Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7645 0 пікір 6 Маусым, 2014 сағат 11:55

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ. ШАЛҒЫНДА

Бүгін - қазақтың аса көрнекті ақыны, марқұм  Кеңшілік Мырзабековтің туған күні. Жалпақ жұртқа жампоз жырларымен танымал қаламгер қара сөздің де қаймағын қайырыпты. Оқырман назарына ақынның "Шалғында" атты әңгімесін сыншы-әдебиетші Амангелді Кеңшілікұлының ұсынуымен беріп отырмыз.

Әңгіме

     Маңайдағы ойдым-ойдым табан – тегіс шалғын, кешірек көктеген қырдың бидайығына орақ бәрінен кеш түседі; қозы-лақ желдесе де солай өреді, қара отқа айызы қанған мал бірауық жұмсақ шөпке тәбеті шапса да солай өреді.

       Күзипаның үйінің ала аяқ ақ серкесі әккі мал еді; ауылдың күллі малын шабындыққа ертіп, ауылдың күллі баласы сол екі ортада  сарпалдаң болатынбыз.

       Күн батар алдында Күнзипа екеуміз қырға шығып келе жатырмыз; екеуміз де жалаңаяқ, екеуміздің де қолымызда қураған күрең тобылғы. Менің кір сіңген қоңыр бөз көйлегім бар; қақпақша жағасының мойын жағы жыртылған, өндіршегім сорайып, жел гулеп келеді, әлсін-әлсін ішім тасырайып, тасбақа жұтқандай сыздап, ышқырымды қымтап, кеулеген желге тосқауыл жасаған кезде босап сала береді. Ішімнің қорылдағаны – кеспекке айран ақтарғандай салдырлап, оған әуелі қасымдағы қыздан қымсынғандай, біресе озып кетіп, біресе қалып қоя бергем. Күнзипа менің ішім ауырғанын сезіп келе жатыр:

- Бүгін жуа теруге барып па едіңдер, - дейді.

- Барғанбыз.

- Бәсе, көк жуаны көп  жегенсіңдер ғой.

 Мен үндемеймін. Әбден берекем кетіп келе жатыр.

- Кеш батып қалды ғой, жүрсеңші енді, - дейді Күнзипа.

Қараталақ келгір, әлгі қақпас серке тағы да құрыған екен ғой. Зым-зия. Шабындықтың ішінде де көрінбейді.

Ішім тағы да тебен тесіп бара жатқандай түйнеп қоя берді. Табанымды көтеріп еңкейіп жатырмын.

- Тікен қаптап кеткен бе… - деймін міңгірлеп.

- Қайдағы тікен? – дейді Күнзипа – менің табаныма неге кірмейді. Болшы енді, қараңғы түсіп кетеді екен…

Жалма-жан ішім босағандай болған соң қайта көтеріліп жатырмын. Күнзипа маған қарап күліп тұр.

- Сағатың қанша болды? – дейді.

- Қайдағы сағат?

- Кәдімгі сағатың ше.

Бөз дамбалдың арқандай қып апам ызып берген бауы біресе бүгіліп, біресе қайта тұрып жүргенде төмен түсіп кеткен екен, теріс бұрылып ышқырыма қарай сүңгітіп жатырмын.

- Мұндай сағат сенде де бар шығар, оның несіне күлесің.

- Жүр деймін, енді жүгірмесек болмайды, жел алдынан болған соң ешкі деген желдесе – атты адамға да жеткізбейді.

- Жеткізбесе – желаяқ бол дейсің бе маған, сен сияқты тырнаға адам ілесе алушы ма еді.

Күнзипа қолын бір сілтеп жүгіре берген, етегіне екі орап салған сәтен көйлектің желбіршегі желпілдеп барады, сәтен көйлек – күреңке қызыл мата аяғына оралатындай біресе бүктеліп келіп төмен түсіп, біресе желге ұшып кететіндей жоғары көтерілгенде, артта келе жатқан менің көзіме көн боп терісі сірнеленіп қалған қап-қара табаны мен батып бара жатқан күн нұрына  шағылысқан балтыры құмға тиген жиде сапты кетпендей жалтырап көрінді.

