Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбаттар 10552 0 пікір 10 Маусым, 2014 сағат 11:43

АМАНГЕЛДІ СЕЙІТХАН: БІЗ ӘЛСІЗДЕР ЖАҒЫНДАМЫЗ

Футболдан Әлем чемпионаты 12 маусым мен 13 шілде аралығында Бразилияның 12 қаласында өтеді. Дүбірлі доданы Рио-де-Жанейро, Ресифи, Салвадор, Сан-Паулу, Порту-Алегри, Манаус, Форталеза, Натал, Белу-Оризонти, Бразилиа, Куяба және Куритиба қалалары қабылдайды.
Төрткүл дүние көз тігетін әлемдік аяқдоп додасы қарсаңында белгілі спорт шолушысы, журналист Амангелді Сейітхановпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

-         Екі күннен кейін футболдан әлем чемпионаты басталады. Бұрынғы өткен чемпионаттармен салыстырғанда, бұл жолғы чемпионаттың қандай ерекшелігі болады деп ойлайсыз? 

-  Қазіргі футболды түсіну қиын. Біздің өреміз жетпейді. Біз дегенде өзімді айтып отырмын. Бұрын мықтылар оқшауланып, оған жетеқабылдар жеке бір топты құрайтын. Көш соңында қалатындарды да кісі баласы күні бұрын біліп отыратын. Жұрт күтпеген нәтижеге балайтын есеп мундиал ашар матчтарда ғана тіркелетін. Мысалы, Аргентина – Камерун ойыны сияқты. Омам Биик гол соғады деп кім ойлаған. Еуропа мен Оңтүстік Америка арасындағы әлем біріншілігі ретінде ғана ерекшеленетін шығар. Азия мен Африканың шамасы келмейді, топ жаруға. Бразилия сүрініп кетіп, чемпионаттың сәні кетуі де мүмкін. Өйткені жергілікті тұрғындар өз командасы жарыстан шығып қалса әлемдік доп додасын менсінбей кетеді. Сөз басына қайта оралсақ. Кімнің асығы алшысынан тұратынын болжау қиын болып кетті. Егер шын мықтыға тұсау болмайтыны көрініс тапса, Аргентина мен Германияны, Бельгия мен Голландияны тоқтату қиынға соғады.

- Қай елдің құрама командасына жанкүйер боласыз?

-  Біз әлсіздер жағындамыз. Мықтыларға бүйрек бұратындар аз ба? Мысалы, Алжир мен Кореяның келесі айналымға шыққанын қалар едік. Хорватия бар. Осындай командалар жеті-сегіз. Италияны бәрі нашар санайды. Бірақ жартылай финалда солар жүреді. Мықтылардан қалған қанатты сөз бар, «Алаңда 22 футболшы жүгіреді. Жеңіске бәрібір Германия жетеді», - деп келетін. «Жолыболғыштар» қашан да биіктерде ғой.

-  Сіздің ше қандай футболшылар керемет ойынымен көзге түседі?

-  Шынымды айтайын ба? Қазір мен таңқалатын ойыншы жоқ. Нес-ағам айтушы еді «футбол ақылдағыны аяққа түсіріп ойнайтын спорт». Ақылдылар бұрын көп еді. Ол – Карлос Дунга. Ол – Дидье Дешам. Ол – Зинедин Зидан. Біраз есімдерді атауға тура келеді. Қазір жүйрік – Месси. Неймарды түсіне алмадым. Жалпы, Бразилияның шамасы неге келер екен, орта жоқ. Ойын тізгінін қолында ұстайтын жартылай қорғаушыны көрмедік. Оскар дейсіз бе? Күмәнім бар. Виллианды мақтайды. Дағыстан футболына дағдарыс әкелген жігіт. «Анжидың» обалы мойынында. Рас, қорғанысы мықты. Футбол тек қана қорғаныстан тұрмайды ғой. Азарды мақтайды. Бүгінгі Бельгияның құрамында жақсы жігіттер көп. Бірақ Ян Кулеманс, Эрик Геретс секілді серкелерді байқамадық. Жалпы қазіргі футболда көшбасшы дейсіз бе, ортадан ойқастап шығатындар аз. Қиындыққа арқа тосатындар толастаған секілді. Таланттар таусылды ма, әлде олар да кежегесінен кейін тартып, көптің біріне айналуды жөн көріп кетті ме. Иә, сол Испания, сол жартылай қорғаушылар. Хави, Иньеста болып келетін. Мүмкін жаңа есімдер жарқ етер. Күтейік.

