Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 9206 0 пікір 9 Маусым, 2014 сағат 12:05

Қазақ болайын десем, ру кедергі болып тұр

Түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайын. Менің әкем неміс. Екінші дүние жүзілік соғыста ол орыстарға тұтқынға түскен. Соғыс біткеннен кейін оны Қазақстанға жер аударған. Ал анам польшалық немістің қызы екен. Ол да алдымен Украинаға, сосын Ресейге, одан Қазақстанға жер аударылып келген. Әкем мен анам осы жерде табысқан.

Мен қазақ ауылында туып өстім. Құжат бойынша атым – Макс. Бірақ ауылдастарым маған Мақсұт деп деп ат қойған. Ата-анам да солай атап кетті. Содан бері біреумен танысқанда Мақсұт деп танысам. Ол ауылда 5-6 неміс отбасы болды, қалғандары түгел қазақтар. Ата-анам қазақтардың қонақжайлылығын, қиын-қыстау кезде көмектескенін, үйлеріне паналатқандарын, бар істеген жақсылығын үнемі айтып отыратын. Жеті жасқа толғанда мектепке бардым. Қазақ мектебіне. Қалған неміс отбасыларының балалары да қазақ мектебіне барды. Ол кезде орыс мектебі жоқ болатын. Мен бесінші сынып оқып жүргенімде орыс мектебі ашылды. Ауыл адамдары, әсіресе интелигентті отбасылар балаларын жаппай орыс мектебіне бере бастады. Бірақ бірде-бір неміс отбасының баласы орыс мектебіне барған жоқ. Қазақ балаларымен туған-туыстай болып бірге өстік. Ешкім шеттетіп көрген емес. Бірге өскен жолдастарым мені «сары қазақ» дейтін. Бөтен жерге барғанда біреу-жарым ұлтың кім десе, қазақпын дейтінмін. Сөйтіп бар жан-тәніммен қазақ болып кеттім. Үйлендім. Әйелімнің әкесі неміс, шешесі украин. Ол кездері қазақпын десем болды, ешкім руымды сұрап көрмепті.

Өткен ғасырдың 80 жылдарының соңында немістердің көбі тарихи отанына көшті. Менің әке шешем, үш апайым (біреуінің күйеуі қазақ, біреуінің күйеуі орыс, біреуінің күйеуі неміс) Германияға көшті. Мен кіндік қаным тамған ауылымнан кетпеймін деп қалып қойдым.

Арадан екі жыл өткенде әке-шешем елге қайта оралды. Ол жақты жерсінбей, кері қайтқан. Келгенде әкемнің айтқыны: «Қайран, қазағыма жететін халық жоқ екен».

Елге қайта оралған кейін үш жылдан соң әкем, араға бір жыл салып анам дүниеден өтті. Өлер алдында әкем, «балаларыңның ұлтын қазақ деп жаздыр» деп аманат етті. Ондай ой өзімнің де көкейімде жүрген болатын. Әкенің аманатын, өз ойымды жүзеге асырып балаларымның ұлтын қазақ деп жаздырдым. Оның да біршама қиындығы болды. Алғашында баланың ұлты әкесінің не анасының ұлтымен жазылуы керек деп әуреге салды. Ақыры дегеніме жетіп, балаларымның ұлты қазақ болып жазылды. Қазақ мектебіне барды. Содан, мен – неміс, әйелім – будан (метис), балаларым – қазақ. Менің ұлтым құжат бойынша неміс болғанмен ділім де, тілім де қазақ. Мен өзімді қазақпын деп санаймын.