Мен де жүгіре жөнелдім. Күнзипаның табанынан көтерілген қайызғақ топырақ шаңының иісі мұрыныма енді жететіндей жерге келе бергенде, ол шар етіп ащы айқайлап жіберді де, кілт кейін шегіне алмай, қатты адымдап қарғи бере сүрініп, денесін билей алмай құлап түсті.

-         Жылан… жылан!

Құлақ жарар ащы айқай саңқ ете қалды.

Екпінімді баса алмай Күнзипа құлаған жерге жеткен бойда мен де қарғыдым. Күнзипа түрегеле беріп «ойбай!» деп қайта отырып қалды.

Мен артыма бұрылып қарап тұрмын; жуандығы қолымдағы күрең тобылғыдай, түгінен майы шығып жон арқасы қияқтың арасынан түскен селдір сәулеге ақықтай жылтырап, мойнын шөпке шанышқан айырдай тіп-тік көтеріп алып қаздаң-қаздаң етіп, бауырымен қара жердің қиыршық топырағын екі жаққа есіп тастап, артына арқан сүйреткендей із қалдырып, ысылдап бара жатқан қара шұбар жылан маған бұрылып айбат та шеккен жоқ. Ысылдаған дауысы – ішіндегі зілін шығарып, зәрінен жолындағының бәрі сескеніп бара жатқан шұбар жылан қайқаң-қайқаң қыр арқасын көтеріп, қара жерді бауырымен бүлк-бүлк  соғып барады.

Мен қолымдағы бір тұтам күрең тобылғыны кезеніп-кезеніп соңынан біраз жер еріп едім, шұбар жылан артында адам келе жатыр деп айылын жиған жоқ, мүмкін мені сезбеген шығар, мүмкін қынуым жетпейтінін білген соң қыр көрсеткен шығар.

Күнзипа артымнан айқайлап жатыр:

- Ойбай-ау, қайда барасың, шағады ғой, текке өлесің ғой, бейшара.

Өзі әлгінде құлаған жерінен әрірек бірер аттап барып, бір төбешіктеу құмның үстінде жүрелеп, етегімен қымтанып алып шоқиып қана отыр.

Шұбар жыланға тағы да жақынырақ келіп, тұла бойым түршігіп, құйқа тамырым шымырлап, денемді билей алмай, қолымдағы кезеніп келген тобылғымды дәл кегжиіп бара жатқан томырық мойынды көздеп-көздеп  лақтырып жібердім. Тобылғы қыр арасынан барып соқты да, таяқтың бір жағы құмға соғып  қайта көтеріліп келіп кекжиген мойынға тиді.

 Шұбар жылан шұбатылған бойын тез жинап демде тоқтай қалды; жерге сүйретіліп келе жатқан дененің тең жарымы ауаға көтеріліп мойын боп кетті де, ысылдап, қаққан қазықтай қалшиып тұрып алды.

Күнзипа аяғы ақсап қалған екен; әуелі маған сүйеніп біраз жер жүрді де, сосын тіпті жүре алмай қалды.

- Қақсап бара жатыр, қозғалып кетсе болды сол аяғым солқылдап жүргізетін емес, - деді.

Екеуміз қырдың бауырындағы көкпек пен қаудың шоғыр өскен қалың ортасына қатарласа отырдық. Күнзипа сол аяғын жинай алмады; созып жіберіп отыр, сәтен көлектің далақтай етегін шытшырғасы шығып қымтаған сайын қолаң жел көтеріп кете береді. Мен Күнзипа ыңғайсызданып отырған соң, шұқшиып жерге қарап, қолыма түскен кесек топырақты қышырлатып үгітіп отырмын.

