақтардың астары мен атлас орамы көздің құрты, кейбіреудің ішіне шоқ боп түсіп жатыр.

-          Ал.  Кәдеке,  алыстан  келдіңіз. Наградаңыз құтты болсын! Бұл тек Сіздің ғана емес,

бүкіл ауданымыздың, колхозымыздың бедел-беркеті. Осынша жұрт соған сүйініп кеп отыр. Көрген-білгеніңізді айта отырыңыз. О жақта игі-жақсылардың талайымен, небір марқасқалармен мәжіліс құрған шығарсыз, - деп Жүсіп сөз тізгінін Кәдірдің өзіне тастады.

-          Е-е,   болдық   қой   талай   жерде,  көрдік  қой  талай  игі-жақсыны,  -  Кәдір  қойшы

әңгімесін ыңырана бастады. – Мына Жүкеңдер сап кеткен қара жол ғой. Сонымен жүрдім де отырдым. Пұл-қаражатты етіктің қоншына тыққам. Қалада алаяқтар қаптап жүреді деуші еді, со өтірік-ау деймін. Дін аманмын. Біздің ауданнан үш кісі ек, облыс орталығында әр ауданнан үш кісіден қосылды – бас-аяғы отыз адамдаймыз. Үштөбеден пойызға отырып  бес-алты сағатта жетіп бардық. Мына біздің тоғай, ну деп жүргеніміз қу селдір екен. Көктің көкесі, миуа бақ Алматыда ма деп қалдым. Жердегі жұмақ сонда ма дерсің. Күзде алма мен өрік өзі иіліп аузыңа түседі дейді... Қабат-қабат үйлер. Бізге орден тапсырған үйдің биіктігі тура бес қабат. Терезесінен төмен қарасаң – басың айналады, сырттан қарасаң – шіләпің жерге түседі. Соны да көрді біздің бас. Сонан, мына Жүкең бір қақпақты қалта сағатын тапсырып жіберіп еді, бір күн соны іздеп әуреге түстім. Қара басып, қарқұрым халықтың ішінде өз тобымнан көз жазып қалып... Ат шаптырым мәгәзіннің ішінде олай-бұлай шарқ ұрайын. Анаған да барам, мынаған да барам – қазақша жөн сілтер жан болсашы. Бір уақытта сыптай киінген бір баланың қолтығымнан алып, дедектете жөнелгенін білем. Құрыған жерім осы екен, бағана сағат алып тұрғанда, қоншымнан ақша суырғанымды аңдып тұрған болды ғой деген ой жарқ ете түсті. «Ой, аға, мені танымай қалдыңыз ба? Жүсіптің баласы Тұрарбекпін ғой», -дегенде барып есімді жиғаным. Сасқанымнан: «Амандық қайда, қызталақ! Адамның зәре-иманын ұшырдың», - деп жатырмын тек тұрмай. «Ой, аға. бір емес, үш рет сәлем бердім, естімедіңіз бе, әлде есіңіз шығып кеткен бе? Көзіңізді алақтатып, ерніңізді жыбырлатқаннан басқа дәнеңе демедіңіз», - дейді мына Жүкеңнің сонда оқып жүрген азаматы.

     Ел қыран-топан. Әсіресе Жүсіп разы. Өз баласының бас қалада екенін, райкомның ба, райыспалкомның  ба оқуында жүргенін осы жұрт тегіс біледі.

-          Жә. Бүгін бақ-дәулет өзі іздеп басқа қонған күн.  Кәдекеңнің айдыны асып кеп отыр.

Әуіңді аяйсың ба, бас қамшыны, - деп Жүсіп Базарханға қолқа салды.

-          Жүке, түнімен малды ит-құс торып, бар дауысым  айтаққа кетті. Кәдеке,  сіз де сөге-

жамандамаңыз. Қарлыққан дауыс қарқылдауыққа ғана жарасады. – Базархан елік сапты қамшысының тұяғымен жер шұқыды, ақырын ғана менің тіземді басып-басып қойды.

-          Ой,  сен  шәрде  адасқаныңды айтпай, алып келгеніңді көрсетсеңші. Сағат бір болып

қалыпты. Базарханды бәлсіндіріп қайтеміз, онанда Алматыдан ән-күй ести отырайық. - Жүсіп қақпақты күміс сағатын қалтасынан суырып, сырт еткізіп ашып, сырт еткізіп жауып төс қалтасына қайта салды.

-          Расында   да  боп қапты  ғой  өзі, - енді  шынжырлы  сағат  шығарудың  кезегі  Кәдір

ақсақалға тиді. – Бірге бес минөт қалыпты. Жүке, сіз рұқсат етсеңіз, қуырдақпен қоса үлкен жердің шәрбатынан да ауыз тие отыралық.

