Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Өз сөзі 8563 0 пікір 11 Шілде, 2014 сағат 18:16

СӘДІБЕК ТҮГЕЛ: ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН ЖАЛЫҚПАЙМЫН

- Біздің білуімізше, Сіз шығарып отырған «Қазанат» журналына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ақ батасын берді. Сол игі жұмыс бұл күнде қалай жалғасын тауып жатыр?

-2006 жылы Түркияның Стамбул қаласына Кеңес Рақышев екеуміз жазған «ҚАЗАНАТ» кітабы үш тілде басылып жарыққа шықты. Басылым бірден оқырмандардың зор құрметіне бөленді. Атбегілердің қолынан түспейтін, іздеп оқитын шығармасына ай­налды. Сол кезде үлкен үйдегі тілектес ағалардан: « Жылқы шаруашылығы мен ат спорты үлкен тақырып. Тек, кітап шығарумен тоқталмай, осы аттас журнал шығарыңдар»-деген ұсыныс түсті. Айтылды, болды, біз бірден «Қазанат» журналын шығаруға кірістік. «Бұл жәй ғана қағаз емес, маңызды құжат, Елбасының сендерге берген МАНДАТЫ мен сенімі әрі жауапты тапсырмасы. Сенім биігінен көрініңдер!» – деп ағаларым мандатты қолыма ұстатты. 2007 жылы Елбасы: «Ежелден сәйгүлік баптаған елдің ұрпағымыз. Еліміз егемендік алғалы тұлпарлар тағдыры қазақы қаны бар азаматтардың қолына көшті. «Замана желімен жарысқан – Қазанат» журналы ұлттық спортты, соның ішінде, жылқы шаруашылығы мен ат спортының дамуына баса зер салады деп ойлаймын. Іске сәт жігіттер!" деп ақ батасын берді.
Бұдан шығатын қорытынды мен осы салада ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тікелей тап­сырмасын орындап жүрген азаматтардың бірімін. Міне, сол "Қазанаттың" жалғасы "Ұлттық спорт" журналын шығаруды қолға алдық. 

-Сәке, «Ұлттық спорт» журналыңыз құтты болсын.  Жұрт Сізді ұлттық спорттың ұйымдастырушысы, насихатшысы, белсенді қайраткері ретінде тани­ды. Айтыңызшы, Сіз ұлттық спортпен қашаннан бері шұғылданып келесіз? Қаражаты мүлдем жоқ ұлттық спортты ұйымдастыру, басшылық жасау оңай шаруа емес екені белгілі. Сізді кім қолдайды және күш-қуатты қайдан аласыз?

-Жалпы ұлттық құндылықтармен шұғылдануды маған Алла тағала маңдайыма жазған деп ойлаймын. Ұлы Дала ойындарымен бала жастан айналысып келемін. 7 жасымнан бастап бәйгеге қатыстым, бертін келе ат баптаумен, ұлттық ат ойын­дарын ұйымдастырумен белсене айналыстым. Содан бері, жылқы шаруашылығы мен ат спортының бел ортасында жүрмін. Көптеген беделді халықаралық, республикалық, аймақтық жарыстардың ұйымдастырушысы болдым. Әкем Түгелге алғысым шексіз. Ең алғаш атқа мінгізіп, кейін тай, құнан жарыстарға қатыстырып, шыңдаған әкем болатын.

Марқұм ерекше ат құмар жан еді. «Қазанат» сөзін 1961 жылы алты жасымда әкемнен естідім. Әкем – белгілі жылқышы еді. Өзінің көрген білгенін, ойға түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып оты­ратын көреген кісі еді.

Ол кісі айтып отырушы еді:

– «Қазанатқа қазақтар қарыз. Өйткені, Қазанат – қазақтың қазынасы.Осынау ұланғайыр қазақтың жерін бабаларымыз қалай қорғады, қалай сақтап қалды? Бұл қасиетті жерді қазақ батыры құр шоқпарды сүйретіп, жаяу қорғаған жоқ қой. Тұлпарлардың, Қазанаттардың үстінде, үлкендігі есік пен төрдей азынаған айғырлардың және қазақ халқының қайсарлығы мен мықтылығының арқасында қорғады. Қазанат – ердің қанаты. Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың Қазанаттары болған.»

Бүгін тарихқа көз жүгіртсек, рас солай болған. Сондықтан да, мен қазанаттарды іздеуші, ұлттық құндылықтарды ұлықтаушының бірімін. Мен қазағымның қазанатын іздеп жүрген жанмын! Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны рас. Қазанаты болғанда халық қор болмаған!