- Енді не істейміз, – деймін мен.

- Ауылға қайтамыз.

- Мына түрімізбен жете аламыз ба?

Көкжиектегі жалқын сәуле сейіліп, әсіре қызыл бұлттар қайтадан қоңырқай тарта бастады. Жел жақтан тамыры кеппеген көк бидайықтың ылғал иісі келді, ыңыршағың айналып аптапта шаршаған кезде мұрныңа келсе, миыңды жарып кететін сап-салқын сабат саумалдың иісіндей. Кәзір сәлден кейін қас қараяды; түбір-түбір шөптің түбінен тұман көтерілгендей көз жетер маңай кіреуке тартып барады.

- Сыздап, солқылдап бара жатыр, ісініп шыға келгенін қарашы, - деді Күнзипа.

Аяғын сәл-сәл еппен маған қарай созды да, балтырын көйлегінің етегімен дәл тобығына дейін жауып:

- Ұсташы, буыны кілт ете қалғандай болып еді. Тұқымдарың сынықшы ғой, бірдеңе білетін шығарсың, - деді күлімсіреп. Жүзінде аяныңқырағандық байқалады, білдірмей отыр.

Күнзипаның аяғына қолымды манағы шұбар жыланды ұстайтындай сеспен алып бардым да, әуелі қолдың саласындай бес башпайын түгендеп шықтым. Өзім бір тізерлеп, үріккен малдай үрпиіп, жүрелеп отырмын. Табаны күстеніп әбден қара қотырланып алған, шаң да жұғатын емес, қырдың қатқан шөбін де елейтін емес, башпайларының арасы жерге көп тигеннен бір-біріне қиындаспай, саңылау есіктің топсасындай ашылып, боржиып ісініп кеткен.

Күнзипа екеуміз – бөлеміз, менен екі жас үлкендігі бар. Денесінің ірілігі мен шолжаң ерке мінезі екеуі қосылып, қыз балаға тән қасиетті бойына дарытпаған бейшара еді, қашанда қозы-лақ қайтарып келуге шыққанда ордаң-ордаң етіп, ешкімге жол бермейтін, енді міне ақыры сонысынан тапты.

- Тобығым тайып кеткен шығар.

Саусақтарым дірілдеп тобығына қарай көтеріліп еді, шынында әлгі екі ортада еті томпайып ісіп шыға келген екен, сұқ бармағым ойнақшып тұрған оймақтай сүйектің үстіне ойламаған жерден оқыс тиді білем:

- Ойбай, - деп, жан дауысы шығып айқай салған Күнзипа сусыған құмның үстіне шалқалай құлады.

Дәл маңдай алдымыздан бір қара бұлт айналып, көкжиектің көбесін сөгіп, жел үдеп келе  жатқан.

Мен оны сүйемелдеуге ұмтыла бергенде, көйлегінің етегінен қолы босап кетті де, шұбатылған қызыл матаны жел жоғары қарай үрлеп көтеріп кеткенде көзім түсті; білезіктей ақ балтырды күн қақпаған екен, жаңағы қара қотыр күс табанға жарқ етіп сәуле шағылысқандай болды, көзімді жұмып қалдым; Күнзипадан қымсынғаннан жұмдым ба, кенеттен шағылысқан сәуле көзімді қарып кетті ме, кірпігім көпке дейін айқасып қалды.

Күнзипа басын көтергеннен кейін кінәлі адамдай күмілжіп, еріні жыбырлап, табанының астында жатқан көкпектің түбірінен көпке дейін көз алмай қадалып отырды да:

- Саған жақсы болды-ау, бұрын ұзынтұра деп мазақтайтын едің, енді мешел деп мазақтауға, - деді.

- Қашан мазақтап ем...

Ақталап жатырмын; іштей Күнзипаны аяп та, итеріп құлатқандай кінәланып  та тұрмын.