-          Құйсаң,    мәленкоп   стақанымен   құй.  Әйтпесе   ауыз   былғамайық, -  деді  Жүсіп

меңгеруші шалқайыңқырап қойып.

-          Құп,   Жүке.   Мінекиіңіз.  Айтпақшы,   ұмытып   барады   екем.  Көрмеде   болғанда

әрқайсымызға пәдәркі берді. Біреуге кілем, біреуге мылтық, біреуге патипон. Маған радиоқабылдағыш тиді. Жүкеңнің айтып тұрғаны сол ғой. Келе сала Жүкеңдер құрып берді. Бір сымтемірін анау құрық басындағы жалауға байлап қойдық. Мына үш зілқара кірпіш соның жемі. Қазір қосып көрелік, сосын мынасын бұрап Алматыны ұстайық. Мінеки.

     Бағанадан іргеде, торғын жамылғының астында тұрған ағаш қобдиға тіл бітіп, сарнап қоя берді. Таң-тамашамын, бірақ салмағым ортаймасын деп үлкендер сықылды сабырлы отырмын. Алматыдағылар Кәдекеңнің орден алғанын көріп-біліп, соған арнайы ән-күй бағыштап жатқан сықылды.

                                                  Асқақтата салғаным жайлау әні.

                                                  Баққан малым жайлаудың болған сәні,

                                                  Маржан-ай...

     Құлпырған өлең, сән ән екен. Бұл қызыл құмның арасына мен ес білгелі мұндай әуен жоламаған еді.

     Кеш батқанша Базархан екеуміз, басқа да қойшы-бақташылар Кәдірдің қуанышына ортақ болып, той тойлап, жыр жырладық. Менің құлағымнан манағы радиоқабылдағыштан тамылжыған ән, күмбірлеген күй кетер емес.

     Сам жамыраған, құм қойнының қызуы қайтып, дүние ұлы төсекке бас қойған. Тек оқта-текте жолды ұзын сирақ ор қоян кесіп өтеді, бетімізге гүжілдеген зауза қоңызы келіп соғылады. Жалпақ дала төсін аймалай самал еседі. Аспанға сан мың жұлдыз қаптай көтеріледі. Қос аттылы бізбен бірге ай желіп келе жатады. Кенет, төбе-құйқаңды шымырлатарлық әуез шырқау көкке шым-шымдай көтеріліп, әуелеп берді дейсің.

                                                  Келеді қараторғай қанат қағып,

                                                  Астына қанатының маржан тағып...

     Ға-ла-мат! О, Құдырет! Базархан, кәдімгі қасымда келе жатқан Базарханның көмейінен мынадай қисапсыз қазына төгіледі, ағыл-тегіл мөлдір бұлақтай үн ашылады деп кім ойлаған. Оның сырлы, майдақоңыр дауысы анау тұнжыр көктегі күмістей жұлдыздарды қоңыраулатып, аппақ айды тербегендей. Бабаларымыздың ұлан-ғайыр сақарасы секілді кең тынысты, тербетілген ашық дауыс.

     Қазір ойлаймын, табиғаттың қабағы жазылып, көңілі түскен кезде көл-көсір етіп, үйіп-төгіп бере салған дүниесі. Базархан қойшы кезінде қолы жетіп оқып-тоқып кетсе, қазіргі әлем мықтыларының ығында емес, алдыңғы легінде жүрер ме еді, кім білсін. Дариға-ау, апыр-ау, десеңші, меңіреу мақұлықтай сусылдаған қызыл көшкін қаншама асыл Базарханды жалмап-жұтып қойды? Енді қанша текті мен дүлділділдің маңдайынан күн өтіп, табанынан мұз қарыр екен? Қай жақта жүр екенсіңдер жүректерін телім мен теперіш сыздатқан, кішкене ғана ұлы ғаріптер?..

     Несін айтайын, осы жасқа келгенше жұлдызы жарқыраған нелер вокалистерді, тамаша белькантоны тыңдадым, талай концерттерді көрдім. Бірақ Базарханның дауысына жетер саф, таза, бояуы мың құбылған әжімсіз үнді менің құлағым естіген жоқ әлі.

     Жүрегім мені қол жетпес алысқа, қалың құм арасында қалған балалық күндеріме жетелей береді. Құлағымнан Базархан қанат қақтырған «Қараторғай» кетер емес. Әнеки:

                                                      Ағаштың бұтағына қонып алып,

                                                      Сайрайды таң алдында қараторғай...

Алматы, 1988.

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048