Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 16087 0 пікір 8 Шілде, 2014 сағат 09:43

Эмиль Золя. КӨРІКСІЗ ҚЫЗДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

(1865 жыл...)

І

Парижде сатылмайтын нәрсе жоқ:  көлгірсіген өтірік те, шымылдық бүркенген шындық та, күлкі мен көз жасы да, жезөкшелер екібастан. Енді оған он екіден бір гүлі ашылмаған қыздар қосылды.

Достығы сақал сипағанша ғана созылатын сауда патшалығында сұлулықтың ең қымбат тауар екенін білмедім дей көрмеңізші. Олай болса құралай көз, қиғаш қас, оймақ ауыз, аршын төс дейсіз бе, қысқасы, әйел тәніне әр берер әрбір деталь, тіпті жымиғанда беттің ұшында білінер-білінбес белгі беретін ойық та – қып-қызыл ақша. Әрине, ақша жүрген жерден «әзәзіл» қалсын ба, қара базарға келгендердің әр жақ, бер жағына  шығып, ақыры талай қыз-келіншекті ботадай боздатады ол. Көз жасының мәні: қолдан жасатқан қасы мен жалған шашының ойдағыдай шықпағаннан ғой,  бірақ Жаратқан ием берген болмысын жасандылыққа айырбастауға бел буғандардың өзіне де обал жоқ.

Мақұл, мұның бәрі өркениетке ұмтылған жұртқа тән құбылыс бола қойсын. Сұлулық – о баста пенде жерге түскелі бері көз құрты, сауданың басты көзірі.  Десек те дәл Дюрандо қарттың кәсібі тіпті сұңғылалардың сұңғыласының да үш ұйықтаса түсіне кірмеген болар, сірә. Ол құбыжық бейне «сатуды» қолға алған. Иә, иә, кәдімгідей Құдай көрік бермеген бейбақтардың ажарсыздығынан ақша саууға болатыны жайлы ой алғаш басқаның емес, оның ғана «данышпан» басына қайдан сап ете қалды екен?..

Әйтеуір, бүгінде Париж көшелерінде екі-екеуден қолтықтаса қыдырыстап жүрген құрбылар көбейді. Оларды байқамау мүмкін емес, өйткені олар өздерін оқшау ұстайды, ал жүрістері бейне көл бетінде сырғып бара жатқан аққуларды елестететіндей. Жастары шамалас, әрі бірдей киініп алатын сылқымдардың әйтеуір бір «жұмбағы» барын аңғарасыз. Алайда, ол не?.. Аздап шыдаңыз, сіз бәрін де түсінесіз. Пенде баласының өзі аңғара бермейтін бір әдеті бар, ол – міндетті түрде алдымен әдемілікті көру. Қолтықтасқан екеудің бірі сондай сүйкімділігімен көз тартады, алайда оның бар құпиясы – қасына ерткен құрбысында еді. Әуелі әдемісіне көз салған жігіттер, еріксіз екіншісіне ауыса бере, оның жүзінен шошынғаны соншалық, жалма-жан жанарларын тайдырып әкетіп, қайтадан құрбысына қарайды. Ал ол жымың ете қалса болғаны, батырың жем шоқыған көгершіндей біраздан соң сылқ-сылқ күле кетіп бара жатқан қос құрбының ізінен еріп жүре береді. Осылайша бір бейбақ  «тұзаққа» түсті дей беріңіз. Егер, көріксіз қыз жалғыз болса, ер кіндікті оған тіпті мойын да бұрмас еді, сол сияқты қасындағысына да. Себебі жалғыз жүргенде ол мүлдем сұлу емес. Алайда ажарсыздың қасында кез келген қарапайым түр көріктеніп, тіпті құлпырып кетеді. Дюрандо саудасының бар құпиясы – міне, осында.  Яғни, құбыжық қыз – «сұңғыла саудагердің» қызметкері. Шал оның әр сағатына бес франк төлейді. Әрине, анадан ажарсыз боп туғаны үшін емес, әлдебіреудің «бағына» өзін құрбан қылғаны үшін.