 - Шынымен, ақсап қалар ма екем, көкем ұрсатын болды-ау...Шөпші ауылға барып косилка мінесің деп еді.

- Өй... сен болмасаң тағы біреу табылар, кеше сенің көкең маған да «қарағым-ау, қолды-аяқты бала ауылда қарап жүре ме екен» деген.

- Е, шөпші ауылға сен де барады екенсің ғой.

- Бар десе...

Аржағын айтқам жоқ.

- Сен өзің состимай отыршы, -деді Күнзипа. Өзі жұмсақ құмның үстіне жамбастап бір қырын жайланып жатып алған.

- Ауылдағылар ғой, қой-ешкіні қайтарып келеді деп бізге сеніп отыр, біз болсақ, ауылға жетуге зар боп далада қалдық.

Кұмның үстіне тізерлеп отырып жатып Күнзипаға айтып жатырмын.

- Сенің көкең мені қамшының астына ала ма әлі, қызымның аяғын қираттың деп.

- Неге? – дейді Күнзипа таңданып.

- Әнекүні екеуміз жардың жағасында қармаққа таласып қалғанда: «Ендігәрі Күнзипаға қол қатшы», - деп, үйге қуып тыққан жоқ па?..

- Жә... менің көкем ондай емес, баламен бала болушы ма еді. Айтпақшы, былтырға дейін ара-тұра мені арашалап қоятын. Кәзір ондай емес.

Күнзипа былтырға дейін шалбарланып алып еркек балалармен бірге ойнайтын. Өскен сайын өзіміз сияқты шашын да ұстарамен қырғызып тастап, жалаңбас жүретін, бас сүйегі ойқы-шойқылау еді; енді байқап отырмын, қап-қара мойылдай қолаң шаш бұрымданып, мойынынан төмен қарай төгіліп өсіп қалыпты, дәл маңдайдан айырып, арқа қарай тастаған мақпал шаштың алдыңғы жағы көкпектің көгіндей бұйырғын, толқынданып тұр.

- Сен ғой, сен... мені жек көресің, жек көресің, ә...- деді Күнзипа әлден соң.

Мен Күнзипаның арсың-гүрсің мінезін ұнатпай қалатыным рас та.

 - Ұшқалақсың, - дедім.

Аузымнан шығып кеткен соң амал жоқ, баттитып айта салғаныма өзім де өкініп қалдым.

- Оның рас, - деді Күнзипа төмен қараған күйі. - Өзім де білмеймін, қанша сабырлы болайын десем де, әйтеуір бірдеңеге ұрынып қала берем.

Күнзипа бұл сөзді біртүрлі байыпты айтса да, солқылдап жылағысы келіп отырған адамдай булығып, діріл аралас дауыс шығарды.

Әлгі қара бұлт қырдың астынан көтерілген түтіндей бір шеті бізге қарай созылып келеді екен, бойымды үрей билегендей болды.

- Күнзипа деймін, Күнзипа, жаңбырдың астында қаламыз-ау, осы.

- Мен аяғымды баса алмай қалдым ғой, сен мені арқалай аласың ба?.. – деді екі қолын құмға тіреп көтеріліп жатып.

Былтырға дейін Күнзипа екеуміз ауылдың сыртына шығып алып талай рет күрескеніміз бар, тайталас тең түсетінбіз, итжығыс көп болатын. Күнзипа оспадар, алысқанда қолына түскен затпен бас-көзіне қарамай қойып қалады, ұрда-жық еді. Біріміз – келі, біріміз – келісап боп, бірімізді-біріміз арқалап алып, талай түйгіштегеніміз тағы бар.

Мен ләм деп үндегенім жоқ. Жауырынымды тосып, Күнзипаның алдына жүрелеп отыра бергем.

