Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 7975 0 пікір 2 Шілде, 2014 сағат 15:11

«ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ» ҚАУІП ТӨНІП ТҰР

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВ мырзаның назарына! 

(КӨШІРМЕСІ: Батыс Қазақстан облысының әкімі Н.А.Ноғаевқа)

 

Құрметті, НұрсұлтанӘБІШҰЛЫ!

Қадірлі, Елбасы!

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, Өзіңіз ел тізгінін қолға алған сонау аса ауыр тоқсаныншы жылдары аталарымыздың қос ғасырдан аса уақыт қанын төгіп, аңсап-армандаған қазақтың әупірімдеп жеткен еркіндігіне Орал бойы казактарының дүркін-дүркін қауіп төндіргенін білесіз. Қиын кезеңде жағдайдың қаншалықты ушығып, қантөгіске жарты қадам қалғанынан сол кездегі аймақ басшысы, қазіргі қазақ парламенті Мәжілісінің төрағасы Қ.Жақыпов мырза да жақсы хабардар. Құдай сақтап, Өзіңіз өзегін түзген темірдей төзімділік пен салиқалы сабырлылықтың арқасында Жайықтың жағасындағы жағымсыздыққа жол берілмеді...

 

Мінеки, арада 20 жылдан астам уақыт өтті. Қазақ тілі – мемлекеттік мәртебе алды. Әйтсе де, Оралдағы қазақ тіліне «шынайы» көзқарастың бүгінгі таңдағы сипаты мынадай деректерден айқын көрінеді:

1. Қазір Орал қаласынан орыс тілінде: «Надежда», «Талап», «Досуг», «Диапазон-Уральск», «Информбиржа», «Неделья», «Политра», «Уральская неделья», «Приуралья», «Газета для всех», «Пульс города», «Огни приуралья» т.б. көптеген басылымдар шығады.

2. Қазақ тілінде облыстық әкімшіліктің ресми басылымынан басқа, жалғыз ғана «Қазақ Елі» («Жұмадағы жүздесу») газеті ғана бар.

Мемлекеттік бюджеттен көк тиын алмай, 15 жылға жақын уақыт қалт-құлт етіп шығып келе жатқан бұл жалғыз қазақ газетінің қазір он мыңдаған тұрақты оқырманы бар. Біз елдегі кемшін-кемшілікті мейлінше ашық айтып, жемқорлық пен парақорлыққа, әділетсіздік пен әлімжеттілікке қарсы талай мақалалар жариялап, көптеген адамдардың жеке тағдырларына араша түсіп, қалың елдің алғысына бөлендік.

Әйтсе де, адал сын, ашық пікір, әсіресе, жергілікті билікке жаға бермейді. Бізді талай мәрте сотқа сүйреп, баспаханадан газетімізді басуға үзілді-кесілді тиым салынған   кездер көп болды. Осынау жылдар ішінде облысты басқарған әкімдердің ішінде Қырымбек Көшербаев қана бізге түсіністікпен қарап, бірде-бір рет аяғымыздан шалған жоқ. Тіпті, керісінше, барлық іс-шараларға арнайы шақырып, құрмет те көрсетті, сыйлық-жоралғы да жасады. Біздіңше, алысты болжап, асқарды алатын нағыз мемлекеттік қайраткер Қырымбек Көшербаевтай болуы керек.

Құрметті, Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫ!

Біз Өзіңіз іргесін қалаған қазақ елінің намысы үшін өз өмірімізді қауіпке тігіп, болашағы баянды болуы жолында бар күш-жігерімізді сарп етіп жүрсек, белгілі-белгісіз біреулер Жайықтың жалғыз қазақ газетін жабуға барын салып, тырысып-тырмысып жатыр. Күні бүгін облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасынан біздің газетімізді олардың сотқа бергендігі туралы хабар келді. Турасын айтсам, Жайық жағасындағы қазақтың баспасөз тілі түбінен кесілмекші!!!

Жайықтың жалынды қарт жорналшысы Тихон Әліпқалиев таяудағы маған жазған бір хатында: «...Филармониядағы жиынға барғанмын. Көңілім құлазып қайтты. Облыс әкімінің орынбасары Б.Мәкеннің журналистерді құттықтау сөзі бюджеттен қаржыландырылатын облыстық, қалалық, аудандық газеттерден басқа бізде ешқандай бұқаралық ақпарат құралдары жоқтай әсер қалдырды. Ел қамы үшін шырылдап шындықты жазып жүрген «Жұмадағы жүздесу» сынды газет журналистерінің қазақ қоғамына ешқандай қатысы жоқ па? Әлде, әділ сын жазғандары үшін оны «37 жылғыдай» халық жауларының қатарына қосып қойды ма? Интеллектуалдық қабілеті күшті, кемеңгер мемлекеттік қайраткерлер тілін тауып, дұшпанды да досына айналдырып алар еді...» – деп жазды.

Қадірлі, Елбасы!

Жайықтың қазағы мен қазақ тілінің бүгінгі жайы осындай аса аянышты халде. Қазақтың ғұлама жазушысы Ілияс Есенберлиннің былай деп жазғаны бар: “Өзіңнің туған ата-анаңды таңдай алмайтының сияқты, халқыңды да таңдай алмайсың. Өз ұлтыңды жабайы дейсің бе, әлсіз дейсің бе, өресіз дейсің бе, қалай атасаң да – оның аты біздің маңдайымызда жазылып тұр. Мен өз ұлтымды өзінің табиғи болмыс-бітімімен сүйемін, сондықтан, өлімнен де қорықпаймын. Ал, менің халқымның қанатын кескен адам, тіпті менің туған ұлым болса да, менің мәңгілік дұшпаныма айналады”.

Сізден, Президент мырза, біз де АНА ТІЛІміз үшін басылымымыздың ондаған мың оқырмандарының атынан халқымыздың қанатын кескісі келгендерден араша сұраймыз!

Құрметпен, Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

«Қазақ Елі» халықтық қозғалысының төрағасы,

«Қазақ Елі» («Жұмадағы жүздесу») газетінің директоры әрі бас редакторы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340