Әйгілі философ, жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқа халық қайтадан жаралсын, мейлі маймыл­дан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ – жылқыдан, тұлпардан туған!» – деп айтқан екен. Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, Ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы. Ұлы даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама кеңістікті қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих – куә.

Ол жөнінде Берел, Ботай қорымдарынан табылған бұлтартпас әлемнің маңдайалды ғалымдары мойындаған дәлелдеріміз бен фактілеріміз бар. Бала кезімде «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп…», «көлденең жатқан көк тасты тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген…» тұлпар түлігін елестететінмін. Сәби қиялмен Қазанатты тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты. Тіпті ат спортын дамыту жолы­на түбегейлі ден қою мақсатында 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Алматыға арнайы көшіп келдім.

Ал енді сұрағына келсек, қазақтың Қазанаты қазақ даласында бар. Оған біздің талай бәйге кезінде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын қалайша Қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында Қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл тұқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол – Қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдан­дыра білді. Соның арқасында олар әлемге танылды.

Қазір әлемде жылқының 200-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, ганновер, орлов, ақалтеке, т.б. деп кете береді. Біздің Қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ Қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде Қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-ба­баларымыз өздерін «жылқы тектес халықпыз» деп бе­кер айтпаған. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір бөлек» – де­ген аталарымыз.

-Бұрынғы замандарда жылқының саны көп болған ғой…

-Иә, көп болған. Бір-ақ, мәлімет келтірейік. 1916 жылғы санақ бойынша қазақтарда 5 миллион 640 мың бас жылқы болған. Жалпы қазақ даласында 1928 жылға дейін 60 миллионнан астам төрт түлік малдың түрлері жайылып жүрген. Халқымыздың саны 6 миллионға жуық болатын.

-Сіз жылқы шаруашылығының тарихын зерттеп жүрген азаматсыз… Малдың саны неге күрт кеміді?

-Сұрақ дұрыс. Жылқының күрт азаюының аста­рында сұрқия саясат жатыр. Бір сөзбен түйіндесем, әдейі қазақты жер бетінен жоғалту және рухани жаншу үшін істелінген қолдан жасалған қылмыс.

Дегенмен, арғы бетке өтіп, тұқымы сақталған тұлпарларымыз да бар.

Бүкіл Қытайды мойындатқан Бейжіңгер сол қасиетті қазанаттардан қалған ұрпақ. Оған да шүкір дейміз.

Біз, қазақтар – қазанаттар десек, Алпамыстың – Байшұбарын, Қобыландының – Тайбурылын, Қамбардың – Қарақасқасын, Исатайдың – Ақтабанын, Абылайханның – Шалқұйрығын, Қабанбайдың – Құбасын, Ақан серінің – Құлагерін, Бошайдың – Үш қарасын айтамыз.

– Қазанаттар туралы жақсы айттыңыз. Бұл үлкен тақырып қой. Қалғанын келесі сандарда жалғастырармыз. Енді, ұлттық ат спортына оралсақ дұрыс болар еді. Сәке, ұлттық спорт түрлерінің негізгі ойыны ат ойындары емес пе?

– Шынында, біздің ұлттық спорт түрлерінің 90 пай­ызы атқа қатысты ойналады. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да осында. Спортшы қандай шымыр, мықты болса, оның аламан бәйгеге немесе көкпарға қосатын аты да мықты, жарамды болуы шарт. Басқа спортта бапкер тек спортшыны дайындаса, ұлттық спортта бірнеше бапкер, біреуі спортшыны, енді біреуі атты баптайды. Мен білетін ұлттық ат спортының 15 түрі бар: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, тай жа­рыс, дөнен жарыс, жамбы ату, ат омырау­ластыру, ат құлағында ойнайтын «ер жігіт ойындары» деген сияқты.

– Сәке, осы жерде ұлттық спорттың тарихымен таныстырып өтсеңіз. 

– Қазақ ұлтының ұлылығын, қазақ халқының даналығын, қазақ елінің елдігін әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең басты­сы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары болып табылады. Ұлттық спорттың мың жылдан бері көп тарихы бар. Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жам­бы ату, қамшыгерлік, саясаткерлік, түйе жарыс – жел­мая, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау ықылым заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап, ұлы ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай «Мың өліп, мың тіріліп» келеді.