Ол екі қолын мойныма асып жіберді де, әуелі бүкіл кеудесін қыр арқама төсеп, етпеттей беріп еді, екі жауырынымның үстіне жұдырықтай жұп-жұмсақ бірдеме бүлк ете қалғанда, Күнзипаның өзі де селк етіп, оң қолын кілт кейін тартып алып менің жаурыным мен екі ортаға жалма-жан кесе көлденең қойып жатыр.

Қырдан құлаған соң ауылдың оты көрінді.

- Шаршадың ба? – деді Күнзипа.

Екеуміз үнсіз келістік. Күнзипа менің арқамнан сырғып түсті де, қолын жерге тіреп, бір аяғын алға қарай созып жіберіп, көйлегінің ағытылған түймесін салып отыр. Мен Күнзипаның жанына жақынырақ отырдым.

- Аяғың ауырғанын қойды ма?

- Манағыдай емес...

Ол маған тебенін жоғалтқандай тесірейіп қарап отыр екен, екеуміздің көзіміз бір-біріне ойда жоқта қадалып қалды да, ол төмен қарады.

- Екеуміз туыспыз ғой... Сен мені жек көресің, жек көресің, ә! Маған апам «тұзың жеңіл» дейді. Ұшқалақсың дегені ғой...

Күнзипа сөзін аяқтаған жоқ. Төмен қарап біраз үнсіз отырды да, түсі төбеміздегі түннің реңіндей есіл құмнан іздеп отырған затын тапқандай қуанып кетті.

- Айтпақшы, мен саған орамал тоқып берейін, аласың ба, бірақ мен тоқып берді деп ешкімге айтпайсың ғой, жарай ма?

- Әне, бір атты адам келе жатыр, - дедім мен.

Қараңдап, түннің қуысынан шығып бері қарай келе жатқан тарпаң жылқының жүрісі естілді, әбзелі темір болса керек – қоңыраудай салдырлап құлақ жарып келеді.

-         Тұрайық, көкем шығар бізді іздеп келе жатқан, - деді Күнзипа көйлегінің етегін қағып жатып.

Әуелі маған сүйеніп  бірер аттады да, сосын аяғын сылтып басып кетті.

- Күнзипамызың, қарағым-ау?

Барлыққан жуан дауысты бірден таныдық.

Жанымыздан өте беріп, астындағы томпылдақ торыны тебініп барады.

- Бар, барыңдар үйге, қаршадай баланы қас пен көздің арасында түн ортасына дейін мал іздеуге жібере ме екен, ана қатында да ес жоқ...

Әбекең насыбай толы ернінің арасынан шырт-шырт түкіріп, ұрысып барады.

 

* * *

Күн сәскеге көтеріліп, көлеңкең бауырыңа қарай тырағайлап қашып келеді.

Трактор шабындықты үш айналды; өндірдей шайқалып шыққан табанның бидайығының тең жарымын еңсеріп барамыз, шашқа тиген ұстарадай орақтың жүзі қылпылдап, ылғал шөпті тамырынан отап қылау қалдырмай сұлатып келеді.

Күнзипа басына шыт орамал байлап алған; алдыңғы косилкада отыр, мен – артқыдамын.

Трактордың дауысы бәсеңдегендей болды, бірте-бірте баяулап барып, тамағы қарлыққан адамдай үні өшті.

Сағидолла трактордан қарғып түсті де, қол бұлғап шақырған  ишарат білдірді.

Біз көк бидайық аяғымызға оралып малтыға басып келе жатырмыз.

Сағидолла май сіңіп, сыртын тот басқан темір шелек ұстап тұр екен, маған ұсына берді.

- Анау қыстаудың түбінде құдық бар, су алып келе ғой, мә, мына белбеуді жалға жетпесе, - деді ол ышқырынан екі елі қайыс белбеуді суырып жатып.

