Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Қоғам 5493 0 пікір 13 Маусым, 2014 сағат 10:43

АЛДАНҒАН ХАЛЫҚ, ТОНАЛҒАН ҚАЗЫНА

 

Үлкен тақырыпқа шағын нәрсенің түрткі болатыны бар емес  пе.

Осыдан біраз уақыт бұрын президент Үкіметке және «Самырұқ-Қазына» төрағасына «Мен жекешелендірудің тағы да бір толқынын әзірлеп, өткізуді тапсырып едім. Ол бюджетті толықтыру мен бизнесті дамытудың маңызды көзі. Мемлекеттің қатысы бар ұйымдардың саны 6000-нан асады. Онда миллионнан астам адам жұмыс істеді. Бәріне жалақы төлеу керек. Республикалық бюджеттен ол үшін бір жарым триллион теңге жұмсалады... «Самырұқ-Қазына» қорының айналасында мыңдаған еншілес компаниялар бар. Оның бәрінен құтылып, бизнеске беру қажет!», деп мықтап тапсырғаны есімізде.

Жұртты жолатпайтыны несі?

Нарықтық экономика жағдайында ол, жалпы тұрғыдан алғанда, дұрыс қадам.

Бірақ күні кеше президенттің осы тапсырмасын орындау бағытындағы Үкіметтің қаулысын көріп, өз басым таң қалдым.

Жекешелендіруге тиіс мемлекеттік меншік нысандарының ішінде «Самұрық-Қазынаның» ішіндегі, президент атаған, профильдік емес активтерді, яғни мемлекет араласпай-ақ, оны қаржыландырмай-ақ, өз күнін өзі көруге тиіс бизнес жағынан қауқарлы компанияларды көре алмадым, керісінше, әлеуметтік маңызы бар нысандар баршылық екен.

Мәселен, жергілікті жердегі «қазақ тілін оқыту орталықтарын» жекешелендірудің не қажеті бар екен? Тіл мемлекеттік болса, оны таныту, одан әрі сана мен жүрекке сіңдіру ісін де мемлекет өзі жүргізуі керек емес пе?! Немесе кеше ғана мемлекет қаржысына жақсылап тұрып жөнделген Алматыдағы «Республика Сарайын» жекешелендірудің не қажеті боп қалды?! Тәуелсіздіктің символына айналған ол ғимаратты кім өз қанжығасына байламақ? Мемлекеттік деңгейдегі жиындар мен басқа да мәжілістер өткізетін Алматыға лайықты бір ғимарат керек емес пе? Немесе өнерін сахнада көрсеткісі келетін әлеуметтік жағынан қорғануы тиіс таланттар мен тақырыптар бар емес пе? Ертең олардың сол сахнаға шығуы не шықпауы жеке адамның шешіміне байланысты боп қала ма?

Қызық болғаны, дәл осы күндері елдегі 35 БАҚ-ты жеке қолға беру туралы Үкіметтің тағы да бір қаулысы шықты. Бұл дегеніңіз, ақпарат алаңын тағы да бір бөлшектеп, бір топтан екінші бір, қазіргі билікке жақындау топтың қолына көшіру деген сөз еместігіне кім кепіл?

Қазір ең бай адам – басшы қызметтегі шенеуніктер. Сондықтан жекешелендірудің жаңа толқынына да нақты қатыса алатын солар. Ал қара су ішіп, қара нан жеп отырған қалың жұрт жаңа жекешелендіруге араласып, ісі алға жылжиды дегенге өз басым сенбеймін. Яғни, осы қызықты тағы да сол билік басындағылар көрері хақ!

Алданған халық, тоналған қазына 

Әрине, 90-жылдардағы жаппай жекешелендірумен Үкіметтің осы қаулысын салыстырудың өзі ыңғайсыз. Ол кезде кешегі халық шаруашылығының тұтастай салалары жекенің қолына көшіп кеткен еді ғой.

         «Жекеменшік – экономика мен бизнестің қозғаушы күші және ол сені асырай алады» деген классикалық тұжырым барша жұрттың санасына сол кезде сіңе қоймады да, сол тұстағы заңдардың біржақтылығына байланысты қазақстандықтардың басым көпшілігі жекешелендіру тойына қатыса алмай, науқаннан тыс қалды.

