Ұялы телефон... ұры мен алаяқтың қолында
Өмірде неше түрлі ыңғайсыз жайттарға ұшырасып жататынымыз анық. Соның бірі – қолымыздағы ұялы телефонға келетін мазмұны ақылға сыймайтын қоңыраулар мен хабарламалар боп тұрғаны жасырын емес.
Алғашқы кездері бізге бәленбай бірлік жіберсеңіз, түгенбей сыйлықтар береміз деген байланыс операторларының жарнама хабарларын көзіміз талай шалған.
Көпшілік сол оңай олжа әкеледі деген ұтыстарға сан мәрте қатысып, әжептеуір қаржыларынан қағылып жатты. Кейін бұндай бассыздықты тоқтату керек деп еліміздің Парламенті Мәжілісінің депутаты Рауан Шаекин мәселе көтеріп еді. Осыдан кейін ұялы байланыс операторлары тарапынан әлгіндей олқылықтарға жол берілмейтін болды.
Бірақ дегенмен, бұл күндері мағынасы алдау-арбауға құрылған қоңырауларды басынан өткергендер аз емес. Солардың ішінде осы жолдардың авторы да бар.
Бірде түс мезетінде менің ұялы телефоныма хабарлама келді. Онда орыс тілінде: «Сіздің ұялы телефоныныздың номері біз ұйымдастырған ұтыста финалға шықты. Сіз «Меркур авто» фирмасы ұсынған 4 «Нива» автокөлігінің иесі атанғалы тұрсыз»-деген мазмұндағы мәтін жазылған. Бірақ мен оның кезекті біреулердің алаяқтық әрекеті екенін бірден түсініп, олармен хабарласпадым.Бір кезде мен жауап бермеген соң өздері ұялы телефоныма қоңырау соқты. Тұтқаны көтерсем, ар жағында жасы 30-40 шамасындағы ер адам алдындағы жіберілген хабарламада жазылған ұтысқа қатысуым үшін оның ұялы телефонына 1000 бірлік салуым қажет екендігін ескертті. Айтуына қарағанда, солай етсем ғана көлікті тізгіндейді екенмін.
Әлбетте, мұндаймен елімізде машина тасымалдаушы «Меркур авто» фирмасының атын жамылып отырған алаяқтардың айналысатыны айтпаса да түсінікті. Білуімізше, әлгіндей жағымсыз іс-әрекеттерді көбінесе қылмыстық жазасын өтеу орындарында отырғандар кәсіп етіп алған көрінеді.
Осы жерде кейінгі жылдар мұғдарында ішкі істер министрлігі ұйғарымымен еліміздегі қылмыстық жазасын өтеу мекемелері аумағына ұялы телефонмен байланысты шектейтін арнайы құрылғылардың қойылып жатқаны осындай келеңсіздіктердің алдын алуға арналған құптарлық шара екені ақиқат.
Иә, жұртшылықты алдап-арбайтындардың жымысқы әрекетіне осылайша тосқауыл қойсақ ғана әлгіндей алдамшы қоңыраулар мен хабарламалардан құтыларымыз хақ.
Дархан УӘЛИЕВ.
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Қарағанды қаласы.
Abai.kz