Өзі томырық, ұяң жігіт сияқты еді; үйренісе келе түбі түскен шелектей қырындысына дейін ақтаратын қуақы болып шықты. Күнзипа екеумізге де ақылын айтып, арқамыздан қағып қояды. Маған косилканы майлауды бір-екі күн үйретті де:

- Еркексің ғой, енді өзің майлайсың, - деп құйрығымнан бір қақты.

Таңертең шалғынның арасына шашадан шық түседі; күн арқан бойы көтеріліп, кемеліне келіп, қызуы топырақтың дымқыл буын дегдітіп алғанша, орақ балауса шөпке жиі шашалады.

Күн көзін бұлт алып, кіреукеленіп тұрған. Оқта-текте ғана жыртық бұлттардың арасынан жүгіріп бара жатқан күн сәулесі кенеттен түгі бар тулақтың үстіне  ақтарылған айрандай көзді қарып өтеді. Бүгінгі түскен табан – «Сандықбидайық» еді, жабағыдай ұйысып шыққан көк бидайықтың тамыры әлі құрғай койған жоқ, орақ қақалып, жүрісіміз өнбей келеді.

Трактордың үні кенеттен өшті де, Сағидолла бар денесімен артына бұрылды. Бас киімін төбесінен жұлып алып, маңдайдың терін бір ысырып тастап, трактордан қарғып түсті.

- Сен ауылға барып қайт, түске дейін үлгіресің. Ыбынға айт, трактордың клапаны соғып, тоқтап қалды де, мен сен келгенше қақпағын аша берем, - деді.

Күнзипа екеуміз де косилкадан түсіп, трактордың жанына келдік. Ысыған темірден бықсыған киіздей көңірсіп майдың иісі шығып тұр.

-         Мен де барып қайтсам қайтеді, - деді Күнзипа.

Күнзипа күмілжи сұрады.

- Өткен жұмадан бері ісіміз өнбеді ғой.

Сағидолла жанынан өте беріп трактордың балонын теуіп жіберді. Одан кейін мен жылыстап табанның ар жағында жатқан айдау жолға қарай жүре бердім.

Сол күні біз ауылға кеш оралғанбыз; трактордан түсіп шаңымызды қағып жатқанда Күнзипа маған «тоқташы» дегендей ым білдірді.

- Шай ішіп болған соң, жыңғылдың жиегіне келіп кетесің бе? – деді құлағымның түбіне сыбырлап.

Қызамық  сәуленің шалығы көкжиекті талауратып, қоламта шоқтай нұр тарап, төңкерілген табақтай ай көтеріліп келеді.

Қос жыңғылдың бергі шетінде бір қарайған қозғалғандай болды. Күнзипа шығар деп ойласам да, әуелі сескендім, жақындағаннан кейін барып әлгі қарайған маған қарай жүрді де:

- Сенбісің? –деді.

- Иә... мен ғой.

- Мә, мынаны алып келдім.

Күнзипа маған төрт қаттап бүктелген ақ матаны ұстата берді. Сосын тағы да:

- Сағидолла бар ғой, саған айтайын ба, Сағидолла бүгін маған бір нәрсе айтты. Айтайын ба?.. – Дауысына діріл араласқандай болды. – Айтайын ба?..

Мен сұрағым келген жоқ еді.

Түстен кейін шабындықтың басына Ыбын механик екеуміз келгенбіз; келсек – Күнзипа кеше салып кеткен шөмеленің түбінде көлеңкеде отыр екен. Сағидолла трактордың жанында; Күнзипа шақырмай келетін емес, Ыбын айқайлап шақырған соң барып, бізге қарай самарқау аяңдап келген, ерні түріліп, жағы  томпайып  кеткен екен, мен оның әлденеге ренжулі екенін анадайдан сезгем. Ыбын Күнзипалардың жамағайын апасына отасқан адам.

- Бригадирдің қызы шөлдеген ғой, - деді.

Күнзипа бұртиған қалпы косилкасына барды да, трактор от алып қозғалып кеткенше тырнағын шұқылап отырған да қойған. Есіме сол түсті.

