Украина Ресей телеарналарына тыйым салмақ. Біз ше?..
Украинаның ұлттық кеңесі радиобайланыс және телевидение мәселелері бойынша Украина аумағында бірнеше Ресей арнасының көрсетілуіне тиым салуды сұрамақ. Бұл туралы Кеңес басшысы Владимир Манжосов мәлімдеген. BBC таратқан ақпараттар бойынша Ресейдің ТВ-Центр International, LifeNews, Russia Today және RenTV арналары бұдан былай Украинада көрсетілімін тоқтатуы мүмкін. Бұл арналарың кейбір бағдарламалары туралы Украина ұлттық кеңесіне бірнеше шағым келіп түскен.
Қазіргі уақытта Киев әкімшілік сотында "РТР-Планета", "Россия-24", "НТВ-Мир", сондай-ақ "Первый канал. Всемирная сеть" сынды Ресей арналарының толқынын тоқтату туралы мәселе қаралуда. Бұл арналардың көрсетілімі Донецк және Луганск облыстарынан тыс Украина аумағында уақытша тоқтатылыпты.
Әрине, кез келген мемлекет өз территориясының ақпараттық қауіпсіздігі үшін өздері шешім қабылдайды. Бұған дейін СССР құрамында болған елдер біртіндеп өз территориясында Ресей арналарының таралымына шек қойды. Атап айтсақ, Әзербайжан ұлттық кеңесі 2008 жылы Ресейлік телеарналарды ел аумағында көрсетуге мүлдем тиым салды. Өзбекстан елі соңғы бес жыл ішінде Ресей телеарналарының таралымын біртіндеп тиым салумен қатар, Ресей телеарнасы бағдарламаларын ретрансляция жасауды да шектеді. Литва, Латвия, Қырғызстан, т.б елдер бүгінгі таңда Ресейлік ақпарат ықпалынан бір жола құтылуды қарастыруда. Ресей телеарналары қазіргі таңда Ресей мен Қазақстанда ғана еркін таралады.
2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы есеп бойынша, біздің елде 2697 БАҚ жұмыс істейді. Қазақтілді БАҚ үлесі қолданыстағы БАҚ-тың жалпы санының 19,1%-ын құрайды, орыстілді – 33,4%, бұқаралық ақпараттық құралдары қазақ және орыс тілдерінде 35% (таратылады) басылады, 12,5% – қазақ, орыс және басқа да тілдерде. Қазақстан арнасы қазақ тіліне толықтай көшкені, бір арнаның жабылғаны болмаса одан бері ештеңе өзгере қойған жоқ. Қазақстанда емін-еркін таралатын НТК, МИР, 31(СТС), Евразия-1 сияқты Ресей телеарналарын айтпағанда, кабелдік және спутниктік байланыс арқылы жүздеген Ресей арналары қазақстандық көрермені бар арна болып отыр. Отандық ақпараттық агенттіктер ақпараттарын түгелдей ресейлік БАҚ-тан алады. Осыған дейін құзырлы орындар көрші елдің ақпараттық ықпалына тиым сала алмады. Тіпті тиым салу туралы сөз болған емес. Жоғары билік Қазақстанның ұлттық ақпараттық кеңістігін қалыптастыруға әлі күнге қауқарсыз. Сондай-ақ, көрерменге әлемдік деңгейдегі арналардың танымдық бағдарламаларын ұсыну қолға алынбай келеді. Мысалы «National geographic», «BBC» секілді арналардың қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ. Бір ғана көршімізден үлгі, ақпарат ала бермей, айналамызға алысырақ көз тастағанымыз жөн болар еді.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz