Сенбі, 23 Қараша 2024
Жалқы сұрақ 11498 0 пікір 18 Маусым, 2014 сағат 11:12

ҚР Конституциясы: «Орта білім алу міндетті». Оны қалай түсінеміз?

    Конституция – ең жоғары заңдық күшке ие Негізгі Заңы, яғни мемлекеттің бүкіл заңнамасының негізін құрайды. Елдің барлық басқа заңдары Конституция қағидаларына барынша сәйкестендіріле отырып қабылданады. Конституцияға сәйкес емес деп танылған заңдар және басқа да құқықтық актілер заңды емес деп танылады, олардың орындалуы тоқтатылады.
       Конституция және оған сәйкестендіріле шығарылған басқа да заңдар орындалуымен ғана күшті. Мемлекет өзі шығарған заңды орындамаса немесе орындата алмаса, барлығының заң алдындағы, сот алдындағы теңдігін қамтамасыз ете алмаса, мемлекеттің және биліктің беделі төмендейді, халық ондай билікке сенімсіздік білдіреді. Заңдардың орындалмауы, соттардың әділетсіз шешім шығаруы, азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғай алмауы біздің қоғамда да кездесіп жатады.
       Тіпті біздің Конституцияда түсінбейтін нормалар да бар. Мысалы, 30-баптың, 1-тармағындағы «Орта білім алу міндетті» дегенді қалай түсінеміз. Міндет – жауапкершілік жүктейді. Яғни, Конституциядағы және басқа да заңдардағы міндеттер туралы нормалар орындалуға жатады. Міндет орындалмаса, бұзылса немесе оны орындауға кедергі келтірсе, жауаптылыққа соқтырады. Мысалы, Республика азаматтары заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеуге міндетті. Айлық жалақыдан бастап басқа да кіріс көздерінен табыс және басқа алымдар төлейміз. Ал салықты төлемеген немесе салық төлеуден жалтарғандарға заң бойынша тиісті шара қолданылады.

       Біздің елімізде орта білім алмағандар жетіп артылады. Тоғыз жылдық білімнен кейін оқушылардың бір бөлігі колледждерге түсіп, толық орта білімді осы жерден алады. Ал бізде тоғыз жылдықты бітіргеннен кейін қолледждерде немесе басқа орта кәсіптік немесе техникалық оқу орындарына бармайтындар да жеткілікті. Оны Білім министрлігі де, басқа да билік органдары біледі. Яғни, олар орта білім алу туралы Конституцияда белгіленген норманы орындамай отыр. Сонда орта білім алмағандар заң бұзған болып есептеліп, жауаптылыққа тартылуы керек пе? Оларды енді не істейміз? Жауапқа тартамыз ба? Өйткені, олар Конституцияның 30-бабын бұзып отыр ғой. Бұл еліміздің Конституциясында кеткен  қателік пе, жоқ әлде шындығында да әркім орта білім алуға міндетті ме? Конституциядағы норма дұрыс болса, орта білім алмағандар неліктен жауапқа тартылмайды? Меніңше бұл норманы «мемлекет өз азаматтарына орта білім беруге міндетті» деп өзгерткен дұрыс шығар. Яғни, азаматтар орта білім алуға міндетті емес, мемлекеттің өз азаматтарына орта білім беруге міндеттенгені дұрыс болар.

     Бұрынғы кеңестік Конституцияда  да бұлай жазылмаған. Ол кездегі Конституцияда «Мемлекет орта білім алуға кепілдік береді» деп бекітілгенін ұмыта қойған жоқпыз.
Сондықтан да еліміздің Конституциялық Кеңесі осы норманың орындалуы туралы түсіндірме берсе дұрыс болар еді. Өйткені Конституциядағы  30-баптың орындалмауынан еліміздің Ата Заңының беделі түскендей көрінеді. Біз солай түсіндік.   

    Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің, Палата төрағаларының, Парламент депутаттары санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша ғана Конституция нормаларына түсіндірме береді. Басылымда жарияланған мақала бойынша түсіндірме берілмейді. Сондықтан да ресми түсіндірме сұратуға өкілеттігі бар лауазым иелері осы мәселеге оң қабақ танытар деген сеніміміз бар. Өйткені, бұл мәселе мақала авторының ғана емес, оқырмандардың да өтініші. Конституциялық Кеңестің бізге түсініктеме бермейтіні анық. Сондықтан да  осыны оқыған және осы жәйтті жақсы білетін заңгерлердің бірі өз ойын немесе өз білетінін айтса да болар еді. Францияның көрнекті өкілдерінің бірі, танымал заңгері және саяси ойшылы Шарль Луи Монтескье айтқандай «заң сөздері мен терминдері барлық адам үшін түсінікті бір ғана ұғымда болуы шарт». Ал біз түсінбегендіктен ғана көмек сұраймыз. Біздің Конституцияда осындай түсіне алмайтын заң нормалары болса, енді не істемекпіз?

 

Бекмырза Сырымбетұлы, Қызылорда қаласы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443