II

Дюрандо – кәсіпкер еді, онда да нағыз тісқаққаны. Өзін миллионерлер қатарына іліктірген сұрықсыздар саудасы туралы ой оған қалай келді дейсіз ғой. Бір күні кешкісін таза ауа жұтуға шыққан шал желекжолға жете бергенде, кенет екі қыздың қарсы ұшырасқаны: бірі – сұлу, екіншісі оған қарама қарсы, жүзінен кісі шошырлықтай. Сол бір ғана сәт біздің саудагерге «баға жетпес байлық» сыйлап кеткен-ді. Сұлулық үшін опа-далапқа өзінің соңғы тиынын қиюға бар әйел затының дәл мына «тауар» үшін барын беретініне Дюрандоның еш күмәні болған жоқ. Ал тауар – ажарсыз құрбы. Қолтықтап көшені бір жүріп өтсе болғаны, кем дегенде бір жігітті қаратпауы мүмкін емес.  Кәрі тарлан шалажансарлыққа еш берілмейтін, сондықтан жаңа кәсібіне қайткенде елді бірден елең еткізудің жолдарын асықпай ойланды. Сауданың ұңғыл-шұңғылына дейін санасында әбден пісірмей, істі бастаған жоқ. Өйткені нарықтағы бәсекелестері мұның бір ғана қателігін көрсе, қасқырша талап жеуі әбден мүмкін еді.

III

Дюрандо қарттың қанжығасы бірден майланған жоқ. Алдымен әбден қиналды. Неліктен дейсіз ғой? Кәсіпті бастаудың қисынын келтіре алмады. Қаланың ел көреді-ау деген бұрыштарына іліп кеткен «көріксіз қыздарға  жақсы жұмыс ұсынамын, құбыжық бейне болса, тіпті екі есе ақша төлеймін» деген хабарландыруына, о тоба, керісінше әдемі қыздардың ағылып келмесі бар ма?! Бірақ олар қанша жерден «жұмысқа алыңызшы» деп аяғына жығылса да, қазымыр қарт селт етпеді.
Бірақ ол осы тұс өз сәтсіздігінің сырын түсінді. Сөйтсе, Құдай көрік бермеген қыздар «мен ұсқынсызбын» деп, өзге түгілі өзіне мойындамайды екен-ау. Сондықтан да саудагер өз қолымен ілген қағаздарды ерінбей қайтадан алып тастап, агент жалдауға көшті. Олардың міндеті – көше-көше, үй-үйді кезіп, ажарсыз қыз-келіншектер табу. Талғам мен тәсілге бай дегендерден іріктеліп алынған агенттерге жеңіл жүк артылған жоқ. «Тауардың» мінез-құлық, тұрмыс деңгейі бәрі-бәрін есепке алып, олардың жүрегіне барар жолды табу керек. Әйтпесе, кім бірден ұсқынсыздығын сатуға келісе қояр дейсіз?! Өзіңіз елестетіп көріңізші, «Ханым, көріксіз келбетіңіз үшін, сағатына осынша төлеймін» деп тұрған сәтті. Небір шапалақтарды жеп, қандай ауыр сөздер естімеді деңізші, байғұс агенттер. Бірақ, түбі жағдайдың беті бері қарай бастады. Тамшы да тасты теседі емес пе?..

Әр таңын Дюрандо сұрықсыздарды сұрыптаудан бастайтын. Әуелі сары халатын киіп, креслоға шалқая түскен күйі қолындағы буы бұрқыраған кофесін ұрттап қойып, алдына келгендерді кезегімен қарайды. Қыза-қыза соңында орнынан тұрып кетіп, әр «тауардың» түр-түсі, пішінін, аумағын, салмағына дейін бәрін тәптіштей қарағаны, сырт көзге киім өлшемін алып жатқан тігіншіні елестететін. Құбыжық бейне көңілден шықса шал мәз болып, екі алақанын ысқылайды. Сөйтеді де оны тауып келген агенттің қолын қысқаны былай тұрсын, тіпті ұсқынсыз қызды қалай құшақтап алғанын аңғармай қалатын кездері көп болды. Бірақ көркі келіспесе де, қыз қылмыңдап тұратұғын болса, ондайды шал бірден жарамсыз қылып тастады. Онысы да орынды, себебі түрімен болмаса да, қылығымен еркектің құмарын қоздыруы әден мүмкін ғой. Ондайда әлгіні тапқан агентке қабағын түкситсе,  әйелдің өзіне жай ғана жылы сөзбен шығарып салады.   Сұрықсыздықты сұрыптау сұлуды табудан қиын болмаса, оңай шаруа еместігін осы бір қарт саудагерден артық ешкім білмейтін шығар, сірә.   Дегенмен,  Дюрандо осы тұста өзінің кәнігілігі мен көрегенділігін мойындатты. Адам бойында көпшілік көре бермейтін   құштарлық пен сезімнің сиқырына қаныққан ол жеткілікті мөлшерде көріксіз қыздарды таптым-ау деген тұста мынадай мәтінді су жаңа агенттік есігінің маңдайшасына ілді:

IV

 

«Ажарсыздар агенттігі»

 

Л.Дюрандо. 

Париж, М… көшесі 18.  Кеңсе есігі таңғы 10.00-ден түс қайта сағат 16.00-ге дейін ашық.
        Мәртебелі ханымдар,  мен сіздің сұлу жүзіңізге одан сайын әр беретін су жаңа тәсіл ойлап таптым. Әшекей мен опа-далаптың әр береріне дауымыз жоқ, бірақ біз көрсететін бұл қызметтің жанында олар жіп есе де алмай қалады.  Себебі қанша жасырсаңыз да, бояу мен киім-кешек, алқа-сырғаңыз көзге көрініп қалады, ал менің тапқан жаңа тәсілімнің құпиясын ешкім біле алмайды. Табиғат берген ажар-көркіңізге қылдай қиянат келтірмей, үстіңізге бір сабақ жіп те қоспай-ақ, мен сіздің жүзіңізге қараған жігітті сиқырлап алатындай күш беремін.

Сіз байқадыңыз ба, өмірде барлық нәрсе жақсы-жаман, ақ пен қара, байлық пен қайыршылық болып бөлінетінін, сол секілді көріксіз құрбы да сіздің сүйкіміңізді арттыра түсетіні соншалық, тіпті өзіңіз де таң қаласыз. Біз сізге бар болғаны – ажарынан адам шошитын құрбы береміз. Маған сенім артқан сұлу өз шешіміне өкінбейді, келіңіз, көз жеткізіңіз! Қымбатты қыз-келіншектер, сіздердің әрқайсыңыз сүйікті болуға, ер азамат атаулыны естен тандыруға лайықсыздар. Жасанды кірпік, жасанды қас, ұлама шаш, бәрін-бәрін лақтырыңыз да маған келіңіз! 

Агенттік сондай-ақ «құдалыққа» баратын «ата-ана», «әпке-жезде», «аға-жеңге» тауып бере алады. Бағалар қолжетімді. Бар болғаны – сағатына бес франк, ал 50 франк төлесеңіз, күні бойы сізге қызмет етуге бармыз. 

 

V

Нәтиже тіпті ойлағаннан да асып түсті. Келесі күні-ақ агенттік ауласы кезек күткен қыз-келіншекке толды. Бірінен бірі өтетін көріксіз құрбыларын көргенде қыздардың қуанғаны сонша, көздері бейне қансонарда жемтігін тапқан бүркіттей шоқ боп жанды. «Мата даңқымен бөз өтер» дегендей, сұрықсыздың қасында сұлу болып көрінетіні оның іштегі әзәзіл дертін қоздырып,  менмендігін асқақтата түсті. Тіпті, ең көріксіз құрбы үшін жиналғандардың бірімен-бірі таласқанын қайтерсіз?.. Әншейінде өзін көппен бірдей санайтын қызымызды Дюрандо қарттың қақпасынан «құрбысын» қолтықтай шыққан кезде көрсеңіз танымас едіңіз. Кеудесіне нан пісердей кердеңдей басып, тіпті мына түрімен туған анасы не әкесі алдынан шықса да көз қиығын салмай өтсе, таң қалмаңыз. Себебі ол өзін әлемдегі ең сұлу ханшайым сезініп бара жатыр. Міне, Дюрандоның данышпандығы, сұңғылалығы да осында еді. Ол әйел атаулының ең осал тұсын тауып, тамырын тап баса алды. Енді оның тасы өрге домалап, саудасы қыза түспесе, маған келіңіз.

Дейтұрғанмен, Дюрандоның шарықтаған көңілін әп-сәтте су сепкендей басатын әйелдер кездеспей қалмады. Күндердің бір күні әйел, әйел емес, әбжылан дерлік долының келгені. Агенттер «тауарды» түгел тізіп қойып, онсызда өз табиғатына өкпелі байғұс қыздардың қисық аяқ, қоңқа мұрын, қыли көз, бұдырайған шеке, жырық еріндерін алға тартса да, әлгі әйел бірде бірін жаратпай қойғаны. Себебі оның өзі алдында тізіліп тұрған «тауардың» қатарынан болатын. Бірақ оны қайдан мойындасын?.. Әттең, сол күні қас қылғандай Дюрандоның өзі болмай қалды, әйтпесе ол бұл әйелдің өзіне бірден «құда түсер» еді…