- Әлемдік футбол чемпионатына саясат араласқан кездер болды ма?

- Әрине. Футбол саясаттан тыс дейтіндер көп. Бірақ олар біте қайнасқан. Егер аяқдоп саясатсыз десек Қазақстан ешқашан УЕФА қатарына қосылмас еді.

-   Әлеуметтік желілерде футболдан әлем чемпионатын комментатор ретінде Сіз жүргізсе деген өтініш айтылып, оны көптеген адамдар қолдады, әрі Сіздің афоризмге айналған сөздеріңізді де жазып жатты. Биылғы чемпионатқа комментатор боласыз ба?

-  Жоқ. Бізге ұсыныс түскен жоқ. Ал, енді ел іздеп жатса.. Ішің жылиды. Пендеміз ғой. Аға буын елінен айналып жатушы еді.. Біздердің де шау тартқанымыз ба?

- Кейінгі жылдары көрермен Сізден көз жазып қалды. Даусыңызды сағынды. Шұрайлы тіліңізге тәнттіліктерін әлі де айтады. Неге көрінбей жүрсіз?

- Көріну деген не? Эфир ме? Эфриде жоқпыз. Мың рет айттық. Біз сұранбаймыз ғой. Басшылар не айтады. Соны орындаймыз. Қарапайым сарбаз. Тіпті кіші командирлердің айтқаны заң. Кезінде мүмкіндік берді. Дәриға Нұрсұлтанқызы ұсынған. «Хабардың» дүрілдеп тұрған кезі. 1997 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу матчтарын тікелей эфирде көрсетпек болды. Әлде бір жиын-ау деймін. Бізді де шақырды. Төрде – төрайымның өзі екен. Қасындағылар пікір айтып жатты. «Ресейден комментатор шақырайық» деді ме... «Қазақ тілінде жүргізу мүмкін емес» дегенді де естіртті. Байқаймыз, Дәриға Нұрсұлтанқызының көңілі толып отырған жоқ. Ақырын бізге тіл қатты. «Амангелді, қазақ тілінде жүргізсек қалай болады?». Жауап дайын еді. «Керемет болады», - дедік. Күлімсіреп, «саған сенеміз», - деді. Сенімді ақтау ердің салты. Ерінген жоқпыз. Іздендік. Ол кезде интернет қайда, материал жоқтың қасы. Тіпті матч протоколы қолға тимейтін. Алақандай монитор. Диас ағаның есінде шығар. Қиналсақ та жұртқа білдірмедік. Ақыры алып шықтық. Жұрт іздеп жатса, сенімнің ақталғаны да. Алла риза болсын, оларға. Асымызға адал болдық. Қазақ баласының топ жарғанын аңсаумен жүрдік. Аңсаумен келеміз, әлі. Құдыренің Хамитты жетектеп жүретіні бар, кинода. «Мынау сенің елің бе?». Кейде сол бейне санама орала береді...

Қазіргі қазақ комментаторларына көрерменнің көңілі толмай әркез сынға ұшырап жатады. Мұның себебі неде? Айтпақшы, спорт комментаторы ретінде әредік өзіңіз де сынға ұшырап қалып жүрдіңіз? Сондай сындарға қалай қарадыңыз, сынды ескеріп, қортынды жасаған кезіңіз болды ма?

