МҮШӘЙРА: АҚЫНДАР МИЛЛИОН ЕНШІЛЕДІ
Елордада Астана қаласы әкімдігі қала күнінің құрметіне осымен төртінші рет өткізіп отырған дәстүрлі мүшәйра өз мәресіне жетті. Биылғы «Мәңгілік ел – ұлт мұраты» айдарымен жарияланған жыр бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен, Қытай Халық Республикасынан, Монғолиядан 60-тан астам ақынның шығармалары келіп түскен еді. Мәңгілік ел тақырыбы – Отаншылдық, Ұлттық рухтың мерейін асыратын, Елдікке, Бірлікке үндейтін, жас ұрпақтың жігерін жанып, намысын қайрайтын, туған ел мен туған тілге деген сүйіспеншілігін оятатын, қиыннан қиыстырып жырлай білген ақынға толғаған сайын көкжиегі кеңейе түсетін тұғырлы да ғұмырлы тақырып. Бәйгеде бағын сынаған ақындардың берілген тақырыпты тереңнен қозғап, кеңінен қамтып жырлауға барын салғандығы байқалады. Әсіресе, биылғы мүшәйрада Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына белсене үн қосқан жаңа есім – жас ақындар қатарының көп болуы қуантады. Мысалы, семейлік жас талант Арман Шеризатов «Сайыпқыран» деген өлеңінде Тәуелсіздік тағдырын:
Тәңірге тән рухыммен аспандық,
Тарихымды тасқа жазғам дастан ғып.
Қазір бізді жер үстінде тербеп тұр,
Қазтуған мен Асан күткен Бостандық!
Бодан болған өмірдің қай бар мәні,
Құса қысқан құс секілді тордағы?!
Қыран болып қалықтады аспанға,
Азаттықты күткен елдің арманы, -
деп толғаса; «Сендей болсын барлық Отан, бар ана» атты өлеңімен қатысқан алматылық жаңа есім Ақсүйрік Ізмұқанова:
Мейірімің мұхиттан да мол білсем,
Жылағанға жылы құшақ болдың сен.
Туған Отан, шуақ тұнған шараңа,
Сендей болсын барлық Отан, бар ана!
Қасиетті Қазақстан - нұрлы елім,
Құшағыңда шешек аттым, бүрледім!-
деп, жастығына қарамастан перзенттік махаббатпен биіктен үн қатып, тебірене жырлайды. Жас ақындардың сөз өнерін еркін игеріп, елдік рухты, мемлекеттік мүддені төгіле жырлап, қиын да күрделі тақырыпты жан-жақты аша білуі болашақтарынан мол үміт күттіреді. Сондай-ақ, қарағандылық Абзал Бөкен, Ілияс Мұқаев, жезқазғандық Кенжебай Ахметов, алматылық Рафаэль Ниязбеков, астаналық Талғат Ешенұлы сияқты танымал ақындар да өз биіктерінен көріне білді. Жалпы алғанда, ел тәуелсіздігін ұлт болашағын, халқымыздың азаттық жолындағы ерлік тарихын, жаңа заманның жарқын келбетін өлеңмен өрнектеп, Елбасымыз өз қолымен орнатқан Астананың жыр-шежіресін жасауды мақсат еткен мүшәйра діттеген жеріне жетті.
Академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, Еуразия Ұлттық университетінің Филология кафедрасының меңгерушісі Сейіт Қасқабасов төрағалық еткен, құрамында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы, ақын, «Тұмар» журналының бас редакторы Оңайгүл Тұржан бар қазылар алқасы мүшәйрға түскен шығармаларды мұқият оқып, сараптап, саралап, ақылдаса келе төмендегідей шешім шығарды:
Бас жүлде – темір тұлпарды семейлік жас ақын Арман Шеризатов тақымына басты. Бірінші орынды (1 миллион 500 мың теңге) алматылық талантты қызымыз Ақсүйрік Ізмұқанова қанжығасына байланды. Екі екінші орынды (800 мың теңгеден) қарағандылық қос ақын - Абзал Бөкен мен Ілияс Мұқаев иеленді. Үшінші орынға тігілген үш жүлдені (400 мың теңгеден) Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Шешенстанның Халық батыры», алматылық Рафаэль Ниязбеков, жезқазғандық Кенжебай Ахметов және астаналық белгілі ақын Талғат Ешенұлы өзара бөлісті. Бес ынталандыру сыйлығын (150 мың теңгеден) монғолиялық қарт ақын Шынай Рахметұлы, алматылық Батық Мәжитұлы, Қытай Халық Республикасының азаматы Серік Түсіпханұлы, ақтөбелік Балтабек Нұрғалиев, аягөздік жас талапкер Біржан Ахмер қатарлы ақындар еншіледі. Сондай-ақ, Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Астана қалалық Тіл басқармасының бастығы Ербол Тілешев, Астанадағы «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков тағайындаған үш арнайы сыйлық (100 мың теңгеден) астаналық Бақытжан Тобаяқовқа, шымкенттік Жарылқасын Боранбаевқа, ақтөбелік Гүлжайнар Қалдинаға бұйырды.
Жүлде алған және мүшәйра қоржынына келіп түскен шығармалардың таңдаулылары жыл аяғына дейін жеке кітап болып басылады.
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Астанадағы «Конгресс Холл» сарайында 1 шілде күні кешкі 18.00 сағатта өнер жұлдыздарының қатысуымен өтеді.
Серікхан Сабырбеков,
С.Сейфуллин мұражайы
директорының орынбасары,
Қазылар алқасының
жауапты хатшысы
Abai.kz