Анкарада ұлықталған ұлттық құндылық
Анкарада оқып жүрген қазақ білімпаздарының ұйымдастыруымен жастар саябағында думанды кеш өтті. Қазақ елінде кең қанат жайып келе жатқан «домбыра пати» және «асық пати» үлгісінде өткізілген кештің әлхисасы әнұранмен ашылды, азаматтар ауылда өткен балалық күнін еске алып асық атып мергендігін сынады. Іле-шала жайлаудың көк шалғынына жайғасқандай саябақта алқа-қотан отырған көпшілік қасиетті домбыраның үнімен тыныстап, шырқалған әндерге шабыттана елітті.
Құлақ құрышыңды қандырып, қуат күшіңді еселейтін қазақ әндерін кезектесе шырқаған әнші жастардың өнеріне серуендеп жүрген жергілікті тұрғындар да тәнтті болып елең етіп тыңдасты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Филология, әдебиеттану және әлем тілдер факультетінен сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша келген белсенді студенттердің өнері барлық көрерменді бір сілкінтіп, қосыла ән салуға жетелді. Аталған оқу орнынан Гази университетіне оқу тәжірибесі бойынша ат басын тіреген Археология-Этнология мамандығы бойынша магистрлер де кеш көрігін қыздыруға ат салысты.
Ұлттық рухтың шырағы жағылған сәлихалы ортада «Электронды қазақ үй» өнімінің таныстырылымы болды. Игі шараны ұйымдастырған Гази университетінің журналистика мамандығы бойынша докторанты Мырзахан Байбол бастаған ұлтшыл азаматтардың жақсы бастамасына жиылған қауым жоғары баға беріп, жалғаса беруін тілеп тарқасты. Әсіресе түркияда тұрғанына бірнеше жыл болған қандастарымыз туған елге деген сағынышын сәл де болса саябырсытып, марқайып қалғандарын қуана жеткізді.
Сәуле Тұзман, Анкара қаласының тұрғыны:
- Айтарға сөз таппай тұрмын, ауылға барып келгендей әсерлендім. Өте қажетті шара болғандықтан, жиі-жиі өткізіп тұру керек деп санаймын. Менің мұнда келгеніме 22 жыл болды. Бұндай бас қосулар отаннан жырақ жүрген бауырларымыз үшін рухани азық болады деп ойлаймын. Бір атап өтерлігі, табиғи, шынайы өтті. Бұл өте дұрыс, кең таратып, жастарды тарту керек.
Гамзе, Гази университетінің музыка мамандығы бойынша 1-курс студенті:
- Мен қазақтарды өзіміздің бауырларымыз ретінде жақсы қабылдаймын. Қазақтардың өлеңдерін, домбырасын, дәстүрлі өнерін жақсы құрметтеймін, сүйіп тыңдаймын. Келешекте Қазақстанға барып, өзіміздің туыстарымызды танып, өнерін үйренгім келеді. Бұл кештен алған әсерім өте керемет болды. Бұл ортадан кеткім келмей қимай тұрмын. Өте жақсы әндер айтылды, тартымды кеш болды.
Жарқын Сәленұлы
Суреттерді түсірген: Самат Сапатай
Анкара, Түркия