         Шетелге барсаңыз, Қазақстан туралы бір аңызды міндетті түрде естіп қаласыз: яғни, «біздің елде мықты экономикалық реформалар жүзеге асырылған. Сондықтан да Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда нарықшыл әрі дамыған».

         Бірақ бұл аңыздың екінші жағы бар: сол либералды заңдардың жемісін қаймана қазақ көре алды ма? Жалпы жекешелендіру науқаны о баста кімнің мүддесін көздеді?

Сөз жоқ, кешегі бірыңғай советтік әрі жоспарлы шаруашылықты түбегейлі өзгертіп, директивалық сипаттан айырып, нарықтық жолға қою керек болғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол – барша адамзат жүріп келе жатқан күре жол. Сондықтан да жекеменшік - керек.

 Бірақ, меніңше, қазіргі қазақ қоғамында бір үлкен дүниетанымдық деңгейдегі проблема шешілмеген.

Ол жекешелендіру секілді барша халыққа тікелей қатысы бар құбылыс пен үздіксіз жүріп жататын үдеріске деген өркениетті (яғни оның сөзсіздігі мен қажеттігін мойындау), сонымен бірге талапшыл (яғни, «ол шаруаны неге қоғам қадағаламайды?» деген тұрғыда) көзқарас қалыптаспаған. Меніңше, осы жағдайды түбегейлі өзгертетін уақыт жетті.

Оның үстіне бізде мемлекеттік және жеке құзырдағы меншіктің ара-жігі осы күнге дейін ажырамаған әрі анықталмаған!

Қазіргі биліктегі байшыкештер осы құқықтық «қызық құбылысты» ұтымды пайдалануда.

Бізде меншік тұрпаты дүдәмал қаншама маңызды нысан бар! «Акциясының пәленше пайызы мемлекетттікі» деп елді алдап, түгенше пайызына ие жеке тұлға сол нысанның толық қаржылық «қызығын» көріп жатқаны қаншама?! Тиісті пайызына сәйкес мемлекеттік бюджетке қаржы түсіп жатыр ма, жоқ па оны қадағалап жатқан ешкім жоқ! Нәтижесінде бюджеттік қызығын көруге тиіс қалың жұртшылық әлі де не хабарсыз, не шамасыз!

Оған қоса осы жылдар ішінде Қазақстан экономикасы, оның іргелі кәсіпорындарының қаржы жүйесі «оффшорланып» кетті де, кешегі халық меншігінің сүбелі тұстарының түпкілікті бенефициары (яғни шын қожайыны) кім екендігі, оның сол байлықты иемденуден қандай пайда көріп жатыр – мұның бәрі қалың жұртшылыққа беймәлім! Ары таза болса, шынайы патриот болса, ол қазақстандықтар неге өз қаржысын елде сақтамайды? Сөйтіп неге Қазақстан бюджетіне салық төлемейді?

Кезінде халықтың бір мықтап алданғаны бәріміздің есімізде. Соншама дабыра етіп, жарнама жасалған, «әрбір адам мемлекет меншігінің иесі бола алады!» деген ұранмен өткізілген «купондық жекешелендірудің» нақты нәтижелері қайда?! Сол купондар кімді жарылқады? Олардың тағдыры не болды? Судың да сұрауы бар емес пе? Сонда сол купондар су құрлы болмағаны ма?

Әрине, қазба байлыққа, яғни елдің бас байлығына кім ие, сол саяси билікке де ие деген жаттанды сөзді қайталамауға да болатын еді. Бірақ, шын мәнінде, Қазақстанның жер асты байлығын жекешелендіріп алған қазіргі билік және оның жанындағы олигархтар мемлекетті де жекешелендіріп алғанын қалай айтпайсың? Жә, ол дегеніңіз өз алдына бөлек әңгіме...

Жекешелендіруге жаңаша көзқарас қалыптасса...

Бізде екі нәрсені қайта қарау керек: 1995 жылы асығыс-үсігіс, ешбір талқылаусыз референдумда қабылданып кеткен Конституция мен сол құжат негізінде барлық билікті қолына алған бас биліктің халық байлығын жаппай жекешелендіру саясатының қорытындыларын қазіргі заман, өскен сана-сезім мен мемлекеттің бүгінгі әлеуеті тұрғысынан жаңаша сарапқа салу қажет!