-  «Сын – шын болсын» деуші ме еді, классик аға. Шын сынға құлдық ұрдық қой. Академиктер түзететін. Түзеле салатынбыз. Әріптестер айтатын, қабыл көрдік. Кейде менің мықтылығым сын тыңдай білетінімде деп түсінемін. Талдау деген бар ғой. Өзіме жиі талдау жасайтынмын. Жас кезімізден ұстаз көрдік. Ілімін тыңдадық. Бойға сіңірдік. Оны тәлім дей ме. Тәлімгерге жарыдық. Бұл енді – ерекшелік. Бүгінгі буын ұстазға жарып отырмаған секілді. Немесе олар тәлімгерді қажет етпейді. Біздерге ерінбегеннің бәрі ұрыса жөнелетін. Тіпті кейде қисыны келмесе де. Обалы не керек. Тисе терекке дейтіндер де табылатын. Бірде Қайнекең үлкен мақала көрсетті. «Сені мақтапты», - дейді. Қарсам, сын мақала. «Түсінбедім». «Қалай түсінбейсің, атауы сын мақала, бірақ оқып шықшы, сенен үзінді келтіреді. Не деген керемет теңеулер айтқансың, осы мақаланы оқып шығып, сені мойындап отырмын, інім. Тікелей эфирде тауып айту ерлік». Қайнар ағаға қарап отырып қалдық. Эфир – ойыншық емес. Тікелейі тіпті қиын. Ішкі мәдениет, сіңген білім ғана тығырықтан щығарады. Ізденіс керек. Инемен құдық қазатындай еңбек қажет. Сонда ғана сөзің жарасады, ойыңды жеткізе аласың. Микрафон ұстатса болды, керемет болып кетпейсің. Елдің намысын ойлауың керек. Шет елдің мықты деген комментаторларымен қатар жұмыс істеген кездер болды. Орыстың Гусевімен де. Уткинімен де. Үйренген жоқпыз. Үйреттік. Осы Красножанның ойын қою тәжірибесін жіпке тіздік. «Анжидың» тоңқалаң асатынын да айтып бергенбіз. Федорычевтің мүлт кететінін де дәлелдеп бердік. Ресей кейін Хиддинктен құтыла алмай жүретінін де ептеп жеткіздік. Өйткені білетін едік, осы саланы. Футболды. Корифейлері саналатын Садырин мен Лобановскиймен сөйлесе алдық. Игнатевімен тіл табыстық. Оганесян мен Кипиани да тыңдады. Бір ғана мысал. Қазақстан футбол қауымдастығында Юревич деген жұмыс істеді. Беларустан келіп. Бірде Қанат Базылхан ҚФФ офисіне апарды. Қанат Мұсатаевпен сөйлесу үшін. Юревичті сонда көрдік. Беларус футболы туралы айта бастап едік, темекісін лақтырып жіберіп, бізге бұрылды. Сағат жарым «Динамо» пәлсапасының қоясын ақтардық. Сөйлеген біз едік, ол тыңдады. Тыңдата алдық. Мақсат не еді? Қазақ баласының да футболды білетінін дәлелдеу болатын. Лондон бардық. Испан футболының кешесі мен бүгінін талдадық. Ванкуверде ағылшын тілшілерімен сөйлесудің реті келді. Әңгімені «Ноттигем Форестен» бастағанда талып қала жаздады. Себеп бар еді. Білімді көрсетудің кезі болады. Сол кезде белсенсін біздің жастар. Ізденіссіз жемісті теру қиын. Ол – ақыл. Кейінгі буынға арналған. Өзіміз ағалардың ақылына «шомылдық». Нес-ағалар бізге әлі де ұстаз. Ұрсып береді, кейде. Тыңдауға міндеттіміз.

- Бразилияда өтетін чемпионаттың бас жүлдесі қай елге бұйырады деп болжайсыз?

- Бразилия ала алмайтын секілді. Сонда кім? Аргентина ма? Мессиді Марадонадан мықты деушілер бар. Диего Армандо Мексикада көрсетті. Бірдің қолынан да біраз нәрсе келетінін. Каниджаны қасына алып, шырқатты ғой. Футболды биікке. Тарих үшін қажет. Аргентинаның чемпион атануы. Сонда «Месси заманында» деген тіркес пайда болады. Германия бар. Финалға шығып төселген. Италияны да тізімге қосыңыз. Түптеп келгенде Бразилияны тұсауға осы Италия лайықты. Жартылай қорғанысын жүндей түтіп, шабуылшыларының жүйкесіне тиеді.

