АЛЛАДАН ТІЛЕГЕННІҢ АЙЫБЫ БОЛМАС...
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти хазірет
Ержан қажы Малғажыұлына
Бисмиллаһи Рахманир Рахим. Ассалаумағалейкум, уа Рахматуллахи, уа Баракатуһу.
Қадірлі Ержан қажы Малғажыұлы!
Аллаға шүкір, Еліміз тәуелсіздік алған соң, Қазақстан халқы Алланың хақ діні исламға жаппай бет бұрды. Осынау шынайы құлшылықтың, ақ тілеудің арқасында, жерімізге тыныштық, құт-береке орнады. Ұлтымыз бай-қуатты тұрмысқа қол жеткізді. Елбасының шақруымен әлемге тарыдай шашылған қандастар Қазақстанға көшіп келе бастады. Басымызға бас қосылып, санымыз көбейді, ырысымыз тасыды...
Дегенмен, осы соңғы бес-алты жылдың көлемінде Қазақ көші, белгісіз себептермен, саябырлап қалды. Кейде жергілікті туыстардан: «Осы оралмандарды қаптатып қайтеміз» деген күңкілді де естіп қалып жатамыз. Халық болған соң айтатын шығар. Барлық елдің ұлттық сана-сезімі, білім-қабілеті бірдей емес қой, кейде түсінуге де болады. Деседе, бір кезде Ө.С секілді ел ағасы жасындағы, ұлт мақтанышына айналған кісілердің аузынан дәл осындай сөздердің шығып, эфирден, газет бетінен дұйым елге тарауы жағамызды ұстатқан болатын. Бұл жақсылықтың нышаны емес еді, әрине! Шындап келгенде, біз қазаққа шытынап шекемізден қарайтын халге әлі жеткен жоқпыз. Тым азбыз. Елбасымыздың: «Қазақстан халқының санын 2020 жылға қарай жиырма миллионға жеткізу керек!» деген үндеуі барын өзіңіз жақсы білесіз. «Біздің еліміз – жас, жеріміз – ұлан-ғайыр, халқымыздың саны болса – көп емес. Сондықтан Елбасы ретінде елімнің болашағын ойлап алаңдаймын» дегені тағы бар.
Оның үстіне, шет елдердегі көп қазақтар тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырлып, өзге ұлтқа жұтылып барады. Бұл жағдай Тәуелсіз елдің әрбір иманды азаматын бей-жай қалдырмаса керек деп ойлаймын. «Көп тілесе – көл» дейді халқымыз.
Сізден осы қандастарыңыздың Қара шаңырақ - Қазақстанға оралуын, Алла ризалығы үшін әр уақ оқыған намазыңыз сайын, Жаратқаннан жалбарына тілеуіңізді сұраймын. Өзіңіз ғана тілеп қоймай, Қазақстандағы ҚМДБ-на қарайтын барлық мешіттердегі имамдарға да тапсыруыңызды, уағызға қосып, үзбей үнемі айттыруыңызды өтінем.
Сонымен бірге, қандастарымыздың көшіне кедергі жасап, қоянбұлтаққа салғысы келетіндерге, жала жауып, кемсітетінднрге де Алланың зауалы бар екенін, өзін қойып, тұқым-тұқиянына дейін екі дүниеде оңбай кетететінін қадап айтуды, қатаң ескерте кетуді ұмытпағайсыз.
Алла көп болып сұраған нәрсені береді. Әсіресе, осы айлардың сұлтаны – қасиетті рамазан айында. Қазақ көші қайта бір серпін алып, көлігін бекемдеп Атажұртқа құйылып жатса, бөлініп-жарылған отбасылар бір-біріне қайта қосылып жатса, қандай керемет болар еді!
Түрлі көзқарастағы елдің де танымын, сенімін өзгертуге, қазақ халқының бірлігін, бауырмалдығын нығайтуға Алланың құлшылық үйінен осындай сауабы мол күндерде айтылған бұл тілек-дұғаның әсері тіпті зор болатынына менің еш шүбәм жоқ.
Алла Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін, Ереке! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, қазақ көші көлікті, ұстаған оразаңыз қабыл болсын!
Бұл өтінішім Сізге аманат!
Құрметпен,
ақын Ауыт Мұқибек
28.06.2014
Астана
Abai.kz