ӨЛЕҢ: УӘСИЛА ЖӘНЕ УАҺАБИ
Өстіп жүріп... Жә, біздікі сыншылық емес. Өз ойымызды өлеңнен көрген соң... Ризашылық білдірген жөн. Рас, таңдану да бар. Алайда қуаныш басым. Түсінікке. Пайымға. Танымға. Осы айтқандарымыздың ішінен танымды бөліп алғымыз келеді. Себебі ол – иман. Және де ол әркімге бір нәсіп бола бермейтін иман. Ақберен Елгезектің әлеуметтік желілердің бірінде жарияланған «Дәнекер» атты өлеңін оқығанда сол иман қуатын сездік. Оқып көрелік:
«Мен сені сүйем!» – десем,
Ол тылсымның әмірі.
Мен арқылы білдірер,
Өз Сезімін Тәңірі!
Мұң қинаса ұдайы,
Жүрегіңде дірілдеп.
Сені ойлады Құдайым,
«Балапаным, күнім» деп!
Ыза буса бір демде,
Көңіл қалса, босаған.
Жылайды екен кеудеңде,
Сені аяп Жасаған...
Күлкің тұрса езуде,
Тірі жанды қаратқан:
Жәрдемдесті сезуге,
Бір бақытты Жаратқан!
Ішің қардан түңіліп,
Қысқа айналса өмірің.
Саған қарар үңіліп,
Көктем болып Тәңірің.
Еркелетсең балаңды,
«Балапаным, күнім» деп.
Сағынғанда анаңды,
Тәңір тұрар күлімдеп...
«Мен сені сүйем!» – десем,
Мен айтты деп ойлама.
Сені сүйген – Ұлы Алла,
Мен – дәнекер жай ғана!
Менің Мұхтар көкем (Шахановты айтамын) «Қазіргі кеудесін соғып жүрген ақындардың, тіпті анау Пәленше мен Түгеншенің өлеңдерінің өзін өзге тілге аударсаң шөп болып қалады» деуші еді. Мұхаң айтқан Пәленше мен Түгеншені жастайымыздан пір тұтып өскендіктен, әуелгіде Мұхаңның пікірін қостамақ түгілі «осылай айтуға қалайша аузы барады» деп ұнатпай қалатынмын. Жүре келе өзімнің стандартты ой шеңберінде қалып қойғанымды түсіндім. Бақсам, Мұхаңның айтқандарының жаны бар. Біз сөз ойнатуды шеберлікке балап келіппіз. Ал ойлы өлеңді ілуде біреу ғана жазып, ілуде біреу ғана айта алады екен. Сондай ойлы өлең – біз тілге тиек етіп отырған Ақберен Елгезектің «Дәнекері».
Ақберен – назарда жүрген ақынның бірі. Өз басым оның себебін жаңашылдығына байланысты деп қабылдайтынмын. Алайда ол жаңашылдыққа... Жә, ол бөлек әңгіме. «Дәнекерге» келейік. Сыншылар «Тақырыбы өлеңді ашып тұр» деуші еді ғой. Сол қалыптасқан жаттанды пікірді біз де іштей қайталадық. Сосын... Сүйсіндік. «Әй, Ақберен оны қайдан біледі-ей» дегенді де ой елегінен өткіздік. Себебі Ақбереннің «Мен арқылы білдірер, Өз сезімін Тәңірі» деуі кезінде дүйім мұсылман қауымы қабылдай алмаған Мансұр Халлаждың «Әннәл Хақымен», яғни «Мен – Алламын» деуімен пара-пар тұр.
Алла «Мен сені сүйемін» деу үшін неге Ақберенді қажет етіп тұр? Өзі айта алмай ма? Иә, айта алады. Айтты да. Рас, айтқан ақын. Бұлай ойлау материалистік көзқарас. Өкінішке қарай, ол көзқарас ешқашан өзгермейді. Шынтуайтына келгенде айтқан ақын емес, Алла. Біздің Ақберенді Мансұр Халлажбен қабат қоюымыз сондықтан.
Өлеңді қалыптасқан сыншылық үрдіс бойынша талдасақ, яғни адамға тән әрқилы көңіл ауаны өлең тілімен айтсақ, «Мұң қинаса», «Ыза буса», «Езуде күлкің тұрса», «Мен сені сүйем» десең, соның бәрі Алланың «сені ойлауы», «сені аяуы», «жәрдемдесуі», «күлімдеуі» екендігін ақын шынайы сеніммен жеткізе алған. Егер біз өлеңді осылай түсінсек, бұл пікірді жазбаған болар едік. Өлең осындай түсінік тұрғысында жазылғанда онда ақын біз жоғарыда айтқан Мансұр Халлаж деңгейіне көтеріле алмаған болар еді.