- Соңғы кездері футболдан әлем чемпионттарының болсын, олимпиада ойындарының болсын «сәні» кетіп бара жатқан сияқты ма, қалай? Неге десеңіз, төрткүл дүние көз тігетін дүбірлі, дүрмекті «тойларды» өткізуге экономикасы дамыған мемлекеттердің өзі қазіргі қаржы дағдарысынан қашып жауапкершіліктерден бас тартуда. Мысалы, алдағы күзде Норвегияның астанасы Осло қаласы 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткерліктен бас тартпақшы. Бұған дейін Швецияның астанасы Стокгольм де солай істеді. Алайда, Ақ олимпиадаға Қазақстан соншалықты құмар болып отыр. Бұған не дейсіз?

-  Спорт – қаржы көзіне айналып кетті. Қаржы көзі дегенде спортты пайдаланып, байып кететіндер көбейді. Ортада жүріп, бір асайтындар. Пысықтар олар. Бокс не болды? Олимпиада ойындарында сауда жүреді. Өзге спорттарда да сол. Мысалы, футбол. Бразилияда бір шал жылап отыр дейді. «Әй, біздің балалар байып кетті, енді олар қайтып чемпион болады», - деп. Үлкен астар жатыр ғой. Тесікшақай кигендер емес, балтыры балпанақтай байлар шығады, қазір алаңға. Олар бапкерді құрмет тұта ма? Тыңдай ма, тіпті. Ақша көп. Келісім-шарт жатыр, әнеки. Сол сияқты, кешенді спорт шараларын өткізу кезінде де небір келеңсіз оқиғалар тіркеліп жүр. Пайдасы аз тірлікке шет ел қызыға бермейді. Әйтпесе Норвегияның жағдайы тым жақсы. Қорқыныш бар. Елдің бәрі тым-тырақай қаша салып, қысқы олимпиаданы қазақтың мойынына іліп қояр ма екен. Қысқы универсиаданың бюджетін көріп біртүрлі болып қалдық. Ванкувер мен Лондон көп қаржы жұмсаған жоқ қой. Елдің бәрі Ресей емес қой, қарсыз жерде қысқы олимпиада өткізе беретін. Ойласып, шешкен жөн. Сосын қысқы спорт түрлері бізде қатты дамыған жоқ. Өзгеге жүлде үлестіріп берудің де қызығы шамалы шығар. Рас, әлгі бір «даңғыл» жол бар. Бірақ сол «жолдан» да жалықтық. Кілең легионер. Футболыңда қаптап жүр. Еске түсті. Осы біздің елде «Іле-сәулет» деген команда болды. Іргедегі Өтеген батыр ауылында. Балаларының өзі бірталай. Спортпен айналысатын. Бірінші топта чемпион атанған кездері болды. Сол команданы жауып тастады. Бір сәтте. Алматы облысы бір миллион доллар тауып бере алмаған ғой. Демек керек болмады. Біреулерге. Неден ұтылдық дейсіз ғой. Талайдан қағылдық. Жүздеген талантты балаларды футболдан қуып жібердік. Мыңдаған денесі шыныққан өрендерді кеудеден итердік. Бірінші  лигадағы команда тарады. Жанкүйерлер футболсыз қалды. Қаншама бапкер жалақы алмайды. Демек, өңірдің әлеуметтік мәселесі де кемшін тартты ғой. Азын-аулақ болсын әлгі бапкерлер ақша тапты ғой. Үміт үзіліп барады. Сол - өкініш. Бір миллион доллар үнемдеу арқылы  шаш етектен проблема таптық. Шеберлер тобына бір саты жетпей тоқтаған өрендер не істейді енді? Бұл үлкен мәселе. Ал, біз әлем чемпионы дейміз...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5418