Түйіндеп айтсақ, Ұлттық спорт – Ұлы дала мәдениетінің темірқазығы. Ал, мәдениет – ұлт рухы, болмысы!

Ұлттық спортымыз – екі мыңжылдық тарихында, менің зерттеуімде 4 кезеңді бастан кешіріп отыр.

1-кезең: Дәуіріміздің VI ғасырынан – XVIII ғасыр аралығын қамтиды. Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұсы 13 ғасырға созылған көшпенділер спортының қалыптасу кезеңі.

2-кезең: Ресей империясының қарамағында бодан болған тұсымыздағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы. Толық XVIII – XIX ғасырлармен мен XX ғасырдың басына дейінгі – 217 жыл. Байтал тұрғы бас қайғы заман.

3-кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан – 1991 жылдар Советтер одағы тарағанға дейін – 74 жыл аралығы. Ұлттық спортымыздың – көлеңкедегі шөп сияқты дамуы.

4-кезең: Қазақтың тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсаннан бүгінгі күнге дейінгі аралық.

Ұлттық спорттың айының оңынан туып, жұлдызының жарқырай бастауы.

– Дұрыс айтасыз. «Ат спорты» ойындарының жанданған кезі соңғы жылдары ғана емес пе? Ұлттық ат спорты түрлерінің федерациясы қашан құрылды? Тұңғыш атбегілер құрылтайы қашан өткізілді?

– Жоғарыда айтып өткенімдей ұлттық ат спор­ты Ел тәуелсіздігінің арқасында өткен тоқсаныншы жылдардың басында қолға алына басталды. Оны көтерген Айып Құсайынов, Бошай Кітапбаев, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин, Бердібек Сапарбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сын­ды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген об­лыстарында ат спорты ойындары жиі өткізіле баста­ды. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын.

Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайын ұйымдастырдым. Сол уақыттарда белгілі адамдардың ме­рейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, ат ойындары жанданды. Қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ой­ындары өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалу­шылар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жа­старды қызықтырудан қала ма деп қорықтық.

Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылдың қаңтарында Жастар ісі, туризм және спорт Министріне хат жаздым.

Абырой болғанда бұл хат министрліктің сол кездегі бөлім меңгерушісі Елсияр Қанағатовтың қолына тиді. Біздерге сол тұста шын ниетімен көмек жасаған Елсияр бауырға әлі күні алғысымыз шексіз. Мен жарыққа шыққан екі кітабымда ол туралы жа­зып, рахметімді білдірдім. Әлі де жүрген жерде, га­зет, журналдарда, радио, телевиденияларда айтып келемін. Өйткені, ол ұмытылмайтын жағдай. Ал, өз кезеңінде Елсияр бауырымыз менің осы ұсынысха­тым туралы жүрекжарды тілегін елге жеткізуде. Ол үшін де оған мың да бір алғыс айтамын. Бұл дегеніңіз оның әділдігін, адалдығын білдіреді. Тілегім, балалары мен немерелерінің қызығын көрсін.

Сонымен, менің хатымның негізінде Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар Ережелерінің алғашқы нұсқасын жаздық. Сосын ережелер дайын болғанан кейін 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет қазақ атбегілерінің Құрылтай конференциясы ұйымдастырдық. Бұл күн – Ұлттық ат спорты түрлерінің Федерациясы үшін тарихи дата бо­лып есте қалды.

– Ұлттық Ат Спорты федерациясын Алматыдан – Астанаға қалай әкелгеніңіз туралы да білгіміз келеді.