Меніңше, ол үшін мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, экономист мамандар, ғалым-сарапшылардан құралған тиісті комиссия құрылуы тиіс. Ол комиссия объективті, жан-жақты көзқарас тұрғысынан Қазақстанда 90-жылдары өткізілген жекешелендіру науқанына тиісті баға берсін. Ақты ақ десін, қараны қара десін!

Және де Үкімет ол комиссияға қажетті барлық құжаттарды беруі тиіс. Болар іс болды, бояуы сіңді. Ендігі жерде жекшелендірудің асыра сілтенген, белден басылған, әділетсіз өткен тұстарын ешбір эмоциясыз, асықпай-саспай жөнге салатын уақыт келді деп ойлаймын!

Мемлекеттік және жекеменшік ара-жігін ажыратып алатын, оған нақты баға беретін кез келді.

Мәселен, әрбір қазақстандық жыл сайын мемлекеттік акциялардан бюджетке қанша қаржы түсетінін біліп отыруы тиіс. Және де сол жоспар орындалмаса, сол үшін жауап беретін министрлер отставкаға кетуі керек! Сонда ғана мемлекеттік меншікті тиімді пайдалануда темірдей тәртіп орнайды.

Соның ішінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен мемлекет меншігін халыққа қайтару мәселесі де кең жиында қаралуы қажет.

Әрине, кейбір әсіре либералдар «национализация ұраны» - нарыққа жат, ол бизнестің дамуына кері әсер етеді, жалпы дамуды тоқтатады, тоқырауға әкеп соқтырады» деген тұжырым айтып, бұл тақырыпты тіпті қозғауға қарсы.

Менің оларға айтар уәжім мынау: шын мәнінде «жекеменшік» институты ел үшін, экономика үшін аса маңызды шарт, онсыз (жеке мүліксіз, капиталсыз, бастамасыз) алға жылжу мүмкін емес. Және де жекешелендіру қорытындыларын қайта қарау дегенде мен ешбір жағдайда өз капиталын жерасты қазба байлықтарсыз, экономиканың басқа салаларында адал еңбек , маңдай терімен жинаған шағын және орта бизнестің меншігі туралы айтып тұрған жоқпын. Ол таптың меншігі көздің қарашығындай сақталуы тиіс. Әйтпесе, жер-жерден жаңаша рейдерлік, яғни сол меншік тартып алынып жатқаны туралы ақпарат құлаққа жетіп жатқан жоқ па.

Менің арқауым әрі адвокатым – Ата Заң. Онда тайға таңба басқандай жазылған «Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады» деген қасиетті сөз бар.

Осының түбірі мен салдарына неге жіті үңілмейміз? Неге Конституцияның орындалуын талап етпейміз?

Ресми деректер бойынша, Қазақстан қазба байлықтарының қоры бойынша 6-орында екен. «Неге халқының өмір сүру дәрежесі бойынша осы орынды иеленбейміз?» деген заңды сұрақты сол халықтың санасына неге орнықтырмаймыз?!

Оның өз себебі де бар. Өйткені, Қазақстан жер қойнауында Менделеевтің химиялық элементтер таблицасындағы 110 элементтің 99-ы бар екені анықталыпты. Оның 70-і барланған, ал 60-ы қазылып, сатылып жатыр.

Минералдық-шикізаттық базасы 5004 кен орны бар екен. Оның бағасы шамамен 46 триллион (!) доллар құрайды!

Осынау адам басы айналып кетер сандардан кейін «осыншама бай елде неге кедей өмір сүріп жатырмыз?» деген сауалды тігінен қою керек-ау!

 

Көшеде жүрген пақырды, олигарх бол деп шақырды...

Жеріміздің қойнауында жатқан осынау байлықты (мұнай, газ, алтын, хром, мыс пен мырышты) жекебас пайдаланып, соның рахатын көріп, «Форбс» журалының төрін бермейтін жекелеген адамдардың мәселесін неге май шам алып алып, қарамаймыз? Кім оған тыйым сала алады? 

Кешегі күні қарапайым шенеунік болған, Гейтс немесе Джобс секілді бизнес талантымен танылып, көзге түсе қоймаған адамдар неге бүгінде адамның миына сыйғысыз миллиардтардың иесі?

