АЛАШОРДАШЫЛАР КІМ? СУПРЕМАТИСТЕР МЕ?
Google-аудармаға мемлекеттік тіліміз қосылатын болды деп, бөркімізді аспанға атқалы жүргенде, «ағылшыннан қазақшаға аударғыштардың» әупірімдерін көріп, аттан ауып қала жаздадық. Қазақтың тілі мазақ болмайтын күн болар ма екен дейсің осындайда. Мемлекеттік тілді қадағалайтын органдарымыздың бар екеніне шүбә келтіресің...
Айтпағымыз аударма жайлы болған соң, сөзімізді ағылшынның «supremacist» деген сөзінен бастайық. Ағылшынның әйгілі «Оксфорд сөздігінің» түсіндірмесі бойынша аталған ағылшын сөзінің анықтамасы былай беріліпті: «noun. Supremacist - An advocate of the supermacy of a particular group, especially one determined by race or sex. For example, a white supremacist». Қазақшасы: Белгілі бір топтың, әсіресе, нәсілдік немесе жыныстық айырмашылығына байланысты өктемдігін қуаттайтындар. Яғни, ағылшындар белгілі бір топтың зорекерлігін дәріптейтіндерді «supremacist» деп атайды. Мәселен, «white supremacist» десе, ол ақ нәсілділердің өктемдігін дәріптейтіндерді меңзейді. Ал бұл сөздің синонимдері racist (нәсілшіл), fascist (фашист) деген сөздер екен. Бізді шалқамыздан түсірген жағдай дәл осы арадан басталады.
Саусақпен санап аларлықтай ағылшыннан қазақшаға аударатын интернет-аударма бағдарламарының ішінде, мекен-жайы www.online.translate.ua деген сайт бар. Осы сайттың аудармасымағында қазақ сөзінің «басы жарылып, көзі шығып жатса да», зардап шеккен қазақ тілінің құқығын қорғайтын Үкімет болмай тұр. Жә, оған да көнелік. Сөйтсек, қуырдақтың көкесі supremacist-тың тәржімасын көргенде болды. Жаңағы нәсілшілдік пен бөлінушіліктің мағынасын беретін «supremacist» деген ағылшын сөзінің қазақша аудармасы аталған «интернеттік аударғыштың» тәржімасы бойынша «алашордашылар» екен. Ал керек болса! Қазақтың маңдайына басқан ардақтылары, Алашорданың ардагерлері супрематист болды. Ау, тіл комитетіндегі көкелер, қайда қарап отырсыздар?! Біз сіздерді, сіздер бізді түсінбей өтіп кететін болдық-ау, бұ жалғаннан...
Сонда қазірге дейін осы интернеттік аударма арқылы алашордашылардың кім екендігін білгісі келетін ағылшын тілділердің барлығы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан бастаған арыстарымызды супрематистер, нәсілшілдер, фашистер деп түсініп келді деген сөз! Сонда бұл «аударғыш» шын шатасып жүр ме, жоқ әлде мұнда бір гәп бар ма?..
Осыдан кейін: «Ойбай, осы supremacist-тың қазақшасы жоқ па?»- деп, қолымыз жеткен аударма бағдарламаларын түгел ақтардық. Ақыры таптық. Алайда, біздің тапқанымыз, отандық емес, қытайдағы қандастарымыз жасаған «ағылшынша-қазақша-қытайша аударма бағдарламасы» болды. Сонымен аударып көрдік, «ағылшынша-қазақша-қытайша аударма бағдарламасы» «supremacist»-ті алашордашылар деген жоқ, «мәлім адамдарды ең жоғары санаушылар»,-деді. «Үһ»,-дедік. «Supremacist»-ті қазақшаға аударатын бағдарлама шетелдегі қандастарымызда болса да бар екен ғой....
Енді осы масқара жайтты естіген соң тиісті орындар бір шешім қабылдайтын болар деп үміттенеміз. Себебі, аталған сайттың қолданушылары аз емес. Солардың бәрі алашордашылар – нәсілшілер, фашистер деп түсінсе, ұлттық мұратымызды мансұқтағанымыз болып шықпай ма?!.
Талғар ДӘЛЕЛҒАЗЫ
Abai.kz