– Екі ғасырдың тоғысында халқымыздың тари­хында ерекше орын алатын Ұлы оқиға болды. Ол Елордамыздың Алматыдан – Астанаға көшуі еді. Мен сол ұлы көшпен алғашқылардың бірі болып Алматы­дан Астанаға қызмет ауыстырдым. Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болып тағайындалдым. Осы кезеңде Федерациямыздың жұмысы тоқырап, жетімсіреп қалды. Өйткені, адамдарсыз жұмыс жүре ме? Не істеу керек? Ойланып, ақылдасып федерацияның офисін Алматыдан – Астанаға әкелу керек деп шешім қабылдадым. Бұл сәтте маған ағалық көмегін беріп, қолдау көрсетіп, қазақтың біртуар аза­маты, тау тұлға Құлназаров Анатөлі Қожыкенұлы. Ол кісіге федерациядағы жағдайды айтып, телефон соқтым. Ағам бірден қолдай кетті. Осы айтқандарымды қағазға түсіріп, маған жібер, мен қолдаймын деді. Мен А.Қ. Құлназаровтың атына орыс тілінде жолдадым. Анатөлі ағамыз айтқан сөзінде тұрды. 1999 жылдың ақпан айының ол Алматыдан Елсияр Қанағатов пен Нәбидолла Кикебаевты жіберді. Мен оларды теміржол вокзалынан тосып алдым, орналастырдым. Сосын бәріміз бірігіп, бірлесіп, тізе қосып, ауыз бірлікпен Ұлттық Ат спорты федерациясының съезін 1998 жылдың 7 сәуірі күні өткізіп, әділет министрлігінен тіркеуден өткіздік. Съезд делегаттары – Қайрат Назарбаевты – федера­ция президенті, мені – бас хатшы, Ерлан Атамкұлов пен Елсияр Қанағатовты – вице президент, Нәбидолла Кикебаевты – атқарушы директор, Абай Жүсіповты – қаржылық  директор ретінде бірауыздан сайлады. Жұмыс жанданды. Жер-жерде федерацияның фили­алдары ашылды. Федерация туралы жағымды пікірлер қалыптасты. Барлық жарыстар Федерацияның аты­мен, соның ережесімен өткізілді.

Ел біздің жұмысымызға оң баға берді.

Осылайша, ұлтқа жаны ашитын азаматтардың арқасында біраз шаруаларды атқардық. Алғашында бір ғана Ұлттық Ат Спорты федерациясы болса, қазір бұл үлкен Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығына айналып, ол өз құрамына 27 федерацияны біріктірді. Олардың өзінде облыстық, аудандық филиалдары бар. Құрылғаннан бері мыңдаған халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық жарыстар өткіздік. Республика бойынша 11 ұлттық спорт мектебі, 17 ат спортының клубтары мен орталықтары, 27 ипподром­дар жұмыс істейді. 22 жылдың ішінде бүкіл Қазақстан бойынша ұлттық спорттың барлық түрлеріне 18475 әртүрлі жарыстар, шаралар, басқосулар өткізілген. Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясын құрдық. Ұлттық спортымызды әлемге паш еттік. Бұл – зор жетістік деп ойлаймын. Қауымдастықтың құрамында 1 милли­ондай адамдар бар.

– Сәке, сенімді достарыңызбен және ел­мен Ұлттық Ат спорты Федерациясына қатысты қыруар шаруалар тындырыпсыздар. Көп рахмет. Халық айтса қалт айтпайды ғой. Ел сіздердің осы ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Федера­цияны, одан кейін Қауымдастықты құруда және оның жұмысын күнделікті жүргізуде кедергілер мен қиыншылықтар да болған шығар. Олай деп отырғаным биылға дейін басқа спорт түрлерімен салыстырғанда, ұлттық спортқа мемлекет тарапы­нан қаржы бөлінбеді емес пе?

– Ия, тек соңғы бір – екі  жыл көлемінде «Самұрық- Қазына» тарапынан қаржылай көмек көрсетіле бастал­ды. Ол дегеніңіз – жүздеген, мыңдаған бізді қолдаған бауырлардың еңбектерінің ақталғаны ғой деп ой­лаймын. Сіз дұрыс айтасыз біз бұрыннан қоғамдық, патриоттық, фанаттық негізде жұмыс істеп келеміз. Бізді достарымыз «жалаңтөстер» деп атап кеткен. Ол үлкен тарих. Ал, кедергілер мен қиыншылықтар өте көп болды. Федерацияны да, Қауымдастықты да жа­былудан, жабудан алып қалғанымыз көпке аян дүние. Оған болашақ бағасын беретін болар.

– Кейбір ағаларымыз «Ұлттық спорт түрлерімен әлемдік аренаға шыға алмаймыз» деген де күстаналаушылық әңгімелерін айтып жатады. Кейде дәйекті дәлелдер келтіргенде, шынымен де осы іс-әрекеттеріңіз бекер емес пе деген ой келеді…