- Ал айта ғой, не боп қалып еді...

- Сен кеткен соң шөмеленің көлеңкесіне барғанбыз, бір кезде Сағидолла маған жақындап отырды да, қолымнан ұстай алды:

- Күнзипа, а... Күнзипа, тыңдайсың ба, сен бала емессің ғой...

Қолымды қысып жіберді. Қолымды қысқан сайын жақындай түсті, жүрегім дүрс-дүрс соғып, жыламсырап қоя берген кезімде, саусақтары сәл босағандай болды, бұлқынып қалып ем, білегім уысынан шығып кетті. Содан кейін маңайына жолағам жоқ, арам екен... арам екен...

 Келесі күні Сағидолла тракторын тоқтатты да мені шақырып алды.

- Сен енді косилканы ғана емес, трактор жүргізуді де үйренуің керек, кел үйретейін, - деді.

Мен трактордың рулінде отырмын; Сағидолла әлсін-әлсін еңкейіп жылдамдықты өзгертіп келеді. Білектей ыс темірден бұрқ-бұрқ түтін көтеріліп, алдымнан ылғал шалғынның иісін алып жел соқты. Бас киімімнің күн қағарын көтеріп қойдым; артыма қарағым келді, Күнзипа қалай отыр екен, маған таңданып отыр ма екен.

Артымыздан шар етіп айқай салған Күнзипаның  дауысы естілді; екі қолы косилканың рулінен шығып кеткен, ербең-ербең, жан ұшырып айғайлап келеді.

Сағидолла газды кілт өшірген кезде трактор денесін жиырған жылқыдай сілкінді де тоқтап қалды. Жүгіріп келсек, Күнзипа сұп-сұр, үні шықпайды, бүрісіп қалыпты.

-         Не боп қалды, не боп қалды? – деді Сағидолла.

Күнзипа артына қарай үнсіз қолын созды. Орақ сипап өткен бір білем бидайықтың арасында ирең-ирең бір нәрсе қозғалғандай болды. Көз тоқтатқаннан кейін  байқадық; шырмауықтай қара шұбар жылан, орақ екі бөліп өтіпті.

- Көміп тастасаңдаршы, - деді Күнзипа жүрегін тоқтатқаннан кейін.

- Несіне көмеміз, қала берсін.

Сағидолла тракторға қарай жүре берді.

- Косилкаңа отырмайсыз ба, - деді Күнзипа маған.

Кешкілік баяу ғана жел соғып, көкжиекте күнұзақ көшіп жүрген ірімтік-ірімтік жалбыз бұлттар қоюланып ұйыса бастады. Бірте-бірте жел күшейген сайын аспан туырлықтай  тұтасып, күннің көзін қымтап тастаған. Табанның бидайығы сең соққандай теңселіп, сабағына сіңген шаң өрмекшінің құрындай тозаң боп көтеріліп қолқаны жыбырлатты.

Жазғы жаңбыр сіркіреп басталып, содан кейін шелектеп құйып өтетіні бар еді, бұл жолы бірден бармақтай-бармақтай бұршақ арқамызға сатырлап соғып барып еріп кетіп жатыр.

Сағидолланың тракторының үні от алдырғышына су тиген соң өзінен-өзі өшіп қалды. Күнзипаның үстіндегі күн қаққан қоңыр сәтен көйлегі денесіне жабысып қалған, ағарып ап-айқын еті көрініп, жаңбырдың өтіне арқасын беріп, тізесі бүгіліңкіреп, Сағидолланың ығында тұр.

- Костюм жамыласың ба? – деді Сағидолла Күнзипаға жеңі қырқылып, қолтығының тігісі сөгіліп, желкесіне тер сіңіп, қатқан қайызғақтай шаң тұрып қалған костюмінің бір жеңін шешіп жатып.