Жә, әйтеуір, сөйте-сөйте сұраныс ұлғайды, «ажарсыздардың» ешқайсысы жұмыссыз қалған жоқ. Басында кәсіп құрлы ғана көрген бұл ісін Дюрандоның өзі сүйіп қалғаны сонша, тіпті ақырында ол өзін адамзатты бақытқа кенелтуші екенмін деп шат-шадымен күйге түсті. Әйтсе де, ол біреуді бақытқа кенелтем деп, қоластында жұмыс істейтін қыздардың күні бойғы көрген қорлығынан түн баласы көз ілмей, жастықтарын жасқа шылап шығатынын есепке алуды ұмытып кетіп еді. Сөз жоқ, баяғыдай бейшара халде емес, бүгінде Дюрандо қыздарының әр күні үлде мен бүлдеге оранып, бұрын тек қиялында ған көретін жерлерді күймемен жүріп аралайтын  ақсүйектердің қасында өтеді. Соларға етілген тағзым бұған да бұйыратын болған. Бірақ кешкісін қызметтен үйіне оралған соң жібек көйлек пен әшекейлерін шешіп, айна алдында өз ұсқынымен бетпе-бет тұрған сәттегі байғұс қыздың көңіл-күйін тіпті әлемнің ең қайғылы симфониясы да жеткізе алмайтын шығар… Сірә, алтын балықты уысында ұстап тұрып,  бірақ соңында жырық астаумен қалатын қария мен кейуана да тап мұндай құлази қоймаған шығар… Яғни, күні бойғы қызықтың құны – бұлардың көріксіздігі… Құдайдың түрге жарытпағаны аздай, адамдар да оларды аямай аяққа таптап, ашыған жараға тұз себе түсетінін қайтерсің?.. Бір жағынан, Дюрандоны байытып, екінші жағынан күн сайын қаншама қыздың бағын ашатын бұл бейбақтардың өз басын осынша қорлыққа саларлық не жазығы бар еді?!. Бейшара қызды біреу аймалап, сүю былай тұрсын, тым құрыса көз салса етті… Міне, сізге – трагедия!
         

VI

Қадірлі оқырман, мен әуелде жай ғана Дюрандоның кәсібі жайлы айтпақшы едім, бірақ соңында оқиғаның өзі осылай өрбіп жүре бергені… Егер бір күні мен кәнігі қарт кәсібінің көрігін қыздыра түскен «жемтіктердің» өмірі жайлы бір шығарма жазсам, таң қалмаңыз. Себебі олардың бірі маған келіп, ішкі сырын жайып салған еді…  «Әйел жылап алса ажарланып кетеді» деген сөздің растығына сол сәтте мен таң қалдым, тіпті ең көріксіз деген қыздың өзі мұңын шағып жылап отырғанда, дүниедегі ең сұлу жандай көрініп кетті көзіме. Ол өз өмірінде қанша әйелдің «құрбысы» болмаған деңізші, тіпті арасында Париждің ең атақты да ауқатты деген ақсүйектері де болыпты. Солардың небір құқайын көріпті ол.

Әй, әйелдер-ай, әдемі болған жақсы ғой, бірақ күні бойы сол сұлулықты толықтыра түскен  тор жаулықты тағып болған соң,  дар айырмайсыз ғой? Сол тор жаулық құрлы құны бар еді ғой «құрбыңыздың». Олар болмағанда, сізді кім сұлу деп санар еді?… Бүкір ханзада да бақытты болды емес пе, ертегіде. Сол секілді «мұңлық құрбыңыздың» да бағы ашылуы мүмкін бе еді. Бейшараның бар мұңы да сонда, ол өзі «тұзаққа» түсіріп берген, бірақ қызығын сіз көрген әр жігітке ғашық еді… Сол сәтте ол сізді сұмдық жек көретін, бірақ сонда да бейшара сізге қызмет етуге мәжбүр еді. Өйткені ол көп үшін тек тауар еді, әйтсе де сіз әйелсіз ғой, сондықтан құрбыңыздың зат емес, тірі жан екенін ұмытпауыңыз керек еді…

Бірақ, өктемсіген өркениет мұңлықтардың көз жасын қайтсін, елең де қылмайды. Біреу қасірет шекті екен деп, Адамзат алға жылжуын тоқтатуы керек пе?!. Ол әсте мүмкін емес. Ал Дюрандо қарттың аты тарихта мәңгі қалады. Өйткені ол «атын шығару үшін жер өртеді ғой», бірақ ол өзінің ғана шоғын үрлеп қойған жоқ, бүгінгі мына сіз бен біз көріп жатқан өркениеттің өртін лаулата түскен еді…

 

Орысша «Приманки» нұсқасынан

Қазақшалаған

Мәриям ӘБСАТТАР

20.02.2014 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052