Басқалар секілді, бәсекелі ортада бизнес жасап, қаржы тапса, басқа әңгіме.

Әрине, нарықтық заңдарға сай Ата Заңда мынадай бір бап бар: «Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн».

Сөз жоқ, жеке бастаманы, іскерлікті, бизнесті қолдауға тиіс мықты бап. Өйткені, шын мәнінде, жеке меншік экономиканың негізгі қозғаушы күші. Жеке меншіксіз ешбір елдің шаруашылығы дамымайды.

Бірақ, неге ол 17 миллиондық халық ие болуға тиіс пайдаға қатысты болады да, әр ауылда, ауданда, облыста тірлік жасауы тиіс шағын бизнеске қатысы болмайды? Ешкімге құпия емес жайттар бар емес пе. Мәселен, өркениетті елдерде шағын және орта бизнестің ұлттық ішкі өнімдегі үлесі  50-60 пайыздан асып жатса, бізде ол көрсеткіш (ресми түрде) 22 пайыздың о жақ бұ жағы. Өз басым осы көрсеткішке де сенбеймін. Әрбір қазақ өз ауылындағы «экономиканы» қарасыншы, сондағы шағын бизнес сол көрсеткішке жете ме? Бар болса, қытай тауарларын сату бизнесі болар...

Бізде шағын және орта бизнес деңгейіндегі жекешелендіруді мейлінше оңай әрі қарқынды өткізу керек те, оның есесіне шикізат сатумен пайда тауып жатқан олигархтардың қолындағы, үнемі пайда түсіретін кәсіпорындар мен кен орындарын біртіндеп мемлекеттік меншікке қайта қайтару ісін талқылауды бастау керек.

Оның өркениетті түрде және ертең әсіре сыншылар «мынауыңыз барып тұрған популизм», «нарық заңдарына қарсы национализация» айдарын ешкім таға алмайтын бір жолы бар. Яғни, кезінде сол нысан үшін қанша ақша төледі, қазіргі қожайынға соны қайтарып беру. Сол соманың үстінен көрген миллиардтаған пайда жетеді оларға! Осы және басқа жолдарды талқылайық!

Және де ондай әрбір нысанды 100 пайыз мемлекет меншігіне қайтарудың қажеті болмас. Мәселен, жеке инвестицияларды қажет ететін нысанның 49 пайызына дейін бизнеске, оның ішінде отандық кәсіпкерлерге сатуға болады. Меніңше, нарықтық жолға бұл еш қайшы келмейді.

Бірақ ол үшін бізде бір нәрсе жетіспейді: ол – саяси жігер мен ниет! Оның да өз себебі бар: бізде басты саяси шешімдер қабылдайтын бас билік нақ сол олигархтармен тонның ішкі бауындай байланысқан, керек десеңіз, соларға кіріптар, солардың айтқанынан шыға алмайды.

Бірақ бұл билік те мәңгілік емес. Өз басым, дәл осы мәселені күн тәртібіне қойып, заңды әрі заманауи әдіс-тәсілдермен шеше алатын жаңа билік келетініне кәміл сенемін!

Конституцияның 6-бабында «Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгіне де қызмет етуге тиiс» деп жазылған. 

Ал бізде сол мемлекеттік және жеке меншіктің «қоғам игілігіне қызмет етуін» кім қадағалап отыр?

Дүние жүзінде мемлекет мүлкін басқарудың формалары көп. Әр елде - әртүрлі. Қазір мемлекет акцияларына ие компанияларды басқару «Самұрық-Казына» ұлттық қорына жүктелген. Кезінде Үкіметте барлық мемлекеттік мүлікті шағын ғана Комитет басқарған.

Меніңше, қазір бізге басқаша орган қажет. Ол шағын, кәсіби, икемді және тікелей не президентке, не Парламентке бағынуы тиіс. Және де оның басшылығына қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз БАҚ өкілдері енгізілгені дұрыс болар еді.

Осы және де басқа бастамаларды қолға алсақ, мемлекеттік және жеке меншік қоғамдағы өзіне сай биік мәртебесіне ие болып, халық игілігіне жұмыс істей бастар еді...

Әміржан Қосанов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3498