- Жамылмаймын, -деді Күнзипа, – тоңғаным жоқ.

- Жаңбырдың астында тұра береміз бе, – дедім мен. Күнзипаға көзім түсіп еді, жетіліп болмаған самай шашы баланың тұлымындай су тиіп, бетіне жабысып тұр, «бәсе» дегендей, бас изегендей болды.

- Жақын маңайда ықтасын болар жердің ыңғайы жоқ, ауыл кемі жиырма шақырым, әнеукүнгі су әкелген құдығыңның жанында «Кәлпенің қыстауы» бар, соған жетуіміз керек, -деді Сағидолла.

Үшеуміз «Кәлпенің қыстауына» малшынып жеткенде маңай қараңғыланып, түн қоюлана бастаған. Жаңбыр алғашқы ексінінен толастағандай  саябыр тауып, сылпылдап тұр. Киімімізге су сіңіп, оның үстіне, түнгі салқын түскен соң тоңуға айналдық.

Қыстаудың іші ұядай, төбесін көңмен жапқан шым үйге су кірмепті.

Киімімізді сығып кептіріп алған соң:

- Анау албардың ішінде су тимейтін етіп жазғытұрым өзіміз жинап кеткен бума қамыс бар, соны төсейміз, - деді Сағидолла.

Тақтайдай буылған қамыстың Сағидолла екеуміз екі рет қатынап  қыстаудың ішіне төрт бөлігін  әкелдік те, үшеуін қатарластыра, біреуін бас жағымызға  көлденең тастадық.

Көңнің арасынан құрғақ қи тауып алып, қаластырып біраз бықсытып отырып Сағидолла от жақты. Киімдерімізді отқа қақтап  кептіріп алғаннан кейін көңіліміз жайланғандай болды; бойымыз жылынды, жаңбыр ырабайда ғана сирек сіркіреп тұр.

- Жарық түскенше көз іліндіріп алайық, бәрібір ертең жұмыс жоқ, -деді Сағидолла.

Сағидолла қыстаудың терезе жақ шетіне қисайған бетте қор ете түсті. Мен де Сағидоллаға қатарласа беріп, төсеніш қамыстың шетінде жүрелеп отырған Күнзипаға айтып жатырмын:

- Жатсаңшы...

- Жатам ғой, - деді Күнзипа күмілжи сөйлеп.

Қатты ұйықтап кеткен екенмін, шар ете қалған дауыстан оянып кеттім. Астымыздағы қамыс сықыр-сықыр жаны бардай қозғалып жатыр, терезе жағыма қарап ем, Сағидолла орнында жоқ. Жаңағы шар еткен дауыс үздігіп үзіліп кеткендей болды. Қайта шығар деп күтіп ем, талықсып кеткен адамның дауысындай бірден үзілді.

Мен терезе жаққа қарап бір қырын жатқан екенмін. Байланып қалғандай бұрыла алмадым. Қамыс сықыр-сықыр етіп барады. Сағидолланың үні ме, Күнзипаның үні ме, құлағыма ентіккен адамның бұлың-бұлың дауысы естіледі. Оның аржағына шыдамым жеткен жоқ. Ашық терезеден атқып бірақ шыққанымды білем. Тұла бойым от тигендей жанып келе жатқанын білем. Сүрініп-қабынып қыстаудан ат шаптырым жердегі сайдан алқынып өте бергенімді білем, артымнан айқайлаған жуан бір қарлыққан дауыс естілгендей болғанын білем.

Жүгіріп келем, алқынып келем. «Күнзипаға неге болыспадым» деп ойлаймын. Бір қызғаныш бар, бір күдік бар көңілімде.

Өзім де ойлағым келмейді, өзгеге де айтқым келмейді оны.

Табанымның астында  кеше ғана бойжетіп тұрған өндір бидайық сәркіл жаңбырдың суымен ат-көпір боп аяғыма оралып келеді.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379