– «Ұлттық спортпен әлемдік аренаға шыға алмай­мыз» дегендер, ұлт деген ұғымнан мақұрым, оры­станып, еуропаланып кеткендердің бос далбасасы. Ат спорты арқылы біздің қазірдің өзінде қаншама ел таныды. Олар қазақ деген ұлттың ат құлағында ойнаған халық екенін мойындады. Ұлттық спортты әлемге таныту арқылы біз қазақтың мәдениетін, салт- санасын, спортын, этнографиясын, тарихын насихат­таймыз. Біздің спортшылар шетелге барғанда жай ғана аттарын жетектеп бара салмайды. Ер – тұрманы, ұлттық киімі, жасау-жабдығымен барады. Оларды көрген шетелдіктердің талайы естерінен танды. Бір ғана қамшының өзі мәлімет береді. Ер-тұрман мен ат әбзілдері – нағыз қазақтың тарихы мен өнерін паш етеді. Ал күрес пен боксқа қатысатын спортшыдан осының қайсысын көре аласыз? Сондықтан, ұлттық спорт арқылы біз еліміздің, ұлтымыздың салт-санасын шетелге танытамыз. Ұлы дала мәдениетін паш етеміз.

Еуропаны мәшине, техника жасаудан оза алма­уымыз мүмкін, ал енді қазақтың Қазанаты арқылы ұлттық спорттын дамытсақ, онда күллі Батысты артта қалдырар едік.

– Шетелдерде өтетін дүбірлі додаларға қатысып жүрсіздер, нәтиже қандай?

- Ең алғаш рет 1996 жылы Венгрия Республика­сы ұйымдастырған әлем шабандоздарының бірінші фестиваліне қатыстық. Әлем шабандоздарының тұнғыш фестивалінің бас жүлдесінен дәмелі 23 мем­лекет ішінен қазақтың жұлдызы оңынан туды. Көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу сынды төл ойын түрлері бойынша оқ бойы озып шықтық. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген еуропалықтар жа­пырылып құлады. Ақырында фестиваль төрешілері мен қазылар алқасы бас жүлдені біздің жігіттердің қанжығасына байлады. Бізге дейін мажарлықтар: «Бізді дүниеде ат үстінен аударып түсіретін ұл туған жоқ» деп мақтанып жүреді екен. Осы мажар жігіттерін біздің Қаһар Қиянтаев, Шадияр Шоқанов, Жаныс Саев сияқты жігіттеріміз қас-қағымда ат үстінен жұлып-жұлып алып, лақтырып жіберді. Венгрлік гусарлардың салмақтарының өзі 120-130 келі, бой­лары екі метрден асады. Біздің жігіттер орта бой­лы, әлгілердің иықтарына да жетпейді. Бірақ, әдіс- айла мен тақым мықты болғанда, салмақ пен күштің дәрменсіз болатынын сонда көрдік.

-2001 жылы Халықаралық «Көкбөрі» Федерация­сы құрылды, оған әлемнің 17 елі мүшелікке енді. Бұл біздің көкпарымыздың әлемдік сипатқа ие болуы де­ген сөз. Сол 17 мемлекеттің ішінде Жапон, Түркия, Қытай, Ресей, Венгрия сынды ірі мемлекеттер де бар. Бірнеше жылдың алдында Ұлыбританияға барған бүркітшілеріміз зор табысқа кенелгенін білеміз. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз…

– 2007 жылдың шілде айының ортасында Еуропаның төрі Лондон қаласында біздің бүркітшілер та­рихи жеңіске қол жеткізді. 33 мемлекеттің ішінен су­ырылып алға шықты. Бұл еліміз үшін үлкен абырой. Ұлыбританияға тұңғыш рет барлық жасауымен, оның ішінде сандық, қылыш, найза, ертоқым, алаша, теке­мет, қамшыдан тартып, сегіз қанат киіз үй апарған біздің жігіттер – бүкіл фестивальге қатысушыларды таң қалдырды. Франция, Германия, Бельгия, Брита­ния, Бразилия, Жапония, Қытай секілді мемлекеттер қатысқан бұл фестивалға 5000-дай адам қатысты. «Бри­тан құсбегілері» ұйымының басшысы, халықаралық құсбегілер Федерациясының президенті Джим Чик­пен кездесу өткіздік. Мәдени-спорт саласына қатысты екіжақты ынтымақтастық жасау мүмкіндіктері талқыланды. Біз апарған киіз үйді Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-Министрінің орынбасары, БАӘ Құсбегілер клубының төрағасы Шейх Хамдан бин Заед Әл-Нахянның өзі келіп тамашалады. Киіз үй Брита­ния мұражайына табыс етілді.

– Сіз бастаған қазақ көкпаршылырының Түркиядан жеңіспен оралғаны жөнінде айтып берсеңіз?