Басы ашық жайт. Бұл өлеңде параллельдік өлшем жоқ. Адам мен Алла... Бұл екеуі ешқашан қатар тұра алмайды. Бар нәрсе, ол – Алла. Ал дәнекер... Ол – материя. Материалистер ешқашан Алланы көрмейді. Олардың ұғымындағы ақиқат – дәнекер.
Біз де қайталайық. «Мен сені сүйем!» бұны – әкенің балаға деген махаббаты деп қабылдайық. Алайда әкеге қарағанда балаға деген ана махаббаты әлдеқайда басым. Ана баласы үшін отқа да, суға да түсуге, тіпті жан беруге де дайын. Кез келген ана осы алау сезімді өзімнің табиғи болмысым деп қабылдайды. Осы түсінікті Ақберен жоққа шығарады. Анаға тән махаббат... Шынтуайтына келгенде ол махаббат анаға тән емес. Ол – аналық емес, Аллалық көрініс. Біз жоғарыда иманға балаған таным кімде болса сол адам баласы үшін бәйек болған анадан Алланы көргендей, өзге де кез келген жаратылыстан Жаратушы иені сезіне алады. Себебі, бар нәрсе тек – сол. Иә, Алладан басқа тәңір жоқ.
Ұғынықтылық үшін айтайық. О дүниеде адамдар арасындағы туыстық сезім ажырайды. Туыстық сезім адам жады өшіп қалғандықтан емес, сол сезімді беріп тұрған Алла екендігі айқындалғаннан кейін барып ажырайды. Ақиқат айқындалғаннан кейін өмір бойы бәйек болып жүрген балаңның өзіңе ешқандай да жақындығы жоқ екендігін білгенде және оның сенен сауап алу үшін соңыңа түскенін көргенде Құран Кәрімде айтылғандай одан албасты көргендей қашасың.
Әке, ана, бала бұл – рухтың өмірге келуіне негізделген «жүйе». Болмаса рухта үлкен-кіші, әке-бала деген ұғым жоқ. Оған дәлел – біздің рухымыздан алынған әлмисақ уәдесі. Алла барша рухқа (біздің жанымызға) «Мен сендердің жаратушы иелерің емеспін бе?» дегенде олар бірауыздан «Иә» деп жауап берген. Міне, дәл сондай туыстық байланыс жоқ «рухтар теңдігі» ақиретте қайтадан қалпына келеді. Олай болмаған жағдайда кез келген ана жәннатқа барғанымен баласының жағдайын ойлап пұшайман болуын қоймаған болар еді. Ал ондай көңіл ауаны жәннаттың табиғатына тән емес.
Дәнекер – діни тілде «Уәсила» деп аталады. Уәсила – біздің дәстүрлі дінімізге тән. Уаһабилердің басты ұстанымы – уәсиланы мойындамау. Алайда, уәсиланы танымай ешкім де Алланы тани да алмайды. Уаһабилердің уәсиланы қабылдамауы – олар қай нәрседен де Алланы емес, дәнекерді көреді.
Құран Кәрімде «Алла сендерге жақсылық жасағандай сендер де оған жақсылық жасаңдар» дегенге саятын аят бар. Сонда біз Аллаға қалай жақсылық жасамақпыз? Дін ғұламаларының айтуынша Алла бізді бар тәрізді көрсетіп, өзін жасырды. Егер біз өзіміздің жоқ екенімізді таныта алсақ, сонда Алланың бар екендігі айқындалады. Бізден күтіліп отырған жақсылық – сол. Егер біз ана махаббатынан Алланы көре алсақ, жақсылық жасау мәнін түсінген болар едік. Сонда «ана – дәнекер» жоқ болады да, тек Алла ғана қалады. Жалпы Алланың қасында тек жоқтық қана болады. Ал «ананы» бар деп білетіндердің шын аты – материалистер.
Біз көп айттық. Ал Ақберен болса оны «Мен сені сүйем!» десем, Мен айтты деп ойлама» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндейді. Бұл енді Ақберен Елгезекке ғана тән шеберлік. Дұрысы – таным. Таным туралы жоғарыда айтқанбыз. Тәмам.
Құдияр Біләл
Abai.kz