90-жылдардың соңында ауылда жұмыс болмай, жан бағу қиындаған шақта аудан орталығына көшіп келдім. Мен үшін мәселе осы кезден басталды. Үлкен қызым мектеп бітіргенмен, екі ұлым әлі мектепте оқып жүрген. Балаларым мектепке барғанда сыныптастары «ұлтың кім?» деп сұрапты, құжатында да қазақ деп жазылған, қазақ тілінде сайрап тұрған балам қазақпын десе, «руың кім?» деп сұрайды екен. Бұл сұраққа балам не деп жауап беруді білмепті. Кешке жұмыстан келіп, есіктен кірген сәтте балам мені «әке менің руым кім?» деген сұрақпен қарсы алды. Қапелемде не айтарға білмей, тосылып қалдым. Бірақ шын мәнінде менің де бұған айтар жауабым жоқ еді. Өйткені мұндай сұрақпен бұрын бетпе-бет келіп көрмеппін. Неге екенін қайдам, біздің кезімізде ру жайлы ешкім сұрамайтын. Сондықтан да болар мен де балаларыма ру жайлы айтпаппын. Кей-кейде естігенім болмаса, ру жайлы ештеңе білмейді екем. Содан үлкендерден сұрап, кітап ақтарып ру жайлы іздей бастадым. Сөйтсем, қазақтың бәрі руға бөлінеді екен. Яғни, қазақ болу үшін руың болуы керек екен. Мен енді қай ру болам? Сонда руым жоқ болса, мен қазақ бола алмаймын ба?

Балаларым руын айта алмаған соң мектепте сыныптастары мазақ етіп, шеттетіп, ұрып соғатынды да шығарды. Бұл жағдай жиі қайталана берген соң мектебіне баруға тура келді. Ата-аналар жиналысы шақырылды. Өкінішке қарай жиналыстан көңілім су сепкендей болып қайттым. Қазақ тілінде дұрыстап сөйлей алмайтын кейбір ата-аналар «орысты орыс дейді, немісті неміс дейді, онда тұрған не бар?!» деп соқты. «Балаға өтірік айтуды үйретпеу керек, олар оның қазақ емес екеніне емес, қазақпын деп өтірік айтқанына қарсы болған» деп екіншісі шықты. «Ол қазақ жерінде туған, құжаты қазақ, тілі де, ділі де қазақ, оны неге шеттетеміз?!» деп айтатын бір адам табылмады. Солай деп түсіндірмек болған маған, «мың қайнаса да сенің сорпаң қазаққа қосылмайды» деп жігерімді құм етті.

Уа, ағайын! Баяғы қиын-қыстау заманда ауып келген өзге ұлт өкілдерін баурына басып, төрінен орын беріп, бір үзім нанды бөліп жеген қазақ қайда кеткен? Тілім қазақ, ділім қазақ, жүрегім қазақ деп соққан мені мына қазағым неге кеудеден итереді? Мен қазақ болу үшін руға қалай кірем? Қай руға кіруім керек? Бір ауыз қазақ тілін білмейтін, қазақ үшін басы ауырмайтындар қазақтың бір руында болғаны үшін ғана қазақ болады да, қазақ үшін жанымды қиюға дайын мен неге қазақ бола алмаймын? Ру туралы үлкендерден сұрағанымда, «ол жеті атасын білу үшін қажет, бірақ кейінгі кезде қазақ арасына жік салатын, рушылдық артып барады» деген еді. Жеті атасын білгенге мен де қарсы емеспін, бірақ қазақты жікке бөлетін рушылдық кімге керек? «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді қазақ. Бөріге жем қылатын рушылдықты неге жоймаймыз? Егер ру болмаса, мен де, менің балаларым да бар болмысымызбен қазақ болар едік. Қазір біздің қазақ болуымызға ру кедергі болып тұр. Мен сияқты қазақ бола алмай жүргендер жетерлік. Егер «ру» деген кедергіні алып тастасақ, талай өзге ұлттардың өкілдері қазақ болуға дайын.

Руың жоқ деп мені кеудеден қақса да, мен кіндік қаным тамған қазақ жерінен ешқайда да кетпеймін. Өйткені, мен қазақпын!

Мақсұт (Макс)

http://alashainasy.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270