ТУЫМЫЗДЫҢ ТҮСІ ӨЗГЕРІП КЕТКЕН ЖОҚ ПА?
Көк жәшікке көп телміретіндердің қатарынан емеспіз. Қазақтың есебінен қаржыланып отырса да, жат тілде ақпарат тарататын телеарналар тек Қазақстанда ғана бар шығар... Заманның ығымен төріңе шыққан төрбұрыш «бәлеге» анда-санда амалсыз қарап қаласың. Осы демалыста «24kz» арнасы көрсеткен мына ақпарат жағамызды ұстатты.
«Байқауға еліміздің өңірлерінен 8 топ қатысып отыр. Отан алдындағы борышын өтеуге үндеп, отансүйгіштікті қалыптастыратын слет екінші рет жалауын көтерді. Слетта сыптай боп, сап түзеген жастар батыр Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагке тіккен туының көшірмесін көтеріп шықты. Жеңістің символына айналған қызыл ту «Балдаурен» лагеріне сыйға тартылған. Содан бері арада жетпіс жыл өтсе де, жастарға жігер беріп, жол сілтеуде. Республикалық слет 17 маусымға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында жас әскерлер сапта жүру, ән айту, мергендік шыңдау, отан қорғау ісі сынды бірнеше жарыс өткізеді. Жеңімпаздарды арнайы жүлде күтіп тұр».(24KZ ЖАҢАЛЫҒЫ)
Сөйтіп, ендігі қалғаны ел қорғайды деген жас түлектердің Совет одағының туын көтеруі екен. Жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелеудің осыдан басқа жолы жоқ па? Көк туды көтеріп, Алаш ұранын айтса, кім қой дейді? Әлде туымыздың түсі өзгеріп кеткен бе?
Abai.kz