-2012 жылдың 12-14 қазанында Түркияның Де­низли қаласында әлем елдерінің ұлттық ойында­рынан фестивалі жоғары деңгейде өткізілді. Оған дүниежүзінің 25 мемлекеттері қатысты. Олар: Америка, Жапония, Мажарстан, Словакия, Украина, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Албания, Герма­ния, Австрия, Болгария, Грузия, Азербайджан, Литва, Ауғанстан, Латвия, Эстония, Чехия, Франция, Италия, Малайзия, Индия және Түркия. Фестивальге 500-ден астам ұлттық ойындардың шеберлері, спортшыла­ры, шабандоздары, көкпаршылары, палуандары, әртүрлі ауыр заттарды көтеретін, ауыр автокөліктерді сүйрейтін күштілері күш сынасып, қатысты. Әрбір ұлттардың ұлттық ойындарының 25 түрінен қызықты жарыстар, әсерлі көрсетулер болды. Қазақстан көкпардан құрама команда апарды. Елімізге атта­ры мәлім, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионда­ры, көкпардан спорт шеберлері: Дәулетбек Омбаев, Темірқан Айтбаев, Қазбек Амангельдинов, Мұстафа Уатаев, Бақтыбай Шырынкулов, Еркеғали Мырзабаев. Бас бапкер әрі алаңдағы ойыншы болып Қуан Құрамаев барды. 12 қазан күні Қырғыз Республикасының құрама командасымен ойнадық. Матч өте тартысты әрі қызықты өтті. Өйткені қырғыздар бұл жарысқа қатты дайындалып, қайтсек де жеңеміз деп келген екен. Ол жөнінде маған сол аймақта тұратын қырғыз бауырлар айтты. Біздің жігіттер намысты бермеді, ше­бер ойнады. Нәтижесінде біз 10:5 есебімен жеңіске жеттік. Екінші ойын Турцияның көкпаршыларымен болды. Ол да керемет өтті. Есеп 7:2 қазақтар жеңді. Бұл дегеніңіз қазақ көкпаршыларының халықаралық деңгейдегі айтулы жеңісі болып табылады. Фестиваль өте жоғары деңгейде өткізілді. Үш күн толығымен 500 мың адамдар тұратын Денизли қаласы ұлттық рухта өмір сүрді. Мыңдаған түріктер ойындарды тамашала­ды, қол соғып қошамет көрсетті. Қазақтың көкпарына деген құрметтері мен құлшыныстары ерекше болды. Түркия үкіметіне алғысымнан басқа айтарым жоқ. Біздің барлық шығындарымызды, баруымыз бен келуімізді солар көтерді. Көкпарға аттар берді. Ең ба­стысы олар Ұлттық ойындарға арналған «Қызыл жа­лау» атты сайыс аренасын салып, іске қосқан. Біздің көкпар ойынына өте ыңғайлы. Бір сөзбен айтсам түрік бауырлар рухты көтеретін, ұлттық ойында­рын мемлекеттің толық қарауына алған. Оған қаржы аямай жұмсауда. Үлкен әсер алып қайттым.

– Сіз, Ұлы Дала тұлпары Құлагерге ескерткіш салу идеясының авторы әрі ұйымдастырушысыз. Идея қайдан, неден туындады? Бұл бастамаңыз тек алуды, жеп қалуды мақсат тұтқан заманда, дүние мүлкіңізді ломбардқа салып, ұлтымыздың мақтанышы Құлагерге ескерткіш тұрғызуыңыз ғажап оқиға болды?

– Ашығын айтайын, бұл идея жігіттік намыстан, азаматтық нартәуекелдігінен шықты. «Мен бастама­сам, мен істемесем кім істейді?» деген ойдан келді. Ерейментау ауданындағы ескерткіштің ұрлануы менің намысыма тиді. Зұлымдыққа тойтарыс беру қажет болды. Көп сөзден, нақты бір іс артық деп, осы шаруаға белсене кірістім. Халық қолдады. Бұл күнде «Астана – Көкшетау» автобанына сән беріп тұрған сәулет. Адам­дар көп барады. Ел ұнатады. Сол маған үлкен баға.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Алда үлкен асулар мен белестер тосып тұр. Олар туралы келесі кездескенде айтып берейін. Ұлтқа қызмет етуден шаршамаймын.

– Тартымды әңгімеңізге көп рахмет.


Әңгімелескен Фариза Нұржақыпова